Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы жылғы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында тау-кен саласына қатысты кейбір жайттарға көңіл бөлгені көптің көңілінен шықты деп ойлаймын. Жолдауда Президент тау-кен саласын түбегейлі жаңғырту қажеттігіне тоқталды. «Тау-кен саласын басқару жүйесін жуық арада жаңғырту қажет. Көптеген елде бұл саланы негізінен жеке компаниялар алға сүйрейді. Сондықтан ірі көлемде жеке инвестицияларды тарту осы саланың әлеуетін ашуға барынша көмектеседі. Ол үшін салық және реттеу шарттары өзгеріске икемді болуы керек. Өз қаржысына геологиялық зерттеу жүргізген инвестордың жер қойнауын пайдалану кезінде басым құқыққа ие болуын қамтамасыз еткен жөн. Жобаларды келісуге қажетті рәсімдер мен оның мерзімін кешенді мемлекеттік сараптама жасау және толық цифрландыру тәсілін енгізу арқылы екі есе азайту керек. Қазір еліміздің 1,5 миллион шаршы шақырым аумағына геологиялық және геофизикалық барлау жасалған. Үкіметтің міндеті – 2026 жылға қарай оның көлемін кемінде 2 миллион 200 мыңға жеткізу», – деді Мемлекет басшысы. Сонымен қатар, Жолдауда өндіріс нысандарының қоршаған ортаға зиянды әсері тиіп жатқандығын, өндірісте жарақат алудың азаймай отырғандығын, кейбір фактілердің адам өміріне қауіп-қатерінің барын баса айтты. Қазақстанда кен өндіру өнеркәсібі жақсы дамығаны баршаңызға белгілі. Осы сала ұлттық экономиканың өсімін қамтамасыз ететін сенімді табыс көзі болып келеді. Болашақта да солай болуға тиіс. Көптеген металдың әлемдік нарықтағы бағасы бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Соған қарамастан ірі өндіріс орындарына жақын тұратын жұрттың наразылығы күшейіп барады. Олар экология нашарлап, денсаулыққа зиян келтіріп жатқанын айтып, шағымдануда. Жұмысшылардың өндірісте мертігуі және қазаға ұшырауы көп болып кетті. Үкімет кәсіпорындардың технологиялық және экологиялық ахуалын, денсаулық сақтау жүйесін жақсарту үшін батыл шаралар қабылдауы қажет. Сондықтан ірі өндіріс кәсіпорындары 5 жыл сайын технологиялық және экологиялық аудит жасауы керек. Бұл талап инфрақұрылым саласындағы кәсіпорындарға да қойылуға тиіс. Президент геологиялық барлау жұмыстарын да одан әрі жандандыруды тапсырды. «Геологиялық барлау ісі айрықша назар аударуды қажет етеді. Еліміздің минералды шикізат базасын толықтыру үшін 2018 жылы тау-кен саласын басқару мәселесіне қатысты жаңа заңдар қабылданды. Бірақ заң талаптары толық орындалмай жатыр. Соның салдарынан табиғи ресурсқа қанша бай болсақ та, көптен бері ауыз толтырып айтатын геологиялық жаңалық ашылған жоқ. Ахуалды дереу өзгерту керек»,– деді. Өндіріске қатысты өзекті мәселелердің ұшын шығарған Президент жауапты құрылымдарға саладағы кемшіліктерді жойып, адам өмірін бәрінен биік қоюы керектігін меңзеді. Бұл, әрине, ауыр өндіріс жағдайында еңбек ететін жұмысшылардың жағдайының жақсаруына оң ықпал етеді деп санаймын. Осы ретте тау-кен, металлургия және аралас өндіріс еңбеккерлерінің «КәсіпҚорған» кәсіподағы да ауқымды шаралар жүргізуге ниетті.
Қызмет ақпарат
2000 символ
Leave a Reply