2024-07-27

ТОЙ ІЗДЕП БАРҒАН ЖОҚ ЕДІК…

Той іздеп барған жоқ едік…

tories/Alibek.jpg» width=»350″ height=»407″ alt=»Alibek» style=»float: right;» />Шынымыз әдебиетті сүйетін жастардың қатарынанбыз. Кітаптан сусындап өстік, әлі де жата-жастана оқимыз. Классиктеріміз өз алдына қазіргі ақын-жазушылардың да шығармашылығынан хабардар болуды мақсат етеміз. Ақын Әлібек Шегебайдың оңтүстікке келіп арнайы шығармашылық кеш өткізетінін естіген жыр сүйер қауым, әлеуметтік желілер арқылы бір-бірінен сүйінші сұрап жатты. Кеш «Елге сағыныш» деп аталады. Аты да ғажап. Барамыз дедік. Әріптестерімізбен бірге баратын боп шештік. Еліңнен аты бар ақынның шыққаны қандай жақсы. Өзіміз шығармашылығына үңіліп оқып жүрген басқа да ақын-жазушылардың жүзін көріп, әңгімесіне қанығармыз деп үміттендік. Ақынның шашбауын көтеретін халықтың ұланы емеспіз бе?» Солай да болды.

Кеш өтетін күні түске дейін «Отырар» кітапханасында зиялы қауым өкілдері бар, алыстан ат арытып келген қонақтар бар әдебиет сүйер қауыммен бас қосты. Басты кейіпкер ақын Әлібек Шегебай. Жас, орта, аға буыннан құралған қазақ ақындарын тәуелсiз Платиналы «Тарлан» сыйлығының лауреаты, ақын Исрайл Сапарбай бастап келді. Сол күнгі әдеби кешке республикалық «Ақиқат» журналының бас редакторы, ақын Аманхан Әлiм, республикалық «Заң» газетiнiң бас редакторы, ақын Бекжан Әшiрбаев, «Қазақ үнi» газетiнiң директор-бас редакторы, ақын Қазыбек Иса атты қаламгерлер әдемі әдебиет әлемінің ішінен табылды.

Айта беретін рухани әлеміміз осы шығар. Жан-дүниеңде өзгеріс бола бастайды, жайшылықта ерік бермейтін сезімдер бас көтереді. Өлең оқылған сайын сағыныш сезіміне байлана бастағанбыз. Иісі аңқыған ауылдың топырағы, асыр салып ойнаған асық ойнаған балалар, құрты мен ірімшігін дайындап әбігерге түскен сұрақ белгісіндей иілген қарт әже, таяғын таянған қарияның ақ сақалды әжім басқан келбеті, суы мен нуы ағылып жайқалған табиғат. Көз алдымыздан кинолентадай жүгіріп өтіп жатты. Таныс көрініс, таныс бейне. Шығарманың шынайылығына сүңгідік те кеттік. Қаймағы бұзылмаған, салт-дәстүрі санасынан өшпеген өзіміздің ауылдың адамдары, ауылдағы қара шаңырақта қалған бауырларымыз туралы ойладық. Өлең оқылған сайын әлдекімді сағынасың, әлденені еске түсіресің. Өлеңнің, өнердің құдіреті. Айналаңда отырғандар да бір-біріне жылышырай танытып, алған әсерін біреумен бөліскісі келіп алып-ұшады. Осы сәтті жадында қалдырғысы келгендер қонақтарды ортаға алып жапа-тармағай суретке түсуге ұмтылысты.

Кеш мұнан да әсерлі өтетін шығар. Сахнаның құдіреті өлең «аруды» әрлендіре түсетін шығар-ау. Оған жыр аңсап келген қалың көрерменнің ықыласын қосыңыз. Осылай ойлаған сайын уақыт өтпей кешті болдырамай-ақ қойдық. Келіскендей әріптестерімізбен Шәмші Қалдаяқов атындағы филормонияның босағасын аттадық. Алдыңғы қатарда жаулықтары ағараңдап әжелеріміз бен аналарымыздың, ақ самайлы аталарымыздың отырғанын аңдадық. Өлеңге, ақынға деген халықтың құрметі осындай болса керек-ті.

Кеш басталды. Өлең де оқылды.

Зал сағыныштың сазына малынып тұрғандай әсер қалдырды. Елім деп басын иіп ақын балаң келіп тұрса алдыңа. Неге сағынышын қабылдамасқа. Алғашқы болып сөз бастаған Исрайл Сапарбай Әлібек Шегебайдың өлең жолдарына тоқталып, ақынның сағынышқа толған жырларында терең мән-мағына, өрісі кең ой жатқандығын жеткізді.

Сапарбайдың ширатыла сөйлеген сөзінен кейін мектеп оқушылары өрілте өлең оқыды ақын шығармашылығынан. Біздің үнемі назарымызда жүретін №90 мектеп оқушылары өлеңді мәнерлеп оқудың шебері-ақ. Ары қарай жиналған зиялы қауымның сөздері, оқылған өлеңдер мен оқырманның ой-пікірі әдебиет әлеміне саяхатқа жетелеп-ақ кетіп еді бізді. Сөйлеушілердің бірі Әлібек Шегебайды Төлеген Айбергеновтың шыққан шыңымен салыстырса, бірі көпшілікке көрінбей қалған ақын шығармашылығының тұстарын айқындап жатты. Ары қарай… Әдебиет әлеміне бастаған саяхатымыз, елімізде кенже дамып жатқан туризм саласындай қожырап жүйеленбей-ақ қойды. Мақтау, мадақтау, марапаттау. Шығармашылық кеш басталмай жатып-ақ тойда айтылатын қазақтың көп тілегі, абыр да дабыр бастырмалата айтылатын құлақ қабылдай қоймайтын сөздер, той анаға ұқсас сыйлықтар… Бірі көлігінің кілтін ұсынып жатса, бірі алып келген сыйлықтарын жарқыратып тұрып беруде ақын ағамызға. Дәл сахнаның төрінде сый тарқатудан өтіп жатқан жарыс сияқты. Тойға барам деп дайындалып келмегендіктен болар ойымды жинақтай алсамшы. Жақсы, жақсы ақынға құрметтің көрсетілгенін жақсы құптау керек, бірақ оның шығармашылық кешке қандай қатысы бар?! Жыр тыңдаймын деп келген апаларым не ойлап отыр екен деп қоям іштей. Өлең десе ішкен асын жерге қойып жарыса жаттайтын, жаттағанда да жанын салып жаттайтын 90-шы мектептің оқушылары не ойлап отыр екен?» Ақынның шығармашылық кеші осылай өту керек деп ой түйіп қалды ма екен?..

 

Кештің соңына дейін отыруға шыдамым жетпей жалыққаным-ай. Жоға, Сіз ойлағандай ақынға құрмет көрсетпегендіктен болмаса іштарлықтан емес… Тойға барғандай күй кешкендігімнен…

Жалыққаным сол кештің жартысына жеткенде шығып кеттім көрермендер залынан… Біз киелі сахнадан ақынның сөзіне жазылған әуезді әндерді, шаршағанымызды басатын, әдебиет әлеміне жетелейтін мағыналы өлеңдердің оқылуын, көрерменнің жанын тербетіп, әрбір жанның басындағы проблемасын бір сәт болсын сылып алатын әсерлі сәттерді күтіп едік… Жиналған жұртшылықтың сахнаға қадалған жанарларына мұң тұнғанын көргіміз келген еді. Ақынның шабыттанып оқыған жырын естісек деп едік. Жанына ере келген әдебиет өкілдерінің өлеңін, үнін естігіміз келген еді.

Шымкентте күнде той өтеді. Тойхана да көп. Түрлі деңгейдегісі бар. Ал, киелі сахна санаулы ғана. Шығармашылық кештің тойханада өтпейтіні сиақты, тойдың жоралғыларының сахнада жасалғаны қисынсыз көрінді маған. Бұл шығармашылық кеш ақынның шығармашылық кеші еді. Мерейтой болса бір басқа.

Қалып кеткен әріптестерімнен естідім кештің соңы тіпті биге де ұласқан көрінеді. Тағы да ақын деген қауымды ерекше құрметтеп, жалындап жыр оқитын 90-шы мектептің оқушылары көз алдыма келді. Ақынның шығармашылық кешінен қандай әсер алды екен. Өздері жырын жаттаған ақынның болмысын тани алды ма, әлде шығармашылық кеш пен тойды ажырата алмай қалды ма? Тәп-тәуір басталған шығармашылық кештің соңы осындай болды.

Кештің басында сахна төрінде тұрып сөйлеген Исраил Сапарбай: — Алматыдан асыға Оңтүстікке келіп отырмыз. Қасымда бір топ ақындарым ере келді. Ақынын ардақтаған Оңтүстік өңірі қарлығаштарыңызды қарсы алыңыздаршы,-деп еді. Сол ақындар не деп кетті екен? Ақынын ардақтаған оңтүстік өңірінің оқырманымен таныса алды ма, тани алды ма?!

Құрмет дүниемен өлшенбейді. Бұл түсінікті. Біз поэзия әлемінде өзіндік қолтаңбасы бар, рухты өлеңдерімен ерекшеленген, абыройлы ақынымызды елге қаншалықты танытып, жақындата алдық, біз күткен әдебиет әлемі қайда?

Оқырман Сізде ойланып көріңізші.

             Жарылқасын Үсентаев

Яндекс.Метрика