2024-07-27

«ЦИРК ӘРТІСТЕРІНІҢ БАСЫМ БӨЛІГІ АУЫЛ БАЛАЛАРЫ»

Арман АЛИЕВ,

«Оңтүстік-Цирк» МКҚК директоры:

 

 

«Цирк әртістерінің басым бөлігі ауыл балалары»







 

 

Цирк таңғажайып өнер. Бала үшін ғана емес, үлкендер үшін де әсерлі. Ата-ананың балаларына беретін баға жетпес маңызды сыйлығы – олардың жанында болуы. Өмірімізді ертегідей етіп өткізу өз қолымызда екенін түсінуіне көмектесу. Ал, мұндай қиял әлеміне жетелейтін әрине цирк. Әдетте көпшілігіміз, циркке тек балалар үшін деп барамыз. Сол балалардың арқасында өзімізде күйбең тіршіліктің бір сәт те болса ұмытып, жан күйзелісінен арылып, керемет сезімге бөленіп қаламыз.

Әсіресе, жаңа жылды жаңа үміттермен, шексіз армандармен бастау үшін отбасымызбен бірге ғажайып әлемі бар циркке барғанға не жетсін? Бұл ретте өз қаласында циркі бар Оңтүстік Қазақстан облысының жұршылығын жолы болған десек те болады. «Оңтүстік Циркте» бізді қандай ғажайыптар күтіп тұр? Бұл сұрақты «Оңтүстік Цирктің» директоры Арман Алиевке қойдық.

 

       Арман Махмұтұлы соңғы кезде әлеуметтік желідегі парақшаңызға қайырлы таң, қайырлы күн, қайырлы түн деп жазылған цирк өмірінен сыр шертетін суреттерді жиі салатын болдыңыз. Мұндағы негізгі мақсатыңыз қандай?

       Цирк әртістерін насихаттау, таныту. Өзіңіз айтқан мәтіндер жазылған цирк әртістерінің фотасын жариялаймын. Нәтиже де жоқ емес. Циркке жиі келіп тұратын балаларымыз бүгінде әртістерді танып қалған. Қойылым барысында олардан «қазір сахнаға кім шығады?» – деп әдейі сұраймыз. «Ержик, Ержик» – деп айғайлап жатады. Ол біздің клоунымыз. Әртісті халық қай кезде бағалайды? Ел арасында танымал болғанда ғана. Кино арқылы өенр иесі тез танылады деген ұғым бар. Бүгінде театрлар әртістерін таныту үшін, киноға түсіруге де жібереді.

       Басшылық қызметке келгеніңізге екі жылға жақындап қалыпты. Циркті өзіңіз ойлаған дәрежеге жеткізе алдыңыз ба?

       Төрт жасар баламен 45 жастағы ересек адамды салыстыруға келмейді ғой. Біздің төрт-ақ жылдық тарихымыз бар. Ұжыммен бірге атқарып жүрген жұмыстарымыз, шығармашылығымыз жемісін беріп жатыр. «Шабыт» ХYIII халықаралық шығармашыл жастар фестивалiнде «Цирк өнерi» номинациясы бойынша Ернұр Оспанов пен Карина Шманьконың бiрлескен шығармашылығы бiрiншi орынды жеңiп алып, лауреат атанды. Ернұр Оспанов кеше ғана облыс әкімі қолынан «Жылдың үздік әртісі» атағын алды. Бұның бәрі біздің тынымсыз еңбегімізге берілген таудай баға.

Біздің әртістеріміздің басым бөлігі ауыл балалары. Алғашқы кезде тәжірибелі мамандарды табу өте қиын болды. Жер-жерлерді аралап өнерлі балаларды іздедік. Өйткені цирк өнері инемен құдық қазғандай іс. Бұл өнердегі үш минуттық қойылым жылдар бойғы еңбектің жемісі. Білесіз бе, көрермен әртіс жасап жатқан көріністің табанды еңбектің жемісі екенін сезінбеуі де мүмкін. Театр басшылары әртістерінің спектаклін рахаттана тамашалап отыратын болса, мен тақымымды қысып отырамын. Бір жыл дайындалған қойылымда әртістердің бірінші шыққаннан-ақ байқаусызда аяғын сындырып алатын жағдайлар да болады. Алда қанша қойылым бар?… Ауруханада аяғы гипсте жатқан адам қалай өнер көрсетеді? Өткенде бір қызымыз байқаусызда аттан құлап қалып зәре-құтым ұшты. Цирктың сыры осында. Тәуекел, қауіп-қатері көп өнер.

Манеждегі бір әртістің өнеріне қосымша 22 адам, техник, ассистент, электрик т.б. қызмет етеді. Сақтандыру белбеуінсіз әуе көріністерін көрсетіп жатқан акробаттарға қызмет көрсетуші топқа бір сәтке де алдануға болмайды. Керісінше болған жағдайда өнер көрсетушінің өміріне қауіп төнері анық. Әртіс ұжымға сеніп әрекет етеді.

Әр қойылым сәтті аяқталып барлық ұжымды аман-есен шығарып салмайынша көңілім көншімейді. Демалыс күндері де жұмысқа келіп аламын. Кейде осы әрекетімнен қызметкерлерден де ұяламын.

       Әрдайым тәртіпті өзімізден бастағанымыз жөн. Басқарып отырған ұжымыңыздың еңбегін көруге баршаны шақырасыз. Өзіңіз басқа театрларға барасыз ба?

       Өте орынды сауал. Жасыратыны жоқ демалыс күні де жұмыс дейміз. Бос уақыт бола қалса туыстардың тойына құтты болсын айтамыз, ауырғанының көңілін сұраймыз, — дегендей уақыт өте береді. Осылай балаларға уақыт бөлмей кететін кездеріміз бар. Өткенде балаларымызбен бірге «Қуыршақ» театрына барып, Оспанхан Əубəкіровтың «Қожа мен спорт» қойылымын тамашаладық. Балаларым әкесі бар екендіктерін сезініп қалды. Әсіресе, кіштентай қызым ерекше қуанды. Содан бері әр жексенбі сайын -қуыршақ театрына барамыз, — дейді. Өзім де отбасыммен бірге ерекше демалып қайттым.

       Бұрындары теларна арқылы цирк бағдарламаларын көрсетіп жататын. Қазір оны көре алмаймыз. Бұл да цирке бес баласын бірдей әкеле алмайтын ата-ана үшін жақсы бір көмек. Осы туралы ойланып көрдіңіздер ме?

       «Қазақстан-Шымкент» теларнасының басшысы Уәли Қыдырмен бұл мәселе туралы келіссөздер жүргізілген. Бұйыртса көгілдір экран арқылы да халықтың көзаймы боламыз деген ойымыз бар.

       Өмірдің ауыртпалығын жастайынан сезінген балаға қамқорлық қажет. Бұл ретте жас баланың өмірге құштарлығын арттыру үшін цирктің орны ерекше. Басшы ретінде қандай қайырымдылық жұмыстарына бастамашы болып жүрмін деп айта аласыз?

       Оң қолың бергенді, сол қолың бермесін, — деген сөз бар. Басқа жақтан өнер көрсетуге келген барлық цирк ұжымдарымен қойылымның алғашқы күнін қайырымдылықтан бастау туралы келісім жасаймыз. «Поп-корм» жеп анасының қасында отырған бала мен балалар үйінен келіп циркті тамашалап отырған баланың көзіндегі қуаныш екі бөлек. Осындай сәтте көзіме жас алып, көңілім босап қалады. Көңілі жарым балаларға осыншама қуаныш сыйлауға себепші болғанымызға Аллаға шүкіршілік айтамын. Араларындағы пысық балалар, маған келіп аға Сізге рақмет, — деп айтып жататыны да кездеседі. Аз қамтылған отбасы балаларының, диспансерлік есепте тұратын және балалар үйінің тәрбиеленушілерінің тізімін жасап қойғанбыз. Оларға қайта-қайта өтініш жазғызбай-ақ, өзіміз кезекпен шақыртып отырамыз.

       Цирктің алдында ғажайып қиял әлемі басталуы қажет сияқты. Бұл ретте Астана циркінің алаңы керемет екенін көріп жүрміз. Елордамен иық тіресу оңай болмағанымен ұмтылыс қандай?

       Бұлда біздің ұжымның арманы болып отыр. Иә, цирк алыстан мерекелік көңіл-күй сыйлауы керек. Қазір су бұрқағымыз бар. Күз айындағы «Судағы цирк» қойылымының ашылу салтанатында көрермендерге есік алдынан жақсы көңіл-күй сыйлау үшін оркестр ойнаттық. Қазір суық кезде олай жасай алмаймыз. Темір аспапты үрлеп тұру оңай емес қой. Цирк алаңын ғажайып әлемге айналдыру жоспарымыз бар. Ол жағы қаржыға келіп тіреледі. Бұйыртса әкімге ұсынуды жоспарлап отырмыз.

       Қазақ циркінің болашағын қалай елестетесіз?

       Жарқын деп есептеймін. Оның жарқын, өзіндік өрнегі, ұлттық бояуы барын әлемге таныту тек біздің ғана емес еліміздегі үш цирктің де күн тәртібіндегі басты жоспары. Ұлттық әуендермен сахналанған қойылымдарымызды әлемге дөңгелетіп жіберу жолында жұмыс істеп жатырмыз.

       Ұжымды басқарудағы ұстанымыңыз?

       Ешқашан дауыс көтермеймін. Ұялтып жұмыс істегенді жақсы көремін. Бізде ұжымдық татулық, бірлік бар. Жұмыстың қиыншылығынан қашпай, нәтиежеге жету жолында істеп жатырмыз. Осындай ұжымым барлығына шүкіршілік айтамын.

       Халықты циркке қалай шақырасыз?

       Бейбіт ашық аспан астындағы Тәуелсіз қазақ елін сәбилердің күлкісінен, аналардың мейірімінен айырмасын. Жаңа жылда отбасыңызбен циркке келіп шаттаныңыздар. О, цирк – сен өмірсің, — деймін.

 

 

Сұхбаттан кейін

 

Біз циркке барған күні бағдарлама бойынша кезекті қойылым өтіп жатты.

Сұхбаттан кейін жаңа жылдық қойылымды тамашалап оқушылар мен цирк әртістерін әңгімеге тартқан едік.

 

Көше биін билеп жүр едім…

 

Ернұр Оспанов,

Цирк әртісі

       Ернұр, табанды еңбегіңізге берілген «Жыл әртісі» атағы құтты болсын. Цирк әртісі боламын деген адамның бойында қандай қасиет болуы керек?

       Өміріңе қауіпті болса да, жасаған қауіпті қимылдарыңнан жаның рахат алатын адам болуың керек. Биікке көтеріліп түсіп жатқанымда халық демін ішіне тартып таңданыс білдіргенде мен өзімді керемет сезінемін. Цирк әртісі боламын деген ойым болмады. Бұрын көше биін билеп жүрген жігіт болатынмын. Кейіннен циркке шақырту алдым.

 

Иттерім қазақшаны түсініп қалды

Жанат Калметова,

Цирк әртісі

       Қазақ қыздарының жан-жануарларды үйретумен айналысатыны некен саяқ. Есеп білетін ақылды иттерді қалай үйреттіңіз?

       Жас кезімде Сарығаш ауданында халықтық цирк болатын. Алғашында сонда өнер көрсетіп жүріп, 12-17 жас шамасында Ресейдің бірнеше қалаларында, Индияда болып Юрий Никулинмен бір манежде өнер көрсету бақытына ие болдым. 18 жасқа келгенімде анама Ресейге барып цирк өнері бойынша оқимын , — дегенімде «біздің қазақтың қызына тән мамандық емес,» — деп мені педагогикалық институтқа түсірді. Бірақ, ол мамандықпен жұмыс істемедім. 2012 жылы Шымкентте цирк ашылғанда ерекше қуандым. Алғашында ассистент болып, кейіннен мені цирк әртісі қызметіне ауыстырды. Қуандым да, ұялдым да. Ұялғаным жасым қырыққа келіп қалған.Қуанғаным сүйікті ісіммен айналысуға мүмкіндік туды. Міне, көріп отырсыз жасым қырыққа келгенде моноциклда өнер көрсетіп, ақылды иттермен балаларды таң қалдырып жүрген жайым бар.

Жануарларды үйрету оңай емес, оларды санауға үйрету үшін өзім де үремін. Менің әрекетімді қайталаса шұжық беріп ынталандырып отырамын. Сонда ғана олар айтқаныңды орындайды.

         Олармен қай тілде сөйлесесіз?

       Мен оларды орыс отбасынан алғанмын. Аттарын Гарри мен Герда деп қойған екен. Өзім оларға орысша, балаларым қазақша сөйлейді. Балаларыма еріп қазір қазақшаны да түсініп қалған. Балалрым Санжар мен Перизатта осы циркта өнер көрсетеді.

 

Неге цирк өнерімен айналыспасқа…

 

Ақмарал Абдуалиева, оқушы

       Қазір ғана жаңа жылдық қойылымды оқушылармен бірге тамашалап шықтың. Көңіл күйің қалай?

       Циркке келгеніме қуанып тұрмын. Мақсатымды айқындадым. Өзім қатарлы балалар манежде өнер көрсетіп жүр.Соларға қарап: «Неге мағанда осы өнермен айналыспасқа» деген ой түйдім.

 

Дайындаған,

Әлия Ахметова

Яндекс.Метрика