2024-07-27

Адасып жеткен «қара қағаз»

       Жас буынның бойында патриоттық сезімді қалыптастыруда Ұлы Отан соғысына қатысушылардың көрсеткен ерліктерінің орны ерекше. Сол себепті де Шымкент өңірлік мұрағатының қызметкерлері мұрағат қорында сақталған құжаттық деректерді тірілтіп оқырман қауымға ұсынғанды өз міндеттері санап отыр. Уақыт табымен сарғайған әр қағаздың өзіндік сыры бар. Қолымызға алғаш болып іліккен мына бір газет қиындысы былай деп сыр шертеді:
Абдуллаев Мұса, Ұлы Отан соғысының ардагері, 1924 жылы Бәйдібек ауданы (бұрынғы Шаян, Алғабас) Бозбұтақ колхозында кедей отбасында дүниеге келген. Әкесі ерте қайтыс болған. Отбасында екі ағасы олардың 9 перзенті, қарындасы және анасы барлығы 14 жан бірге тұрған. 1942 жылы 18 жасында Орловка ауылдық Кеңесіне қарайтын жеті жылдық орыс мектебінде 7-сыныпты бітіріп, колхоз шаруашылығына араласты. 
       1942 жылдың тамыз айында Армия қатарына алынып, Семей облысы Аягөз қаласында әскери дайындықтан өткен. 1943 жылы 4 эшолон пойызбен екі ай жүріп, наурыз айында соғыстың алғы шебіне жеткен. Елден бірге ба-рып, Аягөзде бірге оқып соғысқа бірге шыққан: Төрткүлден — Дәрменбаев Дүйсенбі, Орловкадан — Жапашев Аңламас, Абдуллаев Мұса, Кеңес төбеден — Қамбаров Арымбек, Шаяннан — Жүнісбеков Мырзабек, Ильясов Мизамбек орманда қайта дайындықтан өтіп, 5-маусымда Курск иінінде 70-Ұлттық Армия құрамындағы 3-двизияда шайқасқа бірге қатыс-қан. Бұлардың ішіндегі Дәрменбаев Д. Жапашев А. және мен Абдуллаев М. «Станковый пулемет-Максимканы» меңгерген атқыштар болдық. Мұса атаның сөзі бойынша осы соғыста жерлесі Қамбаров А. мерт болыпты. Немістерді қуғаннан қуып отырып, Киев қаласының іргесіндегі Днепр өзеніне келіп бірақ тоқтадық. 1943 жылы қыркүйек айының 21-жұлдызында Украина партизандарының көмегімен, бір взвод жауынгер Днепр өзенінің қарсы бетіндегі немістер қорғап тұрған жағаға жасырын өттік. Бірақ немістер біліп қойып, партизандар командасымен бірге орманға кіріп кеттік. Бөлімімізден айрылып, жауға қарсы күресті партизандар ортасында бірігіп жүргізуге тура келді. 1943 жылы 7-қарашада Украина астанасы Киевті азат еттік. Майданға қайта қосылдым, бірақ басқа бөлімде қызмет етуге тура келді.Сонымен, Днепрден өткенде адасып қалған мені майдандастарым өлдіге санаса керек, 1944 жылы 7-ақпанда мені Украина жерінде қаза тапқан деген «қара қағаз» үйге келіпті. 1945 жылы 23-наурызда жараланып Будапешт қаласында емделдім. 1945 жылдың 9-мамыр Жеңіс күнін сонда госпиталда қарсы алдым.
       Госпиталдағы комиссия мені әлі әскерге жарамды деген қорытындымен ГДР еліне қатардағы атқыш қызметіне жіберді. Екі жыл өткенде осы қызметім бойынша Австрияның Вена қаласына жіберді. Осылайша әскерге 1942 жылы тамыз айында кетіп, 1949 жылы мамыр айында, араға 7 жыл салып елге оралдым, деп ауыр күрсінді ақсақал.
       Соғыстан кейінгі бейбіт дәуірде алғашын-да аудандық баспаханада еңбек еттім, 7-8 жыл аудандық ішкі істер бөлімінде қызмет атқардым. Содан 1984 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін аудан орталығындағы коммуналды шаруашылық мекемесінде қатардағы еңбеккер болып жұмыс істедім. Үкіметтен көптеген орден, медальдар алдым, алғыстарым өз алдына.
       Отбасымда жұбайым Седеп-«Батыр ана» атағын алған. 11 ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп, ел азаматы санатына жеткіздік. Қазірде 11 ұл-қыздан 36 немере, 7 шөбере көрген ұлағатты ата-анамыз,-деп сөзін жарқын жүзбен бітірді қария.
       Бір деммен оқып шықтық. Майдангерлердің жыл өткен сайын азайып бара жатқаны еске түсті. Олардың ерлігі туралы қанша рет жазсақ та артық емес деп түйдік.
Динара МҰНАШЕВА, Шымкент өңірлік мемлекеттік  мұрағат қызметкері.
Яндекс.Метрика