Бүгінде қай аймақты алсақ та, түрлі үйірмелер мен оқу орталықтары көбейген. «Ағылшын тілін үйретеміз», «менталды арифметика», «жылдам оқу курстары» деген сияқты жарнамалардан көз сүрінеді. Бірақ ондай үйірмелердің ақысын төлеуге баланың болашағына алаңдаған ата-ананың бірінің жағдайы келсе, бірінің қалтасы көтермейтін еді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған кезекті Жолдауында «Бұқаралық спортқа, дене тәрбиесіне және балаларға басымдық беру керек. Әр облыста, ірі аудан орталықтарында спорт үйірмелерін ашу қажет. «Балалар үйірмесі» қызметін қайта қалпына келтірген жөн. Онда жастарымыз қолөнердің және шығармашылықтың бастапқы негіздерімен танысар еді. Балалар үшін қатерлі бүгінгідей аумалы-төкпелі заманда олардың күш-жігері мен қызығушылығын дұрыс арнаға бағыттау аса маңызды» деп өскелең ұрпақтың шығармашылық әлеуетіне басты назар аударған болатын. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысының тапсырмасы орындалып, Шымкентте ақысыз жұмыс істейтін үйірмелер көбейді. Себебі, жас буынға қосымша білім беру, жеке тұлға ретінде қалыптастыру, оларға қолдау көрсетіп, қабілетін арттыру бүгінгі күннің басты талабы болып отыр. Осы мақсатта ашылған жаңа Оқушылар сарайына барып, ондағы үйірме жұмыстарымен таныстық. «Өткенге қарап басымызды иеміз, ертеңге қарап білек сыбанамыз» демекші, бүгінгі бала – ертеңгі азамат. Сондықтан орталықтың басты мақсаты – баланың күш-жігері мен мүмкіншіліктерінің ашылуына қолайлы жағдай жасау екен. Жаңа, жарық, заманауи жабдықталған, ерекше дизайндағы ғимаратты сарай атауына лайық десек те болады. Үш қабатты нысанда бала үшін барлық жағдай жасалған. Қазіргі таңда 5 бағытта 53 үйірме жұмысын бастап кетті. Спорт және сауықтыру бағыты бойынша 15 үйірме, таэквондо, шахмат, үстел теннисі, футбол, бассейн, фитнес залы істеп тұр. Көркем және эстетикалық бағытта ағаш өңдеу технологиясы, бейнелеу өнері, қыш өнері, қолөнер үйірмелері, өнер және музыкалық бағыт бойынша домбыра, хореография, фортепиано, жетіген, қылқобыз, вокал, скрипка үйірмелері бар. Гуманитарлық және жастар қозғалысы бағытында журналистика, шешендік өнер, дебат клубы ашылған. Ғылыми техникалық бағыт үйірмелері қаламызда теңдесі жоқ жабдықтармен жабдықталып, баланың ғылым-білімге құштарлығын оятып, бағыттайтын таптырмас орта екен. Ол жерде физика, химия, биотехнология, кипавтоматика, 3Д модельдеу, робототехника, лего құрастыру кабинеттерінің жас ғалымдарға есігі ашық. Орталықта сабақтың басталғанына бір апта да болмапты. Дегенмен әр үйірменің үйретері, балаға берер білімі, тәрбие мен тағылымы бар емес пе, баланың бейіміне қарай бетбұрыс жасағанды жөн көрген тәлімгерлер қателеспепті. Музыкалық аспапты жаңа қолына ұстаған баланың музыканы сезінуі жоғары, талаптары мықты. Сүйсіндік. Осы жерде басшылықтың да маман таңдау ісіне жауапкершілікпен қарағанын байқаймыз. Қыш үйірмесіне де бас сұқтық. Қабырғада орналасқан сөредегі түрлі мүсіндер мен қыш құмыралар көздің жауын алады. Жеңді түріп, саз балшықтан құмыра жасауға кіріскен балалардың арасына кіріп кеткім келді. Бірақ нақышын келтіру оңай емес сияқты. Балалар лай-лай болып, саз балшықтың қызығына кіріп кеткен. Құмыра жасау барысында үйірме жетекшісімен балалардың қызығушылығы, саз балшық терапиясы жайында әңгіме өрбіді.
Қызмет ақпарат
2000 символ
Leave a Reply