2024-07-27

КӨҢІЛ – АДАМДЫҚТЫҢ АЙНАСЫ

КӨҢІЛ – АДАМДЫҚТЫҢ АЙНАСЫ

 

Кімнің жанында күн болса,

тіпті бұлтты күні де күн көрінеді.

Кунфуций

 

tories/23.jpg» width=»320″ height=»218″ alt=»23″ style=»float: left;» />…Ерте заманда бір-біріне қарама-қайшы екі адам көрші болған деседі. Бірінің есімі Жақсыбай, ал екіншісінің аты Жаманбай екен.

Жақсыбай сабырлы, мейірімді, өзгелерге қамқор әрі кешірімді жан болыпты. Айналасына жылылығымен нұр шашып, жанға жағымды сөздерімен ортасын баурап алатын көрінеді. Ал Жаманбай болса, керісінше, шыдамсыз, қатігез, қызғаншақ, өкпешіл, әлдекімнің жақсылығын көзге ілмей, мұрнын шүйірген іші тар жан болыпты. Балағат сөздермен иманын қашырып, ортасына жағымсыз әсер қалдырады екен.

Жақсыбайдың бойындағы жағымды қасиеттері шаңырағын ырыс-берекеге, шаттыққа толтырды. Оның үйінен қонақ үзілмейтін. Ал көршісінің үйіне, керісінше, тірі жан бас сұқпайтын көрінеді.

Жылжып жылдар өте береді. Балалары ержеткен Жақсыбай немерелерінің тәтті қылықтарына тәнті болады. Ал ізгі тәрбиенің иісін сезінбеген көршісі Жаманбайдың балалары үйленген соң, әйелдерінің соңынан еріп қалаға көшіп кетеді. 

Жақсыбайдың ибалы, өнегелі тәрбиесінен сусындаған перзенттері  үй маңына бақша егумен машықтанады. Баптап күткен ағаштары жайқалған үлкен алма бағына айналады.  Еңбекқор қасиетімен таудағы бұлақтардың көзін ашып, бір арнаға бұрғызып, бау-бақшасын суарады. Ауыл балаларының бәрі сол мәуелі бақтың жемістерін жеп, аталарына  ризашылық айтудан жалықпайды. Еңбекке баулыған есті ұлдарымен бірге өзі де ерінбей бірнеше жерден құдық қазып, шөліркеп құрғақшылықта отырған ауылды ауызсумен қамтамасыз етеді.

Ал жалғыздығынан сабақ алмаған, есіл уақытының еш кеткенінен бейхабар Жаманбай өсек десе жаны кіріп, пыш-пыштап айналасында мені тыңдар кім бар дегендей, жан-жағынан мін іздеумен күн өткізіп, түн батырды.

Жұрт Жақсыбайды қадірлеген сайын оның көкірегін ыза кернеп, іштей ашуға ерік беретін. Осындай күндердің бірінде Жаманбай:

-Ей, Жақсыбай, сен жұртқа жақсы болып көрінгеніңмен, ертең өмірден өткеніңде сені кім есіне алар дейсің. Біле білсең, абырой деген уақытша нәрсе. Есіңде болсын, ешкім мәңгілік құрметке бөленбейді. Құрғақ жақсы болып танылғаннан не пайда?! – деп іштегі ойын жайып салады.

Сонда Жақсыбай:

-Е-е, Жаманбай көршім-ай, осынау қысқа өмірде іш тарланып кешкен ғұмырыңда не із қалды, айтшы? Адам өзіне-өзі қызығатындай етіп өмір сүру керек қой. Қамшының сабындай қысқа ғұмырда адамгершілікке негізделген ізгілікпен атың қалғанынан артық не бақыт бар? Біреуге қуаныш сезімін сыйлау қаншалықты бақыт екенін түсінсең екен деймін. Бәрі де адамдық шынайы көңілге байланысты. Қараңғыға жарық бола білген жақсылықтың ізін ешкім де өшіре алмайтынын сезінсең екен, шіркін, — деп жауап берді.

…Сұм ажал айтып келе ме? Дөңгеленген дүние бір орнында тұрмайды. Елге сыйлы Жақсыбай да, іші тар Жаманбай да жалған дүниеден бір мезгілде озады. Жақсыбайдың жаназасына жиналғандардың санында шек болмайды. Қимас жанның қазасы дүйім жұртқа ауыр соғады. Елдің оны қимайтындығы ықылас пейілдері мен ерекше құрметтерінен, көрсеткен қошемет, ізгі-амалдарынан сезіледі.

Ал Жаманбайдың жаназасына жиналған бірен-саран адам тіпті көзіне жас ала алмай, жылдам жер қойнына тапсыруға асығады. Ал туған перзенттері әкесін ақтық сапарға шығарып салуға да жарамайды. Осынау қайғылы сәтте балаларының әке рухына тағзым ете алмағандығына қарап, Жаманбайдың қандай адам екенін көруге болады. Осындайда, ойыңа үнді халқының: «Дүниеге сәби шырылдап жылап келгенде жұрт біткен қуанып, мәз болады. Ал егер адам өмірден өтерде айналадағы халық қимастықпен жыласа, бұл осы адамның өмірде жасап өткен  ізгілікті амалдары өзіне бақыт боп оралғандай  әсер қалдырады», – деген ұлағатты сөзі ойға оралады.

Өмір – жалған. Сондықтан әр адам осы жалған тірлікте жақсы атымен ғана қалу керек. «Өмірден кәрі де өтер, бәрі бекер, берілген тірлік бізге прокатқа», — деп Табылды ақын жырлағандай, бұл ғұмыр қамшының сабындай ғана қысқа. Бір-біріміздің көңілімізге қаяу түсірмей, қызықты күндерімізді жақындарымызбен бірге өткізгенге не жетсін?! Кейде ұсақ-түйек, болмашы жайларға бола көңілімізді қалдырып, өмір тылсымына терең мән бермей, соңынан бармақ тістеп өкініп жататын кездеріміз де болады. Біле білсек, біз бұл фәниге бірімізді-біріміз көру үшін, сыйласу үшін келгенбіз.

Иә, өмірде барлығы да біз ойлағандай болмайды. Бұл бес күндік жалған дүниеде адам баласы көп жайды бастан өткереді. Пешенемізге не жазылғанын, алдағы күндері не боларын, тағдыр бізге нені, кімді жолықтыратынын білмейміз. «Бүгінгі қиындықтарға өкінбе, себебі әр қиындықтан соң жеңілдік бар», — деген. Бұл сөз адамды қиындықты көтере білуге, төзімді болуға үйрететіндей…

Біле білсек, жақсылығы мен жамандығы, қайғысы мен қуанышы, махаббаты мен зұлымдығы, тілеулестігі мен көреалмаушылығы қатар жүрер ғұмырдағы көп оқиғалар біз үшін – сынақ. Сол сынақтармен шындығында біздің адамдығымыз өлшенеді. Кездескен қиындықтарға төтеп бере алғанымызға байланысты қайратымыз, ерік-жігеріміз таразыға түседі. Ойламаған жерден басымызға қонған бақ пен қанағатшылдығымыз сарапқа салынып, тәкаппарлығымыз әшкере болады.

Өмірде барлық дүние-малдан, байлықтан артық ең бағалы бір құндылық бар. Ол – көңіл. Иә, иә, кәдімгі адамдық көңіл. Бұл дегеніңіз, Абайша айтқанда, адамзаттың бәрін – бауырым деп кең жүрекпен, таза пейілмен сүйе білу, жақсылық жасай білу, ешкімнің жанына қаяу түсірмеуге тырысу, жараланса жұбату. Украиндар: «Жақсы сөзбен қабырғадан да өтесің, кесір сөзбен есіктен де кіре алмайсың», – дейді екен. Атамыз қазақ мұндайда: «Жақсы сөз жан сүйіндірер, жаман сөз жан күйіндірер»,  – деп бекер айтпаса керек.

…Бір сәт өсіп тұрған гүлге зер салып, қараңызшы. Егер ол гүлге су құйылмаса немесе күннің көзін сезінбесе қурап қалмай ма? Адам да сондай. Гүлге жетпейтіні – ылғал болса, адамға жетпейтіні – көңіл ғана. Адам айналадан мейірім-шапағат сезінбесе, өзгелермен араласпаса, тек өзімшіл болса, сол солған гүлдей керексіз болып қалады.

Осы орайда өздеріңізбен сырласа отырып, сіздер де ойлана жүрсін деген ниетпен Қазақ радиосындағы «Көңіл қымбат» атты авторлық радиобағдарламама арқау болған өмір сырларын назарыңызға ұсынуды лайық көрдім. Мархабат!

 

Құрметті оқырман!

Шынында:

«Бұл фәниде қашан да өмір қымбат,

Өмір қымбат, адамдық сенім қымбат.

Байлығыңнан, дүние, бәрінен де

Көңіл қымбат, көңіл қымбат…», – емес пе?!

Иә, ақ қардай аппақ кіршіксіз көңіліміз кірлемесін, ағайын! Көңіл – адамдықтың айнасы ғой…

 

Құрметпен,

Әкім ЫСҚАҚ

2016 жыл.

Яндекс.Метрика