2024-07-27

Сталинге хат жазған 5-еудің бірі еді

       Шымкент өңірлік мұрағат қорында, Сталинге хат жазған бесеудің бірі болған, қазақ халқының аяулы ұлдарының бірі болған Емберген Алтынбековтың өмірінен сыр шертетін бірқатар құжаттар жинақталған. Сарғайған құжаттар былай деп сыр шертеді:
       Емберген Алтынбеков 1904 жылы Перовск (Қызылорда) уезінде жұмысшы отбасында дүниеге келген. Әкесі 1916 жылы қайтыс болып, еңбекке ерте араласқан. Жетім қалғандықтан мектеп–интернатта тәрбиеленген. Мектептен кейін,  Шымкент педогокикалық техникумда оқып педагог мамандығын алған. Қоғамдық саяси жұмыстарға белсене араласып, 1919 жылы комсомол қатарына өткен. 1922-1925 жылдары аралығында, комсомолдың басшылық жұмыстарын атқарған. 1924 жылы Ташкент қаласындағы тұңғыш оқу орны – Қазақ педогогикалық институтын бітіріп, жоғары білімді «педогог» мамандығын  аталған.
1925 жылы Коммунистік партия қатарына алынып, Шығыс халықтарының Коммунистік университетіне оқуға түскен. 1930 жылы ойдағыдай бітіріп, Қостанай облысының Торғай аудандық партия комитетінің хатшысы қызметіне жолдама алған. Осы тұстан бастап нағыз коммунист болған Емберген Алтынбеков ата, Кеңестік – партия жұмыстарында әр түрлі лауазымда қызметтер атқарған.
       1933 жылы Голощекиннің тұсында асыра сілтеу саясатының құрбаны болып, «Жұртшылықтан тұқымдық астық жинамаған» деген сылтаумен, партия қатарынан шығарып, үстінен қылмыстық іс қозғалған. Алайда көп ұзамай Мирзояның тұсында ісі ақталып, Өлкелік комитетке «нұсқаушы» қызметіне бекітілген. 1937 жылы Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының партия комитетінде басшылық қызметте жүргенде, бұрын Өзбекстанға ауып кеткен 1000 отбасының елге оралуына ықпал еткен. Дегенмен тоталитарлық жүйе өз дегенін істеп 1938 жылғы алапатта «Революцияға қарсы ұлтшыл бүлдіргіш ұйымға қатысты» — деген жаламен Канск лагеріне қамалған. Ұлы Отан соғысы қарсаңында қылмыс құрамы болмауы себепті, ақталып шыққан. Соғыс жылдарында Келес, Сарыағаш аудандарын басқарған.
Өмірінің соңғы сегіз жылында Емберген Алтынбеков ата СССР ауыл-шаруашылығы өнімдерін дайындау министрлігінің, Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкілі қызметін атқарды. Осы қызметте жүргенде қуғын-сүргін туралы «Бесеудің хаты» аталып кеткен жоғарыға хат жолдаған қазақ зиялыларының бірі болған. Қайсыбір қызметте болмасын Емберген ата, өзін білікті, жігерлі азамат ретінде көрсете білді. Партия мен Үкімет қойған міндеттерді мүлтіксіз орындап отырған. Соғыс жылдарында егін өнімдерін жоспарын асыра орындағаны үшін «Қазақ ССР-ның 15 жылдығы» төс белгісімен марапатталған.
       Емберген Алтынбеков ата, еңбегінің зейнетін көріп, түрмеде көрген зардапты жүрегі көтере алмай өсіп-өнген ұрпағының ортасында, 1954 жылы дүниеден өтті. Артында қалған Бауэр, Гулшат және Феликс есімді перзенттері бүгінде, аналары Мағира Ықсанқызының тамаша тәрбиесін алып, Алтынбековтер әулетінің ұлағатты істерін жалғастыруда. Мәселен, Бауэр кезінде ОҚО Медициналық Академиясының ғылыми кеңесін басқарды, Феликс ОҚО Мемлекеттік университетінде ұзақ жылдар тәлімгер болды. Емберген атаның ұрпақтары өңірлік мұрағат мекемесімен бүгінде тығыз байланыста.
Перизат СЕЙІТЖАППАРОВА, 
Шымкент өңірлік мемлекеттік мұрағатының  мұрағатшысы. 

Яндекс.Метрика