2024-07-27

«ҮШ ТҰҒЫРЛЫ ТІЛ» – ЕЛДІГІМІЗДІҢ ТІРЕГІ

tories/001zhanar.jpg» border=»0″ />

«Үш тұғырлы тіл» саясаты – елдігіміз бен бірлігіміздің тірегі. «Тіл – ақылдың өлшемі, ұлттың жаны» – деген ұлы даналардың сөзіне сүйенер болсақ, елдің елдігін де, бірлігін де айқындайтын тіл екендігі белгілі. Тәуелсіз Қазақстан Республикасының ендігі болашағы, шығар биігі саяси-экономикалық жағдайлармен қатар, оның мемлекеттік тілі – қазақ тілінің тағдыры екендігін баршамыз жан-тәнімізбен сезініп, терең түсінуіміз қажет. Ұлы дала данагөйлері айтып кеткен: «Еліңді, жеріңді, тіліңді құрметте. Еліңді жамандасаң, көмусіз қаласың, жеріңді қорғамасаң кебінсіз қаласың, тіліңді қорғамасаң, қадірсіз боласың», – деген дана өсиеттерін қалай ғана орындамасқа?

Өткен тарихымызға үңілсек, ұлы дана ойшылдарымыз Әбу Насыр әл Фараби, Абай, Шоқан, Махамбет сияқты қазақтың біртуар азаматтары бірнеше тілдерді меңгерген. Қазақ тілінің еш уақытта өзімен көршілес халықтар тілінен кенже қалып, өз үлесін ешкімге бермегендігі мыңдаған жылдардың тарихынан мәлім.Олай болса, біздің ұрпақтарымыз баянды болашақ үшін неге өзге тілді жетік меңгермеске?!

Тілдердің үш тұғырлығы саясатының астарында ел азаматтарының мемлекеттік тілді білу ғана емес, өркениетті елдермен тереземіз тең болу үшін басқа тілдерді де меңгеру міндеті тұр ғой. Бұл саясат «мемлекеттік тілді дамытамыз, орыс тілін қолдаймыз және ағылшын тілін үйренеміз» деген ұғымға негізделген. Қай кезеңде, қай уақытта болса да, бірнеше тілді меңгерген ел ғана өзінің коммуникациялық және интеграциялық қабілетін кеңейте отырып, ел іргесінің тыныштығы мен бейбітшілігін сақтай алады. Бүгінгі таңда Қазақстан үшін үш тұғырлы тіл – елдің бәсекеге қабілеттілікке ұмтылудағы бірінші қадамы десе де болады. Өйткені, бірнеше тілде еркін сөйлей де, жаза да білетін қазақстандықтар өз елінде де, шетелдерде де бәсекеге қабілетті тұлғаға айналады. Әлемге әйгілі дамыған мемлекеттермен бәсекеге қабілетті болу үшін тілді білу, қазақ тілін әлемге әйгілі ету басты мақсатымыз болу керек. Сондықтан, елімізде тілдердің үш тұғырлы саясатының жүргізілуін дұрыс деп есептеймін. Үш тілді қатар меңгеру – әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылуды жеделдете түсетіні сөзсіз.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев мектептерде Мәңгілік ел идеясының құндылықтарын оқыту бағдарламасын енгізуді ұсынды. Елбасы еліміздің егемендігін тұғырлы ету мәселесіне ерекше көңіл бөліп келеді. Сондықтан да мектептерде «Мәңгілік ел» идеясының құндылықтарын оқыту бағдарламасы енгізілуде. Мұның ұлтжанды, отаншыл ұрпақты қалыптастыруға зор септігін тигізері сөзсіз. Жастар арасында патриоттық сезімді қалыптастырудың бірден-бір жолы болып табылады. Дамуымыз жедел, келешегіміз кемел болуы үшін, жастарды «Мәңгілік Ел» идеясына жұмылдыруымыз қажет.

Үш тілділікке көшу – өмірден өз орнын таңдай алатын, өзара қатынаста өзін еркін ұстап, кез-келген ортаға тез бейімделетін белгілі бір ғылым саласында білімін көрсете алатын, көп тілді және көп мәдениетті құзыреттілікті игерген жеке тұлға қалыптастыру. Сондықтан үш тілді меңгеру заман талабы деп ойлаймын.

Жанар ЕРМЕКБАЕВА,

Шымкент қаласындағы Циолковский атындағы

№84 жалпы орта мектебінің директоры.

Яндекс.Метрика