Балалардың жазғы демалысының екінші айы өтті. Ата-ана үшін «Баламның жазғы демалысын қалай мәнді, мағыналы өткіземін?» деген мәселе әлі өзекті. Өйткені жазғы демалыс – балалардың есінде ерекше сақталатын, олардың бойында жаңа дағдылар қалыптастыратын кезең. Психологтердің айтуынша, демалысты қызықты, тиімді әрі үнемді пайдалану үшін оны алдын ала жоспарлаған дұрыс және жоспар жасағанда баланың ішкі қалауы мен еркіндігіне мүмкіндік беру керек. Осы орайда «Қызмет» сайты «Жазғы демалыс қалай өту керек?» деген сұраққа жауап іздеген болатын. Қазір қаланың өмірі ешкімге таңсық емес. Сондықтан балалар жазғы демалысын мүмкін болса, ауылдағы ата-әжесінің қасында, туыстарының ортасында өткізгені жақсы. Ауылдың шынайы өмірі, тұмса табиғаты, адамдардың емен-жарқын әңгімелесуі, жанашыр қарым-қатынасы бала дүниетанымының қалыптасуына оң әсер етеді. Ауылда демалуға мүмкіндік болмаса, баланы ата-ана өзімен бірге этноауылдарға апарса болады. Шымкенттік оқушылардың жазғы демалысы қызықты өтуде. Каникул мерзімін тиімді өткізу үшін 237 жазғы сауықтыру лагері ұйымдастырылды. Сонымен қатар, маусым айында мектептер жанында ұйымдастырылған «Жасыл қала», “Шығармашылық”, “Спорттық-туристік”, “Интеллектуалдық” бағыттары бойынша іске қосылған лагерлерге 175 000 нан астам оқушы барды. Оның ішінде, білім қоры есебінен қала сыртындағы 15 лагерде 7 241 баланың 85 %-ы демалды. Қалған балалардың демалысын ұйымдастыру тамыз айының 15-не дейін жалғасады. Ата-аналар мен қоғам белсенділері тарапынан арнайы мониторинг тобы құрылып, лагерлердің жай-күйі зерделенді. Шымкент қаласының білім басқармасымен бірлескен іс-шаралар жоспарына сәйкес «Ақсу» лагерінде ауқымды форматта спорттық сайыстар ұйымдастырылды. 100-ден астам бала спорттың волейбол, шахмат, футбол, эстафеталық жүгіру, суға жүзу түрлерінен сайысқа түсті. Жеңімпаздарға дипломдар мен арнайы сыйлықтар табысталды.
Қызмет ақпарат
1688 символ
Leave a Reply