ТҮРКИЯ ҮШІН ТУРИЗМНІҢ ОРНЫ БӨЛЕК

Туризм саласын дамытуда Түркия әлем бойынша жетекші орында. Ел экономикасынан түсетін басты кірістердің бірі туризм саласына тиесілі.

Бұл туралы Алматыда қазақ журналистермен кездескен Түркия Мәдениет және туризм министрлігінің Орталық Азия мен Кавказ аймағындағы кеңесшісі Алпарслан Акынджы мырза мәлімдеді: “2022 жылғы деректерге сәйкес, былтыр Түркияға келген туристер саны 51,4 миллионнан асты. Бұл індет басталмай тұрғанда (2019 жылы) рекорд болған 51,8 миллионның 99 пайызына тең. Осылайша, туризм саласы бойынша Түркия әлем бойынша 3-орын алды.

2022 жылы Түркияның туризм кірісі 2019 жылмен салыстырғанда 19 пайызға артып, рекордтық көрсеткішке жетті. Бұл 46,3 миллиард долларға тең. Болашақта 90 миллион турист әкеліп, кірісіміз 2028 жылға қарай 100 миллиард долларға жетеді”.


Алпарслан Акынджы мырзаның пікірінше, Ұлы Жібек жолын дамыта отырып, Түркиядан Қазақстанға туристер тарту да өте маңызды. Осылайша, Қазақ елінің ішкі туризмін дамытуға мүмкіндік туады: “Туризм саласы туралы мәселе көтерілгенде мамандар дайындауға көңіл бөлінуі тиіс. Жоғары оқу орындарында туристерге қызмет көрсететін салаларда маман тапшылығы пайда болуы мүмкін. Логистиканы дамыту назардан тыс қалмауы тиіс”.

Түркия отандық туризмді дамытуда маркетингке назар аударады. Ол – Жаһандық тұрақты туризм кеңесімен (GSTC) үкімет деңгейінде ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған әлемдегі алғашқы ел. Нәтижесінде 2030 жылдың соңына дейін 3 қадамдық жоспарды бекітеді және түріктер елінде 100 пайыз тұрақты туризм экожүйесі қалыптасады. Брендинг және жаһандық таныту іс-шаралары жылдан-жылға артып, 2028 жылдың соңына қарай туризмге қатысты 9 бағыт пен 20 өнім қосалқы бренді пайда болады. Осы мақсатта 2028 жылға қарай маркетингтік коммуникациялар бюджеті 225 миллион долларға теңгерілмек.

Алпарслан Акынджы мырзаның айтуынша, Түркия туризмді насихаттау іс-шараларында кейбір нақты салаларға назар аударады. Велосипед туризміне ерекше назар аудара отырып, сенім, гастрономия және спорт туризмі дамытылады. Түркия үшін денсаулық туризмі де өте маңызды. Сонымен қатар жыл он екі ай түріктердің 81 қаласына туристердің үзілмеуін қамтамасыз етуді қарастырады. Археологиялық жәдігерлер сақталған аймақтарға тартымды бағыттар ұсына отырып, әлемдегі ең көне неолит орны саналатын Таш Тепелер аймағындағы археологиялық қазба жұмыстарын жалғастырады. Сиде-Анталия, Гөреме-Кападокия, Измирдегі Пергамон және Аслепион жерлерінде, Ликия жолында жаңа археологиялық саябақтарды ашады.

Нәзия Жоямергенқызы.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика