2022-05-24

ПНЕВМОНИЯ – ӨКПЕНІҢ ЖҰҚПАЛЫ АУРУЫ

Пневмония (гр. pneumon — өкпе), өкпе қабынуы — өкпе тінінің қабынуынан немесе басқа аурулардың асқынуынан болатын өкпенің жұқпалы ауруы. Ол көбіне қызылша, көкжөтел, тұмау, бронхит, демікпе сияқты тыныс ауруларын немесе әсіресе жас балалар мен қарт адамдарда болатын қатаң аурулардан кейін пайда болады. Сонымен қатар, ол СПИД-пен ауырған кезде де болуы мүмкін.

Түрлері мен белгілері

Сырқаттың ұзақтығына қарай: жедел пневмония және созылмалы пневмония, ал қабынудың жайылып тарауына қарай: бөлікті пневмония және ошақты пневмония болып бөлінеді. Жедел пневмония кенеттен басталады, дене қызуы 39-40oС-қа, кейде одан да жоғары көтеріледі, науқас қалтырап, алғашқыда құрғақ, кейіннен қақырықты жөтел пайда болады. Науқастың бүйірі шаншиды, біртіндеп тынысы тарылып, ауа жетпейді, буындары сырқырайды. Ем қабылдаған соң аурудың беті 3-5 күннен кейін қайта бастайды.

Созылмалы пневмония ауру асқынып, өкпе тінінің құрылымы мен қызметінің толық қалпына келмеуінен, сондай-ақ созылмалы бронхиттің салдарынан болады. Бұл кезде өкпенің белгілі бір тұстары қайталап қабынады. Сырқаттың дем алысы әлсіреп, сәл күш түссе деміге бастайды. Ауру асқынғанда пневмонияның жедел түріндегі клиникалық белгілер қайталанады. Созылмалы пневмония ұзаққа созылады. Дер кезінде емделсе, науқас 2-3 аптадан соң жазыла бастайды.

Балаларда болатын пневмонияның кейбір ерекшеліктері бар. Олар пневмониямен ауырғанда демігумен бірге бетінің әр жері, әсіресе үстіңгі ернінің айналасы әлсін-әлсін көгереді; диспепсия белгілер байқалуы мүмкін. Көп жағдайда тәбеті мен ұйқысы бұзылады. Жаңа туған сәби пневмониямен ауырғыш келеді. Кейде, кеудесі сырылдап, сілекейі көбіктенеді. Жас балалар мен сәбилерде болатын пневмония өте қауіпті, көп жағдайда ауру асқынып, отитке немесе плевритке ауысады.

Емі: өкпе жедел қабынса, ауруханада стационарлық ем қабылдау қажет. Пневмонияны кең спектрлі әсер ететін антибиотиктермен, соңғы кезде цефолоспориндермен емдейді. Физиотерапия, емдік дене шынықтырумен айналысу, құнарлы, витамині көп тағамдар ішу пневмонияның алдын алуға көмектеседі.

Белгілері:

  • Бірден қалтырап, ыстықтың көтерілуі;
  • Дем алыстың жиілеуі, одан қырылдаған немесе сырылдаған дыбыстың шығуы;
  • Әр дем алған кезде Пневмония дем шығарған сайын мұрынның желбезегі көтеріліп Пневмония басылып тұрады;
  • Дененің ысуы (кейде жаңа туған нәресте немесе қарт адамдар, әсіресе әлсіз адам-дар, ауыр екпе қабынуымен ауырғанда температура айтарлықтай кетерілмейді);
  • Жөтел (түсі сары, жасыл немесе қошқыл қоңыр, не сілекейге аздап қан араласқан);
  • Кеуде ауырады;
  • Науқастың халі ауырлайды;
  • Бетіне және ерніне салқын тигенде ұсақ жаралар шығады. Өте қатты ауырған бала минутына 50-ден астам ентіге дем алса, ол өкпе қабынуымен ауыруы мүмкін. Егер дем алысы жиі және терең болса, тексеріп көріңіз, бұл дегидрация немесе ұстамалы жүйке ауруы болуы мүмкін.

Пневмонияға әкелетін жағдайлар

  • темекі шегу және созылмалы бронхит;
  • өкпенің созылмалы аурулары;
  • эндокриндік аурулары;
  • жүрек жеткіліксіздігі;
  • кеуде және іштің хирургиясы;
  • маскүнемдік;
  • әлеуметтік  арақашықтық;
  • бетперде тақпау.

Алдын алу  жолдары

Иммунитетті нығайту, вакцинация, ЖРВИ-ның алғашқы белгілері кезінде дәрігерге уақытылы қаралу, сондай-ақ ағзаны қорғаудың қосымша шаралары жөнінде емдеуші дәрігерден медициналық кеңес алу қажет. Ара қашықтықты сақтап, бетперде кию, короновирусқа  қарсы екпе алу.

Азаматтардың денсаулығы тек 10%-ға ғана денсаулық сақтау жүйесіне, ал 50% — өмір салты мен адамдардың өз денсаулығына деген қамқорлығына байланысты екенін ұмытпағанымыз жөн. Сондықтан, денсаулығыңызды күтіп, сақтаңыз, өзіңізге қамқор болыңыз.

Пневмониямен және де кез-келген аурумен күресудің ең тиіміді әдісі – алдын-алу шаралары екенін ұмытпаңыз. Аман-сау болыңыз!

Г. ӨМІРХАН

Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы СЭББ-ның жетекші маманы

Көрнекі фотосурет ашық көздерден алынды

Яндекс.Метрика