ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТІҢ КҮРМЕУІ ШЕШІЛІП, ЖОЛДЫҢ ЖЫРЫ АЯҚТАЛАР КҮН ЖАҚЫН

Өткен аптада Шымкент қаласының ақпараттық-коммуникациялық орталығында қаланың автомобиль жолдары және қоғамдық көлік саласына жауапты басшылар алдағы уақытта орын алатын өзгерістер жайында сөз қозғады. Сала мамандарының айтуынша, келе жатқан екі ай ішінде қала тұрғындарын айтарлықтай үлкен жаңалықтар күтіп тұр екен.

ЖЫЛ СОҢЫНА ДЕЙІН ҚАЛА ЖОЛДАРЫНЫҢ САПАСЫ 60%-ҒА ЖОҒАРЫЛАЙДЫ

Баспасөз жиынында алдымен сөз алған қалалық Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқарма басшысының орынбасары А.Тұрханов қаладағы автожолдар мен қоғамдық көлік мәселелеріне тоқталып, атқарылып жатқан шаруаларды тізбелей түсіндіріп берді.

Жалпы Шымкент қаласының автомобиль жолдарының ұзындығы 2976 шақырым болса, оның ішінде асфальт жабынды жол 1758 шақырым, тас жол 1107 шақырым және топырақ жол 112 шақырымдың құрайды. Техникалық жағдайына тоқталар болсақ, барлық жолдың 1682 шақырым немесе 56,5% бөлігі қанағаттанарлық жағдайда болса, 1295 шақырым немесе 43,5% жолдың жағдайы нашар. Нашар жол дегеніміз шағал-тас төселген немесе топырақ жолдар.

Қалада жол саласын дамыту мақсатында биыл 415 шақырым жолда құрылыс және жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл бағытта бюджеттен 27,5 млрд теңге қаралса, оның ішінде республикалық бюджеттен 9 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 18,5 млрд теңге бөлінген. Нәтижесінде, ағымдағы жылы 314 шақырым жолды пайдалануға тапсыру жобаланған. Одан басқа, биыл қалада 6 көпір және 1 жолайырықтың құрылысы тапсырылатын болады. Осының қорытындысымен жыл соғңына дейін «жақсы» және «қанағаттарлық» жағдайдағы жолдың үлесі 60%-ға жоғарылайды деп күтіліп отыр.

4 ЖОЛАЙЫРЫҚТЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛМАҚ

Қаладағы магистральді көшелердің жағдайына тоқталсақ, биыл жалпы 75 шақырым үлкен көшенің құрылысы, орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның ішінде ең ірі бағыттар: Д.Қонаев даңғылының құрылысы және А-2 Шымкент қаласының айналма жолы. Ірі жобалармен қаладан шығатын барлық бағыттар: Түркістан, Алматы, Ташкент бағыттары қамтылған. Өйткені, бұл бағыттарға шығатын жолдарда көлік кептелістерін болдырмау үшін тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл ірі көлік күретамырлары 2023 жылы толығымен аяқталып, кезең-кезеңімен пайдалануға беру жоспарланған.

Қала ішіндегі магистарльді көшелердің жай-күйінен хабардар етсек, көлік кептелістері жиі орын алатын Рысқұлов-Қонаев көшелерінің қиылысы және Арғынбеков-Назарбеков көшелерінің қиылысында жолайырықтарының құрылысын жүргізу жоспарланып жатыр. Бұл құрылыстардың бастамасын бастауға жергілікті бюджеттен ағымдағы жылы қаржы қаралған. Бүгінгі таңда мердігер мекемені анықтау үшін мемлекеттік сатып алу процестері атқарылуда. Сонымен қатар, қаладағы Жібек жолы-Сайрам көшелерінің қиылысында және Бәйдібек би-Төлеметов көшелерінің қиылыстарында жолайырық жобасы қаралған. Қазір ол жобалар бойынша жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп жатыр.

БИЫЛ ТОПЫРАҚ ЖОЛДАРДЫҢ БАРЛЫҒЫНА ТАС ТӨСЕЛЕДІ

Қала ішіндегі аудандық маңызы бар жолдарға тоқтала кетсек, жалпы 2017-2020 жылдар аралығында 6 автомобиль жолдарының құрылысы іске асырылса, оның бесеуін биыл қолдануға тапсыру қаралған. Олардың жалпы құны 6,8 млрд теңге, ал ұзындығы 18,6 шақырымды құрайды. 2020 жылы 9,8 млрд теңгеге 21 аудандық маңызы бар көшелердің жұмыстары атқарылып жатыр. Олар: Түркістан, Адырбеков, Республика, Құрманбеков, Рысқұлов, №1 автомобиль жолдары және т.б. көшелерде орташа және қайта құру жұмыстары қызу жүріп жатыр. Осы жолдардан 19 көшесін биыл қолданысқа тапсыру жоспарланған.

Жөндеу жұмыстарынан ішкі орам жолдары да ұмыт қалмай, биыл 296 шақырым көшеге күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, 112 шақырым тіркелген топырақ жол болса, соның барлығы биыл шағал-тас төселетін болады. Бұл мақсатта бюджеттен 8,2 млрд теңге қаржы қаралса, бүгінгі таңға топырақ жолдың 30 шақырымына шағал төселген.

Жолаушы тасымал саласы бойынша айтар болсақ, Шымкент қалалық қоғамдық жолаушылар тасымалдау саласында 24 көлік компаниясы қызмет атқарып келеді. Күнделікті 76 маршрутта 1047 көлік қызмет көрсетеді. Қалада 4 автовокзал және 2 автобекет болса, 11 тасымалдаушы 13 ауданаралық және қалааралық маршруттарда қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, қаланың шалғай шағынаудандарын қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету мақсатында 28 әлеуметтік маңызы бар маршруттар қызмет етіп келеді.

590 ЖАҢА АВТОБУС АЛЫНЫП, ОНЛАЙН ЖОЛАҚЫ ТӨЛЕМ ЖҮЙЕСІ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

Қоғамдық көлік қызметін жақсарту мақсатында биыл кешенді схема әзірленген болатын. Ол схемада электронды белгілерді енгізу, диспетчерлік сөйлемдеу және автобустардың бағыттарын өзгерту жұмыстары қаралған. Сондай-ақ, автобустық тасымалды дамыту амалы кешенді бағдарламасы аясында қаладағы қоғамдық көлік бағыттарын жаңарту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2019 жылы «Шымкент» ӘКК арқылы лизингпен жаңа 300 автобус алынса, биыл бұл бағытта 590 жаңа автобус алынбақ. Олар автогазбен жүреді және сыйымдылығы үлкен болады. Аталған жаңа автобустар келісім шартқа сәйкес қыркүйек-қазан айларында толығымен жеткізілуі тиіс.

Шымкент қаласында қоғамдық көліктердегі төлемдерді электронды билет жүйесіне көшіру жобасы «КазСмартТранс» компаниясының жеке инвестициялары есебінен жүзеге асырылуда. Электронды көлік картасының құны 500 теңге тұратын болады. Картаның бірнеше түрі болмақ, олар: оқушылар, студенттерге арналған және тегін жүретін карталар. Тегін жүретін карталар «Батыр аналар», «Алтын алқа», «Күміс алқа» төсбелгілерімен марапатталған азаматтарға және 1-ші топтағы мүгедектер, көзі нашар көретін зағип жандарға тегін таратылады.

ЖАҢА АВТОБУС МАРШРУТТАРЫМЕН ТАНЫСА АЛАСЫЗ

Басқарма басшысының орынбасарынан кейін басқарманың қоғамдық көлік бөлімінің басшысы Н.Сүгірәлиев сөз алып, жаңарған автобус желісі жөнінде кеңірек тоқталды. «Электронды билет жүйесін биыл тамыз айында енгізуді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, жаңа автобус маршруттары желісін де сол тамыз айында іске асырылмақ. Бұл жөнінде қазір БАҚ және әлеуметтік желілер арқылы жаңадан бекітілген автобус маршруттарының сызбаларын, тұрғындар үшін қажетті өзге де ақпараттарды беріп, құлақтандырып жатырмыз. Бүгіннен бастап қала тұрғындары әр бағытпен жеке-жеке танысу мүмкіндігі болады. Маршруттар бойынша өзгерістерге тоқтала кетсем, олардың 30-ы оңтайландырылып, 17-сі жойылып, жаңа 14-і құрылып, 4-еуі өзгеріссіз қалдырылған. Қазіргі уақытта әр маршрутқа қозғалыс сызбасы әзірленуде, олармен қалалық әкімдік және басқарманың сайтынан, сондай-ақ фейсбук пен инстаграм әлеуметтік желілеріндегі парақшаларымыздан көріп, танысуға болады. Енгізіліп отырған өзгерістер бір күнде жүзеге асырыла салатын дүние емес, кезең-кезеңімен атқарылатын болады. Менің ойымша, 2 кезеңге бөлініп іске асатын шығар. Өйткені, бір жағынан жаңа маршруттарға қоятын жаңа автобустардың қалаға келуін де күтіп отырмыз. Содан соң қаладағы автобустардың 90 пайызы жаңаратын болады» дейді Наурыз Болысбекұлы.

«ИНТЕРНЕТСІЗ АЙМАҚТА ЖОЛАҚЫ ТӨЛЕУ БОЙЫНША ЕШКІМ ДЕ, ЕШҚАШАН ДА ЗАРДАП ШЕКПЕЙДІ»

Жиынға қатынасқан журналистердің қаладағы кей аймақтарда интернет желісінің нашар екенін алға тартып, ондай жағдайда онлайн билет жүйесінің ақы төленуі қалай болады деген сауалына бөлім басшысы Н.Сүгірәлиев былай деп жауап берді: «Рас, өкінішке қарай шалғай аудандардың кей аймақтарында интернет желісі дұрыс ұстамайды. Бірақ, бұл электронды жүйенің бір ерекшелігі, интернетсіз де белгілі бір уақыт аралығында төлем қабылдап, жұмыс істей береді, ал интернет ұстайтын аймаққа келгенде төлем туралы мәліметті орталыққа беретін болады. Бұл автобус ішінде атқара берілетін процес. Бұдан ешкім де, ешқашан да зардап шекпейді» деп жауап берді. Сонымен қатар, бөлім басшысының айтуынша, қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, қалалық экономика басқармасымен бірлесіп, жаңадан қалыптасатын автобус бағыттары бойынша компанияларды субсидиялау мәселесі де қаралып жатыр екен. Болашақта өз шығынын ақтамайтын, «әлеуметтік бағыт» деп танылған маршруттың барлығына тиісті бірыңғай тариф ескеріліп, субсидия төленбек. Мәселен, бір бағыттағы маршрут шығыны 150 теңгені құрайтын болса, оның 70 теңгесін тасымалдаушы төлейді, ал қалған 80 теңгесін бюджет арқылы субсидияланатын болады.

Басқарманың қоғамдық көлік бөлімінің басшысы сөзінен тағы бір түйгеніміз, автобустардағы енгізілетін электронды билет жүйесі енгізілген бірінші кезекте кондукторлар болады. Бірақ, болашақта электронды билет жүйесі толық іске қосылғаннан кейін автобус кондукторлары қысқаруы мүмкін екен. «Өйткені, бұған дейін бұл жүйе іске асырылған Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында бұл мамандық иелері біртіндеп қысқарып келеді. Қала тұрғындары онлайн жолақы төлеп үйренген соң, кондукторлардың қатары сиреп, тіпті болмауы да мүмкін» дейді Наурыз Болысбекұлы. Демек, алдағы уақытта Шымкенттің көшесінде автобус бағыттарын айғайлап, айналаны басына көтеріп жүретін мамандық иелерін көрмей кетуміз де ғажап емес.

АЯЛДАМАЛАР МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДЕ АТАЛАДЫ

Баспасөз брифингі барысында журналистер тарапынан автобус аялдамалары мен көше атауларын мемлекеттік тілде және жаңа атаулармен аталуы жайында мәселе көтерілді. Бұл сауалға Н.Сүгірәлиев «Тасымалдаушы компанияларға аялдама және көше атаулары мемлекеттік тілде ұсынылған. Одан бөлек, нысан атауларын дұрыс атау туралы тасымалдаушыларға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ескіше аталып жүрген аялдама атауларын атамау қажеттігі жөнінде ұсыныс енгізгенбіз. Қазір енгізілген жаңа кешенді схеманың маршрут желісі бойынша да жаңа аялдамалар және жаңа көшелердің атауларын мемлекеттік тілде сызбаға енгізіліп, конкурсқа қайта қатысатын тасымалдаушыларға нысандардың бірінші кезекте мемлекеттік тілде және дұрыс аталуы жайында мәселе қаралатын болады» деп жауап берді.

Баспасөз жиынында сөйлеген жауапты мамандардың сөзінен ұққанымыз, биыл қоғамдық көліктің біраз күрмеуі шешіліп, біршама жолдың жыры да аяқталар күн жақын сияқты. Айтқан мерзімдері де алыс емес, нәтижесін көзбен көре жатармыз. Тек, болашақтың жарқын елесі тәтті үміт алдамаса игі.

С.Дүйсебайұлы

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика