2024-07-27

ӘКІМДІКТЕ ІЗГІ ДЕ ТЫҢ ЖОБАЛАР БАР

Әкімдікте ізгі де тың жобалар бар

Ұлт жоспары атанған 100 қадам өмірімізге енгелі бері әсіресе мемлекеттік қызметтің мәртебесі артып, жұмысы жүйеленіп, ширай түсті. Шынында солай. Оны көзіміз көріп жүр. Жүйенің жұмыс істей бастағанының бір көрінісі бас сұққан мемлекеттік мекемедегі жұмыстың кемшілігі де, артықшылығы да көзге ұрып тұрады. Іздеп әуреленудің де керегі жоқ. Мемлекеттік қызметшілердің басым бөлігі елгезек, қарапайым. Талап солай. Сол көптің ішінде шіреніп отырғаны немесе қызметін бұлдағысы келгені бірден көрінеді. Обал-ай деп қоясың ондайда. Басқаға мейлі, өзіне деген көзқарасын өзгертпесе өзіне қиын болады. Себебі, жүйенің ондайларды лақтырып тастайтыны анық. Ашықтыққа бет алған қызметтің бүгін қоғаммен байланысын тақырып өзегіне айналдырмақпыз. Солай болатын жөні де бар. Тамыз аяқталып, қыркүйек туа мектеп ең өзекті мәселеге айналады. Үлкен жүректі жомарт жандар тұрмысы өзгелерден өзгешелеу балаларға қамқорлығын көрсетеді. БАҚ-та «пәлен баланы пәлен кәсіпкер мектепте дайындады» дегендей ақпараттарды жиірек оқисың. Әдеттегіден көп ақпарат, әдеттегіден көп жұмыс. Ал, осы жұмысты ұйымдастыратындар, жұмыс күні шектеусіз мемлекеттік қызметшілер.

Кезекті сапарымыз тағы да Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы әкімінің аппаратына түсті. Бұл жолы бізді әкімдік аппарытының Мәдени ағарту бөлімінің басшысы Оспанов Жәнібек мырза қарсы алды. Жұмыс жоспарымен таныстырды.

Көп жұмыстың ішінде «Мектепке жол», «Таза қала акциясы» және жастар арасында өткізілгелі отырған «Ұмыт қалған кітаптар» атты жобалар көңілімізге ерекше ұнады.Сіздерді де таныстыра отырайық.

Жаңа оқу жылы басталды. Жасыратын несі бар, ата-ана үшін нағыз әбігерге түсетін уақыт. Мектепке барар баласының мектеп формасы, дәптері, қаламы, сөмкесі секілді мектеп құралдарының өзі қыруар қаржыны керек етеді. Әрине, ол қаржысы мол жандарға түкке тұрмайды. Ал тұрмысы төмен отбасылардың тығырыққа тірелер шағының бірі… Осыны ескерген Әл-Фараби ауданы әкімінің аппаратындағы мемлекеттік қызметшілер тұрмысы төмен отбасындағы оқушыларды мектеп құралдарымен қамтамасыз етуді қолға алыпты. Ол үшін аудандағы кәсіпкерлерді демеушілікке шақырып, көмек сұраушыларға қол ұшын беруді ұйымдастырған.

-Мемлекеттік қызметші үшін әрбір азаматтың мәселесі маңызды. Әсіресе біздің ауданға қарайтын тұрмысы төмен отбасылардың жағдайы біздің назарымыздан тыс қалған емес. Сол отбасылардың бірінің мектеп құралдарын алуға мүмкіндігі жетеді, ал кейбір отбасылардың жағдайы қысылыңқырап қалатыны бар емес пе?! Қазір қолымызда бізге көмек сұрап келген отбасылардың тізімі бар. Біз сол көмек сұрап келген отбасылардың балаларына, аудандағы тұрмысы төмен деген отбасыларға мектеп құралдарын алып бердік. Осының бәрі аудан әкімі Қалжанов Бауыржан Ахметәліұлының іскерлігі, ұйымдастырушылық қабілетінің жоғарылығының арқасында жүзеге асып жатыр.

«Әкімдіктің ұйымдастыруымен өткен «Мектепке жол» акциясы биыл №7 мектепте өтті. Ауданда орналасқан 24 мектептен тізімге іліккен оқушылар ата-ана, қамқоршыларымен осы білім ордасына жиналып, көтеріңкі көңіл-күйде қажетті мектеп құрал-жабдықтарын алып, үйлеріне риза көңілмен тарасты. Бәрі жақсы өтті. Айтуға оңай әрине. Оны ұйымдастыру, демеушілер табу бірнеше айлар бойы тынымсыз жүргізген мемлекеттік қызметшілердің еңбегі. Біз ата-аналар мен балалардың қуанышты жүзіне қарап еңбегіміздің ақталғанын түсіндік» деген мәдени ағарту бөлімінің басшысы «Ұмыт қалған кітаптар» атты алда жүзеге асатын жоба туралы ағынан жарылды.

Ол сананы да, уақытты да интернет жаулап алған қазіргі уақытта «Ұмытшақтыққа бет алып бара жатқан жастар байқалады мына қоғамнан» дейді. Ал, аталған жоба сол ұмытшақтыққа жасалып отырған қарсылық.

 «Ұмыт қалған кітаптар» іс-шарасы жастар арасында кітапханаларда, саябақтарда, қоғамдық орындарда өткізіледі. Мақсат жастарды оқылмай жүрген кітаптармен таныстырып, оларды кітап оқуға, білімді кітаптан іздеуге шақыру. Осылайша уақытын тек желідегі болмашы әңгімеге жұмсамай, бір сәт қызықты кітаптарды оқуға бетбұрыс жасау. Жастардың бойына кітап оқу мәдениетін сіңіру. Бастаманың баянды болуы бастамашы мен ұйымастырушыға ғана байланысты емес, қоғамға байланысты. Сол қоғам белсенділік көрсетсе қанекей.

 «Таза қала акциясын» өткізуде осындай ізгі ниеттен туған.

— Шымкент қаласы таза қала болуға тиісті. Оған толықтай мүмкіндік те бар. Бұл мәселе әкімдік үшін ғана емес, барлық адамдар үшін де маңызды болуы керек. Әкімдіктегілер айтқан бұл пікірмен біз де келістік. Таза, көрікті қалада тұрған қандай керемет.

Біз бүгін мемқызметшінің жұмыс күнімен емес, олар жүзеге асырғалы отырған тың әрі ізгілікті жобалармен танысуды мақсат еткенбіз. Тың жобалар бар екен. Бұл мемқызметшінің ізденімпаздығын, қоғамға деген қамқорлығын көрсетеді.

Жарылқасын Үсентаев

Яндекс.Метрика