«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры жаңа оқу жылына «Қазақстан халқына» білім беру гранттары» қайырымдылық бағдарламасы аясында 818 білім беру грантын тағайындады.
Осыған орай, еліміздегі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі оқу ұйымдарында (ЖЖОКБҰ) күндізгі оқу бакалавриатының талапкерлері грант иегері атанды. Бағдарлама халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан талапкерлер үшін 2022-2023 оқу жылынан бастап іске асырылуда және жоғары білімнің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Конкурс ауылдық жерлердегі, шағын және моноқалалардан аз қамтылған отбасылардан; жетім немесе кәмелетке толғанға дейін ата-анасының қамқорлығынсыз қалған; мүгедектігі бар және мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан талапкерлер, сондай-ақ 2022 жылғы қаңтардағы қайғылы оқиғалар кезінде қаза тапқан ҚР азаматтарының балалары мен жараланған балалар; ТЖ кезінде зардап шеккен, қайтыс болған ҚР азаматтарының балаларына қарастырылған. Сондай-ақ, талапкерлердің ағымдағы жылғы ҰБТ нәтижелері бойынша оқуға түсу үшін (оның ішінде шығармашылық емтихандарды ескере отырып) тиісті балы болуы тиіс.
Грант бойынша құжаттарды қабылдау 2023 жылғы 10-19 тамыз аралығында жүзеге асырылды. Бағдарламаға барлығы 84 ұлттық, мемлекеттік және жекеменшік жоғары оқу орындары қатысты. Үміткердің бағдарлама критерийлеріне сәйкестігіне талапкерлерді іріктеуді және Қордың білім беру гранттарын ұсынуды ЖЖОКБҰ конкурстық комиссиялары жүргізді.
Білім беру грантының иегерлеріне оқу жылына 1 миллион теңгеге дейін оқу ақысы төленеді. Сондай-ақ 40 000 теңге көлемінде стипендия көзделген. Білім беру гранттары бүкіл оқу кезеңіне беріледі. Стипендия жазғы демалыс кезеңін қоспағанда, 10 ай ішінде (жыл сайын) төленеді. Гранттың артықшылықтарының бірі – «пысықтау» бойынша талаптың болмауы.
Білім беру гранттары талапкерлерге Бағдарламаның келесі критерийлері бойынша берілді:
- ауылдық жерлердегі, шағын және моноқалалардағы аз қамтылған отбасылардан — 197 талапкер немесе 24,1%;
- жетім балалар немесе кәмелетке толғанға дейін ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар -177 талапкер немесе 21,6%;
- мүгедектігі бар — 181 талапкер немесе 22,1%;
- мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан — 261 талапкер немесе 31,8%;
- 2022 жылғы қайғылы қаңтар оқиғалары кезінде Қазақстан Республикасының қайтыс болған азаматтарының балалары — 2 талапкер;
- 2022 жылғы қаңтардағы қайғылы оқиғалар кезінде жараланған балалар — 1 талапкер.
Гранттардың басым бөлігі келесі мамандықтар бойынша тағайындалған: «мұғалімдерді даярлау» мамандығы бойынша – 130 талапкер, «қазақ/ орыс тілі мен әдебиеті», «шет тілдері» мамандығы бойынша – 67 талапкер, «құқықтану», «құқық», «құқық қорғау қызметі» мамандығы бойынша – 50 талапкерге берілді.
“Қазақстан халқына” Қоғамдық қорының Жаңартылған стипендиялық бағдаламасы бойынша конкурсқа Ө.Жəнібеков атындағы ОҚПУ барлығы 42 талапкердің құжатын тапсырған болатын. Соның ішінен 31 талапкер “Қазақстан халқына” Қоғамдық қорының грант иегері атанды!
Университетіміздің жеңімпаздарына жаңа оқу жылында теңіздей терең білім иесі атануды тілейміз!
Қызмет ақпарат
2000 символ
Leave a Reply