ҚАЙ ЖОБАНЫ ТАҢДАЙМЫЗ?

Әкім Ысқақтың «Көңіл қымбат» кітабынан

 ҚАЙ ЖОБАНЫ ТАҢДАЙМЫЗ?

1997 жылдың 14 мамыры. Сынға түсу қашанда оңай емесі анық. Төрт ай бойғы талқылаудан кейін Мәжілісте мен ұсынған «Халықтың көші-қоны туралы» және Үкімет ұсынған «Көші-қон туралы» заң жобалары қатар қаралды. Екеуінің біреуі ғана таңдалмақ. Қайсысы елімізге керек? Қажыгелдиндей Премьер-Министр мен 20 министр қол қойған Үкімет жобасы ма? Әлде ауылдан шыққан Әкім Ысқақ жобасы ма? Кім-кімді де болса толғандырған осы сұрақ. Депутаттар қай заң жобасын қолдаса, сол өтпек. Таңдалған нұсқамен Парламент әрі қарай жұмысын жалғастырмақ. Бірақ Үкімет жобасында шикіліктер көп. Онда негізінен отандастар жағдайы қарастырылған. Бұған Қазақстанда туған өзге ұлттың өкілдерінің бәрі жатады.

Сондай-ақ Отанға оралушы жергілікті ұлт өкілдері мен босқындар мәртебесін біріктіріп жіберген. Егер бұл заң жобасы қабылдана қалса, Қазақ елі босқындар еліне айналмақ. Бәрінен де сорақысы, елімізден көшіп кетушілер ғана республикалық бюджеттен қаржыландырылмақ. Ал бізге көшіп келетіндерді жергілікті жерге сілтей салған. Сонда Қазақстанға көшіп келетіндер кімдер? Көшіп кететіндер кімдер? Бұл көзі қарақты жандарға түсінікті. Міне, осыдан соң ғана амалсыз балама жоба ұсынғанмын.

Алғашқы сөз кезегі әдеттегідей Үкімет атынан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Н.Коржоваға берілді. Ол белгілі, жұртқа жақсы таныс ресми тілде сөйледі. Біздің заң жобамызды «өздерінше атаған баламасымақ» деп кекетіп те өтті. Үкіметтік жобада барлық ұлттың жағдайы қарастырылғанын тілге тиек етті. Осынау сөздерді естігенде, шыдамсызданып отырдым.

Сөз кезегі маған тигенде асыққаным соншалық, баяндамамды ұмытып, құстай ұшып, мінберге қалай жеткенімді білмедім. Өмірдің өткелінде тарыдай шашылып кеткен қандас бауырларымыздың жүрек шырылы мен жан дауысы жаныма маза бермей, сергелдең күйде жүрген кезім еді. Асыл арманды арқалап, елге жете алмай жүрген қандастарымның ақ пейілінің көмегі болар, «ұлтшылсың» дегенге жеткен ханымның іс-әрекеті де намысымды қамшылады. Бабалар аманаты – қазағымның жоғын жоқтап, қарапайым әрі киелі тілін қорғау парызым еді. «Е, Алла, бір өзің қолдай гөр» деп іштей өзімді қайрай түстім. Ешқандай қағазға қарамай, тоқтамай сөйледім. Сөйлеп жатқан өзім емес, шерменде болып қатқан жүрегім еді…

Мен үшін шеттегі қандастарым өз туған жерінен алшақтап, бөгде елде жүрсе де, бүкіл қазақтың қазақы болмысы мен ана тілін бабалар аманатындай қорғап, ана әлдиіндей баға жетпес байлыққа балаған асыл жандар. Өзге халықтың Әнұранын тыңдап өссе де, ұрпағына ұлт тәлімін сіңірген бауырларымыз. Желмен тербелген шөбінің сылдырынан қобыздың үнін ұлт сағынышындай ұғынған аяулы алтын ағайындарым олар менің!

— Ар жетім болар егер де,

Арыңды біреу лайласа.

Бақ жетім болар егер де,

Бағыңды біреу байласа.

Сөз жетім болар егер де,

Сөзіңе ешкім нанбаса.

Көз жетім болар егер де,

Көз қырын ешкім салмаса.

Сыр жетім болар егер де,

Сырласар досың болмаса.

Қыр жетім болар егер де,

Қырларға гүлдер толмаса.

Көл жетім болар егер де,

Аққу-қаздар қонбаса.

Жан жетім болар егер де,

Өз Отаны болмаса,

Қазақ жетім болар егер де,

Өз елінде өз перзенті болмаса! – деп екпін алып өзімді тоқтата алмай кеттім.

Бір қарасам, залдағы депутаттардың бәрі көздеріне жас алып отыр. Бұларға не болған десем, ар мен намысымыз тапталмасын деген ыза жүрегімді толқытқаннан шығар, бәлкім, өзімнің көзім жасқа толып тұр екен.

Қызу талқылау басталды. Ана тілімде сөйлесем де әріптестеріме жүрек сөзімді жеткізе білгендеймін. Дауыс беру нәтижесінде маған үш-ақ дауыс қарсы беріліп, өзгелері қолдады.

Мәжіліс Төрағасы Марат Оспанов: «Бұл күн – тарихи оқиға. Бұдан былай бұл заң Әкім Ысқақтың заңы деп аталады», – деп бағалап, сонау төрдегі орнынан түсіп келіп, артта отырған менің қолымды алып, бүкіл депутаттардың көзінше ақ тілегін жеткізді.

Түсіне білген жанға мұның өзі үлкен жеңіс еді! Мен оны бабалар рухының қолдауы деп білдім.

Әрбір қазақ қымбат. Бәрінен де атамекенге аңсап жете алмаған ағайыным қымбат!

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика