2024-07-27

Жаңа есім

*Жаңа есім

 

Сүндет Сейітов . 1998 жылы 03 қазанда Өзбекстан Республикасы, Ташкент облысына қарасты Шыназ ауданы, Көтерме ауылында дүниеге келген. 2007 жылы баба-мекенге қоныс аударған. Б. Өтеп атындағы «Өнер» мектебінің түлегі.

 

Пікір

Тәуелсіздік жылдар поэзиясында тән ерекшеліктердің бірі Қазақ лирикасында оралмандар жайында жырлар жазыла бастады. Атамекенін сағынып келген қандастар жайында жырлар да аз емес.

 Сонымен қатар Атамекенге оралған қандастарымыздың поэзиядағы өрнектері қазақ лирикасын дамытуға да өзіндік үлесін қосты.

Сүндет Сейітовтің жырларында да өзге елде өз жерін аңсап, атамекенге келгенде өз өлкеме ұлтан болсам да шүкіршілік пейілі өлеңдерінен айқын сезіліп тұрады.

 Өмір келеңсіздіктеріне мұңдана емес, таңдана қарауы, қиындықтың өзінен безіне қашпай ,ол да менің өз мұңым деп бауырына баса беретін болмысы ойлантады.

Өлеңде өз өмірінің шындығын боямасыз жеткізуі,жасандылыққа үйір емес табиғатын аңғартады.

Мысалы, «Көшедегі ой» өлеңінде көшеде сенделіп немесе қыдырыстап жүргенде ойына оралған өлең шумақтары емес, сол көшенің қоқыстарын тазалап жүріп ой кешеді.

Ақын Абай ауылына барғанда , Абай сөзінің қате жазылғанын көреді. Сауатсыздық пен жауапсыздыққа налиды. Өзінше ой қорытады.

Әдебиетімізге келіп жатқан жастарға бағыт та,ақыл-пікір де қажет екенін ескеріп, жырларын газетке жариялап,оқырмандармен таныстыра отырып,аз-кем пікір жазғанды жөн санадық. Ақын болсам деп армандап қолына қалам алған ,жырлары әлі басылым беттеріне жарияланбаған.

Жас толқынның шығармашылығы жайында сөз қозғау әсте оңай емес. Қазіргі қазақ поэзиясындағы ақындардың шығармашылығы жайында «Арман аспанындағы ақындар» деп мақала жазған А. Кеңшілікұлы:

Абайсызда жақсы бір ақынның өлеңдегі қолтаңбасын тап басып тани алмай қалсаң,оның шығармашылығына қиянат жасағандай боласың.Қызбалыққа салынып, мақтауын тым асырып жіберсең,өнердің өлшемін төмендетіп алғандай боласың-деп жазғанындай, жас ақын жайында жазарда мен де дәл сондай күйді бастан кешірдім.

    Зылиха Жантасова,

филология ғылымдарының кандидаты

 

Әй, жалаңбас қоғам-ай!

 

Өлең тоқып қиялыммен ауырдым,

Келем өзен шетін әсте жағалай.

Ұшып кеткен бас киімі дауылмен,

Түсініксіз,

Әй, жалаңбас қоғам-ай!

 Сүндеттің кейде оқиғаны қызықтап кетіп, ойын жинақтай алмай қалатыны өлеңдерінен де аңғарылып қалады. Кей шумақтары көпсөзділікке ұласып,ақынның әдемі ойының әрін тарқатып жіберетіндей. Өлең өлкесіне қадам басқан Сүндетке ақ жол тілейміз!

АбаИ

Дедім досқа бір мұңайып қаламдас,

«Шығарған ғой қоғам бекер өкімді!»

А-дан кейін «И» тұр қалғып жалаңбас,

Тақиясыз тұрған Абай секілді.

 

Төрт әріптің шолақ болды бір әрпі,

Абай бірақ мұндай болып өспеген.

Қасқыр құсап дала кезген бұралқы,

Ұлиды да тұрады ессіз көшке өлең.

 

Тұрғындары ақ көңіл бұл ауылдың,

Сегіз қырлы жаратылған өкіммен.

Жалаңбасты көріп қатты ауырдым,

Елді ауыртпау үшін іске бекінгем.

 

Көңіл мұзды, ерімейтін күйлі ермін,

Уайымшылдық орын алды толғағы.

Сыбағасын жібермейтін билердің,

Жалаңбастап қойған әрпі болмады.

 

Дауыстыдан бастау алып сөз басы,

Дәу ыстыдан ыс жұқтырды, сасыды.

Ақпаса егер бидің елге көз жасы,

Ол адамның рухсыз залым, пасығы.

 

Өлең тоқып қиялыммен ауырдым,

Келем өзен шетін әсте жағалай.

Ұшып кеткен бас киімі дауылмен,

Түсініксіз,

Әй, жалаңбас қоғам-ай!

 

02.06.2015 жыл.

Түлкібас. Абай ауылы.

 

Игорь көке

 

Қу арақпен дос болды Игорь көкем,

Көкемізді не сұмдық күйдірді екен?

Түйнек-түйнек күйікті ішкі еліне,

Мынау өмір қалай тез сыйдырды екен?!

 

Теседі у жүрегін бізіменен,

Кең көңілін мүсін қып сызыменен.

Ащы арағын құшақтап қайтады ылғи,

Қисық-қисық өмірдің ізіменен.

 

Шықпайды енді буынан от құмардың,

Арасында жүр қазір соттылардың.

Ащы арағын құшақтап қайтады ылғи,

Дәмін татып жүздеген соққылардың.

 

Ұрттап алып шырқайды мұңды ұраннан,

Мына өмірмен ісі жоқ мың бұралған.

Бауырынан жылылық сезінбейді,

Сезінеді ол жылылық жүз граммнан.

 

Көкем үшін қу арақ кәйіп көңіл,

Тұла бойын уымен байытты өмір.

Осы арақтан көп адам кетті емес пе,

Кетті емес пе ұлылар ғайып небір?!

 

Құсалықты…

Құшағына қалайша сыйдырды екен,

Өз өмірін араққа қидырды екен?

Бір күндері елес боп кетіп қалар,

Күйініштен у ішкен Игорь көкем.

 

Братан, не пей!

 

14.12.14 жыл. Шымкент.

Яндекс.Метрика