2024-07-27

ЖАРҚЫН БЕЙНЕ

Қазақтың әдебиетін танып, танытқан тұлға

tories/0001__.jpg» width=»448″ height=»314″ alt=»0001__» style=»vertical-align: top;» />

 

Анықтама орнына: Үстіміздегі жылы 19 қыркүйекте аудармашы, ғалым, педагог Фатих Халилұлы Фаткуллин 80 жасқа толар еді.  Ол халықтар достығының ғылымдағы, әдебиеттегі қайталанбас үлгісін көрсеткен дәнекер тұлға.

Жалпы адамзат өз өміріндегі барлық жақсылықтарды ұстаздармен байланыстырады. Мансабы биік лауазым иесінің де, атақты ғалымның да, білгір дәрігердің де, әлемге мәшкүр спортшы, суретшінің де ұстазы бар. Ұстаздың да ұстазы бар. Фатих Халиұлы Фаткуллин сондай ұстаздарға ұстаз бола білген абзал жан. Тек Оңтүстік Қазақстан облысы емес  Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі жоғары, орта білім ордаларында білім беріп жүрген  көптеген оқытушылар өздерінің мұғалім ретінде қалыптасуында Фатих Халилұлы Фаткуллинге қарыздар екенін айтып, ризашылық сезімін білдіреді және сол кісіні біздің Ұстазымыз деп атайды. Оның шәкірттері де, достары да түрлі ұлттың өкілдері.

Фатих Халилұлы – филология мен педагогикаға, әлеуметтік пен қоғамдық өмірге, мәдениетке арналған 140-тан астам ғылыми мақалалар мен монографиялардың, оқулықтар мен оқу құралдарының авторы. Студенттер мен ұстаздар республикалық, облыстық, қалалық газеттер мен журналдардың беттерінде Фатих ағамыздың заманның, әдебиеттанудың өзекті мәселелерін көрсететін жарияланымдарын тағатсыз күтетін кездер болған.

Әдебиеттанушы, көркем аударманың теоретигі әрі практигі ретінде  Ф. Фаткуллин Оңтүстік Қазақстанның М. Шаханов, И. Сапарбаев, Х. Есенқараева, Н. Бегалиев, Т. Оразбаева сияқты ақын-жазушылардың шығармашылығының қалыптасуына, шеберлігінің жетілуіне қолдау жасады. Фатих Халилұлының С. Сейфуллин, Б. Майлин, І. Жансүгіров, А. Байтұрсынов, Ғ. Мүсіреповтің басқа да ТДМ халықтары жазушылары шығармашылығына жасаған ғылыми зерттеулері Мәскеу, Ленинград (Санкт-Петербург), Тула, Волгоград, Қазан, Ереван, Алматы, Ташкент, Тбилиси қалаларындағы халықаралық ғылыми-теоретикалық конференцияларының мінбесінен баяндалды. Осылай ол Қазақстан мен Кеңес Одағының әдебиеттану ғылымына бағалы үлес қосты. Фатих ағаның ғылыми еңбектері түрлі халықтардың ұлттық мәдениеті мен әдебиеттерінің дамуы мен өзара байланысына үлкен әсер етті.

Бір де бір мәдениет пен әдебиет өзара әсерсіз дамымайды. Фатих ағаға оңтүстіктің ғана емес, Қазақстанның ғалымдары мен қоғам қайраткерлері, мемлекет қызметкерлері мен педагогтары өз еңбектерін орыс және қазақ тілдеріне аударып, мәтінді редакциялап беруін сұрайтын еді. Фатих Халилұлына КСРО педагогикалық ғылым, Қазақстан Республикасының  Ұлттық ғылым академияларының академигі Серік Қирабаев және ҚР ҰҒА академиктері, Заки Ахметов, Зейнолла Қабдолов, Рахманқұл Қабдолов, Мекемтас Мырзахметов, Шакен Ибраев және  қазақтың әйгілі ақындары мен жазушылары М. Шаханов, Х. Есенқараева, М. М. Әуезов, С. Санбаев, Р. Сейсенбаев, аудармашылары О. Постников, Ю. Кунгурцев, Қазақ ССР-і Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Л. Лизунова тағы басқалары асқан құрметпен қарайтын.З. Ахметов, С, Қирабаев, Х. Ерғалиевтің мақалаларын орысша сөйлеткен де Фатих аға еді.

Ф. Фаткуллин – ҚР Гуманитарлық ғылым академиясының академигі, Қазақ ССР-нің ағарту үздігі. Ол «Тыңды игергені үшін», «Ерең еңбегі үшін» медальдарымен, ҚР Білім және ғылым министрлігінің, облыс әкімінің грамоталарымен марапатталған.

Фатих Халилұлының жүрегінің жылуы мен ақылының сынығы, түрлі халық әдебиеті арасындағы достық пен татулық, өзара үйлесім мен түсіністікке деген құштар көңілі мыңдаған ұстаздар мен ғалымдардың еңбегінде жүр. Ол білім ордаларында күн сайын оқытылып, жас ұрпақтың санасы мен жүрегіне сіңеді, біліммен сәулелендіреді, рухтандырады.

 

Абдыханов Уалихан  Кибраевич,  

Ф. Фаткуллиннің шәкірті, ізбасары,

филология ғылымдарының кандидаты, доцент;

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық

институты, қазақ және әлем әдебиеті кафедрасы 

 

  

 

Қазақ тілінің нағыз жанашыры

tories/0001___.jpg» width=»448″ height=»314″ alt=»0001___» style=»vertical-align: top;» /> 

Фатих ағамен алғаш таныстығымыз қызық болды. Ол кезде А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Түркістан орталығынан қазақ тілі кафедрасына жаңадан ауысып келген кезім. Көрші кафедрадағы әріптестерімді көп тани бермейтінмін. Бірде «Қазақстан- Шымкент»  телеарнасы қазақ тілінің қазіргі жай-күйіне байланысты дөңгелек үстел ұйымдастыратын болып, филология факультетінің атынан Фатих аға бастаған бірнеше оқытушы студенттерді ертіп студияға бардық. Сол жолы оның  нағыз қазақ тілінің жанашыры екеніне көзім жетті. Айтқан ой-пікірлерінен тіліміздің қазіргі ахуалына қабырғасы шын қайысатын азамат екенін аңғардым. Фатих аға екі тілді тілашарларды жасап шығару мәселесіне әлі де дұрыстап көңіл бөлінбей келе жатқанын, қандай іс-шаралардың жүзеге асырылуы керек екенін ағынан жарылып айтты. Сол кезден бастап-ақ ол кісіге бір табан жақын жүруге, жалықпай тыңдауға, өмірде жинаған тәжірибесінен  үйренуге, ұқсауға тырыстым. Бұл сырттай көпе-көрнеу көзге көрінбесе де,  кездескен әрбір сәтімде көкейімдегі сан қилы  сұрақтарды толассыз жаудырып (бұл мүмкіндіктің қайта келмейтінін сезгендей)  пікірін білуге талпынатынмын. Фатих аға әрдайым адаммен бұрыннан жақсы танитындай ашық-жарқын  сөйлесіп,  көңілінде не болса соны жасырмай айтатын аңқылдақ мінезіне салып, әңгімеге қосылып кететін. Оның осындай  адамды алаламай бәрін бірдей көріп, бөле-жармай бауырына тартуы көңілінің дарқандығы мен мінезінің қарапайымдылығын өзгеге үлгі ететіндей дәрежеде көрсететін еді.

Тағы да есіме жиі түсетін бір жайт, кандидаттық диссертациямды Түркияда қорғағандықтан, 2006 жылы  қайта аттестаттаудан өту  үшін   ЖАК-қа құжаттарымды дайындап жатқан кез. Авторефератымның соңындағы түйінді орыс тіліне аудартуым керек болатын. Шынын айту керек, орысшасы «ағып тұр» деген бірнеше тілшіге барғанымда бәрі бірауыздан:  «Бұны  аударса, Фатих аға аударады. Сол ағайдан көмек сұра», – дегеннен кейін, Фатих Халилұлына өтініш жасадым. Жұмысының көптігіне, уақытының жоқтығына қарамастан көңілімді жықпады. Түйінді мінсіз, өте сауатты түрде аударып, қасыма  келіп  оқып берді. «Қалай мағынасынан алшақтап кетпегенмін бе, айтамын деген ойыңды жеткізе алғанмын ба?» – деп менің жүзіме қарады. Сол сәтте оның істеген ісіне қаншалықты ұқыпты, жауапкершілікпен қарайтынын ұқтым. Маған ақ батасын беріп, ғылым жолында адал еңбек ете беретініме сенетінін айтты. Сан мыңдаған шәкірт тәрбиелеген, құр сөзбен емес, ісімен өзін үлгі ете білген азамат-ағаның жарқын  бейнесі қайта аттестаттаудан кейін берілген дипломды қолыма алған сайын орала береді. Ағаның батасы қабыл болып, жолымды ашып бергендей болып тұрады.

 

А. Ж. Байниязов,

А.Ясауи атындағы Халықаралық

қазақ-түрік университеті, филол.ғ.к., доцент

 

Неге менімен қазақша сәлемдеспейсің…

 

1988 жылы қыркүйекте Шымкент педагогика институты шетел тілдері кафедрасына оқытушы болып келдім. Оқытушылардың арасында жүзі бөтен көрінгендіктен Фатих ағамен  орыс тілінде сәлемдестім. Жылышырай танытқан ол кісі күлімсіреп: “Неге менімен қазақша сәлемдеспейсің”, – деді. Өзге ұлттың аузынан шыққан ана тілімдегі жылы сөз жұмысқа жаңадан келген менің көңілімді марқайтып-ақ жіберді. Біздің таныстығымыз осылай басталды.

 Филология факультетінің бұрынғы деканы, факультеттің ғалым хатшысы Фатих ағаның мінезі, адамға қарым-қатынасы, үлкенге де, кішіге де бірдей қатар-құрбысындай  жеңіл әзілмен, еркін де ашық сөйлейтіні кез-келген адамды бірден баурап алатын. Осындай ашық, жайдары мінезбен қатар ол кісінің бойынан табылатын принципшілдігі, сөзге тұрақтылығы, еңбекқорлығы, тіпті бос уақытының жоқтығы мені қатты қызықтырды. Әр күні сағатына дейін жоспарланады. Қай уақытта немен шұғылданатыны үстелінің үстіндегі кішкене блокнотында жазулы тұрушы еді. Сондай уақытының тығыздығына қарамастан  көмек сұрап кіре қалсаң, жұмысын бір сәтке тоқтата қойып, келген шаруаңды сұрайтын, қолынан келсе, көмек қолын созатын. Ол кісі маған да көп көмектесті.

Фатих ағаның көп көмегінің бірін айта кеткенім жөн болар деп санаймын. Кандидаттық диссертациямды жазып бітірген кезім еді. Бір күні Фатих ағамен кездесіп қалып, әңгіме арасында диссертациямның жағдайын айттым: “Маған әкеліп бер, орыс тілінің маманымын ғой, бір қарап шығайын”, – деп алып, ерінбестен бір апта танысып, көп жерлерін түзетіп берді. Мен ыңғайсызданып, көп уақытын алғаныма кешірім сұрағанымда, күлді де: “Аман-есен тезірек қорғауыңа тілектеспін, кешірім сұрама, қолдан келген көмегімді аямаймын”, – деді.

  Фатих Халилұлы осындай азамат еді. Ол кісіге тек филологтар емес, тіпті физиктер, математиктер және тарихшылар да келіп, көмек сұрағанда, қолынан келгенше көмектесіп жатушы еді.

Мен осы оқу орнында жұмыс істегеніме жиырма жылдан асып барады. Осы уақыт аралығында көптеген ардагер ұстаздардан, ғалымдардан және тәжірибелі мамандардан ақыл-кеңес, озық тәжірибелер алдым, жаңашыл әдістер үйрендім, бірақ, солардың ішінде Фатих Халилұлы ағаның алатын орны ерекше.

 

 

И.С. Шохахов, 

филология  ғылымдарының кандидаты

 

              Зиялы адам

 

tories/0001___.jpg» width=»448″ height=»314″ alt=»0001___» />

1968 жыл. Күз айы.  Бүкіл Кеңес Одағы Ленин комсомолының елу жылдық торқалы тойын атап өтуге дайындалып жатқан уақыт. Шымкент педагогика институты бұл мерекеге арнап, студенттердің арасында  ғылыми-практикалық конференция өткізуді жоспарлады. Тарих факультетінің деканы доцент Әлке Ыбыраев ағайымыз маған “Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Оңтүстік Қазақстан облысының комсомол жастарының майданға жәрдемі” деген тақырыпта баяндама жасау туралы тапсырма берді.

Кез-келген бірінші курс студентіне мұндай зор сенім артыла бермейді. Тапсырмаға асқан жауапкершілікпен қарап, оны орындауға құлшына, ықыласпен кірістім. Алдымен тақырыпқа байланысты бірсыпыра кітаптарды оқып шықтым, баспасөзді шолдым, облыстық мұрағатта отырдым. Конференция үш секцияда өтті. Біздің секцияны орта бойлы, бет-бейнес еуропалықтарға келіңкірейтін, ақ сары келген, көзәйнекті, жас шамасы отыз-отыз екілердегі жігіт басқарды.Көргеннен зиялы адамдар осындай болатын шығар деп ой түйдім. Мінберге көтерілді.Сөйлеп тұр. Білімділігі, мәдениеттілігі, шешендігімен залды бірден баурап алды, зал тым-тырыс ұйып тыңдап қалған. Өзінен кейін шыққан баяндамашылардың да сөзін бөлмей, аяғына дейін тыңдап, пайымды  пікірлерін айтып отырды. Мен баяндамамды аяқтаған соң ол маған бірнеше сұрақтар қойды да, бұл баяндаманы республикалық ғылыми конференцияға ұсынуға болатындығын айтты. Баяндамаға ұлы Отан соғысы  жылдарында тылда еңбек еткен комсомол  мүшелерінің сұхбатын қосса бұл еңбектің бұдан да тартымды шығатынын әсерлеп жеткізді. Менің қай ауданнан келгенімді білген соң: “Түркістан ауданында атақты мақташы-тракторшы Майшай Әбенова атты апайың бар. Сол кісіге менің  атымнан сәлем айт. Баяндамаңа  Социалистік Еңбек Ері  атанған апайыңның сұхбатын қоссаң, тіпті, кұнды болады”, – деп қорытындылады. Бұл кісі бұрынғы комсомол қызметкері, сол кезде біздің институттың орыс және шетел әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы Фатих Халилұлы Фаткуллин аға екен. Бұл менің ұлағатты ағамен бірінші рет кездесуім еді.

Фатих ағаның қолдауымен Алматы қаласында өткен  студенттердің ғылыми конференциясына қатысып жүлделі орынға ие болып, Москва қаласында өткен Бүкілодақтық студенттердің ғылыми конференциясына жолдама алдым. Менің ғылыми-оқытушылық жолым осылай басталды.

Кейіннен бірге жұмыс істеп ол кісімен көптеген іс-шараларды бірге өткіздік. Фатих ағаның тәжірибесі, ақыл-кеңесін пайдаландық.  Ол ақылдың кені еді, білімі өте терең болатын. Соншалық құрметке ие болғанына қарамастан, тым  қарапайым, аса бауырмал жан  еді.

1980-1983 жылдары Алматы қаласында Қазақ ССР-і Ғылым академиясы Тарих институтының аспирантурасында оқып жүргенде ол кісімен талай рет тұздас, дәмдес болдық. Ғылыми мақалалар мен зерттеулер жазу үшін ол астанаға жиі келіп, көп уақытын кітапханада өткізетін. Мен  сияқты Шымкенттен  келген аспирант жігіттерді жинап алып, бәрімізді асханаға апарып, тамақ әперіп, сыраға қандыратын. Осындай қызықты отырыстарда уақытты байқамай Шымкент бағытында жүретін поезға 2-Алматы вокзалында  кешігіп,  такси ұстап, 1-Алматы вокзалында қуып жетіп, ағамызды жүріп бара жатқан поездың соңғы вагонына мінгізген кездеріміз болды. Еске  алсақ соның өзі бір қызық кезеңдер екен ғой.

Бір жылдары Фатих Халилұлы филология факультетінің бастауыш партия ұйымының хатшысы болып істеді. Бұл қоғамдық жұмысқа ол мейлінше жауапкершілікпен қарады. Партия жиналыстарын ай сайын өткізу, қоғамдық тапсырмаларды уақытында  орындау, мүшелік жарна жинау, тағы басқа  осы сияқты бітпейтін жұмыстар көп еді. Бір күні Фатих ағай партия мүшелерінің  билеттеріне жарна  төлегендігін дәлелдейтін мөрді кездейсоқ жоғалтып алыпты. Әлі есімде ол бұл оқиғаға қатты қиналып, әбіржіді. Жарғы бойынша мөрді жоғалтқан кісіге партиялық жаза қолданылады. Институттың партбюросының мәжілісінде бұл мәселені талқыға салдық. Партбюро мүшелері дауысқа салып, ескерту берумен шектелді. Бүгінгі жастар үшін бұл күлкілі оқиға болғанымен, ол  кезде бұған аса мән берілетін еді.

Мен жетпіс бес жылдан асқан оңтүстік өңірінің жоғары оқу орындарының қара шаңырағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының тарихында алтын әріппен жазылатын құрметті ұстаздардың бірі Фатих Халилұлы Фаткуллин  ағамыз деп ойлаймын.

 

С. С. ӘбубӘкіров,

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік

педагогикалық институты,

тарих ғылымдарының кандидаты, доцент  

 

 

Яндекс.Метрика