tories/ica65p1w4.jpg» width=»168″ height=»118″ /> Шымкентте бір ағайынның үйінде отырмыз.Ортаншы баласы келіншек әкеліп, беташар болайын деп жатыр.Бет ашатын жігіт бір шеттегі столда кімге сәлем салу керек, кімді кімнен кейін айту керек деген секілді мәселені үй егесімен талқылап, қағазға түсіруде екен. Әшекей таққан ұлттық киім киіп алған беташатын жігітті тани кеттік. Айтысқа шығып жүрген белгілі азамат. Облыстың намысын қозғап, республикалық айтыстарда көрініп жүрген жігіттің беташатынын білгесін өзімізше қуандық.
Өзбектің аспазы дайындаған шашпа палауды жеп болғасын , келіннің бетін ашу рәсімі басталды. «Әу» деп қазақтың салтымен жырлай жөнелген домбырашы бауырымызға сүйсініп қарап отырмыз. Келіннің өзін, түскен жерін, жаңа ортасының тарихын қысқаша жырлап өтті. Әруақтарды атады. Үлкен әжесін мақтап сәлем салдырды. Ел ағаларына сәлем салдырды. Әдемі өтіп жатыр беташар. Негізі домбырамен суырып салып айтқанға не жетсін, шіркін!
Ақын жігіттің әзілмен өрнектеп айтқан беташарына ішіміз жылып,марқайып отырмыз. Жаттанды шумақтардан жалыққан көпшілікте табан астында тауып айтылып жатқан ұйқас-теңеулерге шынымен-ақ делебелері қозып, шат-шадыман күйде. «Ой де!», «бәрекелді!», «мына жерін қатырып айтты-ей!» десіп, қошемет көрсетушілер жүдә көп. Той сонысымен қызық та! Кезек келіннің қайынатасына келді. Сәлем салғызбай тұрып біраз жырға қосып алды. Содан кейін… Содан кейін не болды дейсіздер ғой? Ақын бауырымыз беташарды тоқтатып қойып анекдот айтты. Айтқанда, сол баяғы қайынатасын мұқату, кекету, «Жұп болсын!» деп әнге айтушы еді. Беташқан жігітіміз «енді жұп қылып жіберейін» деп өзін-өзі қошеметтеп алды да тағы бір анекдот жіберді. Ақшаны табаққа аз тастайтын аталарды түйреген анекдоты екен. Біреулер күліп жатыр. Күлмегендерді ақын жігіт «күлсеңіздерші» деп өзі сұрап күлдіріп жатыр.
Біршама уақ осылай анекдот айтқасын барып, келінге қайынатасы үшін сәлем салдырды. Желек шашылып тұрған жас келін де күліп алған шығар, кім білсін? «Мақтаған қыз тойда бүлдіреді…» дегендей, мақтаулы ақынымыз беташардың ортасында осылай бүлдірді. О заман да, бұ заман, беташарды тоқтатып қойып, атасын мазақтап анекдот айтқанды көріп пе едіңіз? Ешбір қисыны келмейтін бұл «жаңа дәстүрдің» жұртқа берері не сонда? Облысымыздың зиялы деген ұлтжанды азаматтары қайта-қайта айтып, жазып жүріп, үйлену тойлардағы «торт жеткізу», жас жұбайларға «неше бала туғызасың? Сен нешеу туып бересің?» дейтін масқараларды ауыздықтағандай болған еді. Той өткізгенде әйтеуір бір тосын қылықты тауып алып, дәстүрге кіргізбесе басы ауыратын дәлдүріш асаба-сымақтар азаймай тұрғанда, жөн біледі деген айтыскер ақынымыздың беташарда анекдот айтып тұрғаны қандай мәдениеттілікке жатады?
Өткенде тағы бір үлкен тойға бардым. Үй егесі мен асаба жігіт ақылдасып, жас жұбайларға «торт жегізбейміз» деп тұрғанын естіп, «ия, дұрыс жасап жатсыздар» дедім. «Бұрынғы күйеуім сабайтын еді, қазіргісі қылқындырады» дегеннің керін келтіріп, жаңағы асабамыз фужерден пирамида тұрғызып, соған жас жұбайларға шарап құйғызып шапқылап жүр ғой, көкем-ау! Оны көріп, баяғы торт жегізгенің айналайын екен-ау дедік. Күз келді. Тағы да той науқаны басталды. Өзге жұрттың таңсығына таңғалып, іле-шала соларға еліктемесе есі кететін біздің асаба ағайындар тағы не жаңалық ойлап шығарды екен? Айтпақшы, беташарды тоқтатып қойып, ортасында анекдот айтып мылжыңдау демнің арасында «сәнге» айналып үлгеріпті. Шалғай ауылдағы шағын бір тойда тағы анекдот тыңдадық. «Әртіс көйлек» киген ауылдың қара баласы ансамбльмен әндетіп тұрып беташарды бастады да, қайынатасына кезек келгенде «бір баяғыда біреудің атасы бопты…» деп сайрай жөнелді…
Әділ Әбдіраманов.
{jcomments on}
Leave a Reply