Президенттің осы пәрмендері кәсіпкерлер қауымы көптен күткен реформалар десек артық айтқандық бола қоймас. Шыны сол, қағазбастылық пен мемлекеттік сатып алудың ескі жүйесі кәсіпкерлерді әбден шаршатты. Жүйкесін тоздырды. Сол сияқты көптеген жобалардың кейбір кәсіпкерлер мен шенеуніктердің майшелпегіне айналғаны өтірік емес. Мемлекет басшысының «Біз салық түсімін өңірлердің өзіне бере бастадық. Бұл жұмысты жалғастыру қажет» дегені де көкейге қонымды шешім. «Жаңа экономикалық саясат» деген бірінші бағдарға шолуымыз осымен тәмам. Енді Жолдаудың «Нақты секторды дамыту» деген екінші бағдарына ауысай-ық. Мұндағы басты шешімдер: «Кәсіпкерлерге жер телімдерін ашық әрі жедел бөлудің тиімді тәсілдері айқындалуға тиіс. Оны жыл соңына дейін әзірлеу керек. Әрбір аймақ пен елдімекенде бос жатқан немесе мақсатына сай игерілмеген жердің бар-жоғын анықтау қажет», «Қазақстан қазіргі геосаяси жағдайда Азия-Еуропа арасындағы аса маңызды құрлық дәлізі болып отыр. Біз бұл мүмкіндікті толық пайдаланып, әлемдік маңызы бар көлік-тасымал торабына айналуымыз керек… «Қазақстан теміржолы» компаниясы толыққанды транзиттік-логистикалық корпорация болып қайта құрылады», «Ашығын айтуымыз керек, Үкіметтің жұмысында қайта-қайта олқылықтар болып жатыр. Біресе жанар-жағармай, біресе шекер жетіспейді. Осының бәрі Үкіметтің нақты шешім қабылдауға келгенде өте баяу қимылдап, батыл қадам жасай алмауынан болып отыр». Сондықтан Жолдауда көрсетілген ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты нұсқауларға көңіл бөлейік. «Үкімет агроөнеркәсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдерін әзірлеуге тиіс. …Субсидия бөлуге және оның жұмсалуына жүргізілетін бақылауды күшейту керек», «Шаруалардың өзара ұжымдасуы ауыл шаруашылығын дамытуға жол ашып отыр. Ауыл шаруашылық кооперативтерінің егіні екі есе артық өнім берген. Ал, мал басы шамамен 25 пайызға көбейген», «Игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген жер көлемі 10 гектарға жуықтайды. Үкімет пен әкімдіктер келесі жылдың соңына дейін осы жерлерге қатысты нақты шешім қабылдауға тиіс». Осы проблемалардың қай қайсы да өзекті екені айтпасақ та түсінікті. Сол сияқты су саласы жайында: «Ғылыми негіздеме жоқ, мамандар тапшы. Қажетті мамандарды даярлау үшін бұл саладағы іргелі әрі мықты жоғары оқу орнын анықтаған жөн. Су саласын дамытудың үш жылдық жобасын әзірлеу керек». Өте құптарлық шешім деген ойдамын. Осы айтылған шешімдер іске асырылсын деп тілейік. Жолдаудың «Ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция» деген үшінші бағдары денсаулық сақтау, жастарға білім беру, әлеуметтік қорғау салаларына арналған. «Ұлт саулығы жақсы болса ғана қоғам орнықты дамиды. Денсаулық сақтау саласында біраз реформа жүргізілді. Дегенмен, оның жағдайы әлі де мәз емес», — дей келе мемлекет басшысы: «Бүгінде медициналық көмек мемлекет кепілдік берген және сақтандыру пакеті деп екіге бөлінген. Ашығын айтсақ, мұндай жүйенің тиімділігі төмен» деп ескертеді. Білім беру саласы жайында: «Өз ісіне адал ұстаздар білім беру саласының дамуына зор үлес қосады. Сондықтан, балабақшаны емес, тәрбиешіні аттестациялау қажет. …Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады» дейді.
Қызмет ақпарат
2000 символ
Leave a Reply