2024-07-27

ПАТРИОТТЫҚ СЕЗІМ ДЕГЕН ОСЫ БОЛАР, ҚАНДАЙ ТӘТТІ!

Патриоттық сезім деген осы болар, қандай тәтті!

 

Әкім Ысқақ – құдіретті сөз әлеміне еніп кеткен өзіндік қолтаңбасы бар, ешкімге ұқсамайтын, жеке дара жолымен жеңіл оқылатын, жүрекке қонымды жылы сөздерімен талайдың жанын тебіренткен қаламгер. Қаламгер адамдардың көңіліне кірбің түсіріп аламын ба деп алаңдайтын мінезінің өзімен-ақ талай жүректерді жаулап алған. Ол жас талғамайтын сағынып күтетін оқырмандарымен де ерекшеленеді. Табиғаты тынымсыз тіршіліктегі адамдардың көңіл-күйін зерттеуге жаралғандай. Ең қымбат деп тапқан дүниесі де адамдардың көңілі . Оқырманына «Көңіл қымбат» екенін жеткізгісі келеді.

 «Менің өмірім мен дәптерім егіз сияқты. Жанымның асыл қазынасы – сыр сандығымдағы ойларымның оюлы өрнектерімен кешкен сан түрлі көңіл күйдің, сергек сезімдердің, толғанған сәттердің куәсі. Оны жоғалтсам, өзімді жоғалтып алатындай мазасыз күй кешем» . «ОЙ-ШЫРАҒДАН» атты кітабында осылай тебіренген қаламгер наурыз туа Шымкентегі «Техникалық колледжде»шығармашылық кешін өткізді.

Кіп-кішкентай ғана сахнасы бар аядай залда үлкен кездесу өтіп жатыр. Үлкен болатыны, залға ақынның шынайы оқырмандары жиналған. Бірі әлеуметтік желідегі оқырмандары, бірі жазған әндерін сүйіп орындайтындар, ал, бірі өлеңдерін оқиды жатқа. Мектеп оқушысы да бар, ақ жаулықты әже де бар, жаста бар.

 Өлең оқылған сайын Әкім ақынның әлеміне ене бастайсың. Қарапайым сөздер, қарапайым ұйқас. Сенде осылай жаза алатын сияқты көрінесің. Бәлкім сенің ойыңда жүрген жәйттер өлең арқылы өріліп жатқандықтан болар, сен айтқың келіп жүрген сөздерді айтып жатыр Әкім ақын.

Артынша Әкім Ысқақтың сөзіне жазылған әуендердің көші кетті тарқатылып… «Көңіл қымбат», «Соңғы вальс», «Өмір сұрағы». Кішкентай залдың көрермендері ду-ду қол соғады, дауыстап демейді, ризашылықтарын білдіреді.

Көңілді толқытқан кездесу енді бір сәтте оқырман мен қаламгердің арасындағы сұрақ-жауапқа ұласып кетті. Малайзияда көк туымызды желбіреткен Ризагүлдің ерлігі туралы айтылды. Шынында да өмірде бар қыз екен.

 Қазақстанның құлап қалған туын Малайзия мемлекетінде қайта тұрғызбақшы болған Ризагүл есімді студент қыздың жанталаса жасаған ерлігі, қазақ халқына деген сүйіспеншілігі туралы әңгімелеп бергенде залда отырған көбіміздің көзімізге еріксіз жас үйірілді. Әкесі Мейрамнан «Қызым сен елдің туын көтеруге міндеттісің» деген оқты сөзін сертіндей қабылдаған Ризагүл, ақыр соңында өзі оқитын оқу орнының ректорына кіріп құлаған жалауды қайта нық тұрғызады. Оқу орнының басшысының өзі оның отанға деген сүйіспеншілігіне ризашылығын білдіріп, құрмет көрсетеді.

Тағы бір деректі әңгіменің кейіпкері туралы. Бірде Әкім Ысқақ Қазақ радиосында отырғанында Елена Василевна есімді қыз келеді алдына. –Әкім аға мен сіздің бағдарламаңызды жібермей тыңдаймын. Мені қинап жүрген сауалға сіз жауап бере аласыз. Менің әкем қазақ, анам орыс, есімім орысша… Менің қаным қазақ қой… Не істесем болады?-дейді. Қаламгер қызға:

-Айналайын, Елена. Есімің орысша болғанымен сенің қаның қазақ, Отаның Қазақстан. Егер шынымен қазақ болып қалғың келсе есіміңді ауыстыр,-деп жөн сілтейді. Арада біраз уақыт өтеді. Бір күні сол қыз келіп:

-Әкім аға! Мен енді толықтай қазақпын,-деп қолындағы құжатын көрсетеді. Енді ол Елена Василевна емес, Еңлік Мұратқызы…

Сұрақ-жауаптың желісі осылай өрбіді. Тыңдап отырып, жаныңды мақтаныш сезімі кернегенін байқайсың, қазақ болып туғаныңа қуанасың, шүкір дейсің. Патриоттық сезім деген осы болар. Қандай тәтті!

Тағдыр. Өмір. Адамдық. Көңіл. Достық. Бұл Әкім Ысқақтың шығармаларындағы негізгі тақырыптар осылар.

«Өзіңмен-өзің сырласу-менің ең бақытты шағым» деп жауап берді бір оқырманның сұрағына Әкім Ысқақ. «Өйткені мен өз әлеміме енемін. Ол қызмет әлемінен бір сәтке алыстап, адамзат атаулы ұйқыға бас қойған, айналада тым-тырыс тыныштық орнаған түнгі әлем. Өз әлеміңмен өзің оңаша қаласың. Өмірден түйген ойларың ақ қағазға ізін саласың. Өзің үшін, адамдар үшін, адамдардың қымбат көңілдері үшін…»

Кеш бітті. Рухани байлыққа толы қоржынын арқалап шалқайған емес, ел алдында еңкейген қаламгерді көрді сол күні жиналған оқырман қауым.

Қызметтік міндетіміз болғандықтан талай кештерде, түрлі іс-шаралардан табыламыз. Елдің, сахнаның үлкені-кішісі бар деп бөлмейміз. Үлкен сахнада өресі тар дүниелерде өріп жүр. Бұл жолы біз кішкентай сахнадан үлкен өнерді көрдік.

Қалай болғанда да КӨҢІЛ ҚЫМБАТ. Әйтпесе, қазақ «көңіл бір тым насыбайдан қалады» дегенді айтпас еді. Біз де көңілімізді білдіргіміз келеді. Шағын сахнада Әкім Ысқақтың кешін жоғары дәрежеде ұйымдастыра білген осы техникалық колледждің қызметкері Бақыткүл есімді бойжеткенге алғысымыз шексіз!

Ж.Үсентаев

 

Яндекс.Метрика