2024-07-27

Қазақтар жас нәрестесін бесікте, «бесік жырын» айтып тербетіп өсірген. Бұл біздің ата-бабаларымыздың ән, күй әуенінің адам ағзасына айрықша әсер ететіндігін, оны өнер, білімге тәрбиелеп, жақсылыққа, сұлулыққа қарай қанат қақтыратынын ерте кезден-ақ білген

tories/_.jpg» width=»200″ height=»267″ alt=»_» style=»float: right;» />

       Телеарнаға телміреміз де отырамыз, баламыз бар, өзіміз бар. Бұл шындық. Жаңа жыл босаға аттасымен сол телеарналар көрермендерінің көңілінен шығу үшін жоспарлаған түрлі бағдарламарын жүзеге асыруға кірісіп кетті. Қазақтың «тойшылдығына» әсіре көңіл аударған КТК арнасы «Той бест» атты шоу-бағдарламасын бастады да жіберді. Осы тойды ұлттық құндылыққа жатқызуға бола ма деп жүрген біз сияқтылар елең ете қалдық. Көрдік біріншісін, екіншісін…
        Айтатындары өзіміз көріп, куә болып жүрген қазіргі тойдың жай-күйі екен. Асаба бар, сөзге жақын қос келіншек, тойға шақырылатын әншілер, сыналап күйші-палуандарға да кезек беріп қояды. Аз, аз болғанымен олардың әңгімесінен, домбыраның қоңыр үнінен алған әсерді аштықта жеген құйқаның дәмімен салыстыруға болады. Жуырда мен «Өкпелемеші» атты бір ән тыңдадым. Бір мен емес, жанымда өзім құралпы бір қауым жас бар еді. Сазы да, сөзі де шымырлап жүрегіме жетті. Домбыраның үнімен жаным тербеліп тұрды. «Бүгінгі нағыз қазақтың әні осындай болу керек» деп ой түйдім өзімше. Жаныма қарадым, оларда ерекше бір әсерде екен.
       Әннің авторы қазақтың тұңғыш бард ақыны Табылды Досымов екен. Ал, әнді өзінше өңдеп, салып жүрген әнші Еламан Маратов деген жас әнші. Бүгін мен өзім таныған әншіні менің жазғандарымды оқитын оқырмандармен таныстыруды мақсат еттім.
       — Еламан, сен айтқан әннің құшағында бәріміз де қалқып кеттік, оған өзің куәсің. Қай өңірден боласың?
       — Туған жерім Созақ ауданы, Құмкент ауылы. Қазіргі таңда Шымкент қаласында тұрамын. 
       — Домбыра тартуды кімнен үйрендің?
       — Мен кішкентайымнан домбыраға қатты қызығатынмын. Домбыраны сол қызығушылығымның арқасында өздігімнен үйрендім. Адам талпынған шыңына жетпей қоймайды екен. Қазақтың қара домбырасының үнін қатты ұнатамын. Шертіп отырғанда домбырадан шығатын қоңыр дауыс маған шабыт беретін сияқты.
       — Өзің домбыра тартасың, ән де айтады екенсің, дауысың да тамаша өзіңді әншімін деп есептейсің бе? Әнші болсаң неге сені көпшілік танымайды?
       — Елге танылу үшін уақыт керек. Өнер әлемінің босағасын енді аттап отырмын десем болатын шығар. Әнге деген құмарлығым мектеп қабырғасынан басталды. Мектептегі жетекшім Кенжебай Шал ағам менің талантым бар екеніне күмән келтірмеді. Сол жетекшімнің жөн сілтеуімен Астанадағы «Қазақ Ұлттық өнер университетіне» оқуға түстім. Қазір осы оқу орнының «Дәстүрлі ән» факультетінің I курс студентімін. Шәкіртақы алатын студентпін. 
       — Ұстазың кім?
       — Университетте Ербол Сариннің сыныбындамын. Бізге дәстүрлі әндердің тамаша орындаушысы Рамазан Стамғазиев та дәріс береді. Бұл азаматтардан үйренерім көп екенін білемін.
       — Байқаулардың «дәмін» татып көрдің бе? Байқаулар да әнші үшін өзінше бір мектеп…
       — Иә, бірнеше жарыстарға қатыстым.Республикалық «Ақ көгершін» байқауында II- орын, «Ұрпақтар сабақтастығы — дәстүр жалғастығы» сайысында I- орын, «Абай оқулары» сайысында тағы I орынды иелендім.Бұл менің алдағы алар асуларымның алғашқы баспалдақтары деп ойлаймын
       — Қазақ әншілерінен кімді көбірек тыңдайсың?
       — Шынымды айтсам қазақ әншілерінен мен Мейрамбек Бесбаевтың әндерін көп тыңдаймын. Мейрамбектің әндері адам талғамайды ғой, кішіге де, үлкендерге де өтімді. Әсіресе, термелері адам жанын бір рахат сезімге бөлеп, жағымды даусы көпшілікті баурап алады. 
       — Мейрамбектің термелері жанымды тербейді дейсің, терме, дәстүрлі әншілердің шығармашылығын насихаттау үшін не істеу керек деп ойлайсың?
       Ұялы телефондарға оңай жүктелу жағын қарастыру керек.Қалай жүзеге асырылатынын білмеймін, егер сатылатын телефондарға қоңырау дыбысына жазып қойса тіпті керемет болар еді. Оның тұтынушысы бірінші кезекте аталарымыз бен апаларымыз болар еді, мен оған сенімдімін. Осылай балалар мен жастардың құлағына сіңеді.
       — Көп жастар мамандық таңдауда қателесіп жатады, кейде ата-аналарының айтқанынан шыға алмай қалады. Өзіңде қалай, ата-анаң қолдады ма? 
       — Мен мамандық таңдауда қателескен жоқпын. Шынында да бұл менің ойымдағы мамандық. Әрине, үлкендер тарапынан «Әншілікті не қыласың? Оданда болатын әрекетке көш. Әншілік кәсіп емес» дегендей қарсылықтар болды. Алайда, мен өз ұстанымымда қалдым.
       — Дәстүрлі әншілердің тыңдарманы аз, насихаты жоқ, осы жақтары қорқытпай ма?
      — Менің ойымша мұның бәрі жалпылама пікір. Мысалы, Рамазан Стамғазиев ағамызды алайық, қай эстрада әншісін алмаңыз бәсі басым. Өнер мәңгілік және талғаммен өлшенеді. Әр ән тыңдаушы өзіне осы мен қандай ән тыңдап жүрмін, осы ән маған не береді, жаныма азық бола ала ма, мен кімді тыңдап жүрмін, мен тыңдайтын әндердің өміріме әсері қандай, пайдасы бар ма… дегендей сауалдар қоя білсе, бізде талғам өзгереді.
       Уақыттың көшіне ілесе алмаған әнді өнерге жатқызуға бола ма?! 
       Бұл сұрақтан кейін біз де ойда қалдық. Өнер туралы өзіндік көзқарасы қалыптаса бастаған Еламанға сәттілік тіледік. Ал, өзіміз ол қойған сауалдарды өзімізге қойып көрдік, жауап қайыру үшін ойлану, уақыт керек екен. Сіз де ойланып көріңізші? 
Жарылқасын ҮСЕНТАЕВ   «ҚЫЗМЕТ» газеті 

Яндекс.Метрика