2024-07-27

«МЕН СОҒЫСТЫ КӨРГЕН ЖОҚПЫН…»

«Мен соғысты көрген жоқпын…»

tories/abdali.jpg» width=»336″ height=»448″ alt=»abdali» style=»float: left;» />Cоғысқа қатысқан адамның соғысты көрмеуі мүмкін емес. Біз солай ойлаймыз. Шын мәнінде солай ма? «Ұлы Отан соғысының» аяқталғанына биыл 71 жыл. Талайдың жанына өшпестей қасірет ізін салған соғыстың жалмаған ұлдары мен қызғалдақтай қыздары қаншама…Ажал жауған күндерді артқа тастап аман оралғандары да бар. Бәрінің жүрегінде жара бар. Майдангердің өзінің де, баласының да, анасының да, бауырының да.

Жыл сайын біз жеңіс күнін атап өтеміз! Жеңіс күні оралған сайын еңбектері мен ерліктері үшін соғыс ардагерлеріне тағзым етеміз. Тоқтамға келмейтін зымыран уақыт жыл өткен сайын арамыздан соғыс көрген сол себепті де бейбіт күнге, бейбіт өмірге бәрімізден көбірек тәу етіп шүкіршілік жасайтын, қадірін артығырақ білетін батырларымызды қатарымыздан алып кетіп жатыр. Өмірдің заңы осылай…

Сол себептен біз уақытпен таласпаймыз. Керісінше, майдангерлерге құрмет көрсетуге асығамыз. Олардың қатары азайған сайын дәріптей түсуге ұмтыламыз. Өкініштісі, олар бізге осыдан он жыл емес, бес жыл бұрынғыдай жүрген жолын, көргенін тарихта жазылғандай таратып айтып бере алмайды. Есінде еміс-еміс қалған естеліктерімен бөліседі. 71 жыл аз емес бір адамның өмірі. Біз іздеп барған майдангер «мен соғысты көрген жоқпын» дегенде селк ете қалдық. Оның да өз мәнісі бар екен.

 Шушбаев Әбдәлі ақсақал Төле би ауданы, Қаратөбе ауылында тұрады. Жасы жүзге таянған Әбілдә ата да сол кезеңнің талабымен соғысқа алынған….

«Талай оқиға есімде қалмады, жасым ұлғайған сайын есте сақтау қабілетім төмендеп барады. Оның үстіне біз көргеннің бәрі қиындық, жантүршігерлік оқиғалар есіме түскен сайын денем түршігеді, жаным қиналады, басым айналады»-дейді қария.

–Соғыстың дабылы жер дүниені дүр сілкіндірген жоқ па? Ол кезде жасымыз бар болғаны 21-22-лердің шамасында. Соғыстың сұсынан жүрексінсекте ел үшін, жер үшін шайқасу ер міндеті деп соғыс алаңына шығуға аттандық. Алда не күтіп тұрғанын білмейсің. Адамның айтқаны бола бермейді ғой. Асынған мылтығымды бір ретте атуға мұршам келмей мен тұтқынға түстім… Өкінішім осы.Мен соғысты көрмедім, тұтқынның қасіретін тарттым.

Партизандардың сапында едім. Жүретін жеріміз қалың орман. Жат жерде жасырынып жүріп, немістердің жолын бөгейміз, жоспарларын жоямыз, тіл әкелеміз, жолдарын талқандаймыз. Партизандар ашық майданға шықпайды, міндеті осындай.. 1941 жылы Украинаның астанасы Киев қаласынан 30 шақырымдай жерде болатынбыз. Берілген тапсырманы қалайда жүзеге асыру біздің парыз еді. Аңдығанымыз жаудың торабына кедергі келтіру. Кедергі келтірем деп жүріп сол жерде неміс әскерлерінің қолына қалай түсіп қалғанымды да аңдамаппын. Осылай соғысу, жауды жер жастандыру менің арманым болып қалды. Азапты адам төзгісіз өмір басталды. Бірақ адам бәріне шыдайды екен. Еріксізсің, тек біреудің айтқанын істейсің. Былай жүр десе солай жүресің, қайда бар десе сонда барасың, ұрса өлесің, жұмсаса көнесің…Жаяусың. Адам төзгісіз азапты айтуға сөз етпейді. Сондай азаппен Германияның одақтасы Франция мемлекетінен бір-ақ шықтық. Дамылсыз жұмыс істетеді, тіпті жаныңдағымен сөйлесуге де шамаңды келтірмейді. Қандай күн, қандай жыл, күннің қандай мезгілі ажыратудың өзі қиынға түсетін уақыттар болды. Түс көріп жүргендей күй кешетін сәттеріміз аз болған жоқ. Күндер өтіп жатты.

Бір күні әбден әліміз кетіп әскер таситын көліктің бортында бүрісіп жатқанбыз. Қайда бара жатқаны белгісіз, әйтеуір көлік зымырап барады. Не су, не тістерге қара нан жоқ. Әбден әлсіреп көзім қарауытып кете берді. Өлім деген осы шығар дегенмін… Қасымдағы тағдырлас жігіттердің де жаны осылай қиналып- жатқан. Бір кезде сырғып өтіп жатқан талдың жапырақтарының арасынан алмаға көзім түскені, қолымды созып едім, алақаныма ілінді де кетті. Іліп алған алманы тістеуге келер дәрмен қайда, тісіме басқан күйі ұйықтап кетіппін. Айдалаға әкеліп «төгіп» тастады бізді. Есімді жиғанда бойыма қуат пайда болып, шөлім басылып тұрғандай сезіндім. Сонда алманың тісіме тамған тамшысы осыншалықты әлдендіреді екен-ау деп таң қалғанмын.Қазір ойланамын сол алма ма еді, жоқ басқа жеміс пе, мен соның дәмін таттым ба жоқ па, елес пе деп.

 Еріксіздің күні қараң. Әбден қалжыраған бізді жұмысқа салады да жатады. Құлап қалсаң төмпештейді, әйтеуір ілбіп жұртқа ілесесің. Бидай алқабында жұмыс істеген сәтімізде болды. Сол кезде бір әлдендік. Әлденген соң ана қорлыққа қалай шыдайсың. Қасымда Сашенка деген орыс бар еді. Қасыңда болған соң бауырыңдай болады екен. Сол Сашенка екеуіміз бір күні қашып кетейік деп жоспарладық та, қалың бидайдың арасына лезде сүңгіп кеттік. Сондағы ойымыз өзіміздің әскерлерді тауып алып қосылу ғой. Бірақ нағыз қашқынға айналдық сосын. Не өзіміздің адамдарды таппаймыз, не жерге тамақ, ішерге су таппаймыз. Несін жасырайын жанымыз қиналғанда өлген жылқының етін жегенбіз…

Қария бір сәт үндемей қалды. Иегі кемсең-кемсең етіп толқып отыр.

-Шынымды айтайын балам, мені қинағаны аштық емес, Отан алдындағы абырой еді…

Сұрақ та қоя алмадық. Ауыр тағдыр иесінің көңіл толқынын бағып отырмыз. Тағы не дер екен?!

-Адам төзгісіз деп айтамыз-ау, бірақ адам бәріне де көнеді екен. Жеген таяғыңның тәніңді сыздатқаны ауыр емес-ау, Отан алдындағы борышымызды өтей алмағанымыз жанымызды қинайтын. «Отанға не деп барамыз» деген ой жігерімізді күн өткен сайын жасытты. Қашуын қаштық қой, жат жер қайда барамыз, бәрібір сол жаудың шекарасынан шыға алмадық. Сүйтіп жүргенде 1945 жылда келді. Әрине, жеңісті естігенде қатты қуандық. Тұтқында жүрсекте тілегеніміз осы ЖЕҢІС еді ғой!

 Жан-дүниедегі арпалыс Жеңістен кейін үдей түсті. Отанға қайтсақ алдымыздан ауыр жазалардың дайын тұрғанын жақсы түсіндік. Біріміз қаламыз дедік, біріміз елге барамыз дедік. Туған елден ыстық не бар дейсің. Мен неде болса дайынмын Отанға ораламын деп шешім қабылдағандардың қатарына қосылдым. Сонымен қайтатын солдаттар 2 вагонға жайғастық. Біз бірінші вагонда болатынбыз. Артымыздағы вагонды жарып жіберді қайтар жолда. Бізді «сатқын, отанын сатқандар» деп қабылдады сол кезде. Ондай сөздерді естіп те жаттық. Ауыр өте ауыр сөз. Естіген сайын арттағы вагонға неге мінбедім, мен де жарылып кетер едім» деген өкініш болды жол бойы. Жолда біраз тағдырласымның жаны жай тауып мәңгілікке аттанды. Өз елімізге келе жатырмыз, жақсылық күткен ешқайсымыз жоқ. Елге табан тіредік «Халық жауы» атандырды да 10 жылға қамап тастады. Көрер күнің таусылмаса жүре береді екенсің ғой. Ол уақытта өтті сырғып.

Соғыстағы батыр замандастарымның ерлігіне мен де сендер сияқты тамсанамын.

Анасының дауысын сағынатын нәзік жанды батыр қыз пулеметші Мәншүк Мәметова, жауға қарсы атойлап жүгіретін ер мінезді ару Әлия Молдағұлова, Сұсының өзі жаудың жүрегін алып қоятын Бауыржан Момышұлы, ұшқыш Талғат Бигелдинов… Бұлардың бәрі біздің батырларымыз. Біз оларды ұмытуға тиіс емеспіз.

Майдан шебінде жүрмесе де, елін сүйген, жерін сүйген қазақ даласында өзінің мықтылығын өнерге қосып, қарт кезінде ортаға өнерін салып елден қаражат жинап, Талғатқа жауды қыратын ұшақ алуға қаражат жіберген қазақ палуаны Қажымұқанды қалай ұмыт қалдырасың. Айта берсең батыр қазақ көп. Соғысқа қатысқан әр қазақ батыр. Оларды түгендеу бүгінгі ұрпақтың міндеті. Сендер оларды ұмытпауға тиіссіңдер.

Ал мен соғысты көрген жоқпын…

Осыны айтты да Әбілдә ата тағы да терең мұңға батып үнсіз қалды. Одан кейін сөйлеген жоқ. Қайталап «Мен соғысқан жоқпын…» деді де жастығына жантая кетті жанары жасаурап.

Бізде үнсіз қалдық. Қарияның жүрегі қан жылап жатты.

Р.S. Соғысқа аттанған бозбала «Халық жауы» атанып оралды елге. Бірақ бұл оның таңдауы емес еді. Басына салғанға көнді, шыдады. Шүкір ететіні отбасылық ғұмырдың бақытын сезінді. Үрбіш есімді қызға үйленді, үй болды. 7 қыз 4 ұл тәрбиелеп өсірді. Бүгінде немере, шөберелері шауып жүр алдында. Ол ақталды. Оны қазір ешкім халық жауы демейді. Үкімет жыл сайын «9-мамыр — Жеңіс күніне» ардагер санатында құрмет көрсетіп, қаржылай көмектерін беріп тұрады, үйін жөндеуден өткізеді. Ол ескерусіз қалған жоқ.

Жарылқасын Үсентаев

Яндекс.Метрика