2024-07-27

БАЙҚАУДЫҢ БАС ЖҮЛДЕСІ МЫҢБАЙҒА БҰЙЫРДЫ

Байқаудың бас жүлдесі Мыңбайға бұйырды

tories/baykau.jpg» width=»399″ height=»299″ alt=»baykau» style=»float: left;» />Шілде түсе Шымкентте Оралхан Бөкей атындағы Көркемсөз оқу шеберлерінің дәстүрлі ХVIII облыстық байқауы өтті. Оңтүстік Қазақстан облысының тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасы ұйымдастырған байқаудың мақсаты – мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру, көркем әдебиетті насихаттау, халық арасынан талапты және талантты жастарды табу еді.

Байқауға 16 үміткер қатысты. Кіл әр аудан мен қаланың жергілікті жерлерде өткен осындай байқауларының жеңімпаздары. Кілең мықтылар жиналған көркемсөз шеберлерінің сайысы алдыңғы байқаулардан әлдеқайда жоғары болады деп үміттенген көрермендер. Бірақ сүрініп жатқандар болды. Бірі сөзін ұмытты, бірі дауысын бабына келтіре алмай оқыған шығармалары оқырманның жүрегіне жетпеді. Ал,жүректі тебіренткен туындылардың иесі Кентау қаласының намысын арқалаған №23 мектептің оқытушысы, Мыңбай Бақыт,Шымкенттегі Аймақтық әлеуметтік инновациялық университтің студенті Бегімбет Сабина, политехникалық колледждің студенті Қожатайқызы Айнұр, Көкарал жалпы орта мектебінің оқушысы Сұлтанбек Ерасыл болды.

Сахнада мұғалім Мыңбай жүр. Бірде көрерменімен ауылдық поштаның есепшісі болып тілдессе, бірде облыстан келген тексеруші болып үн қатады. Даусымен қоса, бет-бейнесі кейіпкеріне сай мың құбылады. 5 тиыны жетпей қалған есепшінің әбігерге түсуі, тексерушінің іштей ризашылығын жасырып жасанды шыққан қатқыл үн мен түйілген қабақ, адалдығына сенген аңғал көңілмен шарасыз көзқарас. Бәрі нанымды. Болмашы тиынға басын қатырған бухгалтерге онсызда іштей риза комиссия басшысы ақырында одан әуре болмай-ақ қоюын сұрайды. Сол-ақ екен есепшінің есіне бір кезде үстелінің астына түсіп кеткен тиыны түсіп, балтасын ала жүгіріп үстелін қиратып бес тиынды алып шығады. Ауылдағы қарапайым есепшінің адалдығына көңілі толған комиссия мүшелері «Біз бұны емес, бұл кісі бізді тексеру керек еді…» деп тоқтайды.Оралхан Бөкейдің «Бес тиын» әңгімесіндегі бірнеше кейіпкерді Бақыт Мыңбай бір өзі осылай сенімді сомдап шықты. Ой салды. Өнер деген құдіретті сезіндіре білді.Өнерлі екенін көрсетті.

Шымкентте үздік атанған Бегімбет Сабинаның таңдауы бұл жолы Оралхан Бөкейдің «Бәрі де майдан» атты прозалық шығармасына түсіпті. Сабина шығармадағы Күміс пен Алма әжейдің сырласуын тыңдарман қауымның құлағына сіңдіре білді. Тереңге көз тастап тылсым оймен арпалысқан екі жанның әңгімесі расыменде сенімді шықты. Соғыс жылдары. Кейіпкерлер сананы сарсылтқан ауыр ой мен қайғыны сыртқы әлемге құдіретті сөзбен шығарып тастағысы келеді. Пешенесіне жазылған тағдырға екі жан назын айтып отыр. Әсерлі. Солай әсер етті. Шығарма оқылып бітті. Залға жиналған студент жастар ұзақ уақыт қол шапалақтап алғысын білдірді.

Сайыстың екінші бөлімінде де қос сайыскер алған биіктерінен бір мысқалда төмендеген жоқ.

Мыңбай Бақыт қазақтың біртуар ақындарының қатарындағы Мұқағали Мақатаев пен Мұхтар Шахановтың соғыс тақырыбындағы жырлардан құралған поэзиялық композициясын алып шықты. Рухты жырларды көрермен тым-тырыс ұйып тыңдады.

Өлең оқуда ерекшеленген тағы бір сайыскер Арыстың орталық кітапханасының қызметкері Әлиева Арайлым болды. Фариза Оңғарсынованың «Жетімхана» өлеңін сүйіп оқыды. Жырға ғашық қызды көрдік киелі сахнадан. Арайлымның үнімен үйлесім тапқан «Сүйкімсіз сәби болмас жер бетінде» деген Фариза ақынның өлең жолы жанды елжіретіп соншалық жағымды естілді.

Сабинаның орындауындағы Күләш Ахметованың «Жапырақтар» атты өлеңі де тыңдарманын тапты. Сахнадағы қыз болмысына тән нәзіктік,нәзік үн, әдемі мәнер көрерменін арбап алып,баурай түсті. Дарын осылай даралана түсті.

Көрермен қатарында отырған біз дараларды осылай саралап алдық. Қазылар байқаудың бас жүлдесін кентаулық Мыңбай Бақыттың қанжығасына байлады. І-орынды Төлеби ауданы, «Мәдени» жалпы білім беретін орта мектебінің оқушысы Таңатар Нұржігіт Қайырғалиұлы алса, Сабина Бегімбет ІІ-орынға лайық деп табылды.

Байқау болған соң пікірде болады. Сайыс соңында қалалық байқаудың жеңімпазы Сәбина: — Бас жүлде Мыңбай Бақыттың өнерінің өлшемі екен келісемін. Бірақ, мен тым болмағанда І-орынды күткенмін. Әділқазылар қойған ІІ-орынға келіспеймін…-деді.

Бұл байқауға облыстық әзіл-сықақ және сатира театры директорының орынбасары Марат Оразметов, «Оңтүстік Қазақстан» облыстық газетінің бөлім меңгерушісі Үмітхан Алтаева, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының оқу-әдістемелік бөлімінің басшысы, филология ғылымдарының кандидаты Қарлығаш Сапарбаева, облыстық әдеп ғұрып және салт-дәстүр орталығының әдіскері, белгілі айтыскер Нұрлан Есенқұлов төрелік етті.

                                                                                                                                                  Жарылқасын Үсентаев

Яндекс.Метрика