«Мәдени астана — 2020»
tories/25112019-11.jpg» border=»0″ />
Әр нысанның берер сабағы мен ой-тәлімі бар
Қараша айы туғанда Шымкент қаласында орналасқан қасиетті орындар, тарихи және сәулет ескерткіштері бойымен «Шымкент – Мәдени астана» деп аталатын экспедиция ұйымдастырылды. Экпедиция бағыты нысандардың географиялық орналасуына қарай тарауларға бөлініп, тақырыптық «Көне Сайрам» және «Шырайлы Шымқала» бөлімдерінен тұрды. Жалпы 12 нысанды қамтыған шара «Цитадель» кешені және «Тәуелсіздік» саябағында қорытындыланып, қаланың өткен тарихымен қатар, қазіргі заманғы даму бағытын да қамтыды.
2020 жыл – Шымкент қаласы ТМД елдерінің Мәдени астанасы қызметін атқаратын жыл. Осы орайда ұйымдастырылған «Шымкент – Мәдени астана» экспедициясының мақсаты – келесі жылы қаламызға келетін қонақтар назарына қандай тарихи-мәдени, сәулет ескерткіштері мен көрікті жерлерді ұсынып, көрсету мүмкіндіктерін таразылау еді. Шымкент қаласының тарихын, мәдени орындарын насихаттаумен қатар, туристік маршруттар мен қонақтар назарына ұсынылатын гидтік ақпаратты бірізділендіру мәселесі де көкейде жүрді. Экспедиция құрамына тарихшылар, музей қызметкерлері, журналистер, өлкетанушылар кірді.
Экспецияның «Көне Сайрам» тарауына тарих қойнауындағы сонау ХІ ғасырдан бастап, ХІХ ғасыр аралығын қамтитын тарихи және сәулет ескерткіштері: Ибраһим ата, Әбдел-Әзіз баб, Мірәлі баб, Қарашаш ана, Салих Қожа кесенелері, Қызыр мұнарасы және Мәртөбе кешені енсе, «Шырайлы Шымқала» тарауында б.з.д. І-IV ғасырлардан бастап, ХІХ ғасыр, қуғын-сүргін жылдары, Кеңес дәуірі және Тәуелсіздік жылдары аралығын жалғайтын «Қасірет» мемориалы, «Металлургтер» сарайы, Жәми мешіт, «Цитадель» кешені және «Тәуелсіздік» саябағы нысандары қамтылды. Аралап жүріп әр нысанның берер өз сабағы мен ой-тәлімі бар екеніне көзіміз жетті.
Мәртөбе жалғыз бірақ та!
Тарихшылар Шымкент қаласының тарихы туралы әңгімелей қалса, «Сайрам оазисі» деген тіркеске соқпай кетпейді. «Шымкент» атауы тарихи жазба деректерде ең алғаш кезігетін Шараф-ад-дин Йездидің «Зафар-наме» («Жеңіс кітабы») еңбегінде де Сайрам маңындағы кішігірім елді мекен ретінде аталып қалады. Қала тарихын Сайрамсыз елестету қиын екенін осыдан-ақ аңғаруға болар. Осы заңдылықты ескергені шығар, экспедиция ұйымдастырушылары бірінші сапарын осы көне Исфиджаб қалажұртындағы сәулет ескерткіштері мен Мәртөбе кешенінен бастады.
Мәртөбе төрінде Бақытжан Алдияр ақынның:
«Жүгірткен ойын жыраққа,
Бар қазақ қанық бұл атқа.
Қазақта не көп, төбе көп,
Мәртөбе жалғыз бірақ та!» -дейтін шумағы қарсы алды. Расында, қазақ мемлекеттігін орнату ісінде Мәртөбенің орны ерекше. Мұнда ХҮІІ ғасырда билік басына келген Есім ханнан бастап, ХҮІІІ ғасырдағы Тәуке хан тұсына дейін алты алаштың баласы бас қосып, билер кеңес құрған. «Дала парламенті» деп те әспеттелетіні содан. Дала конституциялары «Есім ханның ескі жолы» және «Жеті жарғы» да осы маңда талқыға түсіп, жарияланған. Экспедиция мүшесі, тарихшы, Сайрамды зерттеуші М.Миразов Мәртөбенің тарихта алар орны мен атқарған маңызы туралы таратып айтты. Ойын «Дала демократиясы», «Дала парламенті» және «Дала конституциялары» тақырыптарымен ұштастыра отырып Мәртөбені қала қонақтары назарына ұсынатын тамаша кешен ретінде таныту қажеттілігі жайында әңгіме қозғады. Сондай-ақ, «Жеті жарғыны» қабылдар сәтте тек үш ғана емес, 12 би, олардың қатарында қарақалпақ, құрама, қырғыз халықтарынан билер қатынасқанын айтып, оларды зерттеп жарыққа шығару арқылы Ұлы Дала тарихы ұлықталатынын, сонымен қатар, қазақтың көршілес туысқан халықтар алдындағы пассионарлық келбеті артатынын жеткізді. Егер бұл шаруа атқарылар болса, тек Мәртөбенің ғана емес, Сайрам мен Шымқаланың да Орта Азиядағы салмағы арта түсер еді.
Жұма сайын Қызыр ата зияраттайды
Келесі аялдаған нысанымыз Салық Қожа кесенесі болды. Бұл кесене көне Сайрамдағы ең көркем сәулет ескерткіші саналады. Кесене ХІІІ ғасырда салынғанымен, жаугершілік замандарда бұзылып, ХІХ ғасырда қайта тұрғызылады. Қазіргі тұрған сәулет кешенінің қабырғасы сол ХІХ ғасырдың кірпіші, ал сыртқы келбеті 2009 жылы үлкен өзгеріске ұшырап, реставрацияланған.
Салық Қожаның өзі ХІІ-ХІІІ ғасырларда өмір сүрген дін қайраткері, әулие, жергілікті шайқы болған делінеді. Халық аузындағы аңыздарда бұл әулие Қызыр атаның әкесі болған деседі. Тарихи жағынан ешбір сәйкестік болмаса да, жергілікті халық соған сенеді. Ауыз әдебиетінде әр түрлі дәуірде өмір сүрген тұлғаларды бір-бірімен қатар қойып, бір сюжет желісінде замандас ете салатын үрдіс бар. Мұндай үрдіс қазақ халқының ауыз әдебиетінде көптеп кезігеді. Ал діни аңыз-қиссалар әсерімен бояулары қаныға түскенде тіпті сезімді ойнатып, құбыла түседі.
Діни әпсаналарда Қызыр ата ақырзаманға дейін тірі жүретін, ешбір материалдық қажеттілікке байланбаған жақсылық жасаушы кезбе пайғамбар ретінде суреттеледі. Бірақ нақты туған жылы белгісіз аңыздық тұлға. Сонысына қарамастан, ортаазиялық мұсылман жұрты оған қатты сенгендіктен батасына қосып, медет тілеп жатады. Мұнда жұма күні бесін ауа зиярат етушілер саны көбейеді. Оған себеп, ғаламды кезген Қызыр ата әр жұманың кешінде әкесі Салық Қожа мен анасы Бибі Қиясқа зиярат етеді деген аңыз желісі.
Көне Сайрамда Қызыр атаға қатысты тағы бір нысан «Қызыр мұнарасы» деп аталады. Бұл нысан да ХІХ ғасырдың сәулет ескерткіші саналғанымен, іргетасы одан да тереңде жатса керек. Көне Сайрамның қорғаныс қабырғасына жақын орналасқан мұнара маңында іргелі мешіт пен жерасты жолы болған екен. Ал мұнараның биік нүктесінен сол маңайды ғана емес, қабырға сыртындағы арындаған Сайрамсу өзені ағысын да көруге болады. Бұл – мұнара өз заманында мешіттің тек азан айтатын бөлігі ғана емес, әскери стратегиялық маңызы бар қарауылдайтын нысан ретінде де пайдаланылғанын айғақтаса керек. Қызыр мешіті бүгінге жетпеген, мұнараның өзі реставрация арқасында жетіп отыр. Ал жерасты жолының аузы бекітіліп, жабылып қалған. Сайрам тарихын зерттеуші Мұхит аға бала күнінде осы маңда ойнап өскенін еске алып, аңыздарда жерасты жолының Түркістан және Қазығұрт тауы бағытына кететін екі тармағы болғанын айтты. Зерттеуші көне Сайрам мен ескі Құрлық қалаларының арасында жерасты жолы болғанын алға тартып, сол жолдың басы осы тұс болуы мүмкін деп болжайтынын айтты. Ал басқа деректерде осы Қызыр мұнарасы маңында сопы-дәруіштердің сыртқы қоғамнан оқшауланып, 40 күндік діни рәсімін өткізетін жерасты шілдеханасы болғаны туралы айтылады. Не де болса, бұл маңайды кешенді зерттеп, қалпына келтірсе және айналасы қонақ көрсететіндей абаттандырылса, ірі туристік нысан қалыптасу мүмкіндігі зор.
Өгейлік көрген Бибі Қияс ана кесенесі
Ибраһим ата мен Қарашаш ана кесенелері жайында бірізділендірілген ақпарат та бар, жан-жағы да абаттандырылып, өзіндік келбеті қалыптасқан. Сайрамдағы ең танымал сәулет ескерткіштері саналады. Бұл ескерткіштер ХІІ ғасырда салынған кесенелер қатарында аталғанымен, одан бері де бірнеше мәрте бұзылып, бірнеше мәрте қайта салынған. Кесенелер ХІҮ ғасырдағы Әмір-Темір заманы және ХІХ ғасырдағы Қоқан дәуіріне жатқызылады. Қ.А.Яссауи кесенесіне зияраттаушылар оның ата-анасының қабірін аттап кетпей сапарын Сайрамнан бастау дәстүрі қалыптасқандықтан, мұнда келушілер күн құрғатпайды, демалыс күндері тіпті көбейеді екен. Оқушыларын ерткен тарихшы ұстаздарды да осы жерден көруге болады. Танымал сәулет ескерткіштерінің қатарына Мірәлі баб пен Әбдел-Әзіз баб (Бәлегардан баб) кесенелерін де қосуға болады. ҮІІІ-ХІ ғасырларда ғұмыр кешкен ислам дінін таратушы алғашқы миссионерге зияраттаушы жұрттың қай күні болмасын қарасы қалың.
Мұхит аға экспедиция назарын аудару үшін Мірәлі баб кесенесі маңындағы Бибі Қияс ана кесенесіне арнайы ат басын бұру туралы ұсыныс айтты. Қолдадық. «Сайрам тарихы» деп аталатын көне кітапта «Ишан мазарынан (Мірәлі баб) күн батыс қарай Бибі Қияс кесенесі тұр. Бұл – хазіреті Қызырдың анасы…» деген жолдар бар (tory.kz/ru/publications/view/starozhili_minaret_hizira_v_sairame__915″>https://e-history.kz/ru/publications/view/starozhili_minaret_hizira_v_sairame__915). Халық сенімінде Қызыр ата әкесі мен шешесіне әр жұмада ымырт жабыла зиярат етуге келеді деген түсінік бар екенін жоғарыда айттық. Халықтың құрметіне бөленген осындай қасиетті ананың басына орнатылған кесененің бүгінгі кейпі жаныңды жабырқатып жібереді екен. Кесене жанында жапсарласа орналасқан дәмхана қасиетті ана мазарын кеудесімен итеріп, тықсырып бара жатқандай көрінді. Кесене үстіндегі күмбез де тиын сылдырынан мазасызданып, өзге молалардың үстіне секіре қашты ма екен? Қысқасы, Мұхит ағаның дабылы орынды: дәмхана қожайындары Бибі Қияс ана кесенесіне өгейлік танытып, кесене орналасқан ұлтарақтай жерді тартып алу ниетінде сияқты көрінді бізге. Әйтпесе, күмбезін басқа молалар үстіне лақтырып тастай салар ма еді? Халық сенімімен осылай ойнауға бола ма? Экспедицияның «Көне Сайрам» тарауы осындай терең құлдилаған мұңды нотада аяқталды.
«Қасіретті» қуғын-сүргін музейіне беру керек
Экспедицияның «Шырайлы Шымқала» тарауындағы сапары «Қасірет» мемориалды кешенінен басталды. Өткен ғасырдың басындағы қуғын-сүргін және аштық құрбандарына арналған мұндай мемориалды кешен Қазақстанның өзге өңірлері мен қалаларында жоқ. Жасыл-желек пен гүлге көмкерілген кешен аумағы 4,5 гектарға жуық (44,364 мың шаршы метр). Кеңес өкіметі орнағаннан кейінгі 30-40 жылдары аралығында дәл осы кешен орналасқан Түлкісайда «Халық жауларын» ату жазасына кескен.
Шымкент қаласы қуғын-сүргін мұражайының дерегіне сүйенсек, «Қасірет» мемориалында 5 мыңға жуық адам атылған. Оның ішіндегі 4105 адамның құжаты мұражайда сақталған. Кейіннен жақын маңдағы елдімекендердің Албастысай, Қайтпас аталу себебі де осыған байланысты юолса керек. Мұндай халықтық аза тұту, еске алу ескерткіштері өткен тарихына құрметпен қарайтын Украина, Жапония секілді елдерде де бар. СОл мемлекеттер сырттан келетін қонақтарын ең алдымен осындай нысандарға апарып, ата-бабаларының рухына тағзым етіп тұратын дәстүр қалыптастырған.
«Шымкент ТМД-ның мәдени астанасы» болатын келесі жылы қалаға келетін шетелдік қонақтарды «Қасіретке» жетелеп әкеліп, сапарларын ел тарихына тағзым етуден бастап жатса, еш сөкеттігі жоқ деп ойлаймын. Өйткені, бақыт деген – бүгінгі қол жеткізген жетістігің емес, бастан өткерген қара күндеріңді де ұмытпау емес пе? Бұл кешенді «Қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандары» мұражайы теңгеріміне беріп, арнайы гид-экскурсоводтар штатын бөлгенде ғана келуші қонақтарға сапалы қызмет ұсына алатын екінші тынысы ашылады деген ұсыныс-пікір айтты экспедиция мүшелері.
Сапарымыз Д.Қонаев даңғылы мен Т.Рысқұлов көшелері түйісіп, Бәйдібек би даңғылына ұласар тұста орналасқан б.з.д. І-IV ғасырларға жатқызылатын Патша қорғаны арқылы Металлургтер сарайы бағытымен жалғасты. Бұл екі нысанның да Шымкент қаласының тарихында алар өз орны бар. Бірі жыл санауға дейінгі алғашқы көшпенділердің оба-қорымы, одан кейінгі темір дәуірінде қарауыл төбе, ортағасырларда керуенсарай қызметін атқарса, екіншісі Кеңес дәуірінің «Кемелденген социализм» кезеңінде қорғасыншылар қаласына айналған Шымкенттің архитектуралық келбетін көрсетеді. Екінші дүние соғысында Кеңес әскерінің атқан әрбір он оғының тоғызын берген қаладағы қорғасын зауыты жұмысшыларына мәдени байлық сыйлаған Металлургтер сарайының сәулет стилі де сирек кездесетін құбылыс саналады. Қала қонақтары назарына ұсыну үшін жөндеуден өткізіп, әзірлік жұмыстарын жүргізу сұранып тұр.
Жаңарған «Цитадель»
Шымкент қаласында орналасқан ең көне сәулет ескерткіші – Ескі қалашықтағы Жәми мешіті. Бұл ескерткіш тек сәулетшілер мен өлкетанушылардан басқа тиісті сала мамандар тарапынан назар аударылмау салдарынан әлі күнге дейін өз мәртебесін толық алып жүрген жоқ. ХІХ ғасырдан жеткен бұл ескерткіш жайлы газетіміздің алдыңғы сандарында арнайы тоқталғандықтан, тәптіштеп тарихы жайлы жазбай-ақ қоялық. Десе де, экспедиция қала қонақтары назарына ұсыну үшін мешіт жанынан тарихы туралы айтып беретін арнайы маман дайындау қажеттілігі жайында мәселе қозғады.
Сапар кезегімен «Цитадель» кешеніне аялдады. Бұл нысан – қазіргі қаланың ядросы іспеттес. Осы төбеден 2200 жылдық тарихы бар қарт Шымкент жас келбетті Шымкенттің үстінен үнсіз қарап отырғандай көрінеді. Бұл қорған жайлы ең алғашқы жазба дерек Шараф-ад-дин Йездидің Әмір-Темірдің Моғолстанға әскери жорығы кезінде аялдағанын жазған еңбегінде кездесетінін айттық. Фосфор зауыты және май сығу зауыты маңынан табылған қазба жәдігерлерін археологтар б.з.д. І-ІІ ғасырларға жатқызып келді. Ал Б.Байтанаевтың осы цитадельдің мәдени қабаттарынан да б.з.д. ІІ ғасыр жәдігерлерін табуы қаланың 2200 жылдық тарихын қайта қарастыруға әкелді. Қазір мұнда ХІХ ғасырдағы орыс басқыншылары Шымкентті басып алар кезеңдегі келбетін қайта келтіру жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Топыраққа көмілген тарихты аршыған археологтер мен қорған қабырғаларына кірпіштерді қайта қалап жатқан құрылысшылардың жұмысы қарбалас. Келесі жылы толық пайдалануға берілетін «Цитадель» кешені ірі туристік кешенге айналары сөзсіз. Дегенмен, кешеннің «Оңтүстік» қақпасы мен қорған қабырғасы іргетасы бетондалып, осы заманғы кірпішпен өріліп жатқаны экспедиция мүшелерін таңдандырды. Қайта қалпына келтіруде неге ХІХ ғасырдың материалдары пайдаланылмайды? Ертең пайдалануға берілгеннен кейін көзге ұрып тұратын жасандылыққа туристі қалай сендіре аласың? Қонақ былай тұрсын, өзіміздің көзімізді қалай сендіреміз. Бұл тарихи ескерткіштердің талабына қаншалықты сай келеді? Сұрақ көп.
Экспедиция «Тәуелсіздік саябағында» қорытындыланды. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі 20 жыл уақыт аралығын қамтитын «Тәуелсіздік шежіресі» аллеясынан басталып, «Рәміздер алаңына» жалғасатын саябақтың айтары көп. Бұл жерден Шымкент қаласының панорамасы да әдемі ашылады. Осылайша қорытындыланған экспедиция қаланың тарихи, мәдени және сәулеттік ескерткіштерін түгендеп, мәнді сапар жасады. Кейбір нысандарда көрініс тапқан келеңсіздіктер мен толықтыруды қажет ететін жұмыстардың ретін нақтылап, артықшылықтарын да көрсетті. Бір қуанарлығы, барлық дерлік ескерткіштерде QR-код тақтайшалыр орнатылып, келушілерге қажетті ақпарат қолжетімділігі қаралыпты.
Өзінің отбасын, туған ауылын, қаласын сүйген адам Отанын сүйеді. Бұл баршаға белгілі. Өз қаламыздың көрікті орындарын қонақтарға таныстыру да үлкен махаббат. Тамыры 2200 жылдық тереңге тартатын шырайлы шаһарымыздың тартымды келбетін танытатын сәт жақындап келеді. Ал біз ол күнге дайындықпен баруымыз керек. Бұл жолғы экспедиция осындай құнды жүкті көтерген іс-шаралардың алғашқы легі болды.
Сейдалы Дүйсебайұлы
Фото А.Дидарбек
Leave a Reply