2024-07-27

Баршагүл ҚАШҚЫНҚЫЗЫ, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, ОҚМПИ-дiң оқу iсi жөнiндегi проректоры: «Үш тұғырлы тіл – қазақ тілін жойып жіберу емес…»

tories/001barsha.jpg» border=»0″ />

Кейбір кітаптарды қолыңа алып оқып шығасың. Соған қарамастан, тағы да оқығың келіп, құмартып тұрасың. Әр оқыған сайын басқа қырынан танып,түсініп, жаңа көзқарас пайда болады. Білімі терең, парасатты адамдар да сол секілді. Әр әңгімелескен, сөйлескен сайын әңгімесіне тоймай, сөйлесе түскің келіп тұрады. Әр сөйлескен сайын жаңа бір қырынан танып, жақсы қасиетіне куә боласың. Әр жолыққан сайын бойынан өзіңе жақсы бір қасиет сіңіргендей боласың, үйренесің, жақсы бір мектептен өткендей боласың. Сондай жандардың бірі тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, ОҚМПИ-дiң бiрiншi проректоры-оқу iсi жөнiндегi проректоры Баршагүл Қашқынқызы Исабек. Бұл жолы Баршагүл Қашқынқызының қарапайымдылығына тәнті болдым. Басшылық қызмет пен отбасын қатар алып жүрген қазақтың аяулы қызы бүгінде талай аруға үлгі боларлық тұлғаға айналған. Бұл жолы үш тұғырлы тіл саясаты тақырыбын тарата айтуды мақсат еткенбіз. Оны айту үшін де терең білім ғана емес, болғанды, көргенді сараптай алатын қарым мен қабілет керек екеніне көз жеткіздік. Қай тақырыпты алмайық, қарама-қайшы екі қырынан танып талдауға болады. Негізгі тақырыбымызға көшпес бұрын балалық шаққа саяхаттап алғанды жөн көрдік. Өйткені, «Мәңгілік ел» идеясының түпқазығы ұлттық тәрбиедегі отбасы деп түсінуіміз керек. Ал, рухани жаңғыру әрбір отбасыдан, мемлекеттің әрбір азаматынан басталуға керек. Әрбір азамат мемлекеттің, мемлекет саясатының бір бөлшегі екенін түсініп әрекет еткенде ғана қабылданып жатқан бағдарламалар баянды болып, беріліп жатқан тапсырмалар шын мәнісінде орындалатын болады.

– Баршагүл Қашқынқызы әңгімемізді қандай отбасыда тәрбиелендіңіз, бүгінгі Баршагүл Қашқынқызы қандай анадан тәлім алып, қандай әкенің тәрбиесін көрген, осыдан бастасақ.

– Үлкен отбасында дүниеге келгенмін. Біздің шаңырағымызда төрт ұл, төрт қыз өсіп жетілді. Ата-анамыз осы балаларының барлығын оқытып, білімді, білікті етуге күш салды. Егер титтей де болса жетістікке жетіп, үлкен белестер бағындыруға қадам басқан болсам, ең алдымен сол ұшқан ұямда берген ата-анамнан алған тәрбие мен еңбектің арқасы деп білемін. Әкем Қашқын Исабекұлы Оңтүстік Қазақстан облысы көкпаршыларының жаттықтырушысы, ақылшысы, кеңес берушісі, ат бапкері ретінде республикаға танымал азамат еді. Қазақтың ұлттық өнері – көкпар ойынының облыс және республика көлемінде дамуына ерекше үлес қосты. Ел бірлігі, адам тағдырына қатысты мәселелерге араласып, халықты, жұртты имандылыққа, кісілікке, ауызбірлікке баулуға көңіл бөлетін.

Бала кезімізде міндетті түрде сенбі күні біздің күнделіктерімізді тексеріп, сабағымызды қарап шығатын. Ешқашан біреудің ала жібін аттамауымызды жиі айтатын. Тәртіпке қатал болғанмен, жүрегі мейірімді болатын. Екі жасында әкеден, жеті жасында анадан айырылған әкеміз туысқандарының, ағайындарының есігінде жүріп, өмірдің ащы-тұщысын көп көрген. Сондықтан не ұғындырғысы келсе де дауыс көтермей, мейіріммен түсіндіріп шығуға тырысатын.

Ал анам Қанткүл таң атқаннан күн батқанға дейін тыным таппайтын, ерте тұрып, кеш жататын, жұмыс десе өзін аямайтын, өте еңбекқор жан еді. Анам үнемі: «Жұмыстан ешкім өлмейді», «Адамның істегенін адам істейді, істей алмаймын деген – арамдық» деп отырушы еді. Бұнысы «дені сау, қол-аяғы бүтін адамға еңбекпен тапқан нәпақадан артық ештеңе жоқ» дегені екен ғой, қазір ойлап отырсам. Жастайымыздан еңбекке ерте араластырып, оқу мен еңбекті тығыз ұштастырып тәрбиеледі. Сол кездегі ауыл әйелдері секілді киіз басып, текемет теуіп, ұршық иіріп, кілем тоқушы еді. Біз де қысқы демалыста бір кілем, жазғы демалыста екі кілем тоқып, анамызға қолқанат болатынбыз. Кілем тоқыдық деп оңай айта салғанмен, бұл –көздің майын тауысып инемен құдық қазғандай, шыдамдылыққа тәрбиелейтін өте ауыр қол еңбегі. Бұл жұмыс қойдың жүнін қырқу, жуу, тазалау, тарау, иіру, бояу, кілемнің желісін ширату, тоқудан тұрады. Осының бәрінен өттік. Осылай талғам тәрбиеленді, еңбекке деген құрмет қалыптасты, әсемдікке, ұлттық өнерге, тарихты білуге деген құлшыныс оянды. Әкем тарихты, әдебиетті жақсы көретін. Үйіміздің төріндегі кітап сөресінде қазақ классиктерінің кітаптары тізіліп тұратын. Әкеміз бәріміздің сол кітаптарды оқуымызды қадағалайтын. Үйдегі сегіз перзентін де білімді етіп өсіруге ата-анамыз бар күш-жігерін салды, десем артық айтқаным емес. Үшеуміз алтын медальға мектепті тамамдасақ, қалған бауырларымның барлығы үздіктер қатарында көрінді. Осы орайда айтарым, ата-анамыз баршамыздың жоғары білім алып, өмірден өз орнымызды табуға үлкен бағыт-бағдар бере білді. Білім алу арқылы, жақсы тәрбие беру арқылы біздің болашағымызды жарқын ете білді. Бұл ата-анамыздың біздің болашағымыз үшін жасаған үлкен еңбектері деп білемін.

 

БАЛАНЫҢ ЕҢ АЛҒАШҚЫ ҮЛГІ ТҰТАРЛЫҚ ҰСТАЗЫ – АТА-АНАСЫ

– Тарих деген жауапкершілігі мен артар жүгі ауыр сала. Осы саланы зерттеуге не себеп болды. Көп жағдайда ұстаздар әсер етіп жатады. «Ұстазы мықтының ұстамы мықты» деп қазақ халқы бекер айтпаған. Қандай ұстаздан тәлім алдыңыз?

– Негізі баланың ең алғашқы үлгі тұтарлық ұстазы ол үйдегі ата-анасы деп айтар едім. Содан кейінгі ұстазы әліппені ұстатып әріп танытқан, саған білім атты жаңа дүние есігін ашып берген бастауыш сынып мұғалімдері. Ары қара өмір ағымымын кете береді ғой. Дегенмен, бала өміріндегі ең бірінші мектеп отбасы, ең алғашқы ұстазы ата-ана мықты болуы керек. Менің бастауыш сыныптағы алғашқы ұстаздарым Роза Өмірзақова мен Күміс Андасова.Мен олардың есімдерін әрқашан құрметпен еске аламын. Міне, осы кісілер менің ең алғашқы білімдегі іргетасымды қалаған жандар. Біздің бала кезімізде Мақташы ауылында мектеп базасы тек бастауыш сыныпқа дейін ғана еді. Ары қарай көрші Жамбыл мектебіне барып білім алатынбыз. Ол мектептен Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген талай азаматтар мен азаматшалар шыққан. Ол мектептен атақты жазушы Дулат Исабеков түлеп ұшқан.

Ал менің тарих саласын таңдауыма ең алдымен мектептегі тарих пәнінен сабақ беретін ағайым Аппаз Ыдырысов ықпал етті. Ол кісінің тарихи оқиғаларды шебер баяндап, санаға жеткізіп түсіндіретіні сонша, шын мәнісінде сол кезеңге барып-келгендей әсер алатынбыз. Ағайымыздың осы шеберлігі мен әкемнің тарихқа деген құмарлығы мені осы салаға жетелеп келді. Сондай-ақ, өзімнің туған ағам Зияддиннің тарихқа үлкен құрметпен қарауы да ерекше әсер етті десем артық айтқаным емес. Ағамның 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысып, біраз қудалауға да түскені бар. Ол кісінің бойында қазаққа деген құрмет, ұлтқа деген сүйіспеншілік пен еліне деген ықыласы ерекше болатын. Ағамның сол қасиеттеріне тәнті болып, тарихқа деген құмарлығына қарап өскен менің басқа саланы таңдауым мүмкін емес еді.

Мектеп бітірген соң арманым Алматыға ҚазМУ-ға түсу болатын. Бірақ бұйрық осылай болып, бүгінде өзім қызмет жасап жүрген ОҚМПИ-дің тарих факультетіне оқуға түстім. Ата-анам «Ағаш бір жерде көгереді» деп жиі айтушы еді, оқу бітірген соң осы өзім білім алған қара шаңырақта қызмет етуге қалдым. Содан бері осы оқу орнындамын. Мұнда мен Қаракөл Ізтілеуов, Сағынғали Сандыбайұлы, Сәбит Жолдасов сынды тамаша мамандардан білім алдым.

1999 жылы Алматы қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында «Академик Р.Б.Сүлейменов: Қазақстан тарихын зерттеудегі үлесі және ғылыми-ұйымдастырушылық қызметі» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғап шықтым. Ғылыми ізденісте жүріп Хангелді Әбжанов бастаған тарих ғылымдарының біраз марқасқаларынан кеңес, білім алдым. Мен негізі ұстаздардан, әріптестерден жолым болған жанмын деп есептеймін өзімді.

– Баршагүл Қашқынқызы, тарихқа бет бұрсақ. Былтыр ғана Елбасының бастамасымен Қазақ хандығының 550 жылдығын тойладық. Дегенмен, Қазақ хандығының құрылуы жайлы сан түрлі пікірталас бар екені жасырын емес. Бүгінге дейін тарихшыларымыздың қызу пікірталасына айналып келген мәселеге сіздің пікіріңіз қандай?

– Елбасының қолдауымен Қазақ хандығының 550 жылдығы мемлекеттік деңгейде атап өтілді. Көптеген ауқымды шаралар жасалды. Дегенмен, ескеретін бір жәйт – Қазақ хандығының құрылуын қазақтың халық ретінде қалыптасу кезеңімен шатастыруға болмайды. 15 ғасырда құрылған Қазақ хандығының негізінде қазақ халқы пайда болды деп ұғынбау керек. Елбасы Ұлытауда сөйлеген сөзінде «Біздің елдігіміз, қазақ жұртының арғы түбі ғұндардан басталады. Ғұндардан кейін көк түріктерге жалғасады. Одан кейін Алтын Орда орнығады. Сөйтіп, хандық дәуірге ұласып, кейін біртіндеп Тәуелсіздікке келіп тіреледі. Осындай үлкен тарихымыз бар. Жастарымыз мұны білуі керек. Біз кеше ғана пайда бола қалған халық емеспіз» деген болатын. Қазақтың ұлт, халық ретінде пайда болу тарихы екі мыңжылдықтан асады. Сақтар, ғұндар, үйсін, қаңлылар – бұлар қазақтың арғы ата-бабалары. Бұрын қазақ, өзбек деп бөлінген жоқ, жалпы түркілер деп аталды. Қазақ соның құрамындағы бір тайпа ретінде қалыптасты. Мәселен, орыс мемлекеті 15-16-ғасырда Иван Грозныйдың кезінде ұлт ретінде қалыптасқан ғой. Қазақ халқы да ұлы көштің өркениетінен қалып қойған жоқ. Қазақтың тарихы тым тереңде дейтініміз содан. Сондықтан Қазақ мемлекеттілігіне 550 жыл деген шешімге тоқталу орынды. Бұл бір күннің ішінде емес, қаншама жылдар бойы зерттелген, ғылыми тұжырымдамалар негізінде жасалынған қорытынды деп ұғыну керек.

– Елбасымыздың «Егемен Қазақстан» басылымында жарияланған еліміздің болашақ жоспарлар мен нақты міндеттемелері айқындалған мақаласында латын әліпбиіне көшу мәселесі де көтерілген. Жалпы тарихта латын әліпбиіне көшкен кезіміз де болды.Осы жолғы латын әрпіне қайта оралуымыз қаншалықты маңызды, тарихшы ретінде осы жөнінде бірер ауыз айта кетсеңіз.

– Елбасымыз көреген саясаткер, мақалада елдің, жердің, тілдің мәселелері өте орынды айтылып, дұрыс бағыт берілген. Енді бізге сол бағытта жұмыс істей білу керек. Негізі дұрыс айтсыз біз бұрын да тарихта латын әліпбиіне көштік, бірақ бұл бізге жақсылық жасау үшін, елдің-тілдің қамы үшін жасалған қадам емес еді.1929 жылы бізді латын әліпбиіне көшірген кезде кеңестік билік ол жазудың аз ғана жылдар қолданылатынын білді. Оны тек арабшадан ажырату үшін ғана керек болды. Сөйтіп айналасы 20 шақты жылда әліпбиі үш рет ауысқан халық болдық. Бұл өз кезегінде халықтың сауаттылық деңгейіне кері әсер етті. Халық бірден орыс жазуын үйреніп кете алмады, ал, бұрынғы арабша жазуды білетіндер қуғындалып, түрмеге қамалып жатты. Бұл іс сол уақытта сауаттандыру деп аталғанымен, шын мәнінде қазақты сауатсыздандыруға, мәңгүрттендіруге бағытталған жоба болатын. Ал, бүгінгі көтерілген латын әліпбиіне көшу бұл, үлкен жақсылықтың бастамасы деуге болады. КСРО тарағаннан кейін Өзбекстан, Түркіменстан мен Әзірбайжан латын әліпбиіне көшіп кетті де, түркітілдес халықтардың арасынан Қазақстан мен Қырғызстан кириллицада қалып қойдық. Бұл қадам ең алдымен түрік тілдес халықтарды жақындастыра алатын, біріктіре алатын қадам. Өзіміздің ұлттық кодымызды сақтап қалуға үлкен серпіліс беретін жоба. Бұл өте орынды жоба, мұны тек қолдауымыз керек.

 

ӘЛЕМДІ ЖЕТІСТІКТЕРІМЕН ТАҢДАЙ ҚАҚҚЫЗЫП ОТЫРҒАН ЕЛДЕ ҰСТАЗДЫҢ КӨЛЕҢКЕСІН БАСУҒА ДА РҰҚСАТ ЖОҚ

– Білім мен ғылым саласында жүрген мамансыз. Біз бүгінде үш тілді бірдей меңгеруге күш салып жатырмыз. Жалпы үш тұғырлы тіл мәселесіне көзқарасыңыз қандай?

– Бір нәрсені естен шығармау керек, елімізде жасалынатын, өзгертілетін дүниелер бірден «бітті осылай болсын!» деп жасалынбайды. Кез-келген өзгеріс пен бейімделу барысы зерттеліп, қаншама мамандардың сараптамасынан өтіп барып қолға алынып жобасы жасалып, тәжірибеден өтіп барып қоғамға енеді. Үш тұғырлы тіл де солай, екшеліп, сүзгіден өтіп, қазіргі жаһандануға, әлемдік ғылым мен білімге ілесу үшін жасалған қадам. Әрине алғашқыда қиындау болуы мүмкін, кез-келген нәрсенің екі жағы болады. Үш тілді меңгеру бастауыш сыныбына барған, мектеп табалдырығын алғаш аттаған балаларға біршама қиындық тудырады. Өйткені, балалардың қабылдауы мен үлгерімі әр түрлі болады емес пе?!Бірақ осылай екен деп тіл үйренуді жоққа шығара салуға болмайды. Баста айттым бұл бағдарлама әлі екшеліп жатыр. Өз тәжірибемнен айтайын, мен 2015 жылы Жапонияда екі апта болдым. Сол сапарда елдің бастауыш мектептерімен таныстық. Айта кетерлігі, ол елдің ұстазға деген, мұғалімге деген құрметті көріп риза болдым. Әлемді жетістіктерімен таңдай қаққызып отырған елде ұстаздың көлеңкесін басуға да рұқсат жоқ. Ондағы бастауыш сынып алты жыл, балалар осы алты жылда тек өз тілдерінде тәлім алып, тәрбие алады. Бала осы алты жылда оқу-жазу мен қоса ұлттық құндылықтар мен ұлттық тәрбиені, ұлттың тарихын ғана үйреніп шығады. Бір қызығы бізде бастауыш сыныптағы ұстаздар тек әйел азаматшалар, 90 пайызы нәзік жандылар болса, онда ер азаматтар. Аптасына бес күн оқу, екі күн демалыс екен. Тағы бір таң қалдырғаны жапон мектептерінде еден жуушы деген мүлдем жоқ. Онда әр сыныпты оқушылар өздері тазалап, өздері жуып кетеді. Таңертең басталған сабақ төртте бітеді. Екінші, үшінші ауысым деген атымен жоқ. Және оқушылар түскі астарын үйлерінен алып келеді. Оның себебін сұрағанымызда мұның баланы ауызбіршілікке, еңбекке баулуға тікелей байланысы барын айтты. Сыныптарда есік жоқ бірден дәлізге шығасыз. Бұл ең алдымен ол елдегі жер сілкінісінің көп болуымен байланыстырылса,екінші жағынан баланы қамауда, жабық жерде ұстауға болмайтын еркіндікке үйрету тәрбиесіне байланысты екен. Мектептерінің іші кішкене салқындау, тіпті дене тоңазитындай қалыпта. Мұның себебін сұрағанымызда баланың қабылдау қабілеті осындай салқындықта жоғары болатынын айтты. Сонымен қатар бұл амал баланы төзімділікке, шыдамдылыққа тәрбиелейді екен. Мен айтып отырған елді ағылшын тілі бастауыш сыныпты бітіргеннен соң барып оқу бағдарламасына енгізіледі. Жапония дамыған елдердің көш басында келе жатқан мемлекет екенін ескерсек, олардан үйренеріміз көп секілді көрінді маған.

Дегенмен, үш тілді білгеннен ұтпасақ, ұтылмаймыз. Мұны дұрыс түсіну керек. Үш тұғырлы тіл – қазақ тілін жойып жіберу емес, негізгі мақсаты үш тілді толық меңгеру. Ал, тіл меңгеру қазіргі заманның қажеттілігінен туындап отыр. Ағылшын тілі әлемдік ғылымға жол ашады, әлемдік бәсекеге жол ашады. Оны үйрену-үйрету арқылы білімді жастарымызға үлкен мүмкіндіктер есігін ашамыз. Үш тұғырлы тіл бағдарламасы туралы айтқанда алдымен осыны ескеруіміз керек.

– Сіз қызмет етіп отырған жоғары оқу орнында үш тілге қаншалықты көңіл бөлінген? Үш тұғырлы тіл аясында қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр, осыған тоқтала кетсеңіз.

– Жаһандану қанат жайған бүгінгі таңда көп тілділік және көптілді білім беру, соның нәтижесінде көптілді тұлға қалыптастыру – әлем елдерінде жүргізіліп отырған мемлекеттік саясаттың, соның ішінде тіл саясаты мен білім беру үдерісінің маңызды тармағы.Біздің институтта да үш тілде оқытуды жетілдіруде біршама жұмыстар жоспарланып, іске асырылуда.

Мемлекет басшысы “Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан” атты Қазақстан халқына Жолдауында: “Қазақстан халқы бүкіл әлемде үш тілді пайдаланатын жоғары білімді ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар: қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі — ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі —жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі”, — деген болатын.

Біздің институтта үш тілде оқытуды жетілдіруге 2012-2013 оқу жылынан бастап «Химия», «Биология», «Информатика» мамандықтары бойынша, 2014-2015 оқу жылында аталған мамандықтарға «Тарих», «Педагогика және психология», «Физика», «Математика», ал 2015-2016 оқу жылында осы аталған мамандықтарға тағы «Дефектология», «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» мамандықтары қосылып барлығы 9 мамандық бойынша 19 үш тілді топта 188 студент білім алса , 2016-2017 оқу жылында бірінші курс студенттерімен бірге жоғарыда аталған 9 мамандық бойынша 25 топта 254 студент білім алуда. Осы үш тілді топтарда оқитын студенттердің тілдік білімдерін жетілдіру мақсатында ағылшын және орыс тілі тегін курстары ашылған.

2015-2016 оқу жылынан бастап үш тілді білім алатын мамандықтардың білім беру бағдарламалары 50-20-30 пайыз тілдік қатынас бойынша жасалынды. Бұл білім беру бағдарламаларының негізгі оқу тіліндегі пәндердің үлесі 50 пайыз, 20 пайыз екінші тілде (орыс бөлімі үшін – қазақ тілінде, қазақ бөлімі үшін – орыс тілінде), негізгі және бейімдеуші пәндердің оқу циклдарының кемінде 30 пайызы ағылшын тілінде өтуін қарастырған.

Бүгінде елімізде үш тілді еркін меңгерген, өз білімін түрлі саладағы қарым-қатынас жағдайында пайдалана алатын ұрпақ тәрбиелеу үшін және Қазақстанның білім беру жүйесінде үш тілді оқыту технологиясының әртүрлі әдіс-тәсілдерін қолдана отырып білімді, ізденімпаз, шығармашылық бағыт ұстанатын, сол тұрғыда өз болмысын таныта алатын жеке тұлға тәрбиелеу мақсатында институтта семинарлар, дөңгелек үстелдер, ашық сабақтар өткізіліп тұрады. Сондай-ақ студенттердің ағылшын тілін меңгеруін анықтау мақсатында тесттер алынып және әдістемелік кеңестер берілді.

– «ОҚМПИ университет болады екен» деп жиі айтылып жүр. Рас па?

– Оңтүстiк Қазақстан мемлекеттiк педагогика институты бұған дейiн 23 мамандық бойынша мамандар даярлап келген едi. Сондықтан институт болып тұрғанбыз. Осы жылдың сәуiр айында қосымша 6 мамандыққа лицензия алдық. Олар: химия-биология, математика-физика, математика-информатика, физика-информатика, география-тарих, тарих-дiнтану мамандықтары. Ендi 2017–2018 жаңа оқу жылынан бастап аталған мамандықтарға талапкерлер қабылдауды қолға алмақпыз. Енді білім базамыз толық университет статусын алуға жетеді деуге негіз бар. Университет болу үшiн оқу орны үш бағыт бойынша жұмыс iстеуi керек. Ал, бiздiң бiлiм ордамызда бұдан былай өнер, ғылыми, биология бағыты, гуманитарлық және жаратылыстану бағыттары бойынша мамандар даярланбақ. Соған сәйкес, ҚР Бiлiм және ғылым саласындағы бақылау комитетiне институтқа университет дәрежесiн берудi сұрап хат жолдап отырмыз. Болашақта бұл ұсыныс мақұлданады деп күтіп отырмыз.

 

ӨМІРДЕ ӘРКІМ ӨЗ ОРНЫН БІЛУІ КЕРЕК

– Қыз баласы үшін ғылым саласы ауырлау сала, сіз осы салмағы ауыр саланы алып жүріп, аяулы жар, ардақты ана да атанып отырсыз. Мұндай жетістікке жету үшін білім, ізденіс, үлкен талпыныс керек. Сонымен бірге жарыңыздың түсіне білгені ең маңыздысы. Сізді түсіне білген қандай азамат екен? Жан жарыңыз жайлы айтып өтсеңіз.

– Иә, дұрыс айтасыз, алдымен отағасы түсіну керек. Себебі, жұмыстың аты жұмыс. Қарбалас жұмыспен үйге кейде ерте барасыз, кейде кеш барасыз. Мұндайда жолдасыңыздың жағдайыңызды, жаныңызды түсіне білуі өте маңызды. Жолдасым да тарих саласының маманы. М.Әуезов атындағы ОҚМУ аға оқытушы қызметін атқарады. Екеуміз бір жоғары оқу орнының шаңырағында, бір топта білім алғанбыз. Аты-жөні Асқар Тәжі Тілеуханұлы. Өнерге, мәдениетке құмар азамат. Алла берген тәп-тәтті бір қызымыз бар.

Мен басшы ғана емеспін үйде отанасы, аяулы анамын. Ал, қайын жұртыма, ата-енемнің шаңырағына барғанымда келінмін. Басшылық қызметте жүрмін, кандидатпын деп кеуде қағып отырмаймын. Басыма орамалымды тағып, қамырымды салып, етімді асып беремін. Үйге қыдырып келсе де солай. Жалпы өмірде әркім өз орнын білуі керек. Кішірейе білетін жерде кішірейіп, иілетін жерде иіле білу керек. Сонда отбасылық кикілжің, келіспеушілік бола қоймайды деп ойлаймын.

– Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз?

– Ғылым саласын таңдағанда Ш.Уәлиханов, Қ.Сәтпаев сынды еліме аз да болса қызмет етсем, жастардың білімін жетілдіруге күш салсам деген мақсаттарым болды. Бірте-бірте сол мақсаттар орындалып келеді. Әлі де осы салада тындырған істерімнен гөрі тындырмаған істерім көп деп ойлаймын. Сондықтан талпыныс, ізденіс үстіндемін. Бүгінде мені Оңтүстік Қазақстан облысының тарихи-мәдени ескерткіштерін зерттеу тақырыбы қызықтырып жүр. Осы тақырыпта кітап жазсам деген ниетім бар. Одан бөлек, Қазақ тарихында ашылмаған дерек көп. Соларды зерттеп, зерделеп шықсам деймін. Әсіресе қуғын-сүргін көрген қазақ зиялылыларының әйелдері жайлы деректер қызықтырады, осы тақырыпты зерттесем деген ниетім бар. Жақында Астанаға барғанда «АЛЖИР-ге» барып қайттым. Онда 8000 әйел айдауда болған. Сол топыраққа қаншама әйелдің көз жасы сіңді десеңізші, барып көрсеңіз жүрек тебіреніп, көзіңізге жас келеді. Жүрегіңіз жылайды. Сол 8 мың әйелдің ішінде 87 қазақ зиялыларының әйелдері бар екен. Солар жайлы тың еректер жинақтасам деймін. Әрине жоспар, мақсат көп. Уақыт өте іске асатынына сенемін.

– Әңгімеңізге үлкен рахмет.

Нұрсұлу БАЗАРБАЙ.

Яндекс.Метрика