Шымкентте «Достық үйі» ғимаратында Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің қатысуымен «Ел анасы» тақырыбындағы ғылыми-тәжірибелік семинар өтті. Алқалы жиынға қалалық мәслихаттың депутаттары, арнаулы әлеуметтік қызметкерлер мен жас аналар қатысты. Семинарға қатысқан қоғам белсенділері әйелдердің ел экономикасына қосып жатқан үлесі мен ұрпақ тәрбиелеудегі жетістіктерін насихаттап, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелерін көтерді. «Ел анасы» деген өте іргелі атау. Отбасының немесе көп баланың анасы болуы мүмкін. Ал Ел анасы атану – жауапершілігі мол. Ұлтымыздың бойындағы бар жақсыны – тілін, әдет-ғұрпын, салт-санасын, ұлттық дәстүрін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші – ана. Отбасы – қоғамдағы маңызды институттардың бірі. Дегенмен, еліміздегі статистикалық деректерге көз жүгіртсек ажырасқан отбасылар санының артуы қоғамды ойландырып отыр. 2022 жылы елімізде 18 мыңға жуық отбасының шаңырағы шайқалып, некесі бұзылған.
– Қазақстанда неке құрған әрбір үшінші отбасы ажырасады екен. Бұл бізді ойландыруы қажет. Жастарға көмек беру, керек кезде қолдау, демеу сынды жауапкершілікті жұмыла атқаруымыз тиіс. Одан бөлек, қоғамдағы нашақорлық, маскүнемдік, құмар ойнаушылық, жұмыссыздық секілді дерттер аз болмай тұр. Осы жағдайларға барынша ден қойып, әр қоғам мүшесі лайықты атсалысса, отбасы институтын қайта тұғырына қондыра аламыз, – дейді Шымкент қалалық ҚХА Аналар кеңесінің төрайымы Балқия Көмекбаева. Өз кезегінде Балқия Әбдіманапқызы отбасының ойрандалуына құмар ойындарына құрбан болудың да тигізген зардабы көп екенін жеткізді. Қолда бар деректерге сүйенсек, елімізде лудоманияға шалдыққан 350 мыңнан астам адам бар. Бұл ресми ақпарат. Алайда, депутаттар құмар ойынына кіріп кеткендер миллионнан асып жығылады деп дабыл қағуда.
– Құмар ойындары – бүгінде барлық адамға қолжетімді. Яғни, телефоны бар кез-келген адам онлайн құмар ойынның құрбаны болуы әбден ықтимал. Олар ақша тауып, ойынға салу үшін қылмысқа барудан тайынбайды. Мәселен, былтыр тіркелген 157 мыңнан астам қылмыстың 20 пайызы құмар ойынына қатысты екен. Аталған деректер өте қорқынышты. Өз кезегінде әрбір ата-ана, әйел ұл-қызының, күйеуінің немен айналысып жүргенін біліп, қажет болса айналасынан көмек сұрауы керек. Олай болмаған жағдайда құмар ойынның түбінен от шығатынын ұмытпайық. Дәл осындай келелі ойды өз саласында үлкен жетістікке жеткен қалалық мәслихаттың депутаты, кәсіпкер Төреайым Сұлтанова, мәдениет саласында елге танылған, қалалық мәслихаттың депутаты, ҚР Мәдениет қайраткері Уралхан Сейілбекова да айтты. Сонымен қатар, «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ» тақырыбында жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының «№ 3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін орталығы» КММ-нің психолог маманы Наргиза Мұхамова сөз сөйлеп, орталықтың қызметімен таныстырды.
– Дана халқымызда «Тәрбие тал бесіктен басталады» деген сөз бар. Тұрмыстық зорлық-зомбылықта зардап шегетін алдымен әйелдер мен жас балалар. Бұдан ұрпақ тәрбиесі бұзылады. Сондықтан зорлық-зомбылық елді тоқырауға апарады. Қазір заң тұрғысында да өзгерістер бар. Әйелге қол жұмсағанын растайтын құжат болса, әкімшілік жазаға тартумен қатар 15 күнге абақтыға жабу да қаралған. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, себептерін анықтап, салдарымен күресу мақсатында біздің орталық құрылған. Орталық қиын жағдайда жүрген адамдарға оңалту бағытында қызметтер көрсетеді, – дейді Наргиза Мұхтарқызы. Жиынға орталықта қызмет алып жүрген бірнеше ана келіп қатысты. Кішкентай балаларын көтеріп жүрген жас аналармен сөйлескенімізде жауапсыз және есірткіге құмар күйеуден қашқанын айтады. Жалпы орталыққа көбіне жұмыссыздық, жалпы психологиялық тұрақсыздық, отбасындағы материалдық деңгейдің төмендігі, маскүнемдік мәселесімен көп келеді. Отбасындағы жанжалдар балалардың психологиясына кері әсерін тигізбей қоймайды. Екеуара кикілжіңнің өзі бір отбасындағы 4-5 баланың күйзелісіне әкеліп соғады. Тіпті бүгінде қаламызда дағдарыс жағдайында тұрған отбасыларға психологиялық, құқықтық көмек көрсететін және бағдар беретін әлеуметтік орталықтардың белсенділігі артқан. Бір ғана «Бақытты жанұя» орталығына 2022 жылы 28 мыңнан аса отбасы қызмет алыпты. Бір күнде орталықтың қызметіне 750-ге жуық азамат жүгінеді екен. Жиын соңында өз жұмыстарында белсенділік танытқан «Аналар кеңесінің» бірқатар мүшелері марапатталды. Айта кетейік, Шымкент қаласы ҚХА жанындағы Аналар кеңесі – отбасы және ана институттарын нығайту арқылы қоғамдық келісім мен ел бірлігін қамтамасыз етудегі Қазақстан халқы Ассамблеясы мақсаттарын іске асыруға жәрдемдесу және отбасылық құндылықтарды дәріптеу мақсатында қоғамдық жұмыстар атқарады. Бүгінде Шымкентте 13 Аналар кеңесі бар. Бұл кеңестерге 107 ана мүше.
Қызмет ақпарат
2000 символ
Leave a Reply