Жұмыс барысымен Түркияға сапар шектік. Нешеме ғасырлар бұрын бір атадан өрбіп, бір қағанат құрамында болған түбі бір түркі халқының ұрпағы – қазақтар мен түріктердің бауырластығы, тонның ішкі бауындай ынтымақтастығы аңызға айналған. Түркиялықтар Қазақстанды түркі жұртының қарашаңырағы ретінде ерекше қадірлейді.
Тарихтың небір сырларын ішіне бүккен Ыстанбұл қаласы бізді айрықша ықыласпен қарсы алды. «Жүз рет естігенше, бір көрген артық», деген сөз бекер айтылмаған-ау. Жыл сайын әлем саяхатшыларының 46 пайызын қабылдайтын алып шаһар аспанмен астасқан зәулім ғимараттарымен, топырағын түрте қалсаң төгіле сыр шертетін тарихи орындарымен бізді таңқалдырды, баурап алды. Бұл саяхаттың негізгі мақсаты – әсем шаһардың көрікті жерлерін аралап, тарихына қанығу. Біз табан тіреген алғашқы нысан – Сұлтанахмет ғибадат үйі. Оны жергілікті тұрғындар көк мешіт деп атайды екен.
Түркияның символына айналған, әлемдік сәулет өнеріндегі ғажайып туындылардың бірі ЮНЕСКО-ның мұралар қорына енгізіліпті. Біз алып ғимаратты аралап қана қоймай оның салыну тарихына терең бойлауға тырыстық.
Көк мешіт 1616 жылы Византия королі өмір сүрген қамалдың орнына салынған, оның құрылысы жеті жыл бойы жүргізілген деседі. Төбесіне, қабырғаларына ойылып кестеленген әшекейлердің түсіне байланысты жергілікті халық «көк мешіт» деген тіркесті жиі қолданатын көрінеді. Алып нысанның 260 терезесі бар. Осы терезелерден түскен күн сәулесімен мешіттің іші самаладай жарқырап тұрады. Алты мұнарасы алыстан менмұндалайды, ерекше элементтерінің бірі – михраб, мінәжат ететін бұл орын мәрмәрдан соғылған. Михрабқа Меккеден әкелінген қара тас қойылған. Жалпы мұнда бір уақытта 35 мың адам дұға ете алады. 17 ғасырда пайдалануға берілген мешіт қанша жыл өтсе де сынын бермей, сол күйінде сақталған.
Туристер ең көп баратын екінші тарихи ескерткіш – Айя София мешіті. Өз басым бұл имандылық ордасына аяқ басқанда ерекше әсерге бөлендім. Азия мен Еуропаның тоғысқан жерінде орналасқан бұл нысан тарихқа бай. Рим императоры Константин І іргесін қалаған ғибадатхана бірнеше рет өртелген. Кейін Юстиниан І христиандардың соборын қайта салғызады. 1453 жылы Осман империясы Константинопольды жаулап алған соң София соборы мешітке айналған. Ғимаратқа 4 мұнара салынып, 1931 жылға дейін 500 жыл мешіт ретінде жұмыс істеді. Кейін оның есігі төрт жыл бойы жабық тұрыпты. 1935 жылы Мұстафа Кемал Ататүріктің шешімімен музейге айналады. 1985 жылы ЮНЕСКО-ның әлемдік мұралары тізіміне енген. Тек 2020 жылы ғана оған мешіт мәртебесі қайтарылған екен. «Түркия Республикасының Президенті Реджеп Тайып Ердоған 2020 жылдың 10 шілдесі күні Айя Софияның қайта мешіт болуы туралы жарлыққа қол қойып, тура екі аптадан кейін, яғни 24 шілдеде Айя Софияда алғашқы жұма намазы оқылды. Біз мұны тарихи сәт деп бағалаймыз», – дейді біз тілдескен жегілікті тұрғынның бірі.
Түркия – теңізге бай мемлекет. Солтүстігіндегі – Қара теңіз бен Мәрмәр теңізіне, батысында орналасқан – Эгей теңізіне, ал оңтүстігіндегі Жерорта теңізіне қарап Алла тағаланың бұл мемлекетті тіршілік көзінен тарықтырмағанын аңғаруға болады. Түркиялықтар да табиғат тамашасын сый ретінде қабылдап, оларды мол несібенің көзіне айналдырып отыр. Жергілікті тұрғындардың дені теңіз жағасында демалуды қалайтын туристердің есебінен табысқа кенелуде.
Біз Мәрмәрдің балдай суына шомылып, терең тыныстадық. Мәрмәр теңізінің атауы ақ мәрмәр өндірілген аралға байланысты пайда болған. Бір ерекшелігі – оның суы жыдың төрт мезгілінде де қатпайды. Бұл теңіз арқылы Қара теңізден Жерорта теңізіне өте маңызды су жолдары өтеді, ал жағалауында Ыстамбұл және Ізмір қалалары және көптеген демалыс орындары орын тепкен.
Біз Ыстанбұлдың көрікті орындарын аралағаннан кейін Тараклыға (Tarakli) ат басын бұрдық. Ол – Түркияның Сакарья қаласында орналасқан ерекше қалашық. Оның басқа елді мекендерден өзгешелігі – тарихында. 13 ғасырда түрік-селжуктер осы жерді басып алғаннан кейін әсем табиғатына қызығып, қоныстанып қалған екен. Мұнда Харк каньоны мен үңгірі (Hark Kanyonu ve Mağarası), Гюнгормез сарқырамасы (Güngörmez Şelalaesi), Кемер көпірі (Kemer Köprüsü), Гюрлейк (Gürleyik Deresi) және Аджису өзендері (Acısu Deresi), сондай-ақ Хамзапынар (Hamzapınar Yaylası) және Беленгермеси үстірті (Belengermezi Yaylası) орналасқан. Шетелдік туристер Осман кезеңіне жататын сәулет өнерімен, тарихи құрылыстармен, қолөнермен таныса алады.
Өйткені тұрғындар негізінен қасық және тарақ жасайды, Тараклы атауы да осыдан пайда болған. Тоғыз жолдың торабында жатқан тарихқа бай елді мекен өте жақсы сақталған. Мұнда 100-ден астам нысан мәдени құндылық ретінде тіркелген.
Тараклыдағы ең үлкен ғимарат – 1517 жылы салынған Юнус-паша мешіті. Оны Осман империясының танымал сәулетшісі Мимар Синан тұрғызған екен. Сол кездің өзінде ғимараттың өзгеше жылыту жүйесі болған.
Сакарьяның қалың орманының арасында орналасқан, жасыл желекке малынған шағын ғана қалашықтың тағы бір ерекшелігі, жергілікті тұрғындардың айтуынша, қыс мұнда ерте, қараша айында түседі де наурызға дейін созылады, алайда басқа провинцияларға қарағанда қар тез еріп, сәуірде көктем келеді.
Түріктер үшін Платан ағашының орны бөлек. Ол жайында әдемі аңыз да бар. Оны бізге жол көрсетіп жүрген гид Беркан Ташан айтып берді:
«Осман түсінде жүрегінде үлкен платан ағашының өсіп шыққанын көреді. Оны айналасындағы діндарлар жақсылыққа жорып, жақында үлкен империяға иелік ететінін және оны ұзақ уақыт бойы басқаратынын айтады. Айтқанындай, түрік сұлтандары Осман империясын 600 жыл бойы басқарған екен. Ал қай жерді басып алады, сол жерге осы платан ағашын отырғызған. Сондықтан платан – Осман империясының басты символы. Бұл ағаш ұзақ уақыт өседі, мысалы, осы Тараклыда 700 жылдық платан ағашы өсіп тұр», – дейді ол.
Тараклы елді мекені ЮНЕСКО-ның әлемдік мұралары тізіміне алынған. Сондай-ақ 5 жыл бұрын Түркиядағы ең үздік елді мекен атағын жеңіп алған. Оны жергілікті тұрғындар «тыныш қала» деп атап кеткен.
«Түркітілдес журналистер қоры» мұндай сапарларды жиі ұйымдастырады. Бұл жолы ондағы мамандардың таңдауы өңірлердегі журналистерге түскені қуантты. Біз бұл шарадан ұмытылмас әсер алып қайттық. Түркия әуежайынан Қазақстанға ұшарда алып шаһар – Ыстанбұлдың жауһарлары жарқ-жұрқ етіп менмұндалай көрінді. Біз бұл әдемі сәтті Түркияның атажұртқа оттан да ыстық сәлемі деп қабылдадық.
Ерлан ТОҚШЫЛЫҚ, Орал ӘМРЕНОВ.
Leave a Reply