2022-08-17

«БІЛЕСІҢ БЕ ӨЛЕҢНІҢ ЖҮРЕГІНДЕ,

alttories/abilda-aimaq.jpg» />

«Білесің бе өлеңнің жүрегінде,

Қазақ деген ғажайып ел жатқанын»

 

Мектеп табалдырығында жүргенімде қолыма «Жүрегімде махаббат» атты Әбілдә Аймақтың кітабы тиген-ді. Алаулап тұратын сезімге толы өлеңдерді әдебиетке құштар сыныптастар жиылып алып жарыса оқитынбыз. Айналдырған бір кітапты мың қайтара кезектесіп оқудан бір жалықпаппыз сол уақытта. Алып ұшып тұрған шақтағы сезім иірімдері сол кішкентай кітапшаның ішіндегі өлеңдерді оқыған сайын тереңдей түсетін. Қайталап оқыған сайын ішкі әлемің өзгеріп салып, сол ақынға ұқсағың келетінде тұратын. Біздің бала шақтан жастық шаққа беттеген өтпелі кезеңіміз Әбілда ақынның жыр шуамақтарынан нәр алып, ширатылып ширыққандай. Әлдебір керек дүниемізді сол кішкентай сары кітапшадан іздейтінбіз.

Содан бері ақын Әбілдә Аймақ менің ең сүйікті ақындарымның біріне айналған-ды. Қадірін қара өлеңмен қоса өрнектеген Әбілдә-жыр бүгінде әдебиет атты әлемнен өз орнын тапқан. Сол әлемнің төрінде тұрып оқырманымен қауышады. Бәлкім, өзінің жан-тәнімен құмартқан мекені де сол шығар…

Біздің елдің ақынға деген құрметі қашанда ерекше. Әсіресе, дүниеден өткеннен кейін оған деген құрмет айрықша арта түседі. Көп жағдайда солай болады.

13-сәуір Әбілдә Аймақтың туылған күні. Осы атаулы күнге орай «Білесің бе өлеңнің жүрегінде, Қазақ деген ғажайып ел жатқанын» атты ақынды еске алу кеші өтті облыстық А.С.Пушкин атындағы кітапханада. Негізгі мақсат қара өлеңнің құлагері, Оңтүстіктің айтулы тұлғасы Әбілдә Аймақтың артында қалған асыл мұраларын жастар арасында дәріптеу, ақынды еске алу болды.

Еске алу кешіне зиялы қауым өкілдері, жары Озипа, ақынның қызы Ұлжан Әбілдә, Ордабасы аудандық әкімдігі, «Домалақ ана» қоры, жас ақындар, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студенттері, жалпы оқырман қауым, БАҚ өкілдері жиналды.

Аяулы ақынның бейнесі,өмірдегі тіршілігі слайд арқылы өтіп жатыр. Ал, өлеңдері оқырманның аузында. Бірінен кейін бірі шыққан жырсүйер қауым Әбілда жырмен оқырманның жүрегіне мөп-мөлдір тамшы болып құйылып жатыр. Кейде жанды толқытады, кейде құйқан шымырлатып жібереді.

Ақын рухы «Мүмкін емес қалуым ескерусіз, өскеннен соң өлеңнің сүтіменен» деп толғанып тұрғандай әсер қалдырады.

Әбілдә ақынды ерешелендірген қасиеттің бірі өсіп келе жатқан жас ақындарды қанатының астына алып қамқор бола білгендігі. Ағалап келген қазақтың қара домалақ жас ақын ұл-қыздарын ешқашан бетінен қақпаған,-дейді еске алушылар. Дәурен Айманбет, Бейбіткүл Ақбота, Сүндет Сейітов, Тайыр Мағжан, Ақерке Маликова, Ақерке Әділбек, Мақпал Төребек, Мұқағали…Әбілда ақынның жүрегінің сырын ұққан бір шоғыр бар оңтүстікте. Еске алу кешінде ақын-ұстаздың жырларын оқып, оны ақынға арнаған арнауларымен әдіптеп, сағыныш сазын салғанда сол ақындардың жыр керуені.

Жыр керуеннің соңын ала жанары жәудіреп Әбілдә ақынның қызы Ұлжан шықты ортаға. Жанарынан әкеге деген сағыныш төгіліп тұр. Ұлжан әкесінің жанында жүрген қымбат әрі ұмытылмас шақтарындағы суреттерін жинақтап слайд жасап шығыпты. Әсерлі,сағыныш тербеткен сәби жүрегінің лүпілі сезіледі.

Еске алу кешінің соңын ала әдемі жарастығын тауып ақынға жас ақындар тарапынан тағы да құрмет көрсетілді. «Білесің бе өлеңнің жүрегінде, қазақ деген ғажайып ел жатқанын»- жас ақындар мүшайрасы жинағының тұсауы кесіліп, оқырманның қолына тиді. Игі істің басы қасында Қазақстан Жазушылар одағының облыстағы филиалының басшысы ақын Бақытжан Алдияр жүрді.

Мүшайраның бас жүлдесін Бейбіткүл Ақбота иемденсе, I-орын жас ақын Дәурен Айманбеттің қанжығасына байланды, Сүндет Сейітов ІІ-орынды еншілеп, Ақерке Маликова мен Мақпал Төребек ІІІ-орыннан көрінді.

Ж.Үсентаев

Яндекс.Метрика