2022-08-17

Қайраттың «үш жанкүйеріне» 6 жыл берді. Бұл әділ шешім бе?

tories/8YLbJ_yV4oQ.jpg» width=»400″ height=»156″ alt=»8YLbJ_yV4oQ» style=»float: right;» />

       Алматыдағы «Прайм плаза» сауда үйінің орталығының туған күнінде ән саламын деп әлекке түскен әнші Қайрат Нұртасты эфирге жолатпай қойғанында сыр бар. Бұл оны жазалау шарасына ұқсайтын сияқты. Еске сала кетсек, өткен жылы 31 тамызда сауда орталығы алаңында Қайрат Нұртастың қатысуымен өткен концерт соңы жаппай тәртіпсіздікке ұласқан еді. Ал сол күні бұзақылық әрекетке барды деген он алты өрімдей жастың үстінен қылмыстық іс қозғалған болатын.
       Соның ішінде Сухраб Имиршаев, Эльдар Мұсамбаев пен Жандос Сәлімов деген азаматтың әрқайсысы 6 жылдан бас бостандықтарынан айырылды. Кеше мұндай жазаны Алатау ауданының соты кесті. Бір айға созылған сот процесіне нүкте қойылды. Айыпталушы орнындағы үш жігітке «Прайм Плаза» орталығында тәртіпсіздік шығарды», «дүрбелең кезінде көліктері мен адамдардың қалта телефондарын тонап», «қарақшылық шабуыл жасады» деген айып бойынша кінәлі деп танылды.
Алатау ауданы сотының судьясы Мұрат Шолпанқұлов: «Жеңілірек жазаны неғұрлым қатаң жазаға сіңіру жолымен, түпкілікті жазаны өтеу мерзімі 6 жылға бас бостандықтарынан айырылсын! Мүлкі тәркіленсін. Жазаны өтеу жері колонияның жалпы режимінде белгіленсін» деп кесіп айтты. Сондай-ақ сотталушыларға тәртіпсіздік кезінде жәбірленушілерге келтірілген шығынды 6 ай ішінде өндіріп беру заңмен міндеттелді. Ал төрағаның үкіміне үзілді-кесілді қарсылық білдірген қорғаушы «судья шешімді заңсыз шығарды. Себебі тергеу кезінде және сот процесінде айыпталушылардың қарақшылық шабуыл жасағаны дәлелденген жоқ», – дейді ол. Қорғаушы Жанқабай Әлиасқаров: «179,178 бап жоқ. Заңсыз тағылған деп есептейміз. Жәбірленушіге тікелей қарақшылық әрекеттер жасалуы керек. Ал енді сот тікелей қарақшылық әрекет жасалмаса да, сол топтың ішінде болған деп танып отыр. Бірақ сол топтың ішінде болғанын жәбірленушілер де басқалары да көрсетіп отырған жоқ. Сол себепті соттың бұл жөнінде болжам жасауы дұрыс емес», – дейді ашынып.
Алайда, сотталушылардың жақындары сот шешімімен келіспейді. Айтуынша, оларды сол күні кешкісін жұмыстан үйге қайтып бара жатқан жолда тәртіп сақшылары себепсіз алып кеткен көрінеді. Сондықтан да туыстары істің дәленденбегенін, бекерден бекер 6 жылға соттап жібергендігіне наразы. Енді олар жақын күндері апелляциялық шағым түсірмек.
       Шынында да, әділетсіздік емес пе? Ішімдік ішіп немесе есірткі шегіп алып көлік айдап, аялдамада тұрған жазықсыз адамды қағып, өлтірген қаскүнемге де 6 жыл беріп жатқан жоқ. Тіпті, мұндайлардың талай мәрте сытылып шығып кеткенін де жұрт біледі. Ал бақандай 6 жылға соттайтындай бұл жастар кісі өлтірді ме? Біздің сот неге кей мәселеде әділетсіздікке барады? Бұзақылық әрекет жасағанға бола сотталған үш жігіт ертеңгі күні қандай адам болып шығады? Осы жағын ойладық па?

Динара Дүрмән, «Түркістан» газетінен алынды.



Яндекс.Метрика