2024-07-27

«ҮШ ТҰҒЫРЛЫ ТІЛ» саясаты туралы толғаныс

tories/001meru.jpg» border=»0″ />

Қазақстандағы тілдердің үштұғырлылығы туралы ойды Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев алғаш рет 2006 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясында айтқан еді. Ал 2007 жылғы «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» Жолдауында «Тілдердің үштұғырлылығы» – «Триединство языков» мәдени жобасының жүзеге асырылу кезеңдерін айқындап берді. 2008 жылғы Жолдауында: «Үкімет «Тілдердің үштұғырлығы» мәдени жобасын іске асыруды жеделдетуі тиіс. Бүкіл қоғамымызды топтастырып отырған мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін оқыту сапасын арттыру қажеттігіне ерекше назар аударғым келеді», – деп атап көрсетті. Содан бері Еліміздегі үш тұғырлы тіл саясаты, үш тілде білім беру мәселесі қызу талқыға түсіп, қазіргі таңда жүйелене түскендігі байқалады.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ БИІК ТҰҒЫРДА ТҰРАТЫН ТІЛІ – БІР ҒАНА ҚАЗАҚ ТІЛІ

Дәл осы тұста халқымыздың көрнекті қайраткері ұлты әзірбайжан болса да жүрегі қазақ деп соғатын Асылы Османның «Үштұғырлы тіл» саясатындағы қазақ тілі ғана биік тұғырында тұруы тиіс. Ал қалған екі тіл қос қанаты ретінде самғап ұшатындай Самұрық құс табиғатымен үйлескені абзал» деген тамаша ойлы пікірін маман ретінде ерекше қолдайтындығымды айта кеткім келеді. Себебі «Мәңгілік ел» болатын Қазақстан мемлекетінің биік тұғырда тұратын тілі – бір ғана қазақ тілі. Осы орайда халқымыздың біртуар перзенті Мағжан Жұмабаев: “…Ұлттың ұлт болуы үшін бірінші шарт – тілі болуы. Ұлттың тілінің кеми бастауы – ұлттың құри бастағанын көрсетеді. Ұлтқа тілінен қымбат еш нәрсе болмасқа тиіс. Бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмысы, мінезі айнадай көрініп тұрады. Қазақтың тілінде қазақтың сары сайран даласы, біресе желсіз түндей тымық, біресе құйындай екпінді тарихы, сар далада үдере көшкен тұрмысы, асықпайтын, саспайтын сабырлы мінезі – бәрі көрініп тұр. Қазақтың сары даласы кең, тілі де бай. Осы күнгі түрік тілдерінің ішінде қазақ тілінен бай, орамды, терең тіл жоқ” – деп тіл жайында терең толғанса, ұлтымыздың ұлы педагогы Ахмет Байтұрсынов та әр ұлттың ұрпағы өз ана тілінде ең алдымен, дүниетанымы қалыптасуы тиіс, ал өзге тілдерді бастауыш білім беруден кейін енгізу қажеттігін өз еңбектерінде атап өткендігін де айта кету жөн секілді.

 

АҒЫЛШЫН ТІЛІ – ЖАҺАНДЫҚ ЭКОНОМИКАҒА ОЙДАҒЫДАЙ КІРІГУ ТІЛІ

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстанда «Үш тілде білім беру» идеясын ұсынуының негізі: Қазақстанды бүкіл әлем халқы үш тілді бірдей пайдаланатын жоғары білімді мемлекет ретінде тануы керек екендігі. Олар: қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлт-аралық қарым-қатынас тілі және ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі. Басқаша айтқанда, үштұғырлы тіл идеясын мынадай әрі қарапайым, әрі түсінікті формуламен көрсетуге болады: мемлекеттік тілді дамытамыз, орыс тілін қолдаймыз және ағылшын тілін үйренеміз. Олай болса, мағынасына үңіле көз тіксек, негізгі басымдық, яғни қазақ тілінің тұғырын биіктетіп тұрғаны айдан анық. Дегенменен, осы орайда сыни тұрғыдан ойлай келе, кейде осындай керемет мақсат етіліп отырған Елбасымыздың үш тіл туралы тамаша бастамасын жүзеге асыруда бірқатар әлі де болса жүйелеуді қажет ететін тұстары бар екендігін байқауға болады. Негізі «үштілді білім» өзінен өзі туындаған әдемі тұжырымдама немесе тілдік саясаттың жаңа формасы ретінде пайда болған жоқ, ол – өмірлік қажеттіліктен туындаған игілікті идея. Өйткені, қазіргі кезде жаһандану жағдайында бәсекеге қабілетті дамыған ел қатарына ену үшін, күллі әлемге есігін айқара ашып, “ақылды” экономиканы енгізіп жатқан елдермен тереземіз тең болу үшін ғаламшардағы үстемдік құрған тілдерді үйренуіміз шарт.

Кезінде халқымыздың «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» деген аталы сөзі дәл бүгінгі дамыған дәуірімізге сәйкес айтылғандай. Тарихи деректерге жүгінсек, осыдан 12 ғасыр бұрын өмір сүрген энциклопедик ғалым, әлемде Аристотельден кейін екінші аға ұстаз аталған ұлы ғұлама Әбу Насыр Әл-Фараби бабамыз 70-ке жуық ұлттың тілін жетік білгендіктен, артына мәңгі өшпес мол рухани құнды мұра қалдырып кеткендігі анық. Қай заманда болсын, бірнеше тілді меңгерген мемлекеттер мен халықтар өзінің коммуникациялық және интеграциялық қабілетін кеңейтіп отырған. Мысалға, ежелгі дүниедегі Мысырдың өзінде бірнеше тілді білетін мамандар иерархиялық сатымен жоғарылап, көбіне салық төлеуден босатылған. Сондай-ақ, бүгінгі Еуропада да көп тілді меңгерушілік жалпыға ортақ норма болып саналады. Яғни, бүгінгі таңда ТМД мен Орталық Азияның көшбасшы мемлекетіне айналған Қазақстан үшін үштілділік – елдің бәсекеге қабілеттілікке ұмтылысындағы бірінші баспалдағы.

Сондықтан да «2015-2020 жылдарға арналған үштілді білім беруді дамыту жөніндегі Жол картасын» ҚР Білім және ғылым министрлігі Елбасының тапсырмасын орындау мақсатында әзірлеп, үш тілді білім беру тәжірибесін жақсарту үшін зерттеу нәтижелерін енгізу мониторингін жүргізу қарастырылды. Осыған сәйкес ҚР БжҒМ Ұлттық білім Академиясына мониторинг қорытындысы бойынша талдамалық анықтама дайындалды. Нәтижесінде «Үш тілді оқытудың бірыңғай тілдік стандарты Ы.Алтынсарин атындағы ҰБА Ғылыми Кеңесінің 2016 жылы 20 қазан №9 хаттамасымен баспаға ұсынылды.

Аталған тілдік стандарттың мақсаты — Қазақстан Республикасының мемлекеттік тіл саясатынан бастау алып, төмендегіге негізделген:

—           мектеп бітірушілердің 100 пайызына қазақ тілін меңгерту;

—           Қазақстандағы объективті-тарихи себептерге негізделген орыс тілін меңгерудегі жетістіктерді жоғалтпай, оларды молайта түсу;

—           Табиғи қалыптасқан қазақ-орыс қостілділігіне әлемдік қауымдастығы бірігу тілі ретінде үшінші тіл – ағылшын тілін білуді қосу.

Осы үш деңгейдегі мақсатты саралай келе, пайымдап қарар болсақ, басымдық қазақ тіліне беріліп тұрған жоқ па? Сондықтан да оқу бағдарламаларын жасақтауда әлі де болса тұғыры биік мемлекеттік тілімізді меңгертуде SMART мақсаттар қоюды білім саласы қызметкерлері назарға алуы тиіс.

 

«ТЕҢ ДӘРЕЖЕДЕ» ТЕРМИНІ ҮШ ТІЛДІ ҚАЗАҚ ТІЛІМЕН ҚАТАР ТҰҒЫРҒА ҚОНДЫРУ ЕМЕС…

«Қазақстан-2050» Стратегиясында атап көрсеткендей, 2025 жылға қарай республика халқының 95%-ы қазақ тілінде сөйлеуі керек. Сонымен қатар, қазақ тілі «өмірдің барлық салаларында жетекші орында» болады деп болжанып отыр. Бұл мемлекеттің «аса маңызды жетістігі», ұлтты ұйыстырып, нығайтушы және «ел егемендігінің» маңызды кезеңі болуы керек. Жастардың алдына ағылшын және орыс тілдерін қазақ тілімен тең дәрежеде меңгеру мақсаты қойылды. «Тең дәрежеде» термині бұл тілдерді қазақ тілімен қатар тұғырға қондыру емес, тек жоғары деңгейде меңгеру дегенді білдіреді. Сондықтан да Білім беру жүйесі төмендегіні талап ететін үштілді қоғамның қалыптасуына ықпал етеді:

• үштілділік пен үштілді білім беру тұжырымдамасын түсіну;

• мемлекеттік және қоғамдық қолдау;

• үш тілде жоғары сапалы білім ұсынуға қабілетті даярланған педагогтар мен мектеп директорлары;

• мұқият және жақсы үйлестірілген жоспар мен үштілді білім беруді жүзеге асыру, сондай-ақ, феноменді ғылыми зерттеу және нәтижелерді талдау;

• үштілділік бағдарламасын жүзеге асыру үшін қаржы мен уақыт жұмсау;

• қоғамда үш тілдің бәрін ұдайы қолдануды ынталандыратын ахуал тудыру (Аронин и др., 2009; Сеноз, 2013; Гарсия, 2009).

Қазақстан, сірә, білім беру саласындағы түрлі тілдер тобына жататын үш тілді меңгерудің жоғары деңгейіне жету саясатын жария еткен әлемдегі жалғыз ел болып табылады. Сонымен қатар, Қазақстан құрамына мыналар кіретін маңызды реформаны жүргізіп отыр:

• оқу ресурстары мен елдегі барлық оқу бағдарламаларын жаңарту;

• үздік отандық және халықаралық тәжірибені біріктіретін оқу мен оқытудың жаңа әдістерін пайдалану;

• мектептердегі 11 жылдық оқыту жүйесінен 12 жылдық оқытуға көшу;

• көптеген онжылдықтар бойы кемсітуді бастан кешкен мемлекеттік тіл ұстанымдарын нығайту;

• этникалық азшылықтардың тілін қорғау. Қазақстанда үштілді қоғам қалыптастыру – тым ауқымды міндет, әйтсе де, ол қолжетімді. Бұл міндетке жету үшін сауатты жоспарлау, дұрыс қаржыландыру, жақсы үйлестірілген тәсілдер, қоғам ахуалын түсіну, үштілділік тұжырымдамасын ұғыну қажет болады.

Республикамыздың 200 мектепке дейінгі мекемесінде үштілді білім беру сынақтан өткізілуде. ҚР Үкіметі құрған «Дарын» орталығы 2007 жылдан бері үштілді білім беруді сыннан өтіп жатқан 22 мамандандырылған мектептің жұмысын үйлестіріп отыр. Осылайша, 2020 жылы 33 сыннан өткен мектептердің тәжірибесіне сүйене отырып, үштілді білім беру еліміздегі 700 мектепке енгізілмек. 13 НЗМ (таяу уақытта олардың саны 20-ға жетеді) де үштілді білім беруді жүргізе отырып, 35 серіктес мектеппен тәжірибе алмасып, нәтижелі жұмыс атқаруда.

Жоғарыда аталған заңнамалық құжатта мына төмендегідей қиындықтар аясын көрсеткен:

• үштілділік пен үштілді білім беру тұжырымдамасының бірыңғай түсінігі жоқ;

• үштілді білім беру саясатын қолдаушы басқа елдерде қандай нәтижелерге қол жеткізілгені туралы дерек жоқ.

Сонымен қатар осы заңнамада Қазіргі уақытта үштілді білім беру саласындағы жоспарлау қате ұғымдарға негізделгендігі, үштілді білім беру саясатын бірыңғай түсіну мен мүдделі тараптар арасында терең байланыс жоқтығы атап өтілген. Үштілділік бағдарламасы аясында тілдерді меңгеруге қойылатын талаптар жалпылама және жүйесіз құрастырылған.

Ағылшын тілі сабақтарында оқушылар ауызша сөйлесу машықтарын, белгілі бір стильді қолданып жазу дағдыларын дамытып, Ұлыбритания мен АҚШ-тың мәдени мұралары жайында терең білім меңгереді. Бұл бөлшектердің бірде-біреуі қазақ тілін оқыту бағдарламасында кездеспейді. Сонымен бірге, ҰБТ сұрақтары

• орыстілді мектептер оқушыларының қазақ тілін меңгеру деңгейін,

• қазақ тілінде оқытатын мектеп оқушыларының орыс тілді меңгеру деңгейін, сондай-ақ, мектептердің екі типінде де ағылшын тілінің меңгерілу деңгейін бағалау үшін оқу бағдарламасының мақсаттарына сай келмейді.

Сонымен, мемлекеттік тіл мәртебесін көтеруді, орыс тілінің мәртебесін сақтауды және ағылшын тілін дамытуды көздейтін ағымдағы мақсаттар мен шаралар қазіргі бастамалармен өлшенбейді.

ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ДИДАКТИКАЛЫҚ МАТЕРИАЛДАР САПАСЫ ТӨМЕН

Ұстаздар қазақ тіліндегі дидактикалық материалдар сапасының төмендігін атайды. Қазақ мектептеріндегі білім сапасы жақсармайынша, ата-аналар балаларын орыс мектептеріне бере бермек. Үштілді білім жүйесін басқару және біріккен күш-жігердің үйлесімі қажет. Оқушылар мен мұғалімдер жетуге тиісті тіл үйрену деңгейін нақты айқындаудан басқа, нәтижелер жөнінде ақпараттануды арттыру, сондай-ақ,

• мүдделі тараптар арасындағы ынтымақтастықты жақсарту;

• бірігіп жоспарлау;

• білімдерді басқару;

• анағұрлым сапалы жоспарлау үшін мәліметтерді жинақтау мен талдауды жақсарту қажет.

Үш тілді оқыту жүйесін жетілдіру жоғарыда аталған факторлардың бәріне, сондай-ақ, білімдерді басқаруға тәуелді. «Білімдерді басқару дегеніміз – білімді тиімді пайдаланып, тарату және жинау үрдісі» (Давенпорт, 1994). Үштілді білім беру бойынша білім жинақтау анықталмаған әрі бұл білімдерді беру тетіктері қанағаттанарлықсыз. Мәселен, үштілді білім беру бойынша қандай мәліметтер жинақтау мен талдауды талап ететіні түсініксіз. Демек, үштілді білім беру бойынша жергілікті және халықаралық тәжірибе (білімдерді басқару және педагогика) жөніндегі білімдер жүйеленбеген және әрдайым қолжетімді емес, сондай-ақ, бағдарламаны одан ары жалғастыру және дамыту үшін қолданылмайды. Бұл мұғалімдерді даярлау және біліктілігін арттыру, кітапханашыларды оқыту, білім ресурстарын әзірлеу, ата-аналармен жұмыс және бағалау жүйесін әзірлеу бағдарламаларына және қолда бар тәжірибені жаңа мектептерге беруге қатысты. Бұл мүдделі тараптар яғни оқушы, мұғалім, ата-ана т.б. арасындағы ынтымақтастықты дамыту қажеттігін куәландырады.

Осы аталған «Үштілділік білім беру» Жол картасында атап көрсеткеніндей, ең бастысы білім беру саласы педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру кезек күттірмес мәселе болып танылады. Басты себеп, үш тілде білім беруді МДҰ педагогтерінің білім деңгейіне сәйкестендірсек, сын көтермейді. Орта білім беруде де жаратылыстану бағытындағы пәндерді ағылшын тілінде оқыту маңыздылығы күннен күнге айқындалып отыр. Бұл жаһандану заманының басты талабы. Дегенмен, біз ең бастысы үш тілде білім беру саясаты мемлекеттік тіліміз – Қазақ тілі мәртебесін қазақстандықтар үшін көтеру екендігін түсінуіміз қажет. Әр тіл маманы тіл үйретуде сөздер мен сөйлемнің орын тәртібін дұрыс қолдануды білім алушыға жете меңгертер болса, соған сәйкес түрлі педагогикалық шеберлігін қолдана алса бізде тіл мәселесі туралы қиындықтардың басым бөлігі өзінен өзі шешімін табар еді.

Жаңартылған білім беру мазмұнында Ж.Аймауытов айтқандай, «…әуелі бала қолымен ұстасын, көрсін, түсінсін, содан кейін ғана тыңдасын, сөйлесін, оқысын, жазсын және тілдесім жасасын» деп тілдік дағдыларды дамыту маңыздылығын баса көрсеткендей, ең алдымен лексикалық минимумды күнделікті тәжірибемен кіріктіре отырып оқыту тәсілдерін ұсынсақ, соғұрлым тиімді оқыту мен оқуға қол жеткізеріміз анық.

ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев 2014 жылғы «Қазақстан жолы – 2050:Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Ұлттық білім берудің барлық буынының сапасын жақсартуда бізді ауқымды жұмыс күтіп тұр. 2020 жылға қарай Қазақстандағы 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен 100 пайыз қамту жоспарлануда. Сондықтан оларға заманауи бағдарламалар мен оқыту әдістемелерін, білікті мамандар ұсыну маңызды. Орта білім жүйесінде жалпы білім беретін мектептерді Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізу керек. Мектеп түлектері қазақ, орыс және ағылшын тілдерін білуге тиіс. Оларды оқыту нәтижесі оқушылардың сындарлы ойлау, өзіндік ізденіс пен ақпаратты терең талдау машығын игеру болуға тиіс» деп атап көрсеткеніндей, қазіргі таңда елімізде жаппай білім беру мазмұны жаңғыртылуда.

 

ӘЛЕМДІК САЯСАТ АТАУЛЫ ОТБАСЫ САЯСАТЫНАН БАСТАЛАДЫ

Білім мазмұнын жаңғырту – сапалы білім, жарқын болашаққа негіздеп, бірқатар жетістіктер формуласын ұсынып отыр. Мысалы, стандарттарды алып қарасақ, үздіксіз дами отырып білім беру стандартын қалыптастырса, табысты оқушы мен оқытушы идеал ретінде ұсынылып отыр. Күтілетін нәтижеміз – жарқын өмір сүру. Сондықтан да жаңартылған білім беруде ҚР Үкіметінің 25 сәуір 2015 жылы №327 Қаулысымен бекітілген Бастауыш білім берудегі мемлекеттік стандарты, 30 наурыз 2015 жылы ҚР ҒжБМ бекіткен бастауыш білім беруге арналған оқу бағдарламалары бекітіліп, ҚР Жалпыға білім беру Мемлекеттік стандарт (2012ж.) білім беру моделін орталықтандырылған білімге қарай құруға бағытталды және білім берудегі құндылықтар «Мектепте нені оқыту?»: оқу пәндері сандарымен, оқу әдістемелері сандарымен өлшенді. Ал ҚР Жаңартылған бағдарлама бойынша Мемлекеттік стандарты (2015ж.) негізгі нәтижеге бағытталған білім беру моделін құруға бағытталып, «Мектепте не үшін оқу керек?»: күтілетін нәтижеге, кең көлемде дағдыларды дамытумен өлшенеді. Осы орайда айта кету керек, әлемдік білім беру жүйесі бәсекеге қабілеттілікке қарай білім алушыны баулу, қоғамнан өз орнын таба білетіндей сапалы маман болуына бағытталған. Ал осы уақытқа дейін біздің елімізде жалпы білім беретін мектептерде білім алушылар күтілетін нәтижеге көз жеткізбей, түрлі әсер етуші факторлар ықпалымен мамандық таңдап, ақыр соңында сол оқыған мамандықтары бойынша жұмысқа тартыла алмай отырғаны бәрімізге аян. Сондықтан да өмірдің кейбір саласы бойынша үш тілділіктің өзекті мәселелерінен туындаған ойлар мына төмендегідей:

Отбасы, тұрмыс саласына байланысты «Менің отбасым» атты ортақ тақырыпты үштілділікке негіздеу басты міндет болып отырғанын: «Адам болған соң, оның отбасы болмақ керек. Ал әлемдік саясат атаулы отбасы саясатынан басталады. Демек, тіл саясаты – отбасымның тіл саясатынан бастау алмақ керек. Олай болса, тіл саясаты баладан басталады.

Қазақстанның отбасылық тіл саясатын жасау керек. Оның құрамы мыналарды қамтуы тиіс:

1) Ата – ана өздерінің тілін білуі міндетті, балаларын үй ішіндегі еркін қарым – қатынастан бастап, өз тілін шығармашылықпен айналыса алатындай дәрежеде білетіндей етіп лингвистикалық тәрбие беруге міндеттеу;

2) Балалардың шет ел тілін ұйымдасқан түрде оқытуды он үш жастан кейін, ана тілін толық меңгергеннен соң бастау;

3) Қазақ отбасында қазақы отбасылық тіл саясатын қайта түлетпесе болмайды. Әже мен немере, ата-ана мен бала арасындағы, әке, шеше арасындағы ана тілін білмеуден туындайтын тілдік қайшылықты (әже тілін немеренің білмеуі, арада ата-ананың тілмаштық қызмет атқаруы, ата-ана тілін баласының түсінбеуі, ата-ананың төл тілін білмеуі) жоюдың нақты шараларын белгілеу т.б.» деген бағыттар бойынша 2016 жылдан бастап, 1 сыныптан сабақ жоспарлары жасалынып отыр. Бұл қуантарлық жағдай.

Кей жағдайда жаңартылған білім беру мазмұны мен құрылымына, ондағы ортақ тақырыптар мен бөлім тақырыптарына, оқу мақсаттары мен күтілетін нәтижелеріне жете түсінік қалыптастырмай отырып, үстірт пікір айту біздің кемшілігіміз. Себебі, осы бағдарламаны үйретуші, педагогтердің біліктілігін арттыру бағытында «Өрлеу» институты тренері ретінде өз пікірімді ұсынар болсам, Елбасымыздың «Мәңгілік ел» идеясын паш ететін басты жеті құндылыққа бағытталған Жаңартылған бағдарлама – ел экономикасын жаһандану жағдайында бәсекеге қабілеттілікке апаратын сапалы да нақты, қолжетімді білім берер бағдарлама. Әр оқушының оқу, танымдық қажеттілігін қанағаттандырып қана қоймай, оқуда ілгерілетуді мақсат ететін педагогтер өз әрекетін мақсатқа сәйкес құрылымдай алса, үштілді білім беруде ешқашан біз тілімізді де, ділімізді де жоғалтпаймыз, қайта нұрландыра түсеріміз хақ.

Меруерт МЕДЕТБЕКОВА,

филология ғылымдарының кандидаты, «Өрлеу» БАҰО АҚ Ф ОҚО бойынша ПҚБАИ «Басқару және білім беру сапасы» кафедрасының меңгерушісі, Жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша халықаралық деңгейдегі тренер

Яндекс.Метрика