2024-07-27

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕ КІМДЕРДІ ҮЛГІ ТҰТАСЫЗ, КІМДЕРДЕН ҮЙРЕНІП ЖҮРСІЗ?

tories/01memkim.jpg» border=»0″ />

Әсел САУРАНОВА, «Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесінің бас маманы:

— Қызметте үйренер адамдар өте көп. Басшылардың нұсқауы, айтуы бойынша жұмыстың атқарылуын, халықпен жұмыс жасауды үйрендік. Ұжым арасында да барлығынан үлгі алуға болады. Сенің білмегеніңді біреуі біліп тұрады. Біздің ұжым тәжірибе алмасуға жақсы. Мемлекеттік қызметшінің қыр-сырын бір-бірімізден үйренеміз. Біріміздің кемшілігімізді толықтырып, білгенімізді білмегенге үйретеміз. Осы орайда мен мемлекеттік қызметке алғаш келгенімді, қызметтің қыр-сырын үйреткен бір жанды ерекше айтып өткім келіп отыр.

Алғаш «Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне» келгенімді ұжымдағы Нышанкүл есімді қызбен таныса сала етене араласып кеттім. Ешкімге артық сөзі, артық қылығы жоқ ол жұмыс барысында өзінің жұмысын тиянақты, әрі ұқыпты атқаратын. Жұмысқа да, жанындағыларға да кедергі келтірмейтін, бір сөзбен айтқанда өзінің қызметін жақсы білетін. Ол қыз тағдырдың жазуымен екі аяқтан айырылған еді. Кейде аяп қарағаныңмен, ол бізден әлдеқайда биік тұратын. Біз оларды «Мүмкіндігі шектеулі жандар» деп атаймыз ғой… Ал ол өз мүмкіндігін шектеген емес. Керісінше, біз жасап жатқан жұмыстан артық жұмыс жасайтын. Жұмыс барысымен келіп тұрған адамдарды бізден артық қабылдайтын. Біз атқарған жұмыстан артық қызмет жасайтын. Ол мемқызметкердің нағыз жанашыр болу керектігін үйретті маған. Халық пен мемқызметкердің етене болуын, әр адамға жылылық сыйлау керектігін ұқтырды. Қарапайым қалыпты сақтау өте қиын сияқты көрінеді ғой кейде… Ал Нышанкүл маған қандай қызмет атқарсам да қарапайым қалыптан айнымауды үйретті… ол өз жанының жылылығымен қатар, мемлекеттік қызметшіге қажет заңдарды да білетін. Мен қазір «мемлекеттік қызметші қандай болу керек?» десе бірінші сол Нышанкүлді атар едім. Ол оған нағыз лайықты жан. Мемлекеттік қызметке келгенімдегі ең алғашқы үлгі алған, көмек көрсеткенде сол болатын. Біздің бөлім мүмкіндігі шектеулі жандармен тығыз байланысты болғандықтан, сондай жандармен Нышанкүл жақсы жұмыс жасайтын. Әртүрлі шағымдармен келеді ғой олар. Арасында кезек күткісі келмейтін жандарда кездеседі. Сондай күндердің бірінде, бір мүмкіндігі шектеулі жан айқай шығарып, кезек күткісі келмей Нышанкүлке «Өзің отырып аласың, біз болсақ сүйретіліп жүрісіміз мынау» деді. Бұл сөз жанына тиіп кетті білем бір кезде Нышанкүл орнынан тұрды да аяғындағы жамылғышын алып тастап, «Неге кезек күткіңіз келмейді? Менде сіз секілді жанның бірімін. Алдыңыздағы адамда сіз секілді. Түсінуге болады ғой» деп кезекке тұруын сұранды. Бәріміз үнсіз қалыппыз. Ұрыс шығарып жатқан адамда үнсіз кезекке тұрды. Нышанкүл нағыз мемлекеттік қызметшіге тән әділдік көрсетті. Мен одан әділ болуды үйрендім. Сол Нышанкүл менің қазір жақын құрбым. Отбасымызбен араласып тұрамыз. Екі қызы бар. Әлі де мемлекеттік қызметте. Өзінің бойындағы кедергіге де қарамай қызметінде, балаларында қатар алып жүреді… Мен содан көп үлгі алдым. Мемлекеттік қызметшіге тән қасиеттің бәрі бар Нышанкүлде.

Яндекс.Метрика