2024-07-27

ФРАНКФУРТТЕГІ КЕЗДЕСУ

ФРАНКФУРТТЕГІ КЕЗДЕСУ

 

Өмір жолында жадыңда жатталып қалатын сәттер көп. Жаныңа ерекше әсер еткен өмірдің кейбір сындарлы сәттерін мәңгілік ұмыта алмайтының рас. Мұның бәрі Қазақ еліне Алланың берген баға жетпес сыйы Тәуелсіздігіміздің тартқан тартулары деп білемін.

…1996 жылдың қазан айы. Белгілі қайраткер Қаратай Тұрысов бастаған бір топ қазақстандық бірінші шақырылған Парламент Мәжілісінің депутаттары арнайы сапармен Англияға бардық. Ол жақтағы халық қалаулыларымен, заң жұмыстарымен таныстық. Қарбаласқа толы түрлі іс-шараларға қатыстық.

Қайтатын мезгіл де таяды. Лондоннан Германияға, яғни Франкфуртке жетіп, сол жерден Алматыға ұшпақпыз. Әуежайға келіп, құжаттарымызды тіркетіп, заттарымызды тексерттік. Барлығымыздың елге апара жатқан сәлем-сауқатымыз да жоқ емес. Сөйтсек, Лондоннан сатып алған заттарымызды елге алып кетуге рұқсат бере­­тін қағазды алмаппыз. Оны кім білген? Әуежайдың кедендік қызметі бар­лығын тәркілеп алды. Толықтау келген неміс кеденшісінің жүзі суық. Мінезі қатал болса керек. Оған бар мән-жайды түсіндірейік десек, ешқай­сымыз да неміс тілін білмейміз. Көңіл-күйіміз түсіп кетті. Қолдан келер шара жоқ. Бәріміз үнсіз ұшаққа отыратын сәтті күттік.

Бір уақытта досым әрі жерлесім Ерғали Бөлегенов (Бүгінде Қазақстанның Беларусь мемлекетіндегі Төтенше және өкілетті елшісі):

 -Мен ана немісті танимын, – демесі бар ма?! Қалжыңдағаны болар деп ойладым.

-Танығаны несі?! Ерғали, біз Шымкентте емес, Германияда жүрміз ғой? — дедім таңданысымды жасыра алмай.

Сәлден кейін жан-жағыма қарасам, Ерғали жоқ. Жүгіре басып ізінен ерсем, ол әлгі неміс кеденшісі тұрған жаққа бара жатыр екен.

–Ерғали, қайда барасың? Қайтесің сол немісті? Бәрібір ештеңе істей алмаймыз, —  деп соңынан ере түсіндіріп бағудамын.

Сөзіме құлақ асар Ерғали жоқ. Бір кезде ол кеденшінің жанына барып:

–Е-е, мен сені танимын ғой! – деді.

Кеденші Ерғалидың бетіне қарап тұрды да, өңі құбылып кетті. Сәлден соң:

–Ал қайдан танисыз? — деді.

Ерғали екеуміз үнсіз қалдық. Қатты таңғалғаным соншалық:

– Сен қазақ тілін қайдан білесің? – деп сұрадым.

– Мен Қазақстанда тұрғанмын. Екі жыл бұрын осында көшіп келдім деді.

Екеуміз де:

– Қазақстанның қай жерінде тұрдың? – деп тәптіштеп сұрап жатырмыз.

Сөйтсек, ол қазақтың қалың ортасы Жетісайда өскен. Шымкент жақтың немісі екен. Кейін Германияға анасымен көшіп келіпті. Орыс, қазақ тілдерін жетік білгеннен кейін ол ТМД елдерінің ұшақтары ұшатын жағына қызметке орналасыпты. Осында жұмыс істегеніне бір жылдай болған.

– Бауырым, қазақтың мына сөзін білесің бе: «Өзің су ішкен құдығыңа түкірме» деген.

Менің қатты айтуыма тура келді.

– Иә, аға, кешіріңіз…

Бағанағы қатал немістің мұздай қатты түрі жібіген. Жүзіне жылы жымиыс пайда болып, беті бері қарай бастады. Басын төмен қаратқан ол:

— Аға, кешіріңізші, – дей береді.

Қаратай ағам мен бір топ әріптестерім отырған жерге неміс отандасымды қолтықтап алып келдім. Қашанда жайдары тіл қататын Қаратай ағам:

– Әкім, мынауың кім? – деді.

– Қаратай аға, мына жігіт Сіздерге бірауыз сөз айтамын дейді, – дедім.

– Не айтпақшы екен?

-Тыңдап көрелік?

Сонда кеденші жігіт:

– Ағалар, кешіріңіздерші! Бір қателік кетті. Мен қазақ халқының нанын жеп өскен азаматпын. Заттарыңыздың бәрін қайта­рып беремін, – деді таза қазақ тілінде. Депутаттардың барлығы аң-таң. Өзге елдің әуежайында тұрып, қазақша кешірім сұраған неміске қайдан таң қалмасын. Осылайша барлымыз туған-туысқа деп алған базарлықтарымызды кеденшінің қолынан алып, мәз-мейрам болып неміс жерлесімізбен қоштастық.

«Тау мен тау кездеспейді, адам мен адам кездеседі» деген осы ғой. Қазақ елінен көрген жақсылығын осылай өтеген, жат елде кездесіп, жан жылуын ұсынған неміс азаматының бейнесі есімде сақталып қалды.

Қайран, қазақтың дарқан даласы! Талайларға құшағыңды ашып, көзден аққан талай жастың жұбатушысы болдың емес пе?! Сенің киең мен қадір-қасиетің қаншама ұлт өкілдерінің жүректерін шабыттандырады. Сонау Германияда да неміс кеденшісінің өзін қазақша сөйлеткен де, халқымның алдында басын идірген де, елімді шүбәсіз сүйдірген де сенің шексіз махаббатыңның арқасы, Қазағым!

Өмір қымбат. Ал киесі бар қазақ тілі біз үшін бәрінен қымбат!

Әкім Ысқақ

Яндекс.Метрика