2024-07-27

КӨП ТІЛ БІЛУ – ЕЛДІҢ ЕРТЕҢІ ҮШІН КЕРЕК

tories/01koptil.jpg» border=»0″ />

Елбасы осы 2017 жылғы жолдауында да қазақ тілінің мәртебесін көтерумен бірге мектептерде ағылшын тілін оқытуға назар аудару керектігін атап көрсетіп, ағылшын тілі – жаңа технология, жаңа индустрияның тілі екенін баса айтты. Бүгінде әлем бойынша ақпараттың 90 пайызы осы тілде жарияланады. Бұл ретте Елбасы ағылшын тілін меңгермей, Қазақстанның жалпы ұлттық прогреске жете алмайтынын меңзеп отыр.

«Ағылшын тілін кезең-кезеңмен енгізуіміз керек» деген Елбасы қоғамға үлкен ой салды. Пікірлер айтылды, тілді оқытудың қажеттілігі талданып, әдістемелері ұсынылды. Араға біршама уақыт салып мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру » атты мақаласын жариялады. Бұл мақаланың «Таяу жылдардағы міндеттер» деген бөлімінде ана тілімізді латын қарпіне көшірудің маңыздылығы жайлы айта отырып: «Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық.

Латынға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім берудің ерекшеліктеріне байланысты» — деді. Ағылшын тілін меңгеру мен латын әрпіне көшудің арасында өзара байланыс бар. Латын қарпіне көшу ағылшын тілін меңгеруді сөзсіз жеңілдетеді және ағылшын тіліне деген қоғамдық сананы өзгертуге зор ықпалын тигізеді.

Педагог мамандарды даярлауда зор еңбек етіп жатқан оңтүстіктегі жоғары білім беретін оқу орындарының қара шаңырағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педогогикалық институты бүгінде жастардың ағылшын тілін меңгеруіне баса назар аударып отыр. Институттың шет тілдері және дайындық факультетімен алыс және жақын шетел жоғары оқу орындарының арасында келісім шарт негізінде студенттеріміз академиялық ұтқырлық бағдарламасы арқылы аталған оқу орындарында білім алып қайтуда. Бұл өз кезегінде болашақ мұғалімдердің ағылшын тілін жетік меңгеріп, білімдерін жетілдіре түсуіне зор мүмкіндік туғызып отыр.

Білім ордасы қабырғасында алып жүрген білімдері болашақ ұстаздарға мектепке барғанда үлкен көмек болатыны даусыз. Өйткені, алдағы жылдары үш тұғырлы тіл бағдарламасына сәйкес мектептерде ағылшын тілі міндетті пән ретінде тереңдете оқытылатын болады. Бағдарламаға сәйкес ағылшын тілін мектеп оқушыларына 1-сыныптан бастап оқыту қолға алынған. 2019 жылдан бастап 10-11 сыныптарда кейбір пәндер ағылшын тілінде жүргізіледі. Сондықтан, педагог мамандардың біліктілігін арттыру заман талабы, өмір қажеттілігіне айналып отыр.

Бүгінгі таңда факультет түлектері ағылшын тілінен өтіп жатқан республикамыздағы, облысымыздағы олимпиадалардың жеңімпаздары атанып жатыр. Мұндай көп тіл меңгерген білімді жастардың ертеңгі күні мектеп қабырғаларына барып еңбек жолын бастағанда саналы әрі бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеп, еліміздің мақтанышы болатын жастарды түлетіп ұшыратыны сөзсіз.

Ел азаматтарының тілдік дайындық деңгейін арттыру мақсатында оқу ордасында тілдік дайындық курсы ашылып, жұмыс істеуде. Бұл курстарда тіл сындырып жатқан оқушылар биология, химия, физика, информатика мамандықтарына мемлекеттік грантқа оқуға түсу үшін дайындықтан өтеді. Шығармашылық ізденістерін арттыруға ниеттенген тәлім алушылар, жаңашыл ғылым мен техниканың жетістіктерін пайдалана отырып, ағылшын тілінде сөздік қорын байытады, сөйлеу мәдениетін дамытады.

Курста тыңдаушыларды психологиялық тұрғыдан дайындау үшін тренингтер ұйымдастырылады. Жалпы көп тіл білетін адамның қоғамдағы орны да, беделі де ерекше болады. Бүгінде еңбек нарығында да көп тіл білетін мамандарға сұраныс жоғары. Сұранысты ескерген білім мекемесінде соңғы уақытта тіл меңгеруді міндетіне алатын қосымша мамандықтар ашуға қызу дайындықтар жүріп жатыр.

Алдағы оқу жылынан бастап институтта ағылшын-қытай, ағылшын-түрік, халықаралық қатынастар сияқты заман қажет етіп отырған мамандықтарды ашу жоспарланған. Бүгінде кафедрада өз ісін жетік меңгерген білікті, тәжірибесі мол 22 профессор-оқытушы, оның ішінде 9 ғылым кандидаты, 1 PhD докторы, 12 магистр және аға оқытушылар жұмыс істеуде.

Ұстаздар шет тілдерін оқыту методикасы және лингвистика салалары бойынша студенттермен бірлесе ғылыми жұмыстар жүргізіп, халықаралық конференцияларға қатысып, жүлдегер атанып жүр. Сонымен бірге кафедра оқытушылары басқа кафедра оқытушыларымен тығыз қарым-қатынас жасайды. Әдеби материалдар, мақалаларды аударуға, ағылшын тілін үйретуге көмектесіп отырады.Осылай кафедра ұжымы студенттердің шетел тілінде теория мен практиканы ұштастыра отырып, жан-жақты білім алуына қолда бар мүмкіндіктерді жасауда.

Елімізді дамыған өркениетті 30 елдің қатарына қосылу мақсатында жүргізіліп отырған «Үштұғырлы тіл» саясаты, шын мәнінде, елдің ертеңі үшін керек нәрсе. Бұның мақсаты – көп ұлтты елімізде ұлтаралық татулықты сақтау, ұлттық-мемлекеттік біртұтастықты қалыптастыру, қазақстандық патриотизмді негіз ете отырып, ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттыру болып табылады. Қай заманда болсын, бірнеше тілді меңгерген мемлекеттер мен халықтар өзінің коммуникациялық және интеграциялық қабілетін кеңейтіп отырған. Бүгінгі таңда Қазақстан үшін үштұғырлы тіл – елдің бәсекеге қабілеттілікке ұмтылуының бірінші баспалдағы.

Қалия ҚИЯСОВА

Яндекс.Метрика