Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2020 жылғы қаңтардан 2023 жылғы қаңтарға дейін тәрбиешілердің жалақысы жыл сайын 25%-ға көтерілді. 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап тағы 30%-ға өсті. Осылайша, 97 мыңнан астам педагогтың жалақысы 2,5 есеге артты. Мектепке дейінгі білім беру жүйесінің кадрлық әлеуетін күшейту мақсатында 20390 педагог өзінің кәсіби біліктілігін арттырады. 79 мектепке дейінгі ұйымда «Құзыреттілік орталықтары» жұмыс істейді, онда тәрбиешілер тәжірибе алмасып, үздіктерін тарата алады. Сонымен қатар, Үкімет балабақшаларда жаңа орындар ашу бойынша шаралар қабылдауда. Жыл басынан бері 29620 орындық 307 мектепке дейінгі ұйым ашылды. Жыл соңына дейін балабақшаларда барлығы 81 мың жаңа орын, ал 2025 жылға дейін 223 мың жаңа орын ашу жоспарлануда. Бүгінгі таңда Оқу-ағарту министрлігі мектепке дейінгі ұйымдарға кезектілікті есепке алудың бірыңғай дерекқорын құруда. Бұл қызметтердің ашықтығын қамтамасыз етеді, деректердің бірыңғай тізілімін құрады және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуды қамтамасыз етеді. Мемлекет басшысы тура білім күні халыққа жолдаған Жолдауында елдегі білім саласына ерекше назар аударды. Келесі маңызды мәселе – білім беру жүйесі туралы. Бұл сала ұлт сапасын жақсарту ісінде аса маңызды рөл атқарады – деген Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласындағы олқылықтар мен атқарылар жұмыстарды жіпке тізгендей етіп айтып берген болатын. Қазақта «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөз бар. Сондықтан, мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болуы керек. Алайда, бізде екіден алты жасқа дейінгі балалардың жартысынан астамы ғана балабақшаға барады. Мұндай олқылыққа жол беруге болмайды – деген болатын өз Жолдауында Мемлекет басшысы. Ендеше елдегі мектепке дейінгі білім беретін мекемелердегі жұмыстың қалай жүріп жатқанын бағамдап көрейік. Дәл осы Президент атап өткен 2-ден 6 жасқа дейінгі балалардың сапалы біліммен қамтамасыз етілуі жайлы Оқу ағарту министрлігі жұмыстың жүріп жатқанын айтады. Қазіргі кезде 2-6 жас аралығындағы балалардың 88%-ы, ал жалпы балалар санының 57,7%-ы мектепке дейінгі оқумен қамтылған. Сонымен қатар, жергілікті әкімшіліктермен бірлесіп, бүлдіршіндерді біліммен қамтуды одан әрі ұлғайту мақсатында жергілікті бюджетпен құрылыс салу арқылы мектепке дейінгі ұйымдарды іске қосу және ашу бойынша жұмыс жалғасады. Сондай-ақ МЖӘ аясында мектепке дейінгі ұйымдар желісі және жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарда мемлекеттік тапсырыстарды орналастыру кеңейіп жатыр – дейді министрлік. Сонымен қатар, министрлік мектепке дейінгі ұйымдардың қызмет көрсету сапасын арттыру үшін онда мемлекеттік тапсырыстарды орналастыруға қойылатын талаптарды күшейткендігін атап өтті. Осы орайда, осы мектепке дейінгі ұйымдарға қатысты Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған тағы бір мәселеге назар аудара кетуді жөн көрдік. Балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешу қажет. Оған қоса, тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттырып, жалақысын көбейту керек. Осы саладағы мамандарға қойылатын нақты талаптар бекітілуге тиіс. Олардың жұмыс жүктемесін де біртіндеп азайтқан жөн. Өз ісіне адал ұстаздар білім беру саласының дамуына зор үлес қосады. Сондықтан, балабақшаны емес, тәрбиешіні аттестациялау қажет – деген болатын Тоқаев өз Жолдауында. Қазіргі кезде балабақша тәрбиешілерінің жағдайы, әсіресе әлеуметтік жағдайы тым жақсы деуге келмейді. Тым жаман деп те айта алмаймыз. Әсіресе ауылдық жерлердегі тәрбиешілер болмашы теңгеге күн көріп отыр. Оның үстіне бір тәрбиеші 25 балаға жауапты. Бұл тәрбиеші мен бала арасындағы қарым-қатынасқа, ата-ана жылуына мұқтаж жастағы сәбидің қамқорлыққа кенелмеуіне әкеп соғады.
Ал Президент тапсырма бойынша Оқу-ағарту министрлігі қазірден бастап жұмыс істеп жатқандарын айтты. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтерін аттестаттау жүйесі жаңартылып, олардың жалақысы көтеріледі, сондай-ақ тәрбиешілердің жүктемесі азайтылады. Бұл мектепке дейінгі тәрбиешілерге балаларға көбірек көңіл бөлуге және дамыту мен оқыту іс-шараларының тиімділігін арттыруға көбірек мүмкіндік береді – дейді Асхат Аймағамбетов. Министрдің сөзіне қарағанда, қазіргі таңда бірнеше балабақшада пилоттық жоба жүргізіліп жатыр. Егер ол сәтті жүзеге асатын болса, тәрбиешілерге еңбекақы төлеу жүйесі, мектепке дейінгі ұйым педагогтерінің еңбекақысын арттыру бойынша есеп ұсынылады. Сонымен бірге, нормативтік құқықтық актілерге де өзгерістер енгізілмек.
Қызмет ақпарат
2000 символ
Leave a Reply