Болашақ маман атанғысы келетін студенттерге білім беріп қана қоймай, олардың тәрбиесі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жайлы орта қалыптастыру университет назарынан әркез тыс қалған емес. Кеше осы мақсатта білім ұясының табалдырығын имене аттаған бірінші курс студенттерімен кездесіп, түсінік жұмыстарын жүргіздік. Студенттерге оқу, тәрбие, ғылым жөніндегі проректорларды, басқа да тікелей жауапты мамандарды жақыннан таныстырып, қандай да мәселесі болса тікелей жолығып, шешімін табуға көмектесетінін түсіндірдім. Университетіміз еліміз бойынша білімгерлерді жүз пайыз жатақханамен қамтамасыз етіп отырған оқу орны. Қазіргі таңда бос орындар әлі де жастарды күтуде. Жатақ жағдайы қинап жүрген жастарға бұл мүмкіндіктің де бар екенін жеткіздік. Бүгінде оқу орнымызда «Қазына», «Шаңырақ», «Тұмар» ғимараттары жұмыс істеп тұр. Бұл өз кезегінде студенттердің мейлінше еркін, өздерін қолайлы сезінуге жасалған жағдай. Біздің мақсатымыз — оқу-тәрбие процесімен қатар, жастарға жайлы университет жасау болып табылады. Еркін форматта өткен кездесу соңы ашық микрофонға ұласты. Студенттерді мазалап жүрген мәселелеріне қатысты сұрақтарына жауап бердім. Ашық кездесу оқу жылы бойы жалғасын табатын болады. Университетіміз болашақ жас мамандарды даярлап қана қоймай, қоғам алдындағы жауапкершілігін де әркез сезініп келеді. Оқу жылының басында арнайы комиссия шешімімен кейбір университеттерде ішкі гранттар тағайындалады. Үміткердің отбасы жағдайы, үлгерім көрсеткіші және университеттің қаржылық мүмкіндігі қаралады. Бүгін біз де ұжымдық жиында ректор грантының иегерлерін құттықтап, сертификат табыс еттік. Ректор грантын ҰБТ-да тиісті балл деңгейіне жете алмаған алтын белгі түлектері иеленді. Грант ғылыми кеңестің шешімімен тағайындалды. Биылғы ректор грантының иелері — Гусейнова Камила (алтын белгі иегері (114 балл)В007 – Көркем еңбек және сызу мұғалімдерін даярлау білім беру бағдарламасының білімгері), Торланова Шұғыла (Алтын белгі иегері (101 балл) В018 – Шет тілі мұғалімдерін даярлау білім беру бағдарламасының білімгері) және Орынбаева Ардақ (В018 – Шет тілі мұғалімдерін даярлау білім беру бағдарламасының білімгері. Сондай-ақ, университетімізде ұзақ жылдан бері декен қызметін атқарған Эльмира Оразбаева да жемісті еңбегі үшін алғыс хатпен марапатталды. Құттықтауға грант иегерлерінің ата-аналары да қатысып, өздерінің ризалығын жеткізді.
Қызмет ақпарат
2000 символ
Leave a Reply