2024-07-27

«Тәрбиесі нашар баладан жақсы нәтиже күту ақымақтық»

tories/0949.jpg» border=»0″ width=»189″ height=»193″ align=»left» />  Күш әрекет пен тәсілден құралса,  соққы  80 пайыз жылдамдық пен 20 пайыз күштен тұрады екен. Бұл, мен ойлап тапқан сөз емес, бокста бар теория. Елімізде, жылдамдық пен күшті үйлестіре білген азаматтар аз емес, әсіресе  бокс спорты саласында. Соның бір айғағы болар кез келген олимпиада ойындарынан әуелі  бокстан, алтын күтетініміз жасырын емес. Кезінде жиырма жасында әлемді мойындатқан дарабоз  Бекзат Саттарханов  оңтүстіктің тумасы еді. Оның жеңісі  оңтүстік жанкүйерлерінің үмітін үкілей түсті. Әр олимпиададан нақ осы бокстан медаль күтетін болдық. Спортта жеңіске жету қандай қиын болса, сол жеңісті ұстап тұру одан да қиын деп айтып жатады. Лондон үмітімізді ақтамады. Десе де өшірген жоқ. Ат тұяғын тай басатын болса, бокс саласында жүрген кейінгі толқын балалар мен жасөспірімдердің бүгінгі жай-күйі қандай? Сол мәселе алаңдатты бізді.

Алғаш болып Оңтүстік Қазақстан облысының бокстан олимпиада резервін дайындайтын балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған спорт мектебіне ат басын бұрған болатынбыз. Мақсатымыз облысымыздағы өзіндік орны бар, балалар мен жасөспірімдер бокс мектебінің тыныс -тіршілігімен етене  танысу. Алдымен мектепке Сидней олимпиадасының күміс жүлдегері, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген спорт шебері, « Парасат» орденінің иегері Ділдәбеков Мұхтархан Қобланбекұлының басшылық ететінін айта кетейік.

Спорт мектебі директорының оқу спорт жөніндегі орынбасары Жанысбаев Сейтжан Үшкемпірұлы екен. Сұхбаттастық, ортақ әңгіме бокс төңірегінде өрбіді.

— Сейітжан Үшкемпірұлы,  бокстан олимпиада резервін дайындайтын спорт мектебі жайында толығырақ таныстыра кетсеңіз. Бүгінгі таңда бокс спорт мектебінде қанша спортшы бар? Жыл жаңалығы дегенде нені айтар едіңіз?

-Бұл спорт мектебінің тарихы 2000 жылдан бастау алады.  Тәуелсіздік алған алғашқы он жылдықта қазақстандық боксшылар бұрын- соңды болмаған жақсы нәтиже көрсеткенін өздеріңіз жақсы білесіздер. Сол көрсеткішті ұстап тұру үшін облысымызда балалар мен жасөспірімдер бокс мектебі ашылған болатын. Мақсатымыз  балалар мен жасөспірімдерді  бокс саласына көптеп тарту. Біздің мектепте бүгінгі таңда 625 спортшы бар. Спортшылар 74 топқа бөлініп жаттығады. Мұнда ерлер бокс  бөлімімен қатар әйелдер бокс бөлімі және қол жекпе-жегі спорт бөлімі де бар екенін айта кеткім келеді. Өзіңіз айтып өткендей жыл жаңалығы деп әйелдер бокс бөлімі мен ерлер қол жекпе-жегі бөлімінің ашылғанын айтар едім. Әйелдер бокс бөлімі бұған дейін болмаған. Барлық 74 топқа бөлінген спортшылар 5 бастапқы дайындық тобында, 50 оқу-жаттығу тобында, 16 спорттық жетілдіру тобында,3 жоғарғы спорттық шеберлік тобында спортпен шұғылданып жатыр. Әрине, мұншама спортшы қай жерде, спортпен шұғылданып отыр деген сұрақ туындауы мүмкін.Біздің мамандандырылған бокс  мектебіміздің  барлық  аудандарда бөлімшелері бар. Атап айтар болсақ Түркістан, Сарыағаш, Абай, Кентау , Арыс, Қазығұрт, Төле би, Сайрам, Созақ  аудандарында бокс мектебінің  бөлімшелері  жұмыс істеп отыр.  Бір қызығы бокс саласында чемпиондардың дені ауылдан шығатынына көз жеткіздік. Сондықтан  ауыл балаларын бокс саласына тарту мақсатында бапкерлеріміз аудандарда аянбай тер төгіп, жұмыс істеп  жатыр. Ал, олимпиада резервін дайындайтын мамандандырылған бокс спорт мектебі облыстық бюджеттен қаржыландырылады.

-Тұлпар болар атты тай күнінде ажырата білген халықтың ұрпағымыз. Айтайын дегенім, жалпы балаларды бокс саласына баулу аясында, баланың бойында бар қандай қасиеттерді, мінезді бөліп-жарып айтар едіңіз?

-Әрине біздің жаттықтырушы мамандар балаларды ауылдағы  мектептерден іздейді.  Аралап көреді. Дене шынықтыру пәніне қатысып балалардың футбол ойынын тамашалап дегендей. Сол кезде тәжірибелі бапкерге талапты баланы таңдай қиындық тудырмайды. Баланың жылдамдығы, аяқ- қолының ұзын болуы,тағысын тағылар. Егер бала ұнаса жаттықтырушы баламен емес, бірінші ата-анасымен сөйлесіп, кейін баланы бокс саласына қызықтыра бастайды. Мысалы 10 жасында келген бала, бір жыл бастапқы дайындықта болады. Ол кезде  баланы қызықтыру мақсатында әр түрлі ойындар арқылы дайындаса, келесі жылы оқу-жаттығу жылы, ол кезде  аздап бокстың бір-екі тәсілін үйрету жұмыстарынан бастайды. Баланы 14 жасында араға төрт жыл салып қарсыласпен кездестіре  бастайды. Себебі баланы бірден сайысқа шығару, не болмаса бірден жаттығуды бастап кету, оның спортқа деген ынтасын қайтарып тастауы мүмкін. Міне, жаттықтырушы бір спортшыны дайындау үшін бірнеше  жыл тер төгетінін осыдан байқауға болады.

-Әйелдер бокс  бөлімі жөнінде айта кетсеңіз?

-Әйелдер бокс бөлімінің ашылғанына көп болған жоқ. Бүгінгі таңда 4 топта,  80 қыз бала бокспен шұғылданып жатыр. Бұл жақсы көрсеткіш. Сонымен қатар облысымызда қыз балалардың боксқа деген ынтасы жоғары екені айта кеткім келеді. Байқасаңыз ер балаларға қарағанда қыз балалар алғыр келеді. Бапкердің айтқан ақыл -кеңесін тез қағып алады. Аз ғана уақыт аралығында бокс саласында қыздарымыз жақсы нәтиже көрсетуде.  Мысалы:  үстіміздегі жылы Атырау қаласында  әйелдер және  қыздар арасында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында, 60 келі салмақта Нұршаева Мадина деген қызымыз 1 орын алса, 48 келі салмақта Елубаева Нұржайнат, Галимова Дина 54 келі салмақта, 64 келі салмақта Мирхашимова Наргиза деген қыздарымыз 3-ші орын алып бапкерлер үмітін ақтады. Сонымен  қатар Тараз қаласында жалауын көтерген Қазақстан біріншілігінде қыздар арасында боксшыларымыз  4 салмақта жоғары нәтиже көтсеткен болатын. Бұл әрине, біздің алғашқы жеңісіміз деп айтуға болады.

-Ауыл балаларының нәтиже көрсетуіне не себеп?

-Жалпы ауылдың баласы еңбекқор келеді. Ал қай спорт саласы болмасын үлкен еңбекпен ғана жетістікке жетуге болады. Екінші мәселе бапкердің ізденімпаздылығы. Ауылдың балалары қалаға қарағанда физикалық ,психологиялық тұрғыдан мықты келеді.  Үшінші мәселе — ол тәрбие. Біз баланы бокс саласына баулудан бұрын ең бірінші тәрбиесіне үлкен мән береміз. Барлық жағынан мықты болғанымен, тәрбиесі нашар баладан жақсы нәтиже күту ақымақтық.  Ал, ауылдың балаларының тәрбиелі болатынын өзіңіз де, жақсы білесіз.

-Сіз басшылық етіп отырған  бокс мектебіне қатысқысы келетін балалардан не талап етесіз?

Бірінші денсаулығы жөнінде  анықтама. Сонымен қатар өзі оқып жүрген мектеп директорының рұқсат қағазы, оның ішінде баланың тәрбиесі жөнінде ақпарат, мінездеме болуы тиіс. Кейін ата-анасының өтініші болса жеткілікті.

Мұнда балалар  жылына үш рет тегін спорттық киіммен толық қамтамасыз етіледі.  Барлық қызмет тегін көрсетіледі. Жарыстар мен спорттық іс-шараларға барар жағдайда балалардың жүріп тұруы мен ас-ауқатына дейін тегін қамтамасыз етіледі. Боксқа қызығушылығы бар 10 жастан жоғары балаларды біздің мектеп қабылдауға қашанда әзір.

-Енді әңгімемізді бокс саласындағы  жаңалықтарға ойыстырсақ. AIBA басшылығы спортшылардың шілемсіз өнер көрсететіні жөнінде шешім қабылдады. Бұл спортшылардың денсаулығына зиянын тигізбей ме?

-Бұл шілемді барлық деңгейдегі спортшылар кимейді деген сөз емес. Шілемді жасөспірімдер мен жастар киетіндігі жөнінде айтылған .Тек ересектер арасында ғана біріншіліктерде шілем кимейтін болады. Жеке пікірім мен бұған қарсымын. Ол әрине спортшының денсаулығына өз кедергісін келтірері даусыз. Бокста ең бірінші қабақ пен мұрынның сынып кету қаупі жоғары. Олимпиада тарихына көз жүгіртер болсақ 80 жылдарға дейін шілемсіз өнер көрсетті боксшылар.  Ал,1980 жылдардан кейінгі олимпиада ойындарында AIBA спортшылардың шілем киетіні жөнінде шешім қабылдады. Араға 30 жыл салып ол шешім күшін жойып отыр. Тағы бір жаңалық бұрын боксшының алған соққысы мен қарсыласына дарытқан соққысын компьютер есепке алып, тікелей көрсетіп отыратын. Оны спортшы да көреді. Мысалы 20 соққы дарытып алған боксшы ары қарай жарысты тоқтатып, сайыстың аяғына дейін өнер көрсетпейтін. AIBA  басшылығы мұны да ескеріп,  енді компьютер қызметі қолданыстан шығып отыр. Енді төрешілер компьютердің  көмегінсіз, спортшының ұтқанын, не болмаса ұтылғаны жөнінде ұпай санын сайыстың соңында жариялау жөнінде шешім қабылдайтын болады. Менің жеке басым бұған көңілім толады.

-Әлемде өзіндік мықты бокс мектебі қалыптасқан елдің бірі Қазақстан деп жүрміз. Бапкерлерімізге де сұраныс бар.Соңғы Лондон  олимпиадасы өзге де мемлекеттерде бокстың  үлкен қарқынмен дамып келе жатқанын көрсетті. Бұл бокс саласында өзіндік орны бар мемлекеттің ,соның ішінде бокс мектептерінің «сыр беріп» қалғанын көрсетпей ме?  Әлде, әлі де өзгеден  үйренеріміз бар ма?

-Мың жерден мықты болсақ та, өзге елдерден үйренетін жерлеріміз бар. Мысалы , Куба мемлекетін алайық. Бұл елде бокс шеберлерін дайындайтын арнайы мамандандырылған бокс интернаттары жұмыс істейді. Бұл интернатта білім алу өте қиын. Ол үшін баланың денсаулығы, оның әкесінің денсаулығы, отбасылық жағдайы, қандай ауру түрімен ауырған, не болмаса ауырмағандығы жөнінде толық ақпарат сараптамадан өтеді. Талапқа сай болса ғана қабылданады. Интернатта балаларға сабағын оқып жүріп, бокспен шұғылдануға толық мүмкіндік қарастырылған. Қазақ жекпе-жек спорт саласына бейім халық. Соның ішінде боксқа. Ал, өзге мемлекеттердің бокс саласындағы жетістігі жөнінде айтар болсам, Қытай соңғы кездері бокс саласында жақсы көрсеткіш көрсетіп жүр. Қытайдың бокс саласын көтерген  қазақстандық мамандар. Қытай қаржыны аямай төлеп отыр. Келісім -шарт бойынша қазақстандық мамандар Сирия, Қытайдан өзге бірнеше елдерде жұмыс істеп жатыр.

-Елімізде бокс саласы бір төбе, өзге спорт саласы бір төбе деп айтуымызға негіз бар. Бокстан әлемдік деңгейде, олимпиадаларда жоғары жетістікке жетіп отырмыз. Біздің жетістігіміздің кілті неде деп ойлайсыз?

-Қазақстан бокс федерациясын Тимур Құлыбаев басқаратынын жақсы білесіздер. Қазақстан бокс федерациясы  бокс саласындағы мамандарға, бапкерлерге, спортшыларға  барлық жағдайды жасап отыр. Әрбір жаттықтырушы дәрежесіне қарай орта есеппен 2,5 мың доллар жалақы алады айына. Өзіңіз есептеп қараңыз. Спорттық киіммен толық қамтамасыз етіп отыр. Бұдан артық не керек? Барлық жағдай жасалып отыр. Біз енді нәтиже көрсетуіміз керек. Еліміздің бокс саласында жеткен жетістігінің құпиясының бірі осы бапкерлер мен жаттықтырушы мамандарға көп көңіл бөлуі деп білемін.

-Чемпионды таңдайтын, жаттықтыратын, жаттықтырушы дедіңіз. Бүгінде осы мектепте қанша жаттықтырушы жұмыс істейді?

-Біздің мектебімізде бас аяғы 49 жаттықтырушы спортшыларға тәлім -тәрбие беріп спортқа баулып келеді. Оның ішінде 41 бапкер  ерлер бокс бөлімінде, 4 бапкер қол жекпе-жек бөлімінде болса,  5 бапкер әйелдер бокс бөлімінде қызмет атқарып отыр. Сонымен қатар, дәрігер, мейірбике мен психолог маманымыз жұмыс істейді.

— Кез келген  спорт саласы психологтың көмегіне көп жүгінетінін білеміз. Психолог маманның  спортшыға тағы қандай көмегі бар?

-Психолог спортшыға рухани күш береді. Бірде мынадай жағдай болды, Қазақстан біріншілігінде бірінші орын алып жүрген спортшымыз, келесі жылы екінші орын алып қалған болатын. Сол кезде бапкер психолог көмегіне жүгіне отырып,  баланың отбасында орынсыз жағдайдың орын алғанын, оның балаға тікелей әсер еткеніне көз жеткізді. Сол сияқты баланың бір спортшыдан қайта-қайта жеңіле беру жағдайы да, орын алып отырады. Мұндай жағдайда тек психолог маман ғана көмектесе алады.

-Ел арасында  «егер танысың болмаса, бокста жетістікке жету қиын» деген пікірлерді құлағымыз шалып  жатады. Бұған айтарыңыз бар ма?

-Ол орынсыз айтылған әңгіме, қате түсінік. Егер сіз, қанша танысыңыз болғанымен мен сізді бір ұрып құлатсам, сізге жеңісті кім береді. Бұл спортта жолы болмаған, жалқаулығы басым азаматтардың пікірі деп ойлаймын. Бокс мықтыны ғана өрге жетелейді.

«Біздің мақсатымыз олимпиада шыңы» деп ұрандатқан  Оңтүстік Қазақстан облысының бокстан олимпиада резервін дайындайтын балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған спорт мектебінің түлектері елімізді ғана емес әлемді де мойындатып отыр.

Кеше Ереван қаласында бокстан жастар арасында әлем чемпионаты басталған болатын. Бұл чемпионатқа 68 мемлекеттен 367 спортшы қатысады деген ақпарат алдық. Байрақты бәсекеге осы спорт мектебінен  екі спортшы аттаныпты, ел үмітін арқалап. Олар 52  келі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін  Қалаубек Олжас  пен  81 келі салмақтағы Дінислам Абдешов. Баласы көкпар тартса, әкесі  үйде отырып тақымын қысар, демекші екі азаматтан мектеп ұжымы үміт күтіп отыр. Біз де, оғландарымызға сәттілік тіледік.

Нұрлан ӘЛІМБАЕВ,

«Қызмет» ақпарат.

{jcomments on}

Яндекс.Метрика