2022-08-17

Бақтияр ТАЙЖАН: Лондон күнделігінен

tories/images 2.jpg» border=»0″ align=»left» />    Міне, Қазақ халқын, Қазақстанды дүние жүзіне мәшһүр қылған Лондон олимпиадасы да артта қалды. Еліміз тәуелсіздік алып, көк байрағымызды желбіретіп барып, желкілдетіп алып қайтқан олимпиада ойындарында несібесіз емес едік. Шырқағанда үш алтын, алмадық дегенді бір алтын бастаған медальдарымызды қоржынымызға теңдеп салып, бөркіміз қоқырайып  қайтар едік.  Оған да себеп бар. Азия ойындары мен Азия чемпионаттарында алдына сары құрылықтағы Қытай, мұхит тербеткен Жапон, Корей мемлекеттерін ғана салатын Қазақстанның Азияда шоқтығы биік, көршілерінің алдында келісті көшті бастап қайтатын.

    Бұл жолы… Әбден айтылды-ау деймін. Олимпиада шу деп тізгін қаққан күні-ақ алтын жіптермен әдіптеп тіккен қоржынымызға алтын түсті.

    Лондонның осы ойындарға деп соққан, олимпиада тарихындағы көлемі жағынан ең үлкен медальдер жиынтығының шеті сөгілген. Ішінен сом алтынды тісімен жұлып алғандай етіп, еліне ұсынған өзіміздің алтын шашты сары баламыз Саша, Александр Винокуров. Қырықтың қырқасына шыққанда ілікті. Бейнеті бір басынан асқан жігіт еді осы Саша. Шайтан арбаны армансыз-ақ тепкен. Сейдахмет Бердіқұлов ағамыз велосипедті қазақша ұғымға жақындатқанда  ел айтқан нұсқағаны пайдаланып осылай дейтін. Шыны керек, “Виноның” соңғы жылдары жолы оңарыла қойған жоқ. Халықаралық үлкен жарыста қапталдасып келе жатқандармен қақтығысып, терең сайға құлап, жамбасын жарақаттап алды, операциядан өтті. Енді спортты қойдым деген. Әшейінде, ершігіне қонған шаңды аузымен үрлеп, велосипедін алдына тосатын спорт функционерлері үлкен спорттан кеткен соң сені қарық қыламыз деген уәдесін жартылай жұтып үлгеріпті. Былқ-сылық. Көреміз, уақыт бар ғой деп жүре сөйлеседі. Әрқайсына көз сатып, жылы сөз, қолтықтан демеу дәметіп жүргенде “Астана” велоклубының жағдайының мүшкілге айналғаны мәлім болған. Қыруар миллиондаған евроларды қалтаға басқан испан шабандозы Альберто Кантодор “Сохабанктің” намысын жыртып жүр. Көшбасшы болады деген чех Роман Кройцигер тізгінге ие бола алар емес. “Астананың” рейтингі төмендеген. Осылай бола берсе миллиардтаған қаржы құйылған жоба тұйыққа тіреледі. Тірелгені сол жарыстан шығып қалады. Винокуровқа қолқа салынған. Көңілі жүдеп жүрген жігіт келіскен. Атақты “Тур де Франс” көп күндік велошабандоздар бәйгесінде олжа салып, содан соң үлкен спортпен қоштасуды ойға алып еді. Ойлағанындай болмады. Бірінен-бірі өткен  қасқыр жігіттер теңдік берер емес. Әрине, табыссыз да емес еді. Жарыс бітуге бір апта қалғанда жігіттер сыр тартты. “Вино, не қыласың, соңғы күндерге барыңды саласың ба?” Салды не, салмады не, поезд кетіп қалған. Сол кезде ойына Лондон олимпиадасы тағы да сарт етіп оралған. Біраздан бері ойында еді. “Қалған күшімді текке рәсуә етпей, Лондонға сақтасам қайтеді”. Команданың серкесі болған соң олимпиада алдында өзіне сауал салынды. “Қалай ойлайсың, олимпиада да бағыңды сынап көресің бе?”.

    “Онда қалай болады. Жастарға орнымды берсем бе екен. Орын ала алмай қалсам тағы да әжуәға қалмаймын ба?!” Шешті. Күшін үнемдеді. Бұл кезде Англияның көпкүндіктегі велошабандоздары “Тур де Франстың” алтын, күмісін қосарымен алып, марқайып жатқан.

    Әрі қарай белгілі ғой… Олимпиадада Винокуров өзінің күшін әрбір шақырымға келілеп бөлді. Артық көзге түскен жоқ. Ұрымтал тұсты күтті. Содан соң желден жүйрік велошабандозымыз бар күшін қайыстай қатқан қос аяққа салып заулаған.

    “Біреулер  Уран артқа қарағыштады. Сонысы өзіне сор болды, уақытынан ұтылды,-дейді. Ал, мен межеден басқа ештеңе көргем жоқ. Бұрын-соңды қусам жеткізбей жүрген финиш  көз алдымда тұр. Уақытымның келгенін жан-тәніммен түсініп барымды салдым. Ойымда бір-ақ арман қылаң берді. Олимпиада жеңімпазы болу, еліме алғашқы алтынды сыйлау. Ал, қазір ертегінің ішінде жүргендеймін. Елімнің, туған Қазақстанымның даңқын аспандатуға үлес қосқаным жүрегімді жылытады”.

    Ер жігіт осылай деген. Одан соң алтындар салынған қаптың ауызы Қазақстан үшін ашылып кетті.

                                  АЛЕКСЕЙ НИ – ҰЛЫ СТРАТЕГ

  Зулфия Чиншанлоға әу бастан сенгенбіз. Олимпиада алдындағы болжам мақаламызда осы қара қызымыз даусыз алтын алады дегенбіз. Жұдырықтай қара қыздың қайраты әлемді таң қалдырды. Әлем рекордтары ол үшін түк болмай қалды. Жеңімпаздарды марапаттайтын мінбеде тұрып, көзі жалын атып,қуанғанын-ай. Әлгінде ғана зілтемірді аспанға қанкөбелек ойнатып көтерген қолымен жейдесінің өңіріндегі Қазақстан елтаңбасын қайта-қайта көрсетеді. Түсініп тұрмыз. Кішкентай қыз осы ымымен үлкен ой айтқан. Сарайдағы жиналған дүйім елге, теледидар алдындағы тамашалаған миллиондаған, мүмкін миллиардтаған жұртқа. “Менің елім-Қазақстан, мен осы елдің азаматшасымын. Жеңісімді мені осы биікке көтерген сүйікті Отаныма арнаймын”.

    Солай екендігі рас. Бас бапкер Алексей Ни мен Энвер Туркелери Қытайға барып, жасөспірімдердің жарысын көргенде осы Зулфия 13 жастағы қыз екен. Өзінің қалжасы 42 келі. Көтергені 50 келі. Қытайдың құрамасы түгілі өзі тұратын қаланың командасында орны жоқ екі қызды, Зулфия мен Мая Манезаны Қазақстан ауыр атлетика федерациясы Қытай жағымен келісім-шартқа отырып, келісіп, ақшасын төлеп Қазақстанға әкелді. Кеше ғана шағын қаланың мыңға тарта ауыр атлеттерінің ішінде аяғы аяғына шалынысып жүрген қос қыз білікті бапкерлердің қажырлы еңбегінің арқасында әлемдік биіктерді бағындыра бастаған. Қытайда 50 келі көтерген Зулфия араға екі жыл салып, әлем чемпионы атанды. Ал, Лондонда серпе көтеруден 131 келі көтеріп, әлем рекордын тағы бір рет жаңартып тастады.

    Ал, бір емес екі спортшысын қойып, біздің Светлана Подобедова мен Илья Ильиннен бой асырмақ болған Ресей ауыр атлеттер федерациясының дегені осы жолы да іске аспай қалғаны таңды таңға ұрып айтсаңызда мейірді қандырмайтын қызық хикая, әлемдік ұлы оқиға.

    Не деген алапат ойын жүреді кілемнен тыс. Цифрлар сәт сайын, секунд сайын бақырашқа салып отқа қойған қорғасындай балқиды-ай келіп.

    Біздің Алексей Ни -ұлы стратег. Әлемде теңдесі жоқ. Жігіттеріне, қыздарына сенген соң шахматтағы гроссмейстрдың ойынын ойнайды. Ресей бір емес екі қызын қойғанда да Светлана Подобедоваға жеңісті жұлып әперген осы біздің қолтоқпақтай Алексейдің тактикасы.

  — Бұл ресей ауыр атлет құрамасы бапкерлерімен  төрт –бес жылдан бері келе жатқан іштей егес , принциптік бәсеке еді-,деді Алексей Ни. – Осы жолы Светлана Подобедовадан  жеңісті алу үшін олар үлкен құрбандыққа барды. 69 келі салмақтағы олимпиада ойындарының жеңімпазы болған қызын жарысқа жібергенде ол сөзсіз алтын медаль алатын. Бірақ, олар оның орнына 75 келі салмаққа екі атлетін тағы қойды. Наталья Заболотная жұлқа көтеруден  әлем рекордшысы. Оның тіркегені 135 келі. Ал, Евстюхина  жұлқа көтеруден  әлем рекордшысы. Тіркегені 164 келі. Екі жақтап тұншықтыруды ойлаған. Олардың Светаға жасаған қиянаты көп. Үш қыздың арасындағы егес жасөспірімдер арасындағы жарыстардан келе жатыр. Светлана Подобедова ересектер арасында әлем рекордшысы  болғанда Афины олимпиадасына оны емес Заболотнаяны  әкетті. Ал, Бейжіңге Евстюхинаны апаратыны белгілі болғанда  көңілі қалған бапкері Светаны бізге ұсынды. Талантты қыздың бағы байланбасын деп. Біз Бейжіңге жақсы дайындықпен апардық. Бірақ, Светлананың ашық айқасқа  тас- түйін дайын екенін байқаған ресейліктер қарсылық хат жазды. Сондағы Светаның жылағаны-ай. Ол сол жолы олимпиаданы сөзсіз жеңіп алатынына сенімді еді. Спорттан жеңіспен кеткісі келген. Мен сонда Бейжіңде Светаға ант бердім. Лондонда осы қорлықтың бәрін қайтарып, алтын аласың деп. Содан бері қаншама жұмыс жасадық.  Света екі рет әлем чемпионатын, азиаданы ұтты. Мұның бәрі олимпиадаға дайындық болатын. 3-і тамызды мен өмірбақи ұмытпаймын . Мен бұл күні түні бойы көз ілгем жоқ. Олимпиада ауылында таң атқанша ой үстінде жүрдім.Тактикалық дайындықтарды пысықтадым. Ойлаған ойымыз жемісін берді. Жұлқа көтеруде әлсіздеу Евсюхинаның  жүйкесінде ойнап, мінбеге алдымен шығару міндеті қойылды. Ол 125 келіге еріксіз барды. Жаттығуда байқадым өте абыржулы, ашулы екен. Сол жерде –ақ жоспарымыздың іске асатынын түсіндім. Бізге Евстюхинаны жұлқа көтеруде  қалдырып кетудің  оңтайы келді. Ол екі рет шығып көтере алмай кетті. Үшіншісіне демалдырмай шығару үшін өзімізге салмақ қостыруға дайын едік. Жүйкесі жүндей түтілген Евстюхина «құралақан» болды. Ал Света 130 келі көтеріп Заболотнаядан 1 келіге ұтылды. Бұл бізге ешқандай қорқыныш емес. Оның серпе көтеруде Светамен шендесе алмайтынын білеміз. Сол жерде –ақ алтын біздікі деп бір бірімізді ешкімге сездірмей құттықтадық.Бірақ, Натальяға да құрмет, ол 147 келіден бастағанымен  жаны қысылған соң 160 келіге тапсырыс берді. Ресейлік бапкерлер осылайша Подобедовадан жеңісті аламыз деп ойлады. Ал біздің жоспарымыз басқа болатын. Жеңіске қажетті салмақты алғаннан кейін 165 келі көтеріп., қазақ ауыр атлетикасының даңқын әлемге  кеңінен жаю еді. Күтпеген жерден Заболотная 160келі көтергеннен кейін кеңесе келе әлем рекордынан олимпиада алтынын қолай көрдік. Әйтпесе, 165 келі Светаның жаттығуда көтеріп жүрген салмағы болатын. Біз бұл жеңіске жалғыз жеткен жоқпыз. Мемлекет тарапынан керемет жағдай жасалды. Ештеңеден қағажу көрген жоқпыз. Жаттығуға да басқа керектерімізге  жағдай жасалынды. Елбасымызға ерекше рахмет , біздің атлеттерге өзі телефон шалып қатты жігерлендірді. Мен қазір өзіме өзім келе алмай жүрмін , былай айтқанда бақыттан басым шалқып жүр.  Мен 15 әлем чемпионаты, 5 олимпиадаға құрама апарып  жүріп , дәл осылай  толқыған жоқпын. Бұл жеңістің бәріміз үшін орны бөлек. Мемлекетіміздің даңқын дүние жүзіне асырудан артық бақыт жоқ екен.

    Біз бір салмақтағы ғана бапкерлер тактикасын бердік. Қазақстан ауыр атлетикадан 4 алтын алса, онда Алексей Ни бастаған біздің бапкерлеріміздің еңбегі орасан. Олар тактикалық шеберлік жөнінен әлемде көш бастап тұрғандығын анық аңғартты.

     МЫЛТЫҚСЫЗ МАЙДАННЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ

       Ғаламтор деген жақсы ғой, ішіне әлемдегі бар ақпаратты қаттап, тігіп, қаптап қойған. Сенсеңіздер, сіздердің талай олимпиада мен Азия ойындарына жолы түскен тілшілеріңіз осы жолы ғана Лондонға ноутбук арқалап барды. Бұрын қолмен жазып үйреніп қалған басымыз ғаламдық техникадан гөрі өзіміздің көргеніміз бен байқағанымызға сеніп жүре беріппіз. Бір есептен ол да дұрыс. Интернеттен ақыл-есі түзу, қолының жазуға икемі бар кезкелген жазарман қап-қап жаңалықтан іздегенін қотарып, шәй ішіп отырып көшіріп жазады. Оқысаң татуы жоқ ас, сылдыр судай әсер қалдырады. Қаптаған цифр, аты-жөніне тілің әзер бұралатын спортшылар. Жарыс көріп отырып, кейде балуанның қандай әдіс жасағанын байқай алмай пұшайман боласың. Жаттықтырушылардан, балуаннан сұрайсың. Сүйтіп барып жазғаныңның тілін “кәлимаға” келтіресің. Бұл жазғыштар ешкімнен ештеңе сұрамайды-ей. Қайтеді. Бәрі интернетте тұр. Балуан, яки боксшы қай жылы, қай сағатта, қаншасыншы минутта кіммен кездесті. Бірінші кезеңдегі яки бірінші раундтағы есеп қандай болған. Ол құрымағұрдың, балуан яки боксшыны айтам, аты-жөні кім еді. Интернетте тұр ғой. Расында солай. Шынын айтсақ, осы өзіне қатысты ақпаратты спортшының өзі біле бермейді. Алысқа бармай-ақ көз алдыңызда жүрген Ермаханнан сұраңызшы. Атлантадағысын әлдеқашан ұмытып қалған, Сиднейдегісінің финалын біледі.

    Лондонда да жарысқа бармай-ақ интернеттен көшіретін, бейне таспаларды қарап, бапкерлердің талдауларын, атақты спортшылардың пікірлерін қотарып алып, қалауынша пайдаланып мақала жазатын журналисттерді де көрдік. Тақырыптары жақсы, материалы бай. Сенің материалыңнан мықтылау ма қалай?

    Қызғаныш қанымызда жоқ. Бірақ, қызығасың. Ол жазарын жазып болғанда, жарыстан солықтап жаңа келген сен күні бойы жазған блокнотыңды алдыңа қоясың. Бәрі керек сияқты, керек емесі де көп. Керек емесі, басқа елдің спортшыларының сен көрген, сен таң қалған табыстары қазақстандық оқырманға неге керек. Өстіп отырып, жіберген материалыңның иіні қанбай қалғанын байқайсың. Бұрын ноутбукпен жұмыс істеп көрмеген жазған басымыз бір күн отырып жазған мақаламызды өшіріп-ап материал сұраған бас редактор Жанболат ағамыздан қысылғанымыз-ай.

     “Ой, жарысқа неге барасыз. Интернетте бәрі тұр ғой” дейді блогер інім.

    Оу, Лондонға мені жібергенде интернеттен көшіріп жаз деп жіберіппе еді, оны редакциядағылар онсыз да алады ғой.

     Жарысқа барам. Күрес кілемінде қым-қуат айқас. Теледидардан қарағанда қалай сезілетінін қайдам, мыналар күресіп жүр демесеңіз мылтықсыз майдан ғой апыр-ау. Мұнда гүрс етіп бомба жарылмайды, үйдей танк таптап кетпейді, құлағының түбінен ысқырып оқ өтпейді.

    Бірақ, Махамбет ақын айтқандай, қу толағай бастанбай ерлердің ісі бітпейтін майдан.

    Қолтоқпақтай Дәулет Ниязбеков бір емес екі балуанды, соңғысы жастар арасынан әлем чемпионы түрік, жеңді. Алда финалға өтуге бір белес қалған.

  — Жүріңдер, құттықтап қайтайың,-дейді Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Темірхан Досмұхамедов. Жолын тосамыз. Өн бойынан аққан тер балақтан сорғалаған, өңі қатты шаршаулы Дәулет келеді. Кермек дәм татыған маңдайынан сүйесің. Өз ұлыңның. Өзі үшін де, елі үшін де әлемдегі бар мықтымен айқас салып жатқан еріңнің. Бұл саған-интернеттен көшірінді емес. Зулфияны, Мая қызды өпкенбіз. Батыр ұл Ильяны бауырға тартқанбыз. Светлананы арқадан қағып, маңдайынан сүйгенбіз. Иықтарына Қазақстанның көк туын жауып. Олар жарысты аяқтаған соң жеңіс тұғырына шығады. Сондан соң аккредициясы бар журналистер ғана жіберілетін аймақта сұхбат береді. Тері кеппей, ойы жарыстағы тартыстан әлі шықпай тұрып. Жеңімпаздың аузынан шыққан алғашқы ойларын жазып алып, құс жолымен “Егемен Қазақстанға” аттандырасың. Елі батыр ұл, қызының жүрекжарды сөзін тыңдасын деп.

    Одан Лондондағы қазақ баспасөз үйіне барып бапкерді тыңдайсың.

    Тегі, қызу қанды жанкүйерлер болсақ керек.

  — Бақтияр сияқты үш-төрт жанкүйер болса өзгенің керегі жоқ,-дейді “Қазақстан” деген айқайымыздан құлағы тұнған Спорт және дене тәрбиесі ісі жөніндегі Агенттік төрағасының орынбасары Елсияр Қанағатов күліп.

 — Бақтияр айқай салғанда ағылшындар тынып қалады,-дейді “Қазпраданың” тілшісі Юрий Лифинцев. Қызуқандылау екеніміз рас, қалай айқайламайсың. Қалай жақ тартпайсың. Шаршы алаңда күрес кілемінде, жаны қиналып жатқан спортшың артында қалың елі тұрғанын ұқсын, қосымша күш берсін деген қолдау ғой біздікі. Жалпы, олимпиадаға Қазақстаннан жанкүйерлер көп келді. Англияда, сол маңайдағы елдерде оқып жатқан студенттер келді. Кей күндері Лондонда емес, Қазақстанда жүргендей әсер алғанымыз шындық. Қалың қазақ жарыстан соң шұрқырасып табысып, “Менің Қазақстанымға” басқанда дүниенің төрт бұрышынан келген жанкүйерлер қызыға қарап қалады. Жапырлап келіп суретке түседі. Қаулалап келіп қолыңды алады. “Қазақстан!” деп бас бармақтарын шошайтады.

    Сол кезде көңілің аспандап, қанат біткендей болады. Аллатағала, орасан жер бергенімен халқының саны бар жоғы 16 млн. ғана. Көршіміздің өзі сендерден көппіз дегенде екпіні тас жарардай. Халқының саны 1,3 млрд.-тан астам Үндістан сияқты елдер “бұл қазақтар не деген керемет халық” дегендей сүйсінеді. Кешегі одақтас он бес республиканың ішінде өзіңнен озғаны ұлы держава Ресей ғана. Қалғаны қозы көш жерде. Алтын, күміс медаль түгілі қолаға қолы жетпей қалғаны бар.

    Ал, жүрегің бар болса елің үшін қуанбай гөр. Небір сабырлы, салмақты деген азаматтардың өзі аспанға ұшып кетердей халде жүреді. Өйткені, Отан сенікі, жеңіс сенікі, батыр ұл-қыздар сенікі…

 Олимпиаданың соңғы үш күні

     Егемендегі әріптестерімізге, редакция басшылығына үлкен рахмет. Лондонннан жіберген мақалаларымыздың жақсысын асырды, нашарын өңдеді. Жеткізе алмағанымызды толықтырып жазды. Лондонда соңғы үш күн жұма, сенбі, жексенбіге тура келді. Жарыстар азайған, арқамыз кеңейген соң күн жаздық, түн жаздық. Жексенбі күні, яғни 12-ші тамыз күні Егеменге жібергенбіз. Алайда, жер-жерден жіберілген материалдар көп болғандықтан кейінге қалдырылған болуы керек. Бас редактор олимпиададағы материалдардың жарыққа шықпағандарын жинақтап жазуға тапсырма бергеннен кейін Лондонда жазылған соңғы үш күнді назарларыңызға ұсынып отырмыз.

    Жұма күні қазақ боксшылары үшін шын мәнінде құтты күн болды. Дүние жүзінің гүрзі жұдырық бар мықтысы шаршы алаңға шығып, қай елдің жұдырығының мықты екенін  таразының безбеніне салғанда он миллион қазақтың сесі миллиардтаған халқы бар елдерден бір де кем еместігі көзге ұрып тұрды.Екі қазақ финалға өтті. Бұл дегеніңіз Иван Дычко мен Марина Вольнованың қола медальдарын қосқанда табаны күректей төрт медаль деген сөз.

    Таңертеңгілік жарысты  жеңіл атлеттеріміз  бастаған. Шама шарықтарынша жоғары орынға күресіп бақты. Жүлдеден қозы көш алыстау жатса да лайықты орындарын алды. 67 келі салмақта даянға шыққан таэквондошымыз Гүлнафис Айтмұхамедова жартылай финалға өте алмады. Ал, қызылордалық жас балуанымыз ,әлем чемпионатының қола жүлдегері Дәулет Ниязбековтің финалға өтіп кете жаздауына сәл сәттілік жетпей қалды.55 келі салмақта клемге шыққан Дәулет алғашқы белдесуін АҚШ балуаны Самуэл Хазевинкимен өткізді.   

    Біздің балуан олимпиадаға аңдысу үшін келмегенін аңтартып бірден шабуылға көшкен.. Самуэлді төмен қарай қатты сілкіп қалып, ол теңсіздігінен айырылғанда лып етіп арқа өтіп кетті. Бізге бір ұпай. Белден қапсыра құшақтаған күйі кілем шетінде жапырақтай жұлып алып екі рет аударып жіберді. Төреші екі саусағын көтерген. «Апыр-ау, төрт ұпай ғой» дейді ту сыртымызда отырған Мәулен Мамыров.Еркін күрестен осы Мәулен Атлантада қола медаль әпергелі қазақ балуандары қанша олимпиадаға қатысса да жүлдеге қолдары жеткен емес. Сол Мәулен енді бауырларына көтермеші болып келіп отыр. Бірінші кезеңді 3-1 есебімен өз пайдасына жазған Дәулет екінші кезеңде де мүмкіндігін жібермеді. Екеуі  де ұпай ала алмағандықтан  қызыл күрес киімімен шыққан американ балуаны шар суырды. Көк. Дәулет аяғынан салақтата көтерген күйі кілем сыртына бұрқ еткізді. Енді қарсыластарының күресін бағып отырмыз. Түрік балуаны Рекер ересектер сынына енді өткенімен жастар арасынан әлем чемпионы. Аяққа жақсы тұрады дейді жерлесіне жақ тартып келген, күреске ертең түсетін Дәулет  Жұмағазиев. Айтқандай түрік канадалық қарсыласын ұтып келесі кезеңге өтті. 74 келі салмақтағы балуанымыз Абдулхаким Шәпиев те тунистен келген балуанның жеңіске деген үмітін үзді. Бірақ, келесі кездесуінде өзі де жеңіліп жарыстан шығып қалды.Дәулет түрік балуанымен кілемге шақырылды. Жастар арасында алмаған жүлдесі, бағындырмаған биігі жоқ түріктің жас перісі расында мықты. Екеуі бір біріне ұпай бермейді. Екі кезекте де есеп ашылған жоқ. Алғашқы Дәулет суырған  шар түрік Рекердің пайдасына шықы. Екіншісінде Рекер суырған шар біздің жігіттің пайдасына шықты. Соңғы кезең. Не белбеу, не бел кететін сын. Дәулет  кездесудің соңына бір тарпып түрікті екпетінен түсірді де сілеусіндей ырғып ту сыртына шығып кетті. Алып сарай дүр ете қалды. Бір ұпай еншілеген Дәулет Рекердің екі аяғын буып байлап шыр айналдыруға әрекет жасаған. Мінсіз орындалмағандықтан төреші тағы бір ұпай берді. Өзінің олимпиададағы соңғы белдесуін өткізіп жатқанын сезінген түрік ышқынғанымен  күші, өнері асқан қазаққа ештеңе істей алады. Енді Дәулет бір кездесуін ұтса  екі аяымен ақтық сында нық тұрады. Бірақ, осалдау балуандардың барлығы төменде қалып кеткен. Кілең қасқырдың абадандары келсең кел дейді.. Грек рим мен еркін күресте қай балуан болмасын  тобында иран және орыс балуаны болғанын қаламайды. Дәулетке енді ресейлік Отарсұлтановпен күресу керек. Қап тауының жігіті қарсыластарын шетінен омырып келеді. Батылдау болжам жасай алмай отырғанымыз содан. Солай болды. Алдында солтүстік корейдің балуанын қамырдай илеген Отарсұлтанов  Дәулетпен де жойқын ұрыс салды. Дәулеттің басынан қапсыра құшақтап, тұқырта басқан ол лып етіп артқа өтті де белден алып екі айналдырып жіберді. Міне осы кезде біздің жігіттің әбжілдігі көрінген. Қайырыла беріп Отарсұлтановтың үстіне қона кетті. Қайран –ай, күші кемдік қылды. Жауырынын кілемге жапсырса таза жеңіс. Екінші қолын  қарсыласының астынан алып үлгермеді. Нені бүлдіргенін секундтарға жетпейтін уақытта ұғып үлгерген орыс балуаны сұрапыл күшпен аударылып түсті. Санды аямай соқтық. Енді қап тауының жігіті есе бермейтінін ұғып тұрмыз. Екінші кезеңде біз қауыптенгендей болды. Енді Дәулетке үшінші орын үшін кешкі бағдарламада күресу керек. Қарсыласы да белгілі. Солтүстік корей балуаны Ванг. Ол алғашқы кездесуінде өзбекстандық әлем чемпионы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Ділшод Мансуровты жарыстан алып тастаған. « Мансуров олимпиадада да, Азияда да осы балуанға ұтылады. Сезімтал, соңына дейін күреседі» деп Мәулен Мамыровтың айтқаны есімізде. Атақты балуанның қаупі расқа шықты. Дәулетте бір балуанға керектің бәрі бар болғанымен күші кемдік қылады. Бұл енді бапкерлері мен өзінің ойланатын мәселесі.  

    Боксшылар бәсекесі мұнда жарыстың ең соңына қойылған. Сонда да қазақстандық жанкүйерлерге ештеңе тоқтам емес.Сарайдың ішінде еліміздің көк байрағы самсап көрінеді.  Мықтылар кезегімен  финалға өтіп жатыр. Осы ғасырдағы ең талантты  боксшылардың бірегейі украиндық Василий Ломаченко 60 келі салмақтағы  кубалық  мықты Толедоны жолынан алып тастады. Енді оны олимпиада жеңімпазы деп қазір құттықтай беруге болады. Қарсыласы  корей боксшысын төрешілер құлағынан тартып шығарғандай болған.69 келі салмақтағы үмітіміз  Серік Сәпиевтің қарсыласы сыралғы Алексей Замковой. Серік Миланда өткен әлем чемпионатында осы ресейлік боксшыға есе жібергенімен  кейінгі жарыса еркін жеңген. Әркімнің көрпені өзіне тартатыны белгілі. Ресейліктер Сәпиев өте мықты боксшы, бірақ, Замковой жас әрі жылдам. Сондықтан Замковой жеңеді деп болжам жасаған. Біздің құрамамыздың капитаны олардың мысық тілеуін теріске шығарды. Алғашқы раундта 6- 2 есебімен Серік алға шықты. Екінші раундта Замковой ашық шабуылға қолай көрген. Көбіне қорғанысты ойлайтын ресейліктің белсенділігі абдыратып тастады ма әлде бірінші раундтағы есепті көңілге тоқ санады ма Серік бірнеше соққыны жіберіп қойды. Екінші раунд 10 -8.Үшінші раунда өзіміздің  жаужүрек Серікті  таныдық. Екі  қолына қос семсер ұстап алғандай әсер қалдыратын Серік  Алексейге бұл жерде кім қожайын екендігін ұқтырған. Қатарынан бірнеше мәрте соққы жаудыра алатын, бұқпантайлап ұрыс салу әдетінде жоқ біздің жігіт ашық айқаста кім-кімді де табанында тұрғызбайды. Замковой мен Шелестюк екі әлем чемпионатында Сәпиевті ұтса, оның қос қолды кеуде тұсқа ұстап ашық айқас салатындығынан  пайда көрген. Жабық жүреді, ұрымтал тұста ғана ұрып қалады. Серіктің соққылары дәл тие бастағанын көргеннен кейін ресейлік жанкүйерлердің  дабыры басылды. Ал қазақтар сарайды мойындарына іліп кетердей ұранға басады. Ағылшындар да «Қазақстан» деп  жақ болуда. Үшінші раунд 18-12 есебімен аяқталды. Замковой әдепті жігіт екен. Серіктің жеңгенін мойындап біздің боксшыға құрмет көрсетіп, керме арқанды көтеріп тұрды.Ал Тарас Шелестюк ағылшын Еван Фреддимен терезесі тең айқаста 10-11 есебімен жол берді. Фредди де ашық айқасты жаны қалайтын бозым екен. Жылдам, аяқпен  қарсыласын жақсы алдайды. Бұлт етіп тура соққыдан жалтарып, қарсы алдынан пайда бола кетеді. Соққылары да таза.  Ресейден финалға бір ғана боксшы өтті Ол 81 келі салмақтағы Егор Мехонцев. Бұрын Егор 91 келі салмақта әлем чемпионатын жеңіп алған. Бірақ, оған ауырлық қылған соң оны 81келі салмақтағы ауыр соққылы боксшы Артур Бетербиевпен ауыстырған. Бұл боксшыны көптен бақылап жүремін. Ешкімнен беті қайтпайтын чечен жігіті бапкерлер салмақ салып тұрғаннан кейін жарайды деп өзі жоғарыға кетіпті. Мехонцев осы салмақта өзіне  қарсылас шыдатпайтынын танытты. Әйтпесе, бразилиялық Фалкао Флорентина ширек финалда кубаның таланты боксшысы де Крузді жеңген. Егор аңдысқан жоқ. Қой көрген қасқырдай тарпа бас салды. Егор Фалкаоны  екі рет нокдаунға түсірді. Есеп 23-11. Бұл чемпион болмақ жігіттің олимпиадаға тас түйін дайын келгенін аңғартады. Әділбек Ниязымбетов украинаның тағы бір талантты боксшысы Олекандр Гвоздикпен қолғап түйістірді. Бірінші раунда екеуі тең түсті. 4-4. Екінші раундта салмағы ауыр, күші де басымдау Гвоздик ашық айқасқа көбірек шығып, жақсы соққылар жасаған. Әділбекте қарызға қалған жоқ. Сол заматта қарымтасын қайтарып жатты. Гвоздиктің күштілеу көрінетінің бір себебі, Әділбектің салмағы 81 келіге жетпейді. Ал мұнда 7-9 келі салмақ қуып келетіндер бар. Екінші раунд күткеніміздей 9-10 есебімен Гвоздиктің пайдасына кетті. Үшінші раунд алма-кезек шабуылмен  өтті. Төрешілер ұзақ ойланды.Есеп 13-13. Кеңесе келе соңғы секундтарды  шабуылмен өткізген Ниязымбетовті жеңіске лайық деп тапты. Иван Дычко ағылшын үміті Антони Жошуаға қарсы жақсы ұрыс салды. Алғашқы екі раундта біздің боксшы қарсыласына қарағанда күштілеу көрінген. Есеп 4-4 сосын 8-8. Үшінші раунқа Дычконың Лондон рингінде ғана емес Қазақстанда да шаршап шығатындығы көрініп қалды. Ашық жүр. Жошуаның да оңып жүрген жағдайы болмағанымен жанкүйерлерінің демеуінің арқасында күш алып, бірнеше соққы өткізді. Есеп 13-11. Осы олимпиада да мамандарға жақсы әсер қалдырған, талантына шүбәсіз сендірген Иван Дычко алтын алу арманын Бразилияда өтетін олимпиадаға қалдырды. Ал Бейжің олимпиадасында қарсылас шыдатпаған италияндық Роберто Камерелла аса ауыр салмақтағы ақтық сында азербайжан боксшысы Могомед Меджидовті 13-12 есебімен жеңіп,  финалға жолдама алды.

 КАРЕЛИН ТІНӘЛИЕВКЕ ЖАРЫС ЖЕТПЕДІ ДЕЙДІ

     Олимпиаданың 11-і күні. Жеңіл атлеттеріміздің әлемдік рекордтарды судай сапырып  жүрген саңлақтардың арасынан суырылып шыға алмайтындығы белгілі.Сондықтан таэквондошы, 67 келіден жоғары салмақта татамиге шыққан Феруза Ергешовадан жақсы нәтиже күтіп едік. Феруза – мінезді қыз. Қарсыласының атақ-даңқы оны ешқашан сескендірген емес. Бірақ, жетпей тұрған шеберлікті ол қасиет жаба алмайды екен. Словак таэквондошысынан екі кезекте 3-5, 2-4  есебімен ұтылғанымен соңғы кезекте жауынгерлігіне басып 11-7 есебімен жеңді.Ұпай 16-16. Қосымша уақыт белгіленді. Қарсыластарына қарағанда бойы аласалау қызымыз жақсы соққы жіберіп қойды. Сол 1 ұпай оның үшінші кезектегі жойқын шабуылының бәрін жуып кетті. Төрешілер тарапынан әділетсіздік те болмай қалған жоқ.  Бірақ, словак қызы алысқа ұзай алмады. Бұл салмақта олимпиада ойындарының  жеңімпазы серб қызы Милица Мандич болды. Ол финалда француз Анн Каролин Граффты жеңді. Қола медальға мехсикалық Мариа дел Росарио мен ресейлік Анастация Барышникова ие болған. Ал, сол күні сарапқа салынған 80 келі салмақтағы алтын медальдің иесі италиан Карло Монфетта.

   Жүрегімізді қолымызға алып еркін күреске келдік. Кеше  84 келі салмақтағы  балуанымыз бен 60 келі салмақтағы үмітіміз Дәулет Жұмағазиевқа  бірінші белдесуінде –ақ иран балуандары түскенін көріп шошып кетіп едік. Бұлар адам жейтін әзірейіл болмағанымен  еркін күресте қай елдің балуандары болсын жартылай финалдан кейін жолықса дейтін мықтылар. Ермек жанын салды. Алғашқы кезеңде 0-3 есебімен ұтылғанымен екінші кезектегі жеңісті өз атына жазды. Бірақ қайратты Эхсан Насер Лашкари  шешуші кезеңде 4-0 есебімен таразының басын өзіне аударып кетті. Дәулет те ираннан өте алмады. Осы екі балуан финалға өтсе біздің жігіттерге қола медаль үшін жарысты жалғастыруға жол ашылар еді. Бірақ, олардан да мықтылар бар екен. 84 келі салмақтағы алтын азербайжан балуаны Шариф Шарифовтің  меншігі екен. Ол ақтық сында пуэрторикалық Хайме Эспиналдан басым түсті. Қола медаль  грузин Дато Марсачишвили мен Ермектің жолын кескен иран Насер Лашкариға бұйырды. Дәулет күрескен 60 келі салмақтағы алтының иесі деп сарапшылар ресейлік балуан  Бесик Кудыковты атаған еді. Олимпиадаға болжам жүрмейді екен. Финалға Бесик жақсы шыққанымен  азербайжанның  тағы бір талантты ұлы Тогрул Аскаровқа қайрат қыла алмады. Осылайша бұл күні көмбеге қойылған екі алтынды азербайжанның екі жампозы іліп әкетті. 120 келі салмақта кілемге шыққан балуанымыз Дәулет Шабанбай ел чемпионатында үздік болғанымен Бейжіңге жолы түспеп еді. Талантты балуан алғашқы  белдесуін өте сауатты өткізді. Румын Хинтонға бірінші кезекте 0-3 есебімен ұтылғанымен  соңғы екеуінде 5-2 және 1-0 есебімен жеңіп жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды. Бірақ, Дәулет  сол күні финалға өткен грузин Давид Мондзманашвилиден ұтылып үшінші орынға күресуге мүмкіндік алған.Олимпиадада жартылай финалға кіл мықтылар қалады. «Грузинді дұрыс бағаламадым.Есебім оны көп күш  шығармай жеңіп, финалға күш сақтау еді. Бұл менің өзіме кешіре алмайтын қатем» деп мигзонада журналистерге ағынан жарылған ресейлік Білал Махов Дәулеттің талайына тап келді. Алғашқы кезекте Білал жеңгенімен Дәулетте өзінің Лондонға  қой қайыруға келмегенін танытты. Атақты балуанға екінші кезеңде соқыр ұпай ұстатпай 3 -0  есебімен жеңгенімен шешуші сәтте Махов қоланың  сауырынан ұстатпады. Қалай болғанда да Шабанбай өзінің  әлемдегі мықтылармен теңдей күресуге  күші жететіндігін танытты. Бұл салмақтағы алтын иесі деп өзбекстандық, екі дүркін олимпиада ойындарының жеңімпазы Артур Таймазовқа болжам жасалған. Осетин жігіті үш қоласымен көңілдері қоңалтақсып жүрген өзбек  ағайындарға олимпиаданың соңғы күндерінің бірінде орасан сый жасады. Ол- үш дүркін олимпиада ойындарының жеңімпазы. Күміс медальді грузин Мондзманашвили мойнына тақса, Маховтан бөлек екінші қоланың иесі иран Комейл Тасеми. Бұл күні бокстан да финалдық бәсекелер өткен. 49 келі салмақта біздің Біржан Жақыппен тең түсіп жүрген, екі олимпиадада талантты қазақ боксшысын ширек финалдың ауылында аттан түсіріп кеткен  қытайлық Зоу Ши Мин жеңіске жетті.64 келі салмақтағы алтын иесі куба қабыланы Винченцо Сотолонго. Ал 75 келі салмақтағы

алтынды жапон боксшысы Мурато еліне сыйға тартты.

   Жарыс кезінде  үш дүркін олимпиада ойындарының жеңімпазы Александр Карелинге жолығып, балуандардың белдесуі туралы пікірін білгіміз келген. Бұрын біздің Нұрмахан Тінәлиев туралы жақсы пікір айтқаны бар еді. Біздің айырықша үміт күткен балуанымызға жарысты жалғастыруға не жетпеді.

-Нұрмахан Тінәлиев пен Хасан Бароев екеуі де бабында. Менің байқағаным, екеуінде де жарыс тәжірибесі жетіспейді. Олимпиада алдында жақсы турнирлерге салып, дайын күйінде әкелу керек еді.Әйтпесе, осы салмақта кубалық Лопестен басқа мықты балуан көрмедім. Эстон балуаны финалға дейін партердегі сәттілікпен жетті. Бәрі қарайлас.

                                       Соңғы күн. АЛТЫН. КҮМІС ҚОЛА.

      Олимпиаданың соңғы күнінде қоржын түбінде қалған соңғы 15 медальдар жиынтығы сарапқа салынды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге берілетіні алтын, күміс және қола медальдар болса, соның үшеуінде үйрімен үш тоғыз қылып алаштың жігіттері алды. Шойын жұдырық жігіттеріміз Серік Сәпиев 69 келі салмақта   алтын медальді жеңіп алса, оның ізін басып келе жатқан талантты інісі   Әділбек Ниязымбетов 81 келісалмақта күміс медальға ие болды. Таңертеңгілік кілемге түскен 66 келі салмақтағы балуанымыз Ақжүрек Таңатаров украин және армян балуандарын еркін ұтып, жартылай финалға күрескен. Индиялық Суши Кумарды ұтса финалдан бір-ақ шыққалы тұр. Бірінші кезеңде үнді жігіті басымдылық танытты.3-0. Содан соң біздің балуан қайратына мінді. Лып етіп ,артқа өтіп бір ұпай алды. Сосын белден іліп алып бір аунатып тастаған. Соңғы кезең. Үндіні кілемге бір аунатып алған  біздің ұл 3-0 есебімен алда. Уақыт аз қалған. Ойымызда финал. Сол жерде қырсық шалды. Қарсыласын тағы бір үйіріп тастағысы келген Ақжүректің бұтына үнді мысықтай болып кіріп кетті. Рұқсат етілмеген әрекетті жасағанын төреші аңғармай да қалды. Есеп теңескен соң жеңіс соңғы әрекеттегі балуанға беріледі. Ақжүрек жан ұшырып алға ұмтылғанымен тағы қате жіберіп алды. Әп сәтте көз алдымызда қылықты қыздай бұлаңдап тұрған жеңіс сынаптай сусыды да кетті.

  Енді Ақжүрекке  жартылай финалға өте алмаған  өзбек және  түрік балуанының жеңгенін күту керек. Екеуі де оңай емес. Екеуі де бұрын біздің балуанды жеңген. Осыдан аман өтсек қола медаль менікі деп ойлайтындары кәдік. Айтқандай түрік Шахин қарсыласын  оңай бүріп тастады. Ол- олимпиада ойындарының жеңімпазы әрі әлем чемпионы. Біздің Ақжүректі елде олимпиадаға апарамыз ба әлде тәжірбиесі бар Семеновті апарамыз ба деген әңгіме жүрген. Енді қорықпай көр. Бірақ, біздің жігіт ешкімнің атақ даңқынан қорықпайды екен. Бірінші кезеңде Шахин алымды болды. Ақжүректі бастан тұқырта ұстаған күйі аяққа өтіп кетті. Бір бұрап тастады. Сол мүмкіндік Ақжүректе болғанымен аударып тастай алмаған. Есеп 1-4. Екінші кезеңде де аңдысқан екеу шамасы жетсе бірін бірі түтіп жегісі бар. Алдындағы айқаста  біздің жігіттің жарақаттап алған құлағынан  қан тамшылайды. Ақжүрек оңтайы тауып артқа өттіде белден алып қайырып тастады. Тегін адам олимпиада жеңімпазы бола ма, Шахин керіліп Ақжүректі кілем шетіне сүйрей құлап өз есебіне бір ұпай жазды. 3-1 Алдамыз. Шешуші кезең. Таңатар баласының қайраты осы кезде көрінді. Түрікті белден іліп алды да диірмен әдісіне салып айналдып тастады. Есін жидырмай өзі 4 ұпай алды да Шахинға 2 ұпай ұстатты. Қола қолдан кетіп бара жатқан соң түрік әруағын шақырып ұмтылған. Финалға өтер тұста ауызы күйіп қалған біздің жігіт бұлталақтатып ұстатар болмады. Шахин өкініштің запыранын жұтып кілемге құлады. Қола біздікі. Алтынмен тең қола медаль бұл. Сонау Атлантада Мәулен Мамыров қолымызға әкеліп берген қола медальді малданып жүргенімізге табаны күректей 12 жыл толыпты. Журналистерді тілдестіретін аймаққа жүгірдік. Бас бапкер,аңқылдап қалған жайсаң жігіт Алтай Танабаев алдымен келеді. Бізді көріп жылап жіберді .« Бәке, айтым ғой бұл олимпиададан олжамен қайтамыз деп .Сүйекке таңба болып жүр еді.  Ақыры алдық қой» дейді көңілі босап.Ақжүректің жасаған әдістерін пысықтап алғым келген. Қуанғандары соншалық, есімізде жоқ дейді. Ақжүректің өзі де келді.

  — Диірмен және белден алып айналдырып тастауды мана индусқа жасағанмын. Шахин өте тәжірибелі балуан. Оған басқа тактика ойластыруға тура келді -,дейді ол. –Таңертеңгілік күресте кереметтей көңіл күй болмады. Финалға шығатын жерден қателікке жол бердім. Кейін ойға салғанда өзім шошып келдім. Үйде әке –шешеме, жұбайыма жеңіспен ораламын деп айтып кеткем. Салмаққа тартылғанда бапкеріме де бүгін медаль алатын шығармын дегенімде ол да қуанып қалды. Егер түрікті жеңбесем елге масқара болып қайтуға тура келеді. Өзімді тез жинап қаитсем де жеңемін деген талап қойдым. Қалай ойлайсыздар қайдам, елден шыққанда алтын медаль жеңіп алсам ,еліміздің әнұранын ойнатсам, көк туымыз желбіресе деген арман болған. Еркін күресте Мәуленнің қоласынан басқа олжамыз болмады, осы жолы сапалы медаль алсақ деген  арманымды келесі олимпиадаға сақтауға тура келеді.

 Ата-анасы атын тауып қойыпты. Ақжүрек десе дегендей. Өзінен ақеділ қазақтың иісі аңқып шығады. Бірінші қатысқан олимпиадасы туралы мұндай болады деп ойламаппын. Мынадан гөрі Қазақстанда топ жару қиынырақ қой дейді. Бауырым-ай, сен  осылай қайрат көрсетіп, олимпиада ойындарының  жеңімпаздарын бұрап тастай берсең еліңде не арман бар..

Жарыстан кейінгі сұхбат

 СЕРІК СӘПИЕВ, Лондон олимпиадасы ойындарының жеңімпазы: ВЭЛ БАРКЕР Кубогінің иесі.

 АНАМ «ҰЛЫМ, СЕНІҢ ЖЕҢЕТІНІҢДІ СЕЗДІМ» ДЕДІ.

    Серіктің жеңіске деген керемет құлшынысы оның шаршы алаңға шыққандағы тұрысынан –ақ аңғарылған. Бәйге бермес тұлпарлардай кеуделеп төрешінің шақырғанын күтпей  ринг ортасына алдымен шығып кетті. Аңдысқан, әліптің артын бағайын деген жоқ. Жойқын шабуылды өзі бастаған. Екі қолы Еван Фреддидің басында жай оғындай ойнайды. Ағылшын ұлы чемпион болады деп көңілдері сеніп келген жергілікті жанкүйерлер алғашында сарайды мойындарына іліп кетердей болып отырғанымен ұрандарының оған көмектеспейтінін  бірінші раундта –ақ ұққан. Екінші раундта тыншыды. Қайратты қазақтың жойқын соққылары Фредди қорғаныстан шықса  опырып кетерін біледі. Үшінші раундта қазақтардың ұрандаған дауысы өзге дауыстарды тұншықтырып тастаған. Серік те жігіттің сойы. Фреддидің бір соққысына екі-үш соққымен жауап береді. Жартылай финалда әлем чемпионы  Шелестюктің  апынын басқан ағылшын тасқамал қорғаныста жүр. Ол да жеңіліске көнген сыңайлы. Солай болды.  Үш раундтық жекпе жекте Серік 17-9 есебімен басым ,түсіп, 6 алтыны бар Қазақстанға қазақ үшін қасиетті сан 7-і алтынды тарту етті. Жайшылықта өте сабырлы Серіктің қуанғанын көрсеңіз. Қазақтың байрағын жамылып, шаршы алаңда жанкүйерлерге құрмет көрсеткен соң, ағылшынның астанасында ұранға басып тұрған бауырларына барып  қолдарын алды.  Лондонға тілеуін тілеп анасы келген. Еркелеп барып алтын маңдайынан сүйгізді.Лондонда қазақ боксы өте жақсы жетістікке жетті. Оны ұғу үшін бір ғана мысал келтірейік. Құдай қосқан көршіміз Өзбекстанның  олимпиадада бар жиған медалі 1 алтын, 3 қола. Ал боксшыларымыздың еншісінде  1 алтын 1 күміс, 2 қоласы бар. Бір боксшыларымыздың өзі ғана жүздеген мемлекеттердің осы олимпиадада армандап келіп ,қолдары жетпей кеткен жүлделерді алып отыр. Оған теңіздей төгілген терден бөлек мемлекеттік көмек, қазаққа болсын дейтін азаматтардың  аялы алақаны көмектескенін айтпай кетсек арға сын. Қазақстан бокс федерациясының президенті Тимур Құлыбаев мырза бастаған жайсаң жігіттеріміз боксшылар жаттығудан басқа жаттарды ойламау үшін бар керекті жасады. Бапкерлермен жиі жүздесіп, шешілмеген түйіндерді тарқатты, Ірі турнирлерге бару керек болса, қаражаттан тарықтырған жоқ. Сондықтан федерация жұмысына да рахмет айту керек. Олимпиадада аккредациясы бар журналистерді жеңімпаздармен жүздестіретін бөлек аймақ бар. Осы жерде батыр ұлымызды күтіп алып, тер саулаған бетінен сүйдік. Сұрақтарымызға жауап алдық.

  — Фреддиді жақсы білемін, жеңетініме ешқандай күманым болған жоқ-, дейді Серік.-Тек, өз елінде өтіп жатқаннан кейін ағылшын жанкүйерлерінің  айырықша қолдайтыны психологиялық жағынан қиындық тудырған .Айқас басталғаннан кейін ол да ұмытылды.  Олимпиаданың алдында Англияда оқу –жаттығу жиынында болғанбыз. Сол кезде екеуміз спаррингте кездесіп жүрдік. Жігіттер оның алдыңғы қолмен көп жұмыс жасайтынын, лапаны оң  қолымен  көбірек ұратынын  айтқан. Оны өзім де байқағам .Сондықтан, таңдаған тактикам алдыңғы қолды жұмыс істетпеу үшін шабуылдың астына алуым керек болған. Қорғаныста жүрген ол менің оң қолмен ұрған соққыларымды көрмей қалды.Екінші раундта-ақ оның ауыр соққыға көзігіп қалмау үшін қорғанысты таңдағанын байқап, жеңіске жететінімді білдім.

  — Олимпиададағы басты қарсыласың кім болады деп ойлап келіп едің. Қайсысымен жұдырықтасу қиындау болды.

  — Ресейлік боксшы Замковой.  Замковоймен үш рет кездестік. Миланда ол жеңді. Алматыда өткен турнирде мен оны жақсы есеппен жеңдім. Лондонда да сол Алматыдағы тактиканы пайдаландым.Финалға Фредди екеуінің бірі шығады деген ойым болды.

  — Тарас Шелестюк ше. Ол да Лондонға алтын алсам деген ниетпен келген жігіттердің бірі.

  — Мен оған қарсы өз тактикамды дайындағанмын. Ол мықты қарсылас емес. Бакуде жолы болғаны рас. Әдіс-айласы белгілі. Бапкерім екеуміз ойластырған тактика бойынша оны оңай алуға болар еді, бірақ жолымыз тоғыспады.

  — Аңқылдап анаңа барғаныңды көріп отырдық. Өзіңе ең жақын адам саған не деді.

  — Серік, ұлым, мен сенің жеңетініңді сездім. Біз бәрін  жеңдік қой -,деді.

  — Қазір құттықтап жатқан  адамдар қалта телефоныңа  маза бермей жатқан шығар. Әлі Лондондасың. Елге қандай сәлем айтқың келер еді.

  — Маған сенген барша ағайынға рахмет. Рас, бұл алтынды мен ұзақ күттім. Өзімді жаттығуда аяғам жоқ. Әлем чемпионы болу бір басқа, олимпиада ойындарының жеңімпазы болу бір басқа .Оны қуаныштан әліде анық ұға алмай тұрмын. Нұрсұлтан Әбішұлы бізді олимпиада алдында қабылдағанда ел, мемлекет намысы тұрғысында аталы сөздер айтқан. Спорт  жарыс деңгейінен көтеріліп, мемлекеттік саясатқа айналды. Елдің абыройы көтерілетіндей, жеңіске жетіп келіңдер деп  тілек айтқан. Мемлекет Басшысының спортшыларға артқан сенімін ақтауға үлес қосқаныма қуанамын .Әрине, жанкүйерлерімізге айырықша рахмет. Барлық жарыстарда бізді басқа елдердің жанкүйерлерінен ерекше қолдап отырды.

    Серік Сәпиев, Қазақстанның қолын жетінші алтынға жеткізген, екі жүзден астам мемлекеттердің ішінде 12-і орынға көтерілуіне еңбегі өткен бокс құрамамыздың  айбынды капитаны осылай деді. Жан –жағыңа қарасаң қаптап жүрген, байрақ жамылған қазақтар. Ортасында Сидней олимпиадасына қазақ байрағын желбіретіп барып, желкілдетіп алып қайтқан Ермахан Ыбырайымов жүр.

  — Серіктің жеңісі осы олимпиададағы ең тамаша жеңіс болды-, дейді ол. – Мен Серіктей ұлы бар қазақтың баласы болғаныма бақыттымын.Мемлекетіміз тәуелсіздік алғаннан бері қазақ боксы алтынсыз қайтып көрген жоқ еді. Қазақ үшін киелі санмен  олмпиаданы қортындылағанымызға ризамын. Ал Әділбек Ниязымбетовке келетін болсақ, сөз жоқ, талантты боксшы. Ол әлі жас,болашағы алдында, күші сәл кемдеу соқты. Бірақ, қазірден айтып қояйын, Рио де Жанейроның алтыны осы жігіттікі Ол үшін еңбектен қашпауы  керек.

Юрий Цхайдан бір ауыз пікір сұрадық Ол жауабын бір ауыз сөзбен түйді. «Серікті боксы жай ғана бокс емес,ол-  көркем өнер»Серіктің жеке бапкері Александр Стельниковтың  қуаныштан Лондонға сыймай жүргенін  сезіну үшін үлкен жүрек керек.

81 келі салмақта Әділбек Ниязымбетов 91 келі салмақта  әлем чемпионы болып, Лондон олимпиадасының алдында  Ресей құрамасы бапкерлерінің шешімімен он салмақ жеңілдеп,орнына Артур Бетербиевті жіберген болатын.  Әділбек жақсы ұрыс салды.Сезімтал, жылдам..Соққыны да тисе терекке ,тимесе бұтаққа деп сілтей бермейді. Күшінің сәл кемдік қылатындығы болмаса ол шеберлік жағынан, соққының дәл тиюі жағынын кей сәтте Егордан асып түсіп жатты. Алғашқы раундта Әділбек бір ұпаймен алға шыққанымен екіншісінде Егор теңеді. Үшінші раундтың соңында екеуі де аясқан жоқ. Жүремелдете жасалған соққылар кезек тиіп жатты. Сондықтан, төрешілер де бір шешімге келерде ұзақ ойланды.Есеп 15-15. Қазақша қайырғанда итжығыс деп екеуінің де қолын көтеретін жер емес. Төрешілер  ойласа келе Мехонцевті жеңіске лайық деп тапты. Олай болатынын ішіміз сезіп те отырған. Ресей бұл алтынды жіберіп қойса, құрамасы елге алтынсыз қайтады.  Қортынды пікірді Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжановтан сұрадық.

 -Әу баста бізге алтын, күміс және қола медальді жеңіп алу тапсырмасы қойылған болатын,-дейді ол. – Бірақ, жігіттерімді бес саусағымдай білемін. Көкейімде 5 медаль алсақ деген арман болды. Төрешілер алдымызды орамағанда, лас саясат араласпағанда алғандай едік. 49  және 64 келі салмақтағы талантты қос боксшымыз Біржан Жақып пен Данияр Елеусіновті күнде көргенде тамағыма өксік тығылғандай болады. Серік тамаша жеңіске жетті. Ал, Әділбек Низымбетовке жеңіске жетуге бір ұпай кемдік қылды. Егор Мехонцев әлем чемпионы әрі 91 келіден салмақ қуып келді .Оның үстіне Ресей құрамасында Егордан басқа бірде бір боксшысы финалға өте алмағаны бар.  Біздің боксшы өз салмағында екі-үш келі жетпейді. Соның өзінде атақты қарсыласын әбден састырды. Біз жарыс кезінде орын алған кемшіліктермен жұмыс істейтін боламыз. Әділбек әлі-ақ әлемдегі таңдаулы боксшылардың бірі болады. Түйіп айтқанда, боксшыларымыз алға қойған тапсырманы ойдағыдай орындады.

         ТҮЙІН

 Қазақстан 7 алтын, 1күміс, 3 қола медальдарымен дүние жүзіндегі ең үлкен спорт жарысында 12-і орынға ие болды. Азуын айға білеген жүздеген мемлекеттер Қазақстан биігіне  қызығып қарайтындай шыңға  көтерілді. Келісті көш керуенді  46 алтын, 29 күміс және 29 қола медалімен АҚШ бастап тұр. Екінші орында Қытай, үшінші орында олимпиада өткізген Ұлы Британ мемлекеті иеленді. Төрттікті Ресей мемлекеті қортындылады. Ағылшын елінде өткен олимпиада қазаққа құт әкелді. Дүние жүзінен жиналған елдердің Қазақстандай қуатты елдің қаһарман ұл-қыздары жайлы таңды таңға ұрса таусылмайтын  қиссаны жаттап,көкейлеріне түйіп қайтқаны анық. Сонымен Лондон олимпиадасы да тарих болып, жылнаманың  сарғайған парақтарына алтын әріппен жазылып қалды.

«Қызмет» ақпарат.

{jcomments on}

Яндекс.Метрика