2024-07-27

НАҒЫЗ ДОСТЫ ҚАЗАҚТАН ТАПҚАН

Нағыз досты қазақтан тапқан

       Ол қоғамның белсенді азаматтарының бірі. Адам үшін бұл дүниенің ең қымбаты денсаулық екенін жан-тәнімен түсінеді. Оны жанындағы қаурластарының бүгінгі жайы ұғындырған. Ал, адамзат үшін ең маңыздысы- бейбіт өмір, ашық аспан. Мұны ауған даласында жүріп түсінген. Жанындағы бозым жігіттердің оққа ұшқанын көрді, өзі де  біреудің өмірін оққа байлады. Сөйту керек еді, әйтпесе, өзі оққа ұшар еді. Ол халықтар арасындағы достық пен бірліктің өте керек екенін жақсы түсінеді. Ол қазір жастардың бойында патриоттық сезімді ояту үшін барын салып жүр. Өйткені ол Отанның, бейбіт өмірдің қадірін біледі. Саясат оның өмірінде ғана емес, төлқұжатында да жүр. Құжатында азербайжан деп жазылғанымен, тәрәкәмә түрік ұлтының ұлы екенін біледі, тағы бір білетіні туған жерінің патриоты. Есебалы Катипұлы. Ауған соғысының ардагері, мектепті қазақша бітірген, нағыз достықты қазақ жігітінен тапқан. Үлкен шаңырақтың иесі, екі қыз бен екі ұлдың әкесі, 8 немеренің атасы.Қызметі, ОҚО Ауған соғысы ардагерлер Қауымдастығы төрағасының орынбасары. Тәуелсіз еліміздің жастарына патриоттық тәрбие берудегі еңбегі қалалық және облыстық әкімшіліктің алғыс хаттарымен аталып өтілген. Б.Момышулының «Батыр шапағаты», «Сауап» медальдарімен, Кеңес Одағының батыры «Генерал Сабыр Рақымов» орденінің иегері. 2014 жылы «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

 

Достықпен қауыштырған қазақ сөзі еді

Есебалы Алиев айтады:

1978 жылы Кеңес әскері қатарына алынып, Отан алдындағы борышымды өтеу үшін Венгрияға аттандым. Жаңадан әскерге келген сарбаздарды бейімдеу үшін бір ай көлемінде карантин жарияланды. Ол дегеніміз біз казарманың ішінде ғана болып, полк аумағынан сыртқа шықпаймыз. Солдаттар демалатын түс уақытында сыртта жүргенімізде маған үнемі бір украин сержант, ұлтыма байланысты мазақ, балағаттау сөздер айтып тиісетін. Бірде қатты намысыма тиіп кетті де, әрі қарай ұзай бергенінде бәсең дауыспен Шымкентше «ш..» деп балағаттадым. Содан қасыма бір жігіт жүгіріп келіпті. – Әй, сен қайдан қазақша білесің? – дейді. Қалай білмеймін, Шымкенттенмін, — деймін қазақ табылғанына қуанып. Екеуміз шүйіркелесе кеттік. Есімі Еділ Нурпеисов, Қызылорданың жігіті екен. Ол: сені Бакудың әзербайжаны екен деп жүрсем, өзіміздің Қазақстанның жігіті екенсің ғой» деп шат-шадыман күйге түсті. Біздің достығымыз осылай басталды.

 Біріміздің шинеліміз көрпе, біріміздікі төсеніш болды

Осы таныстықтан кейін Еділ екеуміз ажырамыс досқа айналдық. Екеуміз 191 полк құрамында 1979 жылдың 29 желтоқсанында Ауғанстанға  интернационалдық борышымызды өтеуге бірге аттандық.  Өзбекстанның Терміз қаласына келіп түстік. Жаңадан шыққан БТР-70 ПБ, АК-74 қару-жарағын сынақтан өткізіп 1980 жылы 5 қаңтарында Сырдария өзенінен қалқымалы көпірмен таңғы сағат 4-те Ауған жеріне  кірдік. Алғашқыда Мазари-Шариф провинциясында бір апта, Нахрин правинциясында екі апта болдық. Нахриннен кейін Пули хумри арқылы Кабулга келдік. Кабулдан Газни провинциясына аттандық. Біздің 191 полк Газни провинциясының жоғарғы жағында тауға жақын жерге орналасты. Тұратын казарма, палаткалар болмағандықтан әр бөлімше өздеріне блиндаж қазып орналасып жатты. Соғыстың жайы белгілі, Еділ екеуміз біреуіміздің шинелімізді көрпе, екіншіміздікін төсеніш етіп, керек-жарақ салуға берілген әскери сөмкені  басымызға жастық қылып жататын едік.

Адамға атқан алғашқы оқ

 

…Ұрыс алаңында алғаш адамға оқ атқанымды біраз уақытқа дейін есімнен шықпайтындай болды. Бір  арықтан енді секірейін десем, қарсы бетте  сақалды дұшпан маған винтовкасын дәлдеп атайын деп тұр. Тұрып қалдым… Мен атпасам ол атады,не істеу керек? Жалма-жан  пулеметімнің шұрыппасын басып қалдым. Дұшпанның суға құлаған сұлбасы біраз уақытқа дейін көз алдымнан кетпей қойды.

 Біз жаяу әскер құрамында болдық. Солдаттардың ішінен парсы тілін білетін жігіттерді ротаның барлаушы-аудармашысы етіп тағайындап тұрғылықты халықтың арасында, базарларда адамдармен бірге жүріп, жаудың жоспарлы әрекетін алдын-ала полк штабына жеткізетін еді. Жинақталған деректер бойынша 1980 жылы 28 шілдеде біздің екінші ротаға  батальон командирі майор Кравченконың бұйрығы бойынша Ургун  шатқалында дұшпандардың әскери базасына шабуыл жасау бұйырылды. Рота командирі аға лейтенант Крамаренко бізге  айналып барсақ уақытты жоғалтамыз, төменнен жоғарыға тіке тартыңдар деп тапсырма берді. Содан бір ізді жолмен кетіп бара жатырмыз. Байқасам әр-әр жерде жаңадан үзілген жеміс-жидектердің жатыр,айналама қарасам жеміс ағаштары жоқ. Мен ротаның соңынан күзетіп  келе жатқан едім.  Бұл бізге құрылған тұзақ екенін іштей сездім. Сол-ақ екен, жоғарыдан бізге қарай оқ жауды.  Рота ұрысқа кірісіп кетті.  Айналаны  көк түтін басты, бір-біріңді көріп болмайсың. Командиріміз радиобайланысшы арқылы тік ұшақтардан көмек сұрап жатыр. Бір кезде тік ұшақтар өзіміз жатқан жерді бомбалай бастады. Снарядтың біреуі менің арт жағымда жарылып құлағым естімей, басым шулап кетті (контузия алғанымды кейін білдім ). Біраз уақыттан кейін ес жинап басымды көтерсем,   алыстан Еділдің бейнесі  көзіме түсті. Қарасам беті аппақ болып кетіпті, ай-шайға қарамастан пулеметімді көтеріп  Еділ отырған жерге ұмтылып жүгірдім, аяғымның астында оқтың қардай борап жатқанын көріп қалай аунап кеткенімді байқамадым. Қасына еңбектеп жетіп барсам, қолының саусақтары салбырап жатыр. Жарасын таңып, алғашқы медициналық көмек көрсеттім. Одан кейін Эгамбердиев деген өзбек солдаты мен рота саниструкторы Паншар Джушанлоға да медициналық көмек көрсеттім.    Радиобайланысшы: Сендер не істеп жатырсыңдар? Жауды емес , өзімізге бомба тастап, жоспар бойынша шатқалды айналып баруларың керек еді, — деп айқайлап  жатыр. Түтінде басылды.Өзіміздің 4-ші бөлімшенің командирі Юрий Молочко: қатардағы жауынгер Алиев қаза болған солдаттардың қаруларын жинап, төмендегі тік ұшаққа жеткіз деп бұйырды. Сонда 12  дана қару-жарақ жинадым. Тік ұшаққа баратын жол ұзақ. Қару-жарақты арқалап бара жатып А.Н.Толстойдың: «Кажется, прост человек, а придет суровая беда, в большом или в малом, и поднимается в нем великая сила – человеческая красота», деген сөзін іштей қайта-қайта қайталадым. Тік ұшаққа жеткенде ротамыздың замполиті: «Алиев жарайсың. Сенің мына ерлігіңе «Қызыл жұлдыз» ордені  лайық»   деді… 

Еділді және басқа  жараланған сарбаздарды тікұшақпен әскери госпиталға алып кетті. Бұл ұрыста біздің 2 ротадан 4 взводтың командирі прапорщик Мельник, сержанттар: Белан мен Басс, қатардағы жауынгерлер Мамедов пен Кулиев қаза болды, ал жарақат алғандар: Еділ Нурпеисов, П.Джушанло, Эгамбердиев, Шарипов болды. Қаза болған прапорщик Мельникке «Қызыл жұлдыз» ордені, Белан мен Бассқа «За отвагу» медалі, Еділге «За боевые заслуги» медалі ұсынылды. Ал маған «За отвагу» медалі бұйырды, бірақ мен сол марапатымды түрлі себептермен әлі алған жоқпын. Қазір жігіт ағасы жасындамыз. Маған бүгінде ол медаль емес, түрлі ұлттың өкілдерінен тапқан қарулас достарым аса қымбат. Мен елге аман-сау оралған замат ауылыма тартқан жоқпын сол достарымды іздедім.

Қазақтың қонақжайлылығын ешкім қайталай алмайды     

 

…  1980 жылдың қазан айында елге қайтуым керек болса да, рота командиріміз түрлі себептермен мені алып қала берді. 1981 жылдың 10 қаңтарында қайтуға бұйрық алдым. Кабулда әуежайда енді біздің кезегіміз келіп ұшаққа отырайын деп тұрғанда, қалың тұман түсіп барлық рейстер тоқтатылды. Қырсық шалғанда сол тұман бір апта бойында кетпей тұрып алды. 17 қаңтарда Кабулдан Ташкентке ұшақтан түскенде бәріміз қуанғаннан жерді сүйіп жатырмыз.

Маған Шымкентке дейін жететін жол қаражат берілген. Ағайын-туысымның амандығынан  хат арқылы хабардармын, бір шинелді жастанған досымның жағдайын білу үшін Қызылордаға бармақшы болдым. Қарасам билетке аздап ақшам жетпейді екен. Сол жердегі бір таксистке қолымдағы сағатымды сатып, Қызылорда қайдасың деп тартып кеттім.

Венгрияда бірге қызмет етіп, Ауғанда арпалысқан досымды іздеп келсем үйінде жоқ болып шықты. Ташкентте госпитальда жатыр екен.

«Еділдің досы боламын. Іздеп келдім» деп мән жайды түсіндірдім.Әке-шешесі бәрінен хабардар болса керек, балам сен біздің де баламызсың ешқайда кетпейсің деп аяқ астынан бір қойды сойып тастап, қазан көтерді. Үйге бүкіл ауылдың адамдары жиналды. Еділдің кластастары мені өз достарындай қатарына қосып, бір апта бойы кезек-кезек үйлеріне қонаққа шақырды. Қазақтың өзім дегенге өзегін суырып беретін адалдығы мен қонақжайлығында шек жоқ екеніне сонда куә болдым. Негізі қазақтың қонақжайлығын емкім қайталай алмайды. Қонақжайлық дегеніміз адалдық, мейрірім, адамды жақсы көру. Содан апталап ауылдан шыға алмай қалдым. Кейде өзіме не істеп жүрмін деп қоямын. Бір күні көзімді ашсам пойызда кетіп бара жатырмын. Қасымда орыс әжей отыр. Әй балам, шәй ішесің ба? –дейді. Еділдің кластастары әжейге мені Түлкібастан түсуі керек деп дайындап шығарып салыпты. Содан Шымкентке түсіп, таксимен Куйбышев алаңына  келдім. Жаяу кетіп бара жатсам, алдымнан  Венгрияда бірге қызмет еткен «полчаным» Шакуов Алик  шығып қалды. Онымен қуана қауышып, Ауғанстаннан келе жатқан досымды құр жібере алмаймын деп мені орталық саябақтағы «Минутка» деген кафеге апарды. Екеуміз сыралатып, кешке дейін отырыппыз. Кешке ол мені 20 рубльге келісіп Түлкібасқа дейін таксиге салып жіберді. Жүргізуші менің Ауғанстаннан келе жатқанымды біліп, ауылға сигналдатып кірді. Көліктің соңынан жүгіріп ауылдастарым келе жатыр. Сүйінші балаларыңыз келді дегенде әкем қуанғаннан жүргізушіге 50 рубль беріп жіберіпті. Үй толы адамдар, сыныптастарым келді. Бәрі менен Ауғанстанда болып жатқан соғысты сұрап, сұрақтың астына алып жатыр. Біз ауған жерінде болып жатқан соғыс туралы елге барғанда айтпау туралы қайтарда тілхат жазып шыққанбыз. Ол кезде тек интернационалдық көмек көрсетіп жатырмыз деп айтылатын. Ағайынның соншалықты тату тұрғаны таңға дейін үйден ауылдастар арылған жоқ. Бір қойдың еті бір түнде желініп кетті ғой деймін.

…Еділ Нүрпейісов досыммен қазірде барыс-келісіміз жақсы. Ол бүгінде филология ғылымдарының докторы, профессор. Елдігі белгілі жоғары оқу орындарының бірінде  проректор қызметін абыроймен атқарып жүрген ел ағасы. Қызылордада тұратын Сарыөзенов Айтош, Сыздықов Қуаныш, Этизов Ыбыраймен хабарласып тұрамыз. Ақтөбелік Тажигарин мен Ваисов Амирхан екеуімен былтыр мамыр айында Ақтөбеде кездестік.  Биыл сәуір айында аэропортта Жаңа-Өзенде тұратын Каипов Берекетпен кездейсоқ кездесіп, бір-екі сағаттың ішінде талай әңгімелер айтылып, талай істі еске алдық. Жақында ғана Молдавияда тұратын Николай Бузаны интернеттен тауып алдым, хабарласып тұрамын.

Мен Қазақстанда туылып-өскенімді мақтаныш тұтамын, қазақ халқының кең пейілдігіне ризамын. Қазақстанстанда туылғанымды бақытым деп санаймын. Өйткені 1944 жылы Сталиннің солақай саясатының арқасында Грузиядан Тәрәкәмә түріктерін бір түннің ішінде жүк пойызына салып Оңтүстікке алып келгенде бір үзім нанын бөлісіп бауырына басқан қазақ халқының жақсылығын  менің атам да, мен де, менің ұрпағымда ұмытуға тиіс емес.

Біздің қолымыздан патриоттық тәрбие беру келеді

 

Мұнны неге айтып отырмын.Қазіргі таңда облысымызда 2000 астам Ауған соғысы ардагерлері  өмір сүруде. Олардың 80%-ы әр топтағы мүгедектер. Олар еңбекке жарамды болмауы, жүріп-тұруы қиын болуы бек мүмкін, соған қарамастан  жастарға патриоттық тәрбие беру мақсатында оқушылармен, студенттермен кездесулерден қалмайды. Олар шын мәнінде патриот азаматтар.  Серғали Рысбеков басқарған ОҚО Ауған соғысы ардагерлер Қауымдастығының белсенді мүшелері жыл сайын маусымның 5 нен 15 не дейін Біркөліктегі «Робинзон» әскери-патриоттық лагеріне ІІБ-да есепте тұратын тәрбиесі қиын балаларды 10 күндік әскери дайындыққа апарып тұратын. Отрядтарға бөліп, әрбір отрядқа бір ауған соғысы ардагерін тағайындап әскер қатарына дайындық іс-шараларын жүргіземіз. Лагер жұмысында ауған соғысы ардагерлері Маликов Ербол, Сарыбаев Жомарт, Қалмырзаев Қайрат, Алдияров Қайрат, Нақыпбеков Абу және басқаларының еңбегін ерекше атап өткен жөн, әсіресе марқұм Ержан Жолаев пен Евгений Маркиндердің еңбегі орасан еді. 2 жыл болды өкінішке қарай аталған лагерді қалалық білім беру бөлімінен облысқа өткізді де, жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр деп лагердің жұмысы тоқтап тұр. Осындай себептерден біз балаларға жазғы лагерді ұйымдастыра алмай қалдық. «Робинзон» лагерінің тез арада басталғаны дұрыс болар еді, әлі күнге дейін телефон шалып, ағай қашан жазғы лагерь болады деп сұрайтын балалар көп. Осы  да және басқа өткізілетін іс-шараларымызға қол ұшын беріп демеушілік жасап жатқан кәсіпкерлерімізге алғысымыз шексіз.  Басты демеушіміздің бірі «Зерде» компаниясының  басшысы Мұхтар Құралұлы Битемиров. 42 мүгедек Ауған ардагеріне ай  сайын 1500 теңге көлемінде дәрі-дәрмек беріп жәрдем беріп тұрады. 15 ақпанда 7,9-мамырда  іс-шараларды өткізуге қаржылай көмек көрсетуде. Басқада демеушілерімізді де атап өткеніміз жөн болар:  «Оңтүстік –Жарық транзит» ЖШС-гі басшысы Асқар Ыдрыс, «Ас-строй» ЖШС-нің басшысы Амангелді Бердаш, «Фиркан» ЖШС-нің Гарипов Ильяс, «Визит» компаниясының басшысы Вельким Злавдинов, жеке кәсіпкерлер: Алимкулова Аккыз, Исмаилов Азимхан, Оразбаев Асембек, облыстық және қалалық маслихаттың депутаттары: Амангелді Сопбеков, Хван Евгений, Пайзахметов Абдукаххар, Талғат Әмірбеков және басқалары. Осы азаматтарға алғысымыз шексіз. 

 

Әңгімені жазып алған

Әлия Ахметова




Яндекс.Метрика