2024-07-27

«ЖАЗУШЫ МЕН АҚЫНҒА ДА ПИАР МЕНЕДЖЕРЛЕР КЕРЕК»

Сәбит ДОСАНОВ,

жазушы, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреты:

 

«Жазушы мен ақынға да пиар менеджерлер керек»

Қойылымның жарыққа шығуына түсінгісі келмесе кейіпкер де кедергі болады

tories/dosanov.jpg» width=»300″ height=»400″ alt=»dosanov» style=»float: left;» />-       Сәбит Айтмұханұлы, «Тозақ шеңбері» драмасының жазылғанына біраз жылдың жүзі болғанын  «Қынаптан суырылған қылыш» атты кітабыңыздан оқып білгенбіз. Енді міне, сахнаға шығып көрерменді көзайым етіп отыр. Премьера өте сәтті өтті, құттықтаймыз. Білгіміздің келіп отырғаны осы туындыңызды қоюға еліміздегі азулы деген театр ұжымдары талпыныс жасап көріпті, бірақ сахнаға шыға қойған жоқ. Қойылымның көрерменмен қауышуына кедергілер болды ма, жоқ, сәті енді түсті ме?

       Бұл туындыны Желтоқсан оқиғасы өтісімен бірден жаздым. Бірақ өткен ғасырда жазылған пьесаның  осы күнге дейін сахнаға шығу сәті түспей қойды. Бірақ шығаруға деген талпыныстар болды. Алғаш Алматыдағы М.Әуезов атындағы академиялық драма театры мен Ғ.Мүсірепов атындағы жасөспірімдер  театры жарысып дайындады. Костюмдер тіктірді, суретшілерге декарациясын жасатты, музыкасына тапсырыс берді. Бірақ перемьера жақындаған кезде сахнаға шықпай қалды. Неліктен, маған ол кезде себебін айтқан жоқ. Кейінірек білдім оның себебі дана Абай айтатын, қызғаныш.

Пьесада маскалы адам деген кейіпкер бар. Ол туралы режиссерге былай деп түсінік бергенмін: «Мына кейіпкердің аты маскалы адам. Оның маскасының бір жағы ақ, бір жағы қара болуы тиіс. Бұл биліктің ұшар басында жүрген үлкен шенеунік. Ол басқалар ойлағандай Назарбаев емес, өйткені менің Елбасымызға деген өз симпатиям бар. Ол орысқа былай, қазаққа басқаша сөйлеп жүрген, сөзі мен ісі қабыспайтын компартияның салалық хатшыларының біреуі. Ондайлар кезінде обкомның бірінші хатшысы да болды. Сондықтан да маскалы адамның прототипін іздеу дұрыс емес, ол жалпы жиынтық образ ғой. Қойылымның жарыққа шығуына осы кейіпкер кедергі болды. Жазушы қауым өзімнің әріптестерім, пьесаның көркемдік жағынан кемшілік таба алмағандықтан, «ойбай мынау масқара болып жатыр, біздің Президентті бір жағын ақ, бір жағын қара етіп, екі жүзді адам етіп көрсетіп отыр» деп жоғары жаққа арыз түсірген. Содан кейін жоғары жақ оны тоқтатып тастаған. Бұл «Тозақ шеңберінің» сахнаға шықпауының бір себебі.

Екіншісі, осыдан он бес жыл бұрын, алпыс жылдық мерейтойыма орай Қостанай облысына барғанымда Қостанай облысының театр ұжымы сол кездегі облыс әкімі Өмірзақ Шүкеевтің алдында «Сіз біздің жерлесімізсіз осы пьесаны бірінші біз қоялық» — деп қолқа салды. Әкім де бірден қолдап, қанша қаржы қажеттігін сұрады, театр ұжымы екі миллион қаржыға сұраныс берсе, әкім үш миллион қаржы бергіздірді. Флобер Мұқановқа декарациясын жасатты, киімдер тіктірді. Биліктің қамшысына балама ретінде үлкен шыбыртқа жасатты. Бірақ бұл жолы да сахнаға шықпады. Тағы да қорқыныш тудыратын, билікті екі сөйлеуге мәжбүрлейтін сөздер шыққан болу керек.

Одан кейін Семей театры да қоямыз деді, бірақ, олардың күші жетпеді. Сонымен пьеса жатып қалды. Менде оны анаған-мынаған тықпалаған жоқпын. Уақытым да болмады. Жақсы нәрсе әйтеуір бір жарыққа шығар дедім. Содан пьеса тек кітапқа басылып шықты.

 

«Тозақ шеңберін» алғаш сахналаған қырғыз театры болды

 

       Сонда оңтүстіктің үлкен театры «Тозақ шеңберін» алғашқы болып сахнаға алып шықты деуге болады ғой…

Сахнаға байланысты айтатын болсақ, бірінші Қырғызстанда. Иә, Қазақстандағы алғашқы сахналаған театр екені!

Осыдан екі жыл бұрын мен үлкен қайғыға ұшырадым. Сүйікті ұлым Данияр қайтыс болды. Маған Қырғызстанның сол кездегі мәдениет, ақпарат және туризм министрі Сұлтан Раев деген жігіт көңіл айтып келді. Олар шығарда ойымда ештеңе жоқ өзімнің бір кітабымды бердім. Соның ішінде «Тозақ шеңбері» бар екен. Ол кітапты оқып шығып, телефон шалып, «Тозақ шеңбері» пьесасы  театрда қойылған ба? — деп сұрады. Мен: «Жоқ» дедім. Онда ешкімге бермеңіз. Біз бірінші қояйық деді. Сөйтіп олар қойылымға кірісіп кетті. Бірде, «Мына пьесаның айтары терең, саяси тақырып сондықтан мен әлемдік деңгейде тәжірибесі бар Тәжікстанның Әбдіқадыров деген режиссерына жібердім» деп хабарласты.

Пьеса Әбдіқадіровке ұнады, бірақ еңбекақысы да қомақты екен. Сөйте тұра біз оған келістік. Әні қоям, міні қоям деп жүргенде Мәскеу жұмысқа шақырып режиссер мырза сонда қалып қойды. Сөз берген министр енді Қырғызстанның жастар театры мен опера және балет театрының актерларын біріктіріп, спектальді қоюға тапсырма берді. Театр ұжымы «7 сәуір – Халықтың ұлттық сәуір төңкерісі» күні қарсаңында пьесаны жарыққа шығаруға асықты. Пьесаға  Қырғызстанның халық әртістері мен танымал әртістерін жұмылдырды. Ақшаны да аямады. Жетпеген тұсына министрдің өзі қаржылай қолдау көрсетті. Олардың ең үлкен жаңалығы ешқандай кейіпкерге прототип адам іздеген жоқ. Біздің театрлар әлі бұрынғы үрдісте жүр. Мысалы, Колбинді ойнау керек болса дәу адам іздейді. Полковникке киім тіккізеді. Қазіргі заманда ол «примитивный». Олар дәу адамды іздемеді. Рөлдерді жастарға берді. Пьеса премьерасына дейін мені төрт рет шақырды. Әр барған сайын министр жанымда жүрді. Премьерасына елімізден отыз адамнан құралған делегация бардық. Барсақ афишаларын іліп тастаған. БАҚ өкілдері шақырылған, төрт жүз адамдық театрдың ішінде ине шаншар орын жоқ. Таныстар менен театрға билет сұрайды. Спектакль біткеннен кейін Қырғызстанның Спикері маған шапан жауып құттықтады.  «Тозақ шеңберін» алғаш сахналаған қырғыз театры болды.

Олай болса, қазақстандық премьераның алғашқы күнінде өзіңіз болдыңыз, алған әсеріңіз қандай? Аға буын әдетте өкшесін басқан буынды сынға алып жатады, жастардың ойынына қандай баға берер едіңіз?

— Ж.Шанин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театры республикамыздағы облыстар арасында бірінші және  бірден-бір академиялық атағын алған, өз дәстүрін қалыптастырған театр. Мұнда Ақсақал Қалмұрзаев, Айша Абдуллина, Құпия Рахымбердиева, Сапар Өтемісов сынды атақтылар еңбек сіңірген. «Тозақ шеңбері» трагедиясын сахналауда режиссер жаңаша шешім тапқан. Сахна декарациясы өте жеңіл. Рөлдерді кілең жастар ойнады. Фатиманың рөлін Қымбат деген жас әртіс қарындасымыз өте сәтті ойнап шықты.

 — Қойылымда сіз айта алмаған  қандай ойлар айтылды деп ойлайсыз?

— Суретшінің еңбегі зор. Кеңес үкіметінің балға мен орақ бейнеленген қызыл туы желтоқсандағы жастар көтеріліске шыққанда жыртылады. Бұл жерде суретші бір картина арқылы Кеңес үкіметінің құлағанын көрсетеді. Тапқырлық.

 

Мені осы күнге дейін ауылдың жағдайы алаңдатады

       Қойылымнан кейін ерекше толғаныста екеніңізді көріп отырмыз. Дәл қазіргідей  күрделілеу уақытта сізді көбірек ойландыратын тағы не бар?

       Ойландыратын нәрсе көп қой. Мені осы күнге дейін ауылдың жағдайы алаңдатады. Оны Президентке де айттым, жақында  К.Мәсімовтың қабылдауында болғанда да айттым. Ауыл біздің алтын бесігіміз. Бейнелеп айтқанда, мемлекет бәйтерек, ауыл соның тамыры, тамыр суалса, бәйтерек құламай ма?. Менің айтпағым мемлекеттің тағдыры ауылға байланысты. Бейімбеттің: «Гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз», — деген сөзі әлі де бағалы.  Ауыл әлі аяғынан тік тұрған жоқ. Мемлекет тарапынан  ауылға қамқорлық көрсетілуде, бірақ жолдағы жемқорлар әлі тоймай жатыр.

Ана тіліміздің де мәселесі әлі толық шешілген жоқ.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев 28 қыркүйек күні 150 мемлекеттің бірінші басшылары қатысқан Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының мінберінде тарихта бірінші рет қазақ тілінде мәлімдеме жасап ана тілімізді асқақтатты. Осы күні ана тілі мерекесі болып бекітілу керек.

Кейінгі келген жас басшылар қазақ тілі кедей дейді. Шекспирдің сөздік қоры 15 мыңға жетпейді, М.Әуезовтің тек қана «Абай жолындағы» сөздік қоры 18 мың сөз.  Енді есебіне жете беріңіз, кімнің тілі кедей екен…

Әлем аласапыран болып кетті. Шетелдерде көп боламын. Шүкіршілік ететінім, Қазақстан ең бақытты мемлекет. Аштық, қайыршылық жоқ. 

       Қалай ойлайсыз, қазіргі таңда бүгінгі күннің мұңын айтып, келбетін көрсететін туынды бар ма, бар болса қайсысын айтар едіңіз?

       Мұқтар Әуезов пен Сәбит Мұқановтардан кейін әдебиет айдынында біраз бос кеңістік пайда болып қалды. Одан кейін біздің толқын өте мықты болып келді. Дулат Исабеков, Олжас Сүлейменов, Сайын Мұратбеков, Әбіш Кекілбаев.

Жиырма бес жасымда жазған «Аруана» атты романымда оқиғаларды түйе арқылы бейнелесем, «Жиырмасыншы ғасыр» атты 800 беттік романымның 200 бетінде қоғамның мұңы, келбеті Ақбас бүркіттің ойы арқылы беріледі.

Біраз ақын-жазушыларымыздың еңбегі еліміздің өзінде жетпейді. Тиражы аз. Кітап дүкендері арақ дүкендеріне айналып кеткен. Аударма дейтін алтын көпір тоқтап қалды. Еңбектеріміз шетелде шықпай жатыр. М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы, Олжас Сүлейменовтың еңбектері және менің романдарым шет тілдеріне аударылды. Бұл бізде мықты жазушы жоқ дегенді айтпайды. Әлі де біраз жазушылардың еңбегін шетелге насихаттау  қажет. Қазір компьютер әдебиетті де жаулап алды. Электронды оқулық кітаптан оқығандай болмайды. Кітапқа жететін ештеңе жоқ. Бір кезде теледидар шыққанда, газеттің күні құрыды деген болатынбыз. Бір ғана ОҚО бойынша 400 жуық газет шығады екен. Сол сияқты әдебиеттің келешегі зор екеніне сенемін. 

       Жазушы-ақындарымыз неге халықпен кездесуге  келмей кетті, әлде жазушыларға да  қазіргі халық  ерекше ықыласпен күтіп алатын өнер жұлдыздарындай пиар  менеджер немесе директор керек пе?

       Пиар менеджерлер керек. Кеңес үкіметі кезінде әбебиетті насихаттау бюросы болған. Төрт-ақ адам істейтін. Осыны қайта құру керек. Оның мәнісі бюро совхоздармен шарт жасасатын. Ақын жазушылармен кездесуге совхоздар ақша аударатын. Сонда үкімет бір оқпен екі қоянды атады. Біріншіден жазушы халықпен шығармашылық тұрғыдан кездессе екіншіден, насихат жұмысын жүргізеді. Кеңес үкіметінің керек тұстарын алу керек. Құры жаман дей беруге де болмайды.

         Бала Сәбит жазушы Сәбитке, қоғам қайраткеріне қалай айналды?

       Бала кезден әдебиетке құмар болып өстім. Әлі есімде түнде шаммен кітап оқып отырып киімім жанып кетуге сәл қалған сәттер де болған. Абай айтқандай қазір «Қартайдық, қайғы ойладық» деген жасқа жеттік.  Адам жас кезде эгоистеу болып, қартайған соң халқыңның, мемлекетіңнің, арысы әлемнің тағдырына алаңдайсың. Бәрі де, табиғат берген талант пен Алланың әмірімен болатын нәрсе.

Отбасы қандай болса, мемлекетте сондай болады

       Отбасы құндылығы соңғы жылдары бірінші орынға қарай жылғып келеді. «Мерейлі отбасы» байқауы қоғамға кәдімгідей серпін берді. Миллиондаған көрермен жинады. Сіз өскен отбасының дәстүрі құндылығы бүгінгі отбасыңызда сақталып отыр ма?

       Қоғамға жаңаша серпін беріп жатқан «Мерейлі отбасы» байқауы Елбасымыздың ең мықты идеясы. Қасым Аманжоловтың әйеліне айтқан бір сөзі бар: «Семья шағын мемлекет. Мен Президент,  сен премьер» деп бір-ақ сөзбен айтқан. Отбасы қандай болса, мемлекетте сондай болады. Әр отбасы мемлекеттің бір тірегі. Отбасы азып-тозса, мемлекетте тозады.

Өзім ауылда, келіншегім қалада өскен. Ұлттық құндылықтарды сақтап отырмыз. Ол қалада өскенімен анасы әлемге әйгілі литология ғылымдарының негізін қалаған, қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш геолог академик Патшайым Тәжібаева, әкесі қазақтың алғаш дипломаттарының бірі болған. Қала мен даланың, Еуропа мен Азияның қосындысы болып отбасының құндылықтарын сақтап отырмыз.

       Бәрімізде мына өмірдің жолаушысымыз, өткенге өкінішіңіз бар ма, атақ-даңқ, марапатқа көзқарасыңыз қалай? Мұны сұрап отырғаным осыған байланысты  танымал тұлғалар арасында өкпе-реніштер айтылып жатады.

       Атақ керегі жоқ деген жай сөз. Атақ адамға неге керек болмасын? Еңбегіңнің ақталғаны жаман ба? Ол адамға шабыт береді. Атақ жағынан тіл тимесін ең атақты жазушылардың бірі болдым. Ресейдің зерттеуі бойынша одақтағы ең көп оқылатын он жазушының бірі, шет ел бойынша екі жүз жазушының бірімін. Бірақ атақтың ішіндегі ең бастысы сенің шығармаңа берілген баға,оқырманның бағасы. Бүгінгі алған атағың, арқаңнан қаққаны ертең шын талант болмасаң бәрі де далада қалады. Мәңгілік қалатын нәрсе сенің шығармаң. Атағың соған сай болу керек.  

       Адамның бақыты неде, қаламгердің бақыты неде?

       Адамның бақыты – өмірден өз орнын табуы. Қаламгердің бақыты – шығармашылық жануы. Маған бір орыс тілді басылымның журналисі «Что такое счастье?» бір-ақ сөзбен айтыңызшы деп сұрақ қойды. Сонда: «Счастье – это когда нет несчастье» – деп жауап бердім. Бақытсыздық  болмаса сол бақыт.

Өмірдегі менің бірінші ұстаздарым қазақтың оқымаған, сауатсыз шалдары

       Өмірде кімдерді ұстаз тұтасыз, кімдерге ұстаз болдым деп ойлайсыз?

       Өмірдегі менің бірінші ұстаздарым қазақтың оқымаған, сауатсыз шалдары. Даланың дана қарттарының айтқан сөздері өмірлік бағдарлама. Мысалы: «Жақсы адамнан қол үзбе, шөлдегенде сусының»- дейді. Мен жалпы ұстазға бай адаммын. Мұхтар Әуезовтың дәрісін тыңдадық. Төрт шалдың Мұхтар Әуезовтың, Сәбит Мұхановтың, Ғабиден Мұстафиннің, Ғабит Мүсіреповтің сүйікті шәкірті болдым. Менің бір бақытым әр ұлттың төл құжатына айналған ұлы тұлғаларының көңілінде болдым. Олар: қырғыздың Шыңғыс Айтматовы, башқұрттың Мұстай Кәрімі, орыстың Михалковы, өзбектің Кәміл Яшаны, Дағыстанның Расул Гамзатовы. Мен шыққан биікте осы азаматтардың үлесі бар. Елу жыл өзім дос боп жүрген Олжас Сүлейменовтен де көп үйрендім. Ең үлкен ұстаз – өмірдің өзі.

Өзім біреуге ұстаз болдым деп айту маған ыңғайсыз. Әдебиетке келген шәкірттерім Қазыбек Иса, Роза Мұқанова, Серік Байғоновтарды ел таниды.

       Бүгінгі қазақ қоғамының жетістігі неде, кемшілігі неде, нені түзетуіміз керек, ғаламтордан нәр алып, ұшқыр технологияны меңгеріп, шетел де білім  алған жас атқамінерлердің қаламгер қауымға көзқарасы қандай?

       Біздің ең үлкен жетістігіміз ауызбіршілігіміз бар. Біздің Президенттен жолымыз болды. Жүргізіп отырған саясаты дұрыс. Әлемдік мықты саясаткерлердің бірі.

Қоғамда кемшілік көп қой. Мен Парижде бірнеше рет болдым. Ойланып зерттеп қарасам олардың құпиясы мынада екен. Осыдан он ғасыр бұрын Франция біздің Қазақстаннан барлық жағынан әлдеқайда төмен, кедей ел болған. Оның дамып кетуінің себебі ақылды патша келген. Ол бүкіл дүние жүзінен ең атақты жазушыларды, композиторларды, суретшілерді, ғалымдарды шақырып, «Сіздер Францияға қызмет етіңіздер. Өмірдің тіршілік мәселесіне алаңдамаңыздар. Бүкіл жанұяларыңызбен мемлекеттің қарамағындасыздар» — деген.

Мемлекет барлық жағдайын жасағаннан кейін олардың тиімді жұмыс істеуіне жол ашылып, Францияға адал еңбек еткен. Сонда елді өрге сүйреген төрт нәрсе: ғылым, әдебиет, мәдениет, өнер. Жапонның Нобель сыйлығын алған атақты жазушысының бір сөзі бар. «Экономиканың өзі де мәдениетке тәуелді» дейді. Мәдениет болмаса экономика болады ма? Экономиканы мәдениетсіз адамдар басқарса не болады?

Шет елде білім алған жастар жақсы ғой. Бірақ бір кемшілігі ұлттық топырақтан кішкене ажыраған. Ұлттық құндылықтарды көп бағалай бермейді. Десе де, Мағжан айтқандай мен де жастарға сенемін. «Жиырма бірінші ғасыр көшбасшысы» деген бағдарламадағы өрімдей жас балалар кереметтей жалынды сөйлейді. Шетелде жиі боламын деп айттым ғой. Сол елдерде дипломатия саласында жүрген жастар керемет мықты. Таң қаласың. Бірнеше тілді біледі. Дәстүрден де кенде емес. Ұлттық намысы бар. Қазақша сөйлейді. Бүгінгі жастар қандай болса, мемлекеттің болашағы сондай. Біздің болашағымыз нұрлы деп ойлаймын.

 

Сұхбаттасқан,

Әлия АХМЕТОВА

Яндекс.Метрика