Ең «жаман» жапон бізді 11 орап алады…

       Неңе жетісіп шалқаясың: ең «жаман» жапон бізді 11 орап алады! Қорқынышты статистика
       “Меломан» компаниясы күні кеше өздеріне келіп түскен отандық кітап өнімдерінің ең көп сатылған, яғни, «оқылымды» деген «ТОП-13» тізімін шығарған. Он үшті тізіп шығу шарт емес, ең бастысы, тізімде топ жарған Абайдың «Қара сөздері» болса, бесінші орынды Мұқағалидың «Махаббат сазы» алған.
       Жә, есепті «қатырып» жасау қиын емес, мәселе бірақ соны шынымен оқимыз ба, міне сонда ғой. Шындыққа тура қарасақ, соңғы 15 жылда халқымыздың небәрі 17%-ы ғана кітапты қызыға оқитын болып шыққан. Онда да студенттер, қызметкерлер, оқушылар тек өз қажетіне қарай білімдерін кеңейту үшін оқулықтарды қолға алса, халықтың қалған 12%-ы тіпті кітап оқуға ұмтылыс жасауға да құлықсыздық танытқан.
       Елімізде кітап оқуға деген қызығушылық неге төмен? Мұны ғалымдар масс-медианың дамуымен байланыстырады. Кітап оқымау себебін сұрағанда, ең көп айтылған жауаптар:
       1. уақыт жоқ;
       2. дүкендердегі кітаптарды сатып алуға қалта көтермейді;
       3. қазақ тілінде шығарылып жатқан әдеби шығармалардың сапасының төмен. 
           Әр жапонға – 11, біз 11-іміз – бір?
       Әлгінде айтқандай елімізде кітапты үзбей оқитын бөлігі 17% халық оны кітапханадан емес, яғни, электронды нұсқада оқитыны анықталған. Алайда бұл жағдай, яғни, баспа кітабына деген сұраныс тек біздің елде ғана төмендегені болмаса, ЮНЕСКО бүгінгі таңда әлемде 1 млрд. 700 мың жанның әлі де көпшілікке арналған кітапханалардың қызметін пайдаланатынын зерттеген. Яғни, Жер бетінің әрбір үшінші адамы – оқырман. Ал оның ішінде маркетологтардың мәліметінше, әлем бойынша ең көп кітап оқитын ел Жапондар бо-лып шыққан. Олардың дүкендеріне бір жылда 25 мыңнан астам кітап сатуға түседі екен. Әрбір жапондыққа 11 кітаптан келеді. Бұл күн шығыс елінде бірнеше мыңнан астам баспа үйі бар, жылына шамамен 500 миллион дана кітап өнімдерін шығарып отырады екен. Сонда ең «жаман» жапон қазақты 11 орап алады екен-ау…
          Кітап басу көшін Ұлыбритания бастайды
       Екінші орында – Германия, үшінші орында Америка келеді екен. АҚШ-та 1980 жылдары 8-9 миллиард доллардың кітабы сатылса, бүгінге дейін жыл сайын бұл көрсеткіш екі есеге артып отырған. Оларда теледидар, интернет өршелене дамыған сайын жұртшылықтың кітапқа ынтығып, жақындауы арта түскен. Кітап – ондағы халықтың иммунитеті болса, кітапхана – халықтың ең сүйікті, қасиетті, қастерлі үйіне айналған. Америкалықтар да, еуропалықтар да кітап саудасына өзгеше құрметпен қарайды. Супермаркетте де, кафеде де, университет пен колледжде де кітап саудасы қызып жатады. Бірақ кітап саудасын пайда көзі деп емес, аса ардақты кәсіп санайды. Солай қалыптасқан, солай дәстүрге айналған. Америкалықтар саябақта да, жолда да, автобуста да, жағажайда да, түскі үзілісте де кітап оқиды. Кітапты көп оқудан үнділер мен қытайлар, таиландтықтар, филиппиндер мен египеттіктер және чехтар да дес бермей тұр.
          Әлемде кітапханасы ең көп ел – Гүржістан
       ЮНЕСКО-ның Статистика институты Гүржістанда 1 мың адамға шаққанда 16 335 кітаптан келетінін анықтаған. Алғашқы ондықта бұрынғы Кеңес одағы елдері ішінен Армения, Эстония, Литва елдері болса, кітап қоры жөнінен Қазақстан әлем бойынша 41-орында тұр. Еліміздегі әрбір мың тұрғынға 249 кітаптан келеді екен. Бұл да жаман емес. Бірақ соны оқитын оқырман болса… Әйтеуір әзірге біз кітап оқымауымыздың сырын таралымның аздығымен ақтап жатырмыз. Қазір кітаптың ең көп таралымы – 2000 дана. Бірақ егер біз кітапты талап алып жатсақ, көбейер еді ғой ол да…
       СӨЗ СОҢЫ: Ащы да болса, аксиома-тәмсіл бар: «дамыған ел кітап, газет-журнал оқып, дамушы ел радио тыңдаса, артта қалған ел теледидар алдында шалқайып жатады» деген. Біз қайсысымыз?..  
Мәриям ӘБСАТТАР.
Айналайын жастар порталы.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика