Шымкент қаласында «Таза қала» акциясы жүріп жатыр. Ендігі уақытта аталған акцияға үн қосамын деп көшелер мен тұрғын үйлер тарпынан өтінім бергендер өз аулаларын тазалап, көріктендіріп, комиссия мүшелерінің тексерісіне дайын болуы керек. Бұл кейбір тұрғындар үшін таңсық жағдай болса, кейбір азаматтар бұл үрдіске әбден үйреніп алған. Олай болатыны «Таза қала» акциясы бірінші жыл емес, осымен жетінші рет өткізіліп отыр. Әрбір қатысушы өз ауданындағы көше, тұрғын үйлердің тазалығымен жарысқа түсетін акция аясында қандай харекеттер жасалынып жатқанынан хабардар болу мақсатында Еңбекші ауданы әкімдігінің табалдырығын аттаған болатынбыз.
tories/25102019-6.jpg» border=»0″ />
Бізді әкімнің орынбасары Александр Малахов күтіп алды. Қала тұрғындарының өмірін жақсартып сапасын арттыруға келгенде кез-келген ұсынысты қабылдап, орайы келіп, талапқа сай болса жүзеге асыруға дайын екендіктерін жеткізген ол «Таза қала» акциясы жөнінде атқарылып жатқан жұмыстар легін сұрағанда бізді халықпен жұмыс жүргізу бөлімінің бас мамандарымен таныстырды.
Бас маман қызметін атқарып жүрген Ақмарал Исаева мен Пернебек Айтжановтың осында қызмет етіп жүргеніне он жылдан асып кеткен екен. Ашық, елгезектіктері көңілді бірден бауриды. Тұрғындармен етене араласатыны көрініп тұр. «Таза қала» акциясын тұрғындар арасында осымен жетінші рет насихаттап жүрміз, дейді.
Акция жайлы жаранама-қағаздарды халық көп шоғырланатын жерлердің бәріне іліп тастағандарын, тұрғындар қатысуға өте ынталы екенін айтып қуанады. Мұны естіп бізде қуандық. Өткен жылы акция аясында Еңбекші ауданынан 87 тұрғын үй, 41 көше өз араларында бақ сынасқан екен. Биыл бұл сан артпаса, азаймайды. Себебі, әдемілік пен тазалыққа бар адам құштар.
«Таза қала» акциясы тұрғындар арасында тек тазалыққа себеп болып отырған жоқ. Ынтымақты ұйыстырып, таныстықты арттырып жатыр екен. Бұрынғы бір көше түгілі, бір ауылда бірін-бірі танымайтын адамды табу қиын болатын. Басқа ауылға құдайы қонақ болып барсаң да, ауылың мен оның ішінде кімнің баласы екеніңді сұрайтын. Ал, қазіргі таңда бір көшеде тұратын балалар бір-бірімен ойнамайды, бірінің үйіне бірі аттап та баспайды. «таза қала» акциясы осыны бұзды. Жарысқа түсеміз деп, мақсат-мүдде бір болған соң тұрғындар бір-бірімен жақын араласып жатқанға ұқсайды. Ал, аулалардың түрленгені бұл өз алдына бөлек әңгіме.Бүгінде ынтымағы жарасқан деп Түркістан көшесінің тұрғындарын айтуға болады. Бұл көшеге жаяу серуенге шықсаңыз, жанарыңызды сан түрлі гүлдер өзіне байлап қояды. Сенбесеңіз жүріп көріңіз. Қала өмірінен жырақта, гүлдер алқабында жүргендей әсер қалдырады. Осының бәрі кезінде бір тұрғынның өз ауласына гүлдерді отырғызуынан басталған дегенге сенер ме едіңіз?
Бұл игі істің қалай басталып, көшенің қалай құлпырғаны жайлы Зухра апайымыздан кішкене сұхбат алған едік.
— Бұл идеяны жүзеге асыруға басты стимул болған нәрсе не?
— Мен гүлдерге қызығып, баптап-күтіп жүргеніме қырық жылдай болды. Ес білгелі бұл менің ең сүйікті ісім. Ол кезде гүлдермен айналысу қазіргідей сәнді емес еді. Әркім өзінің үйінен қоқысты көше жақтағы ауласына шығарып тастайтын. Соңғы жылдары ғана мердігер компаниялар қоқысты алып кетіп бастады. Қала да бұрынғыға қарағанда тазарақ. Қалай «Таза қала» конкурсы басталды, мен де көршілерімді қатысайық деп үгіттей бастадым. Бес жыл бұрын бәрінің ауласы қоқысқа толып жататын. Есіктен шыға қалсаң тау-тау үйіліп жатқан ағаш қалдықтары, құм, тұрмыстық қалдықтар. Осы акцияның арқасында тұрғындарда талпыныс пайда болды. Комиссия мүшелері келіп, бізді мақтағанда көңіліміз бір көтеріліп қалатын. Бала кезімізден біздің санамызда отырған бір жүйе бар. Мектепке барғанда бізді бағалайтын. Мысалы, бүгін төрт алып қалсақ, ертең қалай да бес алуым керек деген сияқты. Байқағаным бойынша, осы бағдарлама біз есейгенде де санамызда қалып кетеді екен. Мақтауға лайық болайық деп бүкіл көше өз ауласын күте бастады.
— Осынша көп гүлді тұрғындар қайдан алған?
— Мен үш жылдан бері тізім жасай бастадым. Қазір тізімімде жүзге жуық адам бар. Онда кімге қандай гүл керек екенін жазып қоямын. Көктемде келіп өз тапсырыстарын алып кетеді. Тағы жүзге жуық көшет қораптарын тегін таратамын. Неге тегін? Себебі, бұл көшеттер өте қымбат тұрады. Мен өзім дүкендерге барып көріп жүремін. Мысалы, астра, сентябринка сияқты гүлдер өте тез көбейеді. Базарда бір түбі жеті жүз теңге тұрады. Оны алуға бәрінің ақшасы жете бермейді. Ал менде оның жүздеген гүл түптері бар. Мені көбісінің біле бастағаны осының арқасында шығар. Бірақ, олардың тілегі, рақметі маған үлкен демеу болды. Осыдан он жыл бұрын қатты ауырдым. Ол кезде артылған көшеттерімді есіктің алдына жай ғана қалдырып кететінмін. Кімнің алып кетіп жатқанынан да хабарым болмайтын. Ал қазір олар есігімді қағып, сұрайды. Біз отбасымызбен оларға отырғызуға дайын көшеттерді дайындап береміз. Олардың тілектері маған жетіп артылады.
— Басқа тұрғындар тарапынан қызығушылық бар ма?
— Әрине. Әдемі болғандықтан да шығар олар біздің көшемізді қатты жақсы көреді. Қоқыс тастауға да, түкіруге де қимайды. Гүлдерді де жұлып әкету деген жоқ. Мұның бәрі еңбекпен келетінін түсінді. Менің ойымша жастарға тек өз еңбегіңмен ғана үлгі бола аласың. Егер жазда кешқұрым біздің көшеге келсеңіз, мұнда мереке. Біреу гүлдеріне су құйып жатады, біреу сыпырып, біреу гүл егіп жатады. Осылайша бір-бірімізді білісіп, тани бастадық. Таразда тұратын туысқандарым неге біздің қаламызда осындай акция болмайды деп сұрап жатады. Көрші жатқан көшелер де өздерінің кішкентай балаларын алып, серуенге шығады. Көршілерім де соңғы бес жылдай болды гүл өсіруге қызыға бастады. Қазір бір-бірімізбен көшеттермен алмасамыз. Бүкіл бақшамыз да, ауламыз да гүлге оранды. Тіпті картоп, қызанақ ексек те, арасынан арам шөп емес, гүлдер шығып тұрады. Енді, адам деген тек ішіп-жеп қана өмір сүрмейді ғой. Әдемілік әлемді жеңеді.
Егер, осылай жалғаса берер болса, әр қала тұрғыны гүл егуді қолға алса, үйіне, көшесіне, қаласына сүйіспеншілікпен қараса, Шымкентіміз таяу болшақта көркейіп, гүлді алқапқа оранары сөзсіз. Ал гүл әрқашан да адамға жағымды эмоциялар сыйлайтын факторлардың бірі. Сондықтан, өзімізді өзіміз бақытты еткіміз келсе, басқалардың еңбегін бағалап, сол еңбекке үлес қосуға тырысайық.
Айжамал Махашова
Leave a Reply