2024-07-27

Людмила ЛЕОНИДҚЫЗЫ: «Мен үшін үлкен марапат – әріптестерімнің алғысы»

tories/001leon.jpg» border=»0″ />

Өмір бар жерде қозғалыс бар. Оны қоғамдық қатынастар реттейді. Ал қоғам да сан түрлі жағдайлар орын алып жатады. Олардың арасында табиғи апаттар, жыл мезгілдеріне байланысты сан түрлі жағдайлар, сонымен қатар адамдардың өз қолдарымен жасалатын төтенше жағдайлар бар. Кейбір төтенше жағдайлар кейде адамдардың қауіпсіздік ережелерін сақтамауы салдарынан орын алып, соңы қайғылы жағдайларға тап келетін сәттер де өкінішке орай өмірімізде орын алып тұрады. Мұндай жағдайлардың барлығы дерлік халық өмірі, денсаулығы және әл-ауқаты үшін қолайсыз орта тудырады. Осындай келеңсіз жағдайларда ең алдымен көмек қолын созатын, ең бастысы төтенше жағдайды болдырмау мақсатында күндіз-түні қызмет ететін мемлекеттік қызметшілер – төтенше жағдайлар мекемесінде де бар.

Үнемі қала тұрғындарының қамы үшін зыр жүгіріп жүретін мекеме қызметкерлеріне артылатын жауапкершіліктің де салмағы ауыр. Осы жауапкершілікті сезінген сала қызметшілері қашан да өз жұмыстарына асқан ыждаһаттылықпен қарап, тапсырылған міндеттердің үдесінен шығуға бар білімі мен тәжірибесін салады. Бір мекемеде тапжылмай жиырма жылға жуық уақыт еңбек ете отырып, сол мекеменің жалпы жұмысының қыр-сырын терең меңгеру де кез келгеннің қолынан келе бермейтін үлкен еңбек. Біз осы орайда Оңтүстік Қазақстан облысының төтенше жағдайлар департаменті, Шымкент қаласы төтенше жағдайлар басқармасында болып, жетекші маман Пидько Людмила Леонидқызымен сұхбаттасып едік.

– Людмила ханым, бұл салада қызмет етіп келе жатқаныңызға жиырма жылға жуықтапты. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін, талабы жоғары сала екені баршамызға аян. Жұмысыңыз ауыр, уақыт та талғамайды, күй де талғамайды, ал,сіз әйел адамсыз. Бәріне қалай үлгеріп жүрсіз, жұмыс ауыстырмақ ниетіңіз жоқ па?

– Мен бұл салада1999 жылдан бастап қызмет атқарып келемін. Он сегіз жылға жуықтапты. Әрине, бәрі оңай болды десем жалған айтқаным, қандай мамандықта болмасын өз қиындығы мен жауапкершілігі болады. Бірақ ондай артылар жауапкершіліктен қорқа берсең ешқандай жерде жұмыс істей алмайсың. Себебі, қандай мамандық иесі болсаң да, ең алдымен адамға үлкен жауапкершілік керек. Мейлі, ол мемлекеттік қызметтің төтенше жағдайларға қатысты саласы болсын, не болмаса әкімшілік басқаруға қатысты саласы болсын, тіпті, бұлардан бөлек мүлдем өзге сала болса да. Себебі, халыққа қызмет ету, оның үстіне мемлекеттің атынан қызмет ету бұл жауапкершілік бірнеше есе артады деген сөз. Сен тек өзің үшін ғана емес, мемлекеттің атқарып отырған саясаты үшін, сол саладағы кез-келген өзгеріс пен атқарылып жатқан жұмыстар үшін жауаптысың. Оның елге, тұрғындарға дұрыс жетуі үшін, сонымен қатар дұрыс орындалуы үшін де жауаптысың. Мен өзім қызмет етіп келе жатқан саланы өте жақсы көремін. Сондықтан ондай қолды бір сілтеп кетуге ешқандай жайт түрткі болған емес. Біз үнемі тұрғындармен етене байланыста боламыз, төтенше жағдайды түсіндіру мен алдын алу шараларын ұйымдастырып жатамыз. Бұл жаңа ғана айтып кеттім, елмен тығыз байланыста болуды талап етеді. Көпшілікпен жұмыс істеген өзіме ұнайды. Осы арқылы аз да болса тұрғындарды төтенше жағдайлардың салдарынан орын алатын өкінішті зардаптардан сақтай алатынымыз қуантады. Бұл әр ісіңнен жақсылық жинау болып табылады.

Біздің бөлімде қызмет ете жүріп сан түрлі мәселелермен бетпе-бет келіп жатасың. Осындай қиындықтарда ең алдымен ақылмен, сабырмен мәселенің түйінін тарқатып, дұрыс шешім қабылдай алуың керек. Ол үшін саған үлкен жауапкершілік пен өз қызметіңе деген құрмет керек. Мен өз мамандығымды өте жоғары бағалаймын, әрі құрметтеймін. Сондықтан да тапжылмастан осы салада қызмет етіп келемін. Мемлекеттік қызметші болу ол – ең алдымен үлкен жауапкершілікті, сонымен қатар өз жұмысыңызға, мамандығыңызға деген адалдықты талап етеді. Осы қасиеттер арқылы көп нәрсені жеңіп шығуға болады.

– Алдын ала сақтандыру, ескерту, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді екенсіздер. Оның негізгі бағыт бағдарымен, өтілетін орындары жайлы айтып өтсеңіз…

– Негізі біздің мекеменің негізгі міндеті– қала көлемінде орын алған табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар мен оқыс оқиғалар, сондай-ақ, апат орнында іздестіру – құтқару жұмыстарының барысы туралы жұртшылыққа ақпарат тарату. Соның ішінде біздің мiндетiмiз Шымкент қаласында тұрғындарды қазіргі заманғы зақымдану құралдарынан, террористiк актiлер мен табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардан қорғау, қаланың және жалпы мемлекеттiң экономикалық әлеуетiн сақтау болып табылады. Сондай-ақ, біз өрт болған кезде қауіпсіздік шаралары, жазда суда шомылу ережелері, қыс мезгіліндегі қауіпсіздік шаралары мен алғашқы медициналық көмек көрсетудің тәртібі жайында қажетті мәліметтер беріп отырамыз. Мұндай мәліметтер мен ақпараттарды оқу орындары мен мектепке дейінгі мекемелерде, жаз мезгілдерінде демалу лагерлерінде, сондай-ақ азаматтар көп жиналатын орындарда жүргізуге тырысамыз. Осы арқылы төтенше жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік туады. Мейлінше көп ақпарат беру арқылы, кез-келген төтенше жағдайдың алдын алуға мүмкіндік бар. Тұрғындар да ақпарат көп берілген сайын ести-ести, айтылғанның бәрі санасына сіңіп, қауіпсіздік шараларына дағдылана бастайды.

– Мен мемлекеттік қызметшілер жайлы тарқатып жазып жүрмін. Бұл саланың қиындығы мен жауапкершілігі мол екенін жақсы білемін. Сонымен қатар «Мемлекеттік қызметші болу адамды жан-жақты тәрбиелейді» дегенді де жиі естимін. Сізге қалай, қай жағынан дұрыс тәрбие бере алды? Немесе бұл салада жүріп не үйрендіңіз?

– Мемлекеттік қызметте оның ішінде біздің төтенше жағдайлар саласы үлкен жауапкершілікті талап етеді. Мұны жоғарыда да айттым ғой. Тек жұмысың үшін емес, қоғамдағы азаматтардың өмірі үшінде қандай да бір жағынан алғанда жауапкершілікті талап етеді. Егер мен бұл салаға келгенге дейінгі уақытым мен келгеннен кейінгі уақытымды салыстыратын болсам тез әрі нақты шешім қабылдауды, жылдам ойлануды үйрендім. Сонымен қатар қалың бұқарамен тығыз жұмыс жасайтындықтан, қандай жағдайда болмасын салқынқанды болуды, өз эмоцияларымды тежей білуді үйрендім. Мемлекеттік қызметші дегенің ең алдымен тұрақтылық. Жұмысыңыздың тұрақтылығы, үнемі уақытылы берілетін жалақыңыздың да тұрақтылығы. Осы арқылы сенімділікті үйрендім. Егер қызметіңе, жұмысыңа адал бола білсең онда ештеңеге алаңдамай жұмыс істей беруіңе болады. Өзге жекеменшік мекемелерде кез-келген уақытта сені жұмыстан шығарып жібере алады, қандай бір сылтаулармен кейбір жағдайларда жалақыңызды қысқартып, не болмаса бермей қоя салады. Ал, мемлекеттік қызметші болсаңыз өз жұмысыңызға салғырт қарамай, жоғары деңгейде атқара білсеңіз ол жағын уайымдамайсыз. Сонымен қатар тұрғындармен етене араласа жүріп мен адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасауды, жан-жақты өзімді дамытуды үйрендім. Осы сала арқылы мен мемлекеттік тілдің қажеттілігін сезініп, оны үйрене бастадым. Одан өзге де салауатты өмір салтын ұстанып, ағылшын тілін толық меңгеріп шықпасам да сәлемдесіп, аздап өз қызметім жайлы мәлімет бере алатын дәрежеге жеттім. Демек, мемлекеттік қызмет өзіңді жан-жақты дамытуға да үлкен мүмкіндік береді.

– Тіл үйренуге деген қажеттілік болды ма, әлде өз қалауыңыздан туған талпыныс па?

– Негізі еліміздегі мемлекеттік қызметшілерге ең алдымен қойылатын талаптардың бірі – мемлекеттік тілді жетік білу. Біз өз қызметімізде қазақ тілін өте көп қолданамыз. Кез-келген ресми хаттар қазақ тілінде келеді, оларға мемлекеттік қазақ тілінде жауап береміз. Ал, хат ресми тілде келген болса, онда жауапты міндетті түрде екі тілде жазамыз. Осындай қажеттіліктердің өзі қазақ тілін үйренуге итермелейді. Сонымен қатар біз Осы қазақ жерінде туып-өсіп, осында еңбек етіп жүрміз. Бұл біздің де отанымыз, демек қазақ тілін құрметтеу және білу біз үшін үлкен мәртебе. Қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Біз мемлекеттік тілді білуге міндеттіміз. Себебі, біз Қазақстанда өмір сүріп жатырмыз.

– Бүгінде мемлекеттік қызметке келгісі келетін, не болмаса келуге жүрексініп жүрген жас мамандарға не айтар едіңіз? Қандай кеңес берер едіңіз осы салада жиырма жылға жуық уақыт қызмет еткен маман ретінде?

– Қорықпау керек дер едім. Кез-келген саланың өз қиындығы мен жауапкершілігі болады. Одан қашпау керек. Және әр қиыншылықтың артында жақсылық тұратынын ұмытпау керек. Жас кезіңде тәуекелшіл болып өз қорқынышыңды жеңе алмасаң, онда ешқандай да жетістікке жете алмайсың. Мемлекеттік қызметші болу соншалықты қиын емес. Ең бастысы, сен өз ісіңе жауап беруің керек, өзіңді жақсы жағына тәрбиелей алуың керек. Мемлекеттік қызметші болу тек қана жұмыс орныңда ғана тәртіпті болу емес, бұл жұмыс адамға қоғам алдында да үлкен міндеттер артады. Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі (Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп қағидалары) бар. Бұл кодекс қайда жүрсеңіз де өзіңіздің мемлекеттің бір өкілі екеніңізді ұмытпауыңызды талап етеді.

– Осы уақыт аралығында біраз жетістіктерге жетіп, марапаттарға да ие болған екенсіз. Демек бұл салада еткен еңбегіңіздің нәтижелі, сапалы әрі үлгі етерліктей болғаны. Қай марапатыңызға өзіңізді лайық санайсыз?

– Мен өзімді «мынадаймын» деп айтып жатсам артық айтқаным болар. Бұл жөнінде бәлкім менің әріптестерімнен сұрап көру керек шығар. Осы салада жүріп біраз мадақтамалар мен марапаттауларға ие болғаным рас. Бірақ ең алдымен мен үшін үлкен марапат ол бізбен тығыз қарым-қатынаста болып, жұмыс жасайтын азаматтардың алғысы.

– Дәл бүгін сізді өзге салаға жіберуге ұсыныс түссе келісер ме едіңіз?

– Жоқ. Себебі мен өз мамандығымды жақсы көремін. Сондықтан келіспес едім деп толық сеніммен айта аламын. Мен жаңа жұмысқа барып қайта қалыптасуым үшін де уақыт керек. Ондай өзгерістен гөрі, осы салада өзімді ары қарай шыңдай түскенім пайдалырақ болатынына сенімдімін.

– Анасыз, нәзік жанды әйелсіз. Солай бола тұрса да Шымкент қалалық төтенше жағдайлар басқармасында қызмет етіп келесіз. Өзіңіздің нәзіктігіңізді ұмытып кететін кездер болмай ма? Жалпы өкінбейсіз бе осы салада жүргеніңізге?

– Неге өкінемін? Жоқ, өкінбеймін. Әйел қандай мамандық иесі болса да нәзіктігін сақтап қала алады. Мен де сақтап қала алдым деп ойлаймын. Білемін бұл сала тәртіп мен жауапкершілікті талап етеді. Демек, соған лайықты болуға тырысамыз. Бірақ еш өкінбеймін. Қайта қуанамын себебі бұл салада жүріп мен өзімді жан-жақты дамыта алдым, сонымен қатар аз да болса, титтей де болса еліме қызмет ете алдым. Бұл сезім менің жан дүниемде мақтаныш сезімін ұялатады десем артық айтқаным емес.

– Үлкен рахмет әңгімеңізге, еңбегіңіз жемісті болсын.

Нұрсұлу БАЗАРБАЙ.

Яндекс.Метрика