2022-12-01

«ҚАЗАҚҚА ӨКІЛ БАЛАМЫН»

Spread the love

Владимер Боровик, украин ұлтының өкілі:

«ҚАЗАҚҚА ӨКІЛ БАЛАМЫН»

tories/borovnik.jpg» width=»448″ height=»336″ alt=»borovnik» style=»float: left;» />Егер бағалай білсек, қазақ халқының әр бір салт-дәстүр, әдет-ғұрпы тұнып тұрған тәрбие. Ал, тәрбие арқылы ұлт өзінің бойындағы асыл қасиеттерін ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып отырады. Ата-бабаларымыз көздің қарашығындай сақтап келген салт-дәстүрге сызат түсірмей, ертеңгі ұрпаққа жеткізу – бүгінгі біздің келешек ұрпақ алдындағы асыл парыздарымыздың бірі. Міне, осы ата-бабаларымыз аманаттап кеткен асыл қасиеттерді қастерлеп, жүрген жерінде насихаттап жүргендер арасында «Қазақстанды Отаным, елім» деп жүрген өзге ұлт өкілдері де бар. Соның бірі – біздің бүгіні тақырыбымызға арқау болып отырған украин ұлтының өкілі Владимер Боровик десек жарасатындай.

 Шардара ауданы,  Көксу ауылында тұратын Владимерді  біз біраздан бері білеміз. Украин ұлтының азаматы осы елдегі  Саттар Ерубаев атындағы мектепте ұзақ жылдар бойы мұғалім болып, кейіннен зейнет демалысына шыққан ол шын мәнінде қазақтың салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын бізден артық біледі десем өтірік емес. Әңгімесін  мақалмен әдіптеп отыратын болғандықтан болар  айтқан әрбір әңгімесі әсерлі шығады. Қазақшалап айтсақ сөзге шешен. Владимермен осыдан он шақты жыл бұрын мектептегі спорттық шаралардың бірінде таныстым. Волейбол ойнағанда алдына жан салмайтын ағайды алғашқыда дене шынықтыру пәнінің мұғалімі екен деп жүргем. Сөйтсем тарих пәнінің маманы екен. Өз жұмысын жан-тәнімен қалап атқаратынын  ыждаһаттылығынан-ақ аңдауға болады. Еліміздегі тарихи орындарда жиі болып, зерттеп, суретке түсіріп жүреді. Танымдық материалдар жинауды жастайынан хоббиіне айналдырған ол үйінің бір бөлмесін шағын мұражайға айналдырып қойған. Мұражаймен таныса отырып тындырымдылығы мен зейінділігіне қайран қаласың. Әр жылдары түсірілген суреттерді жеке альбом етіп, әр суреттің астына түсінік жазып қаттап қойған. «Менің әкем Михаил Боровик 42 жыл осы мектепте ұстаздық етті, — деп бастады ол әңгімесін. — 2001 жылы сексен жасқа қараған шағында көз жұмды. Ал, анам Валентина Александровна 84 жасқа толып отыр. Ұзақ жыл есепші болып қызмет атқарған. Бізді жастайымыздан оқу-білімге баулып өсірді. Содан шығар қазақтың салт-дәстүрлерін, киелі орындарын, әулие-әмбиелерін бір кісідей білемін. Қолым жұмыстан қалт еткенде киелі орындарды аралап, тәу етіп қайтамыз. Қазір зейнет демалысындамын. Осындағы Аманқұл ағам екеуміз көптеген киелі жерлерді аралап қайттық. Қазақтың қай жеріне барсаң да бәрі тұнып тұрған тарих қой».

 

                      Автобуста басталған бауырластық

     Аманқұл есімді азаматқа өкіл іні болғаныңызды білеміз. Таныстықтарыңыз қалай басталған еді?

     Біз Аманқұл аға екеуміздің бірге туған бауырдай болып сыйласып жүргенімізге келесі жылы 50 жыл толады екен. Күні кеше сияқты еді, одан бері де жарты ғасырға жуық уақыт болыпты. Біз автобуста таныстық. Біздің мектеп сегіз жылдық болған соң қалған екі жылды Келес ауданындағы «Бесқұбыр» деген жердегі интернатта жатып оқыдық. Жас баламыз, демалыс күндері ауылға қарай асығып тұрамыз. Келестен аудан орталығы – Шардараға дейін автобус қатынайды, одан бергі қырық шақырымдай жерді кейде жаяу, кейде савхоздарға баратын жүк көліктеріне мініп жетеміз. Ол кезде қазіргідей тас жол да жоқ, жүк көліктері ен даланың шаңын бұрқыратып төтесінен тартатын. Осындай күндердің бірінде Аманқұл аға екеуміз Келес-Абайдан Шардараға дейін автобуста бірге келдік. Бүгінде 75 жасқа жақындап отырған Аманқұл ағам ол кезде жиырма бестегі қылшылдаған жігіт те, мен 15-ке енді толған бозбаламын. Бірақ, әңгімеміз ә дегеннен-ақ жарасым тапты. Содан бері мені өз бауырларынан кем көрмей, туған інісіндей сыйласып келеміз. Тіпті, бір үйдің баласындай есейіп, ер жеткеніміз, үйленіп, үй болғанымыз да әлі күнге дейін көз алдымда. Аманқұл ағадан көп нәрсе үйрендім. Менің түйгенім қазақтың әр бір әрекеті мен салт-дәстүрі тұнып тұрған тәрбие ғой.

Тойлардағы ысырапшылдық, даңғазалық дала халқының дана дәстүрінде болмаған

     Қазақты бір кісідей біледі екенсіз. Жақсылығын, құптарлық істерін айтып отырсыз, көңіліңізге қонбайтын тұстары да бар ма?

     Енді… тым тойшыл халық қой. Бірақ, мен ойла       ймын бүгінгі тойлардағы ысырапшылдық, даңғазалық дала халқының дана дәстүрінде болмаған деп. Тарихи кітаптарды оқып отырсаң қазақтардың қыз ұзатып, келін алуы да, шілдехана, сүндет тойы да әдептен аспаған. Ал, бүгінгі тойда жалған намысқа малданып, ысырапкершілікке жол беріп жатамыз. Егер ата-бабалар салып берген сара жолдан аттамай, әдеппен той жасасақ, оның өскелең ұрпаққа да берері көп болар еді. Рас, қазаққа өкіл бала болған соң көптеген тойларға шақырып жатады. Оның бір жақсы жері – ағайын-туыстармен, құда-жекжаттармен бір дастарханда жиі бас қосып тұруға мүмкіндік береді. Әйтпесе, күнделікті тіршілік тауқыметімен туыстар бір-бірін іздеп бара бермейді ғой. Ал, той туыстарды табыстыратын, сағыныш мауқын басатын жер. Осы жағынан алғанда тойдың көп болғаны жақсы. «Ай көрмесе ағайын — жат, жыл көрмесе жекжат – жат» дегенді айтқан дана халықтың мұнысын қалай жоққа шығарасың?

Тіпті, бір-екі шапан Германияға да кетті

     Аптасына бір-екі тойға барып жүрген болсаңыз үйіңізде шапан деген толып жатқан шығар? Қанша дегенмен қазақтың сары баласы алпыстан асып, аға жасқа келіп қалды ғой? 

     Иә, қазақтың оюлы шапаны мен қыз-келіншектерге кигізетін камзол-бешпенті біздің үйде де көп. Біразын Украинадан келген ағайындарға беріп жібердім, қазақ бауырлардан естелік болсын деп. Тіпті, бір-екі шапан Германияға да кетті. Былтыр үйге сол жақтан сыйлы қонақтар келіп, оларға біз қазақтың қонақжай дәстүрімен иығына шапан жаптық. Олар біздің бұл сыйлығымызда жылы қабылдады.

     Көксуды көне ауылдардың бірі ретінде білеміз. Бұл ауылдың көркейіп-көріктенуіне Қаһарман Мәулен Қалмырзаевтың зор үлесі болғанын да жиі естіп жатамыз. Білетіндер ол кісіні қатал болған деседі…

     Мәулен Қалмырзаев Көксу савхозына директор болып 1958 жылы келді. Оның алдында Созақтағы Тасты совхозын басқарған екен. Бүгінде сол Тастыда Мәулен аға салдырған көпір әлі бар, жергілікті халық ол көпірді Мәулен Қалмырзаевтың есімімен атайды. Міне, мұның өзі ол кісіге деген елдің құрметін білдіреді емес пе? Біздің ауылға басшылық жасаған жиырма үш жылдың ішінде көптеген жұмыстар атқарылды. Мал басы артып, Кеңес одағына дейін белгілі болды. Менің анам ол кісінің қарамағында бухгалтер болып жұмыс істеді. Одан бөлек менің өзім бала кезімнен совхоз директорының көлігіне бірнеше рет мінгенмін. Жаңа жоғарыда айттым ғой, «Бесқұбырдағы» интернаттан қайтарда жол-жөнекей кездескен көлікке мініп, ауылға жететін едік деп. Ол кезде бүгінгідей зымырап жатқан көлік жоқ, тіпті жолдың өзі толық бітпеген еді. Міне, осындай мектептен қайтқан күндердің бірінде совхоз директоры Мәулен Қалмырзаевтың көлігіне мінгенім бар. Бала болсақ та білеміз, ол кісі өте қарапайым еді. Кейде көлікте үш-төрт кісі болып сыймай қаламыз. Ондайда біздің қолымыздағы сөмкелерімізді ала кетеді де, ауылға келіп, ата-анамызға баласының келе жатқаны жайлы хабар айтады. Осылайша ауылдың үлкен-кішісі бір үйдің баласындай ауызбіршілікте өмір сүретін. Оның өзі басшының ауылды ұйымдастыра білгендігі емес пе?

     Волейбол ойнағанда алдыңызға жан салмайды екенсіз. Сізді дене шынықтыру пәнінен сабақ береді деп жүрсек…

     Жоқ, жоғары оқу орнын тарих факультеті бойынша бітірдім. Мектепте өз мамандығым бойынша тарих пәнінен сабақ бердім. Зейнет демалысына шыққанға дейін қаншама шәкірт тәрбиеледік. Төрт сыныпқа жетекшілік етіп, үлкен өмірге жолдама алып бердік. Бүгінде әр сала бойынша жемісті жұмыс істеп жүрген шәкірттерімізді мақтан тұтамыз. Олар да өз кезектерінде жиі хабар алып, қоңырау шалып тұруды ұмытқан емес. Біз үшін одан артық не керек. Ал, спортқа бала кезімнен қызықтым. Мектепте қызмет істеп жүрген жылдары оқытушылардан, оқушылардан арнайы команда жасақтап, сабақтан тыс уақытта волейбол ойнайтынбыз. Негізі, бала спортпен шұғылданса жаман қылықтарға әуес болмай өседі. Мысалы, менің өзім спортқа қызыққаным сонша арақ-темекі деген сияқты адам ағзасына зиянды нәрселерді аузыма алып көрмеппін. Рас, әскерден келген жылдары аздап сыра ішетінбіз. Онда да көп емес. Бірақ, спорттан ешқашан қол үзген емеспін. Жасым 64-ке келсе де спорт залға жиі барып тұрамын. Денсаулықтың сыр бермей жүргені де, бәлкім, осы спорттың сиқырынан шығар. Жастарды да спортпен шұғылдануға шақырамын.

     Әңгімеміздің жарасым тапқаны сонша, мен сізді басқа ұлттың өкілі деуге қимай отырмын. Десе де, әркімге өз ұлты қымбат,халықтар арасындағы достық, ынтымақ туралы не айтасыз?

-Әрине, достық мемлекетіміздің байлығы.Ауызбіршілігі кеткен елдердің не болып жатқанын көзіміз көріп отыр. Саналы адам одан бас тартады, ондай жағдайды болдырмауға тырысады. Қазақта  айтады ғой «өзі жақсы кісіге бір кісілік орын бар» деп. Әрбір мақалдан халықтың даналығын көремін. Осындай ойы, кең пейілі бар халықтың арасында тұру қиындық, кедергі тудырмайды, керісінше кемелдене түсесің. Мен қазақы ауылда тұрып өзімнің өзге ұлттың өкілі екенімді сезінген емеспін.

     Ашық-жарқын сұхбатыңыз үшін көп рахмет!

 

Әңгімелескен – Аман ЖАЙЫМБЕТОВ. 

Яндекс.Метрика