7 мамыр – әр отбасынан бастап мемлекет бойынша ер адамдарға айрықша құрмет көрсетіліп, олардың батылдығы мен ерлігі айтылатын күн. Сондай-ақ, бұл күні Екінші Дүниежүзілік соғыс ардагерлері мен тылда еңбек еткен қарттарымызға құрмет көрсетіледі.
1991 жылы 25 қазанда Қазақстан Президентінің Жарлығымен Қазақ КСР-ң мемлекеттік қорғаныс комитеті құрылды. 1992 жылдың 7 мамырында тәуелсіз елдің заңдық құқықтарының негіздеріне және тәуелсіз мемлекеттер достығына қатысушы мемлекеттер арасындағы қол жеткен келісімдерге байланысты ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығы шықты. Аталған Жарлыққа сәйкес, Қазақстан аумағында орналасқан Қарулы Күштер өздерінің мүліктерімен қоса, республиканың қарауына өтті.
Қарулы Күштерді басқаруды жоғарғы Бас Қолбасшы ретінде мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өз мойнына алды. Ал алғашқы Қорғаныс министрі болып генерал-полковник С.Нұрмағанбетов тағайындалды.
7 мамырда Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің құрылғандықтан, бұл күн «7 мамыр – Отан қорғаушылар күні» деп жарияланды. Бүгін Әл-Фараби алаңында 7 мамыр — Отан қорғаушылар күніне орай, «Ел қорғаны — ел қорғаған батырлар» атты мерекелік концерт өтті.
Мерекелік кеште Шымкент мәдениет үйінің өнерпаздары, 35748 Әскери бөлімінің «Барлау» ротасы, 6506 әскери бөлімінің оркестрі, опера және балет театры, Сабыр Рахымов атындағы «Жас ұлан» мектебінің өнерпаздары, мектеп оқушылары қатысып, өнерлерін көрсетті. Патриоттық әндер шырқалып, жиналған көпшілікке көтеріңкі рух сыйлады. Сонымен қатар, алаңға жиналғандар Шымкент Әскери гарнизонының әскери техникаларының көрмесін тамашалады.
— Бұл мереке жалпыхалықтық мереке деуге болады. Еліміздің тыныштығы мен бейбіт өмірінің күзетінде тұрған әскери қызметкерлер мен сарбаздардың Отан қорғаудағы үлесі орасан зор екені айтпаса да түсінікті. Шымкентте қазір барлық деңгейдегі әскери ардагерлер «Ауған соғысы», «Тәжік-Ауған қақтығысы», «Таулы Қарабах», «Чернобль апаты», «Семей- сынақ» полигонына қатысқан ардагерлер, Желтоқсан қатысушылары және еліміздің Қарулы күштері мен шекара қызметінің ардагерлері бір қоғамдық бірлестікке жұмылып, жастарды Отанын қорғауға үгіттейтін, насихаттық іс-шараларды бірлесе атқарып келеміз. Олай болса, Ұлы даламыздың шебі бүтін, шекарасы берік болғай, — дейді отставкадағы полковник Серікбай Оңбаев.
Қызмет ақпарат
2000 символ
Leave a Reply