Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қолға алынған «Жайлы мектеп» жобасы Шымкентте белсенді жүзеге асырыла бастады. Бұл ұлттық жоба аясында елордада 24 мектеп салынып, білім беру саласының көкжиегін кеңейтпек. Президент бастамасымен елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынғаны белгілі. Оқушының сапалы білім алып, жан-жақты дамуына жағдай жасайтын жоба аясында алдағы үш жылда 401 жаңа мектеп салынбақ. Мұндағы «Жайлы мектеп» қандай мектеп? Оның қазіргі қолданыстағы білім ордаларынан қандай айырмашылығы бар? – Жаңа мектептер 300, 600, 900, 1 200, 1 500, 2 000 немесе 2 500 орындық деп белгіленген жеті түрлі нұсқаның біріне сай салынуы қажет. Олардың әрқайсысында роботтехника кабинеті, бірнеше зертхана, ауданы 88 шаршы метр болатын хореография залы, үш коворкинг алаңы (бастауыш сынып оқушылары, орта сыныптар және мұғалімдер үшін) болуы керек. Сондай-ақ мектептерде бастауыш сыныптары (9х18м) мен орта буын, жоғарғы сынып оқушыларына (36х18м) бөлек спорт залдары болады. Әр сыныпта интерактивті тақта және мұғалімге арналған компьютер қойылады. Жаңа мектептерде ерекше балалар үшін кедергісіз орта құрылуы керек: арнайы пандустар, лифтілер, дәретханалар, инклюзивті білім беру бөлмесі дайындалады. Сонымен қатар интерьер дизайнының бірқатар элементі мен архитектуралық шешімдері ұлттық нақышта жасалуға тиіс. Биыл Шымкентте бірқатар жекеменшік мектептердің құрылысы жүргізілуде. Жаңа білім ошақтары Сайрам, Базарқапқа тұрғын алаптары мен Нұрсат шағынауданында бой көтеруде. Бүгін қала әкімдігі Сайрам тұғын алабындағы «Астана» және Ахмет Байтұрсынов атындағы жалпы орта мектептерінің құрылысын тексерді. «Астана» мектебінің 2 мың орындық білім ғимараты 3 қабаттан тұрады. Мұнда құрылыс наурыз айында басталған. Ал Ахмет Байтұрсынов атындағы жалпы орта мектебі 3 мың орынға лайықталған. 3 қабатты ғимарат заманауи үлгіде бой көтеруде. Екі нысанда да қазір ішкі, сыртқы әрлеу жұмыстары атқарылып, аулалары абаттандырылуда. Орындалған жұмыстардың көлемі 90- 95%. Озық үлгіде салынған білім ошақтары қыркүйекте оқушыларға есіктерін айқара ашатын болады. Жеке мектептер бала саны жыл санап артып келе жатқан елдімекендердегі мектептердің жүктемесін азайтып, білім сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Шымкент әкімдігі жауаптыларға құрылыс барысында ең алдымен оқушылар қауіпсіздігін қамтып, өскелең ұрпақтың жайлы жағдайда білім алуына қажетті шаралардың барлығын ескеру бойынша бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.
Қызмет ақпарат
2000 символ
Leave a Reply