2024-07-27

ҮШ ТҰҒЫРЛЫ ТІЛ – ӨМІРЛІК ҚАЖЕТТІЛІК

tories/001bibi.jpg» border=»0″ />

Еліміз егемендігін алып, еңселі ел болғалы талай өзгерістер мен талай қиындықтарды жеңіп ширек ғасырға аяқ басқан ел болдық. Міне, енді жаһандық экономикаға бейімделген, дамыған елдермен терезесі тең болуға талпыныс жасап келеміз. Расында 25 деген жасты қазақ халқы кемелденген, ой тоқтатар, жаңа қадамға бастар, жас деп біледі. Демек, біз сондай шақта тұрған мемлекетпіз. Осы орайда еліміздегі білім саласында, үш тұғырлы тіл саясаты да үлкен талқыға түсіп жатыр. Тіл тақырыбы мен үш тұғырлы тіл ең алдымен білім саласына артар жауапкершілігі жоғары бағдарлама. Сондықтан осы салада қызмет етіп келе жатқан маман ретінде өз пікірімді  мен де білдіруді жөн санадым.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы  2006 жылдың қазанында өткен Қазақстан халқы ассамблеясының XII құрылтайында «Үш тұғырлы тіл» туралы идеяны жария етті. Ал 2007 Жолдауында “Тілдердің үш тұғырлылығы” атты мәдени жобаны кезең-кезеңмен іске асыруды ұсынды.

Бұл идеяның негізі мынадай: Қазақстанды бүкіл әлем халқы үш тілді бірдей пайдаланатын жоғары білімді мемлекет ретінде тануы керек. Олар: қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қарым-қатынас тілі және ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі. Яғни мемлекеттік тілді дамытамыз, орыс тілін қолдаймыз және ағылшын тілін үйренеміз.

Көп тілді білу – жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашатын, әлемдік ғылым құпияларына үңіліп, өз қабілетін танытуына мүмкіндік беретін бүгінгі күнгі ең басты қажеттілік болып отыр. Сондықтан да елімізде үш тілді саясатты жүргізу барысында үш тілдің орны, беделі, қолданыс аясы мұқият болуды қажет етеді. Әйтпесе әр тілдің орнын белгілеуде шатасудың орын алуы әбден мүмкін. Қазірдің өзінде осы тілдік саясатты жүзеге асыру барысында сыни пікірлер айтылып жатқаны, осы ойымызды дәлелдейді. Ағылшын тілінде білім алып, жұмыс істеу мақсатындағы көп тілділік заманауи талапқа сәйкес пайда болды. Бүгінгі мектеп түлектері – ертеңгі университет студенттері мен мұғалімдер, зерттеушілер мен ғалымдар және болашақ мамандар. Қазақ тіліне басымдылық бере отырып, жүргізіліп жатқан «Үш тұғырлы тіл» саясатының мақсаттары айқын және оның қарқынды дамуы керек екендігі де сөзсіз. Сонымен қатар, ол әлем өркениетіне бейімделген, бәсекеге қабілетті адамды дайындайтын үш тұғырлы білім мақсаттарымен үйлесімді болатыны хақ. Қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде, орыс тілін ұлтаралық және ағылшын тілін халықаралық тіл ретінде игеру болашақ ұрпақ үшін аса қажет болады, онсыз халықаралық деңгейге шығу да мүмкін емес.

Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді» — деген ескерту айтқан болатын. Демек үш тұғырлы тіл саясаты қазақ тілінің болашағына қауіп төндірмейді. Осы жағы кең насихатталмай жатқандықтан болар, халық арасында кейбір жаңсақ пікірлер қалыптасады. Бұл саясаттың біздің мемлекеттік тіл – қазақ тіліне еш кері әсер жоқ, біздің тіліміздің көлеңкесінде, яғни ықпалында қалған екі тіл дамиды. Осыны жете түсінген абзал.

Мен бастауыш сынып мұғалімі болғандықтан бүгінгі балалардың қабылдау қабілетіне қарап, біз дұрыс саясат жүргізіп жатырмыз деп айта аламын. Себебі, бүгінгі балалардың қабылдау қабілеті мен деңгейі өте жоғары. Олар үш тұғырлы тілді меңгеруге дайын деп толық айта аламын. Оны өз тәжрибемнен білемін. Мен тіпті кейбір ашық сабақтарымды үш тілді қатар қолдана отырып өткіземін. Бұл балалардың өзіне де қызықты, әрі жаңаша тәжірибе, сондықтан болар олар барынша өздерін көрсетуге, жақсы жағынан көрсетуге талпынып жатады. Демек, олардың да тіл білуге деген ынтасы жоқ емес. Тек дұрыс бағдарлап, дұрыс ұғындыра білу керек.

Үш тұғырлы тіл өмірлік қажеттіліктен туындаған идея. Қай заманда болсын, бірнеше тілді меңгерген мемлекеттер мен халықтар өзінің коммуникациялық және интеграциялық қабілетін кеңейтіп отырған. Мысалға, ежелгі дүниедегі Мысырдың өзінде бірнеше тілді білетін мамандар иерархиялық сатымен жоғарылап, көбіне салық төлеуден босатылған. Сондай-ақ, бүгінгі Еуропада да көп тілді меңгерушілік жалпыға ортақ норма болып саналады. Яғни, бүгінгі таңда Қазақстан үшін үш тұғырлы тіл – елдің бәсекеге қабілеттілікке ұмтылуда бірінші баспалдағы. Өйткені, бірнеше тілде еркін сөйлей де, жаза да білетін қазақстандықтар өз елінде де, шетелдерде де бәсекеге қабілетті тұлғаға айналады. Біздің негізгі бағытымызда жастарымызды, болашақта бәсекеге қабілетті етуге қалыптастыру емес пе? Осы тұрғыда алғанда үш тілділіктен қорқудың қажеті жоқ дер едім.

Бұл екшеліп, талай зерттеуден өтіп барып қабылданған дұрыс шешім. Біз бұл шешімнің жемісін дәл бүгін көрмесек те, уақыт өте келе міндетті түрде жемісін көретінімізге сенемін.

Бибіхадиша МӘУЛЕНҚЫЗЫ,

Созақ ауданы С.Бақбергенов атындағы ЖОМ-тің бастауыш сынып мұғалімі.

 

Яндекс.Метрика