2024-07-27

Шардараның фотошежірешісі

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, фототілші Оңласын Төлегеновтің шығармашылығына 30 жыл!

       Қас-қағым сәтті қаз-қалпында түсіріп алу былай қараған адамға оңай шаруа көрінеді. Бүгінде екінің бірі қолындағы ұялы телефонымен шырт еткізіп суретке түсіре береді. Қалаған жеріңе барып, қалағаныңша шығарып ала бересің. Ал, ол суреттің көркемдік сапасы, түсіру шеберлігі дегендер басқа әңгіме. Қағаздағы сурет жансыз болғанымен ол өз алдына бір тарих. Суреттің де тілі болады, оның да айтар ойы болады. Сол суретке тіл бітіретін, суретті сөйлете білетін шебер некен-саяқ. Оңласын Төлегенов осындай шебердің бірі де бірегейі.

tories/DSC_0582.jpg» width=»300″ height=»199″ alt=»DSC_0582″ style=»float: right;» />

        Біздің Оңласын

       Суретке түсіруді өнер деп ұғынған Оңласын Мәуленұлы-ның осы салада тер төгіп келе жатқанына аттай отыз жыл уақыт болыпты. Бір жігіттің нағыз орда бұзар шағы. Отыз жыл бойы фотоаппаратын арқалап жүріп аудандық «Өскен өңір» газетінде еңбек етіп келеді. Отыз жыл бойы Шардарада қандай оқиға, қандай жаңалық болса фотоаппаратын жар-қылдатып солардың басы-қасында Оңкең жүрді. Шардарада қанша отбасы болса сол шаңырақтың барлығында Оңласын Төлегенов түсірген суреттер бар. Сондықтан болар Сайрам ауданының тумасы болса да ол кісіні күллі шардаралықтар «біздің Оңласын» деп дәріптейтіні. «Біздің Оңласын» деп төрге шығарады. «Біздің Оңласын» деп қонаққа шақырады. Ол руға, атаға бөлінбейді – елдің бәрімен жақын-туыс. Ол ұлтқа, ұлысқа бөлінбейді, орыс болсын, неміс болсын құшақтасып амандасып, емен-жарқын араласып жүре береді. Бұл енді Оңкеңнің жақсы маман болумен қатар аузын ашса жүрегі көрінетін аңқылдақ, елдің бәрін өзіне жақын тартып алатын бауырмашылдық қасиетінен болар, сірә! 

      Суретке түсіргенде бар дүниені ұмытып кетеді. Сурет сәтті шығу үшін ұрымтал тұсты қалт жібермей түймені басып қалады. Жақыннан барып түсіреді, алыстан түсіреді, кейде төбеге шығып кетіп кадрға алып жатады. Оңласын ағамыздың елпілдеп жүріп жұмыс істейтініне елдің бәрі де үйреніп қалған. Тіпті аудан басшыларының өзі іс-шараларда ең алдымен «Оңласын қайда?» деп бірінші соны іздейді. Сенің есіміңді бір күнде бірнеше мәрте жұрт атап шақырып, керек етіп жатса одан артық не құрмет керек?!

        Альбомнан басталған ұзақ жол
       Оңласын Төлегеновтің екінші кәсібі – бейнеоператор. Кешеге дейін фотоаппаратпен қоса бір иығына бейнекамераны іліп алып, таспаға түсірумен айналысты. 90-шы жыл-дардан кейін қолданысқа енген осынау техниканы да алғаш-қылардың бірі болып меңгерген Оңкең еді. Облыстық «Қазақстан-Шымкент» телеарнасының Шардарадағы тұң-ғыш телеоператоры болды. Ауданның жаңалығын облыста алғаш болып жарыққа шығарды. Аудан әкімінің баспасөз қызметінде сонау Өстемір Тілегенов әкімдік қызмет атқарған 1992 жылдардан бастап түсірілген мерекелік іс-шаралар мен әртүрлі деңгейдегі жиындар сақтаулы тұр. Оның бәрін таспаға түсіріп, құнттап сақтаған да осы Оңкең.Құнттап сақ-тау дегеннен шығады, ол кісінің мына бір еңбегінің игілігін қазір аудан халқы көріп отырғанын айтқымыз келеді. Көп жыл ілгеріде әлі аудан құрылмай тұрған кездегі су электр стансасы мен су қоймасында жүріп жатқан қайнаған құры-лыс жұмыстарын, «Шардарақұрылыс» басқармасының ең бірінші бастығы болған Ә.Қасымов сынды алғашқы тыңгерлердің қажырлы еңбектерінен сыр шертетін «Живет такое море» деп аталатын деректі фильм түсірілген екен. Орталықтан келіп кино мамандары түсіріп, шығарған бұл фильмнің пленкасы аудандық кинотеатрда шаң басып жатады. Сонда Оңласын бір демалыс күні кинотеатрда қызмет істейтін Сәрсен деген кісіге осы деректі фильмді қойғызады ғой. Залда жалғыз өзі тапжылмай отырып үлкен экранда көрсетілген сол фильмді таспаға түсіріп алыпты. Қызылқұм өңірін игеру тарихы баяндалатын осынау фильмнен көшіріп алған таспасы қазір ең бір құнды дүниеге айналды. Бүгінде өңірде кинотеатр деген атымен жоқ, әлгі деректі фильмнің плен-касының қайда жатқанын ешкім де білмейді. Ал, Оңласын түсірген бейнетаспа сақталып тұр. Сол бейнетаспа бүгінгі күні талай кәдеге жарап келе жатыр. Оның бір көшірмесін аудандық тарихи-өлкетану мұражайына тапсырдық. Аудан-ның мерейтойларына арналған жаңа фильмдерге Оңласын түсірген бейнетаспадан көптеген кадрлар алынып, пайдаланылып келеді. Осылайша Шардараның тірі шежіресін Оңласын ағамыздың еңбегі арқылы көріп жүрміз. Одан бөлек той істеген азаматтардың қуанышын бөлісіп, отбасындағы мерекелі оқиғасын Оңкең түсіріп беретін. Жұртшылық той жасайтын болса әйгілі асабалар Бахтияр Спанов пен Әкім Мұсақұловқа қосып міндетті түрде Оңласын Төлегеновке тапсырыс беруші еді. 
       — Бұл суретке түсіру өнерін таңдауға не себеп болды? – деп сұраймыз ғой әдеттегідей Оңкеңнен.
       — Фотограф болуға әскерде жүрген кезде құмарттым, — деп бастайды әңгімесін Оңласын ағамыз. – Өзімнің ауылымдағы «Қызыләскер» орта мектебін бітірген соң әскерге аттандым. Украинаның Львов деген бір ертегідегідей әсем қаласы бар, сол қалада борышымды өтедім. Мерзімі бітіп, еліне қайта-тын кез жақындағанда сарбаздар альбом жасауға кіріседі ғой. Менен үлкен жігіттердің альбом жасап жатқанына қызыға қарайтынмын…
Иә, әскерге жаңа барған бозбала «дембельдердің» альбо-мына қызыға жүріп, мен де сондай альбом жасасам, әдемі суреттерді өзім түсірсем деп армандайтын. Солардың қасында жүріп жәрдем беретін. Фотоаппаратты бір ұстап көргеннен асқан бақыт жоқ еді бұл үшін. Сөйтіп жүріп бірте-бірте суретке түсіруді үйрене бастады. Ол кезде қазіргідей түрлі-түсті сурет жоқ. Ақ-қара болып шығатын қарапайым суреттің өзін шығару бір машақат жұмыс еді. Әскери өмірге үйреніп, төселіп қалған кезде Оңласынның өзі түнде ешкімге кө-рінбей сурет шығарудың қыр-сырын үйрене бастады. Қараңғы жерде фотоаппараттың ішінен пленканы алып, оны жуу, одан кептіру секілді тірліктерге машықтанды. Жарық түсіп кетсе түсірген суреттің бәрі де күйіп кетеді. Еңбегің еш болады. Сондықтан да сурет шығару деген ең бір жауапты да қиын жұмыс саналатын. «Смена», «Фет» деген аппараттармен қайта-қайта түсіріп жүріп, ақыры үйреніп шықты. Әскерден қайтар кезде әдепкіде армандағанындай өзі суретке түсіріп, жарқыратып тұрып сарбаздық өмірдің альбомын жасап алды. Бұл кезде Оңласын дайын маман болып үлгерген еді.
tories/DSC_1879.jpg» width=»300″ height=»201″ alt=»DSC_1879″ style=»float: left;» />

        Елге келгесін үйдегілердің ұйғаруымен Алматыдағы Политехникалық институтқа құжат тапсырды.  Бірақ, жолы болмады, оқуға түсе алмады. Ауылға қайтқысы келмеген жас жігіт сондағы полиграфия  саласында біраз жыл жұмыс істді. 1980 жылы Шымкентке келіп медициналық училищеге оқуға  түсіп, санитар-фельдшер мамандығын бітіріп шығады. 
        — Ау, дап-дайын дәрігер екенсіз ғой, осы салада істеп кете бермедіңіз бе? – дейміз тағы да  таңғалысымызды жасыра алмай. Шынында да Оңкеңді медицина маманы деп кім ойлайды. 
       — Е-ейй, қайтесің енді, медик болуды емес, фотограф бо-луға жан-тәніммен құмартып тұрсам не  істеймін, — деп ағы-нан жарылады ағамыз. – Сабақ өтіп жатқан бір күні Еркінбек Дүйсенғазин деген  ағайымыз кіріп келді де: «Суретке түсіре білетін оқушы бар ма?» деп сұрады. «Мен білем» дедім.  «Сабақтан соң маған кел» деп ағай қайта шығып кетті. Бардым. Ол кісі мені медучилищенің  жатақханасына алып барды. Үлкен фотолабораториясы бар екен. Еркінбек ағайдың өзі де  фотографияға құмар болып шықты. Маған жүктеген міндеті – медучилищенің ішкі-сыртқы  жұмыстарын суретке түсіріп, жинау болды. Құдайым беріп қалды десем болады. Сабақты да түсіремін, мерекелік концерттерді де түсіремін, не керек, сол оқу орнының суретке түсірушісі мен болдым…
        Ауылға жұмысқа бара жатырмын, фототілшімін!
       Сирек кәсіпті жанына серік қылған Оңласын құры суретке түсіріп қана қоймастан, өзінше тақырып іздеп, түрлі тәсілдермен түсіруге құлшынатынды шығарды. Бойында шығармашылық шабыт деген ұшқын ата бастады. Ақырында бір сәтті түсірілген суретін шығарып алды да тіке «Оңтүстік Қазақстан» газетінің редакциясын бетке алды. Жауапты хатшы болып істейтін Байдулла Қонысбек ағамыздың алдына кіріп, суретін көрсетті.

       — Өй, мына суретті жақсы түсіріпсің ғой. Осындай дүниелерің болса тағы да әкеліп тұра бер, — деді Байекең.
       Белгілі журналистің бұл жылы ле-бізі жалын атып тұрған жас жігіттің бойына керемет жігер берген сонда. Көп өтпей-ақ, облыстың бас газетіне мұның суреті фотоэтюд болып жарқ ете қалды. Астында «Суретті түсірген Оңласын Төлегенов» деген жазу тұр. Қуанғаннан сөйлеуге шамасы келмей, өзінің атын қайта-қайта оқып еді-ау сонда. Жарқырап тұрған суреттің астындағы аты-жөні одан бетер жарқырап тұрғандай көрінген. Кішкентай ғана ауылы мен сонда тұратын ата-анасы, туған-туыстарының қуанышы өз алдына бір бөлек. Оңласынға сонда өзін барлық адамдар танитын секілді сезіліп кетті. «Болды, суретке түсіру-ші болып жұмыс істеймін» деді іштей. Санитар-фельдшер деген дипломды алғанымен оған титтей де қызықпады, есіл-дерті суретшілік кәсіпке ауды да тұрды. 
       «Оңтүстік Қазақстанға» мұнан кейін де бірнеше рет суреттері шығып жүрді. Ондағы тілшілермен таныс-біліс болып қалды. Қасым Нұрбеков ағасының шеберлігіне қызығатын. Одан біраз нәрсе үйренді. Арманы редакцияда жұмыс істеу. Бірақ, Оңласынға «мә, істей ғой» дейтіндей бұл маңда бос орын табыла қоймады. Бір күні бас редактор Кәрім Үкібаевтың алдына кірді.
       — Аға, мен фототілші болып істегім келеді. Бірақ, Шымкенттен жұмыс таба алмай жатырмын, — деді.
Кәрекең біраз ойланып отырды. Бір кезде:
       — Шардара деген ауданды білуші ме едің? Сондағы аудандық газетте фототілші жоқ деп жатыр еді. Егер ұзақсынбасаң сол жаққа жіберейін. Істейсің бе? – деді бұған қарап.
       — Қай аудан болса да барамын, — деді қуанып кеткен Оңласын. Кәрім ағасы сол жерде-ақ мұның көзінше Шардараға телефон соғып, аудандық газеттің бас редакторы Жұмабек Мұқановпен тілдесті. «Осындай да осындай, менің жақсы көретін бір інім бар еді, өзі суретке түсірудің нағыз шебері. Сол жігітті жұмысқа алсаңыз жақсы болар еді» деді. Ол кісі де «келсін» деген болу керек, Оңласынға қарап:
      -Ал, жолың болсын, редакторға бәрін айтып келісіп қойдым, — деді.
tories/DSC_0012.jpg» width=»300″ height=»199″ alt=»DSC_0012″ style=»float: right;» />

       Бас редактордың кабинетінен жүрегі жарыла қуанып шықты. Оны-мұнысын жинастырды да, сол күні түсте-ақ Шардараға жүретін қып-қызыл «Икарусьқа» келіп отырды. Шалғайда жатқан Шардарада не туысы, не бір танысы жоқтығы ойына да кіріп-шыққан жоқ. Редакцияға жұмысқа тұрдым деген тәтті қиял оны бейне бір аспанда қалықтатып келе жатқандай болған еді. Қасына келіп жайғасқан орта бойлы жігітпен әп-сәтте танысып алды. «Сендердің ауылдары-ңа жұмысқа тұруға бара жатырмын, фототілшімін» деп сырын да жасырмай ақтарып салды. Әлгі жігіттің есімі Рыспай екен. Сол кездегі «Юбилейный» деген кеңшарда тұ-ратын болып шықты. Ол да Оңласын сияқты даудырап қал-ған адам екен, барғанша Шардараның теңізі мен балығын жеткізе мақтап мұның аузының суын ағызып барды. Жол ұзақ екен, қас қарая зорға жеткендей болды. Шардараға жақындағанда есіне бірдеңе түскендей болған Рыспай танысы:
       — Қазір қалаға барғанда түсетін үйің бар ма өзі? – деп сұрады.
       — Ешкімді танымаймын. Қонақ үй бар шығар, — деген бұл.
       — Өй, қонақ үйді қайтесің, біздің үйге жатасың. Сөмкеңді ұста, қазір түсеміз, -деді. Осылайша ең бірінші көрген адамының өзі-ақ Шардараның меймандостығы мен бауырмашылдығын танытып бергендей болған сонда. 
Ертесіне «Өскен өңірдің» редакциясын тауып алып, Жұмабек Мұқановтың кабинетінде отырды. Жұмекең сөзге келген жоқ, Оңласын Төлегеновті фототілші етіп жұмысқа қабылдады. Ұжым мүшелерін шақырып алып, жаңа қызметкермен таныстырды. Жұмысына сәттілік тіледі.
       — Редакцияда жұмыс істеу өте абыройлы жұмыс. Елдің, жұрттың алдында жүресің. Құтты болсын, енді, — деді. Сөйтті де қызметкерлерге қарап:
       — Оңласын бұл жерде ешкімді танымайды. Қашан пәтер тауып орналасып алғанша біреулерің үйлеріңе апара тұрарсыңдар, — деді. Ешкім үндей қойған жоқ. Жым-жырт тыныштықты «Мен апарам, біздің үйге жатады» деген дауыс бұзды. Оңласынның ең бірінші көзіне ілінгені оның сығандардыкін-дей дудыраған қап-қара қалың шашы болған. Сол пәкене бойлы жас жігіт:
       — Пәтер тапқанша біздің үйде жатады, — деді. Бұл арқалы ақын Құдайберген Өтешов болатын. Сөйтіп Оңласынның Шардара ауданындағы фототілшілік қызметі басталды. Бұл кез 1984 жылдың 14 қаңтары болатын.
       Аптасына үш мәрте қазақ тілінде, үш мәрте орыс тілінде шығатын «Өскен өңірдегі» қым-қуыт тірліктерге үйреніп кетті. Бір жұмадан соң «Үгіт поезы» деген бригадамен іс-сапарға шығып, ауданның о шеті мен бұ шетін түгел аралап шықты. Өмірінде көрмеген Қызылдың құмын көрді. Бірінші мәрте күріш алқабын да осы Шардарада көрді. Аудандық газеттің жұмысын істей жүріп басқа басылымдарға да сурет жіберіп отыруды ұмытқан жоқ. Бірде қазіргі Арыс ауданына қарайтын Жиделі ауылының тұсынан өтіп бара жатып, «Москвич» көлігіне артылған есекті көріп қалды. Артқы орындықты алып тастап, салпаң құлақ жануарды сол жерге мінгізіп қойыпты. Көліктің арқа жағындағы ашық тұрған терезесінен есектің басын шығарып алып кетіп бара жатқаны тіптен қызық көрінеді екен. Оңласын жалма-жан фотоаппаратына түсіріп үлгерді. Ол суретті содан соң «Ара» журналына жолдап жібереді. «Табылмаған тақырып шошаласы» деген айдармен шығатын бетте ызғып бара жатқан машинадан басын шығарып тұрған есектің суреті шықты. «Арада» істейтін ағайындар бұл суретке «Дүние кезек» деп тақырып қойыпты. Облыста өтетін фотобайқауларға бірнеше рет қатысып, жүлделі орындарды иеленді.

       Қызылдың құмына төрт түлікті өргізген озат малшылар, жер төсін емген диқандар Оңласын шығармашылығының басты тақырыбы болды. «Қызыл керуен» мерекесі кезінде астық қабылдау пунктіне лек-легімен күріш артып келетін автокеруендерді сурет-ке алатын кездерді әлі күнге сағынышпен еске алады. Облыс әкімдері Қалық Абдуллаев, Бердібек Сапарбаев, Болат Жылқышиев, Өмірзақ Шөкеев, Нұрғали Әшімов, Асқар Мырзахметовтің Шардараға жасаған іссапарлары Оңласын Төлегеновтің архивінде тұр. Премьер-министр Нұрлан Балғымбаевтың Шардараға келгенін де Оңкеңнің суретінен көрдік. 

       Суретші өміріндегі ұмытылмас сәттер деп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Сарыағаш пен Мақтаарал аудандарын байланыстыру үшін Сыр бойына салынатын көпір құрылысының басына келген іссапарын айтар еді. Еліміздің тұңғыш Президентін сол кезде алғаш мәрте жақын жерден көріп, суретке түсірді. Елбасымен екінші рет Қызылқұм ауылындағы «Нимекс» мақта зауытының ашылу салтанатында кездесті. 

       — Үлкен кісінің дидарынан ерекше бір нұр төгіліп тұрғандай болады екен. Сонша топтың арасынан мемлекет басшысының қасында жүргенімде қатты толқыдым, — дейді Оңласынның өзі.

       «Қызыл әскер» ауылында өмірге келген өзінің туыс ағасы Сәбит Оразбаевтай әйгілі өнер тарланын ерекше құрметтейді. Елге келген сайын бұл да ағасына сәлем бере ба-рады. Сәбит ағасының да туған жердегі кездесулері мен мәдени шараларын Оңкең түсі-ріп жүреді. Одан бөлек Асанәлі Әшімовтің, Роза Рымбаеваның, Темірхан Медетбектің, Көпен Әмірбектің, Шәкизада мен Мәдина Сәдуақасованың оңтүстікке келген сапарларында фотоаппаратын жарқылдатып қасында жүрді. Бақтияр Артаевтай қазақтың бір-туар ұлы Афины олимпиадасында атой салып, елімізге баға жеткісіз алтынды жұлып әпергенін әлі ұмыта қойған жоқпыз. Даңқты спортшы елге келгесін Сарыағаш өңіріне келіп халықпен кездесті. Жаңалыққа жаны құмар Оңласын бұл сәтті құры жіберсін бе. Өнердегі үзеңгілес жолдасы Бахтияр Спановпен Сарыағаш шипажайына аттанып, жұртшылықпен бірге сүйікті ұланды күтіп алды. Мұндай тарихи сәттердің қайсыбірін айта берейік, жүдә көп енді. Мұның бәрі де бір сәт те тыным алмайтын Оңласын ағамыздың жанкешті еңбегі деп айтсақ жарасады. Осындай елеулі оқиғаларды қамти-тын дүниелерін жинап, алдағы уақытта бір фотокөрме өткізуді жоспарлап отыр. Әбден-ақ құптайтын тірлік деп айтар едік. Оңласынның фотокөрмесі әсіресе бүгінгі жас ұрпақтың туған өлке тарихын танып-білуге мол ықпалын тигізетіні сөзсіз.

        Халықтың азаматы

       Оңласын ағамыз Бәйдібек ауданының бойжеткені Кәмилә Оразымбетовамен шаңырақ көтерді. Шардара жалпы орта мекте-бінде ұстаздық қызмет атқаратын Кәмилә жеңгеміз жан жарының алаңсыз жұмыс жасауына бар жағдайды жасап отырған азамат. Отбасы тірлігін Кәмилә жеңгемізге сеніп тапсырып қойып, Оңкеңнің өзі Шардара мен Шымкенттің арасындағы іс-шараларда шап-қылап жүреді. Жұбайы екеуі екі қыз бен бір ұлды тәрбиелеп өсіріп келеді. Бануы мен Данасы құтты жерлеріне қонып, құда-жек-жат арттырды. Олардан қазір немере сүйіп отыр. Әулеттің еркесі – Бақыт атты ұлдары Шардара жалпы орта мектебінде 7 сыныпта оқиды. Жаңылыспасақ 2006 жылы болса ке-рек, Бақыт балаға дүрілдетіп сүндет той жасады. Оңласынның шын мәнінде халықтың азаматы екенін сол кезде байқағанбыз. Шар-даралық жанашыр дос-жарандары тойдың қызметін бөліп-бөліп алып, көтеріп әкетті. Елжанды азаматтың бірі Зәкір Талбидин бір апта бойына жүк машинасын Оңкеңнің есі-гінің алдына қойып қойды. Тағы бір жолдасы Сырлыбек Матбеков тойбасшы болып, отын-суынан бастап, не керектің бәрін ше-шіп беріп отырды. Өнердегі достарының атқарып жатқан қызметтері өз алдына. Шынын айтқанда Оңласын ағамыздың тойдың мың-сан тірлігімен шаруасы да болмады. Үйіне адамдар келіп-кетіп, той қамымен сүрлігіп жатқанда бұл көкеміз фотоаппара-ты мен камерасын арқалап жұмыста жүрді. Демалыс алайын-ау, үйдегі оны-мұнылар тойға жете ме, жетпей ме басын қатырған да жоқ. Кәмилә жеңгейге сенді, жолдастарына сенді. Себебі, жұрттың бәрін өзіндей көреді. Ақ жүрек адамның тойы өзі ойлағаннан да жақсы өтті. Ұлан-асыр тойда Шардараның бар игі жақсылары мана айтқанымыздай «Біздің Оңласын» деп тілек айтып, қуаныштарын бөлісті. Жұртқа беделің қандай екенін білу үшін той жасап көр деп жатады ғой. Көрдік, білдік. Ауылдан келген ағайындары Оңласынды төбелеріне көтерген шардара-лықтарға алғыстарын айта-айта кетті.

        Әкеге қарап ұл өсер…

       Оңласынның ең үлкен байлығы – ауылда ата-анасы тұрады. Құтарыс деп аталатын ауылдың Арыс өзенінің жағасындағы бау-бақшалы үлкен үй Оңласынның қарашаңырағы. Ұзақ жыл ұстаздық қызмет атқарған Мәулен ағамыз тіп-тік қалпынан айнымастан тал-дарақтарды бұтап, қорадағы малға қарап жүреді. Сүйегі асыл ағаның әлі күнге бір тісі түспегеніне таң қаламыз. Қарапайым мектеп мұғалімі болса да ауылдың мұң-мұқтажын жоғары жаққа қаймықпай жеткізетін бұл кісіні ауылдастары зор құрмет тұтады. 90-шы жылдардың ортасында ауыл жұртшылығы көп қиындық тартқаны белгілі. Бұл ауыл да сол машақатты тартты. Жарық та өшіп қалады, жолдың бәрі жарамсыз, қоғамдық көлік ауылға қатынауды қойған. Сонда ғой, Мәулен ағамыздың аудан басшыларына күнде барып айтып жүріп, әлгідей қажеттіліктерді жасатып алғаны. Ауылдың асфальті де алдымен Құтарыста жөнделді. Автобус жүретін болды. Тағы бір ерлігі — «Еңбек туы», «Знамя труда» деген аудандық газеттің атауын белгілі қаламгер Қабылбек Төретаевпен бірге облыстағы құзырлы органдарға қайта-қайта кіріп, «Мәр-төбе» деген атау алып берді. Кемшілік көрсе бет-жүзің бар демей айтып тастайтын Мәулен аға сол ауылдың аузы дуалы қариясы саналады. 45 жыл ұстаздық қызмет атқарып, ауылдың қоғамдық тірлігіне белсене араласқан Мәулен Төлегенов ағаны аудан басшылары да бағалап, «Сайрам ауданының Құрметті азаматы» атағымен марапаттады. Қарапайым мұғалімнің елге жасап жатқан еңбегін ескерген аудан басшыларының бұл құрметі енді нағыз азаматтық деп айтсақ жарасады. Оңласынның анасы Сауқым апа ұзақ жылдар бойына балабақшада еңбек етіп, зейнет демалысына шығыпты. Мәулен аға екеуінен 2 ұл мен 5 қыз өмірге келді. Оңласын әулеттің тұңғыш перзенті. Елу жастың жартысынан асып, алпыс деген ауылға аяқ басып келе жатқан Оңласын ағамыз ата-анасына әлі бала көрінеді. 

       Оңласынның жолын қуған шәкірттері көптеп саналады. Қыз бала болса да «Өскен өңір» редакциясында Жанар Әбдірахымова мен Клара Бөрібекова есімді журналистер суретке түсірудің қыр-сырын Оңласын аға-сынан үйреніп келеді. «Қазақстан-Шымкент» телеарнасының Шардара ауданында-ғы меншікті телеоператоры қызметін өзінің сүйікті шәкірті Мейрамбек Пасеновке тапсырды. Аудан әкімінің баспасөз қызметінде қатар жұмыс атқаратын Мейрамбек бүгінде Оңласын ағасы түсірген бейнетаспаларды түгелдей реттеп, дискілерге көшіріп сақтап отыр.

       Оңласын Төлегеновтің шығармашылық жылына 30 жыл толуына орай аудан басшылары лайықты құрметтерін көрсетіп келеді. Аудан әкімі Қамытбек Айтөреев «Жыл үздігі» деген марапатын табыстап, ыстық лебізін білдірді.

       — Отыз жыл бойына бір мекемеде қызмет етіп келе жатқан Оңласынның еңбегін ел біледі. Мақала жазу бір бөлек те, сол мақалаға жан бітіретін сурет табу бір басқа. Оңласынның суреттері сонысымен ерекше, сонысымен құнды. Оның әлі де тындыратын, елге беретін тірлігі көп деп білеміз, — дейді Қамытбек Нұржанұлы.

       Аудандық мәслихаттың хатшысы Тоқсанбай Бердібеков болса:

       — Оңласын Шардараға келгелі бірге араласамыз. Мен ферма меңгеруші болып қызмет атқарған кезден бастап, кеңшардың пар-тия ұйымының хатшысы, кеңшар директоры болып жұмыс істедім. Осы жылдар ішінде Оңласынмен тығыз қарым-қатынаста болдық. Құмның ішіндегі малшы еңбегін Оңласын секілді көрсеткен ешкім болған жоқ. Халыққа қызмет істеген адамды ел де қатты құрметтейді. Шардара жұртшылығы қазір Оңласынмен дос-жаран, бауыр болып кетті. Біз де отбасымызбен араласып, оны туысқан інімдей көріп кеттім, — деп ағынан жарылады.

Оңласынға деген мұндай құрметтер әлі де жалғасып келе жатыр. 

Әділ ӘБДІРАМАНОВ.

Шардара ауданы. 



Яндекс.Метрика