«ТҰРМЫСТЫҚ ҚАТТЫ ҚАЛДЫҚТАР МӘСЕЛЕСІ ТОЛЫҚ ШЕШІМІН ТАБАДЫ»

Соңғы кезде жергілікті атқару органдары мен олардың салалық жауапты мамандары әлеуметтік желі арқылы эфирге шығып, тұрғындар алдында бой көрсете бастады. Бұл – бір жағынан мемлекет басшысының тапсырмасы болса, екінші жағынан, қашықтан байланыс жасауға мәжбүр еткен жұқпалы індеттен туған төтенше жағдайдың талабы. Мұндай үрдіс, әсіресе, үшінші мегополистің жаңашыл жас шенділері арасында жақсы дәстүрге айналып келеді.

Шымкент қаласы, Қаратау ауданы әкімінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жөніндегі  орынбасары Азамат Парманов  жыл басынан бері атқарған шаруалары мен алда жоспарлаған істері, пайдалануға берілетін нысандар жөнінде қала және аудан тұрғындары, жалпы интернет пайдаланушылары алдында онлайн сұқбат берді. Қаратау ауданы әкімі аппаратының фейсбук әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында жүргізілген жүздесуде мәселелерін айтып, сауалдарын жолдап жатқан тұрғындарға әкім орынбасары тиісті жауабын берді. Азамат Бұхарбайұлының айтуынша, келесі аптада аталған мекен-жайда осы эфир барысында қойылған кейбір сұрақтарға толыққанды жауап беру үшін арнайы эфирге шықпақ. Ал, қазірше, оқырман назарына тікелей эфирде сөйлеген жас қызметкердің сөзінен жазып алған жаңалықтар мен шешілуі тиіс мәселелер жайын ұсынбақпыз.

«950 МЕТР КУБ КҮЛ-ҚОҚЫС ШЫҒАРЫЛЫП, 79 ШАҚЫРЫМ ИРРИГАЦИЯЛЫҚ АРЫҚ-АТЫЗ ТАЗАЛАНДЫ»

Азамат Бұқарбайұлы, Қаратау ауданында санитарлық тазалық жұмыстары жақсы жолға қойылғанын білеміз. Осы жөнінде, атқарылған шаруалар жайында айтып беріңізші.

– Саламатсыздар ма, құрметті Шымкент қаласының және Қаратау ауданының тұрғындары, интернет пайдаланушылар! «Антикор» бағдарламасы аясында Қаратау аудаынында атқарылып жатқан өзімнің басшылық ететін салам бойынша тікелей эфирге шығып отырмын.

Кез-келген елді мекендегі бірінші мәселе – санитарлық тазалық жұмыстары десек, Қаратау ауданында бұл шаруа тиісті жолға қойылған. Жалпы, ауданның көлемі 32256 гектарды құраса, 250 мыңнан астам халық тұрады. Мұнда 17 шағынаудан, 13 тұрғын алаптары бар. Осындай көлемді алып жатқан ауданның санитарлық тазалығын ұстап тұру үшін шартты түрде 10 аумаққа бөлгенбіз, оларға аудан әкімі аппаратының жауапты мамандары бекітілген. 2020 жылы Қаратау ауданының санитарлық тазалығын қамтамасыз ету үшін бюджеттен 302 млн теңге қаралса, бұл қаржыға «Акцент Строй Сервис» ЖШС-мен келісім шарт түзілген. Қазіргі таңда, аталған мекеме тарапынан 950 метр куб күл-қоқыс шығарылған, 79 шақырым ирригациялық арық-атыздар, бардюрлер тазаланып, тиісті жұмыстар атқарылып жатыр.

Ал, қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару бойынша тоқталар болсақ, өздеріңізге мәлім, аудандағы елді мекендердің көбі жер үйлерден тұрады, шалғай орналасқан, көбінесе бұрынғы Сайрам ауданынан өткен ауылдар. Ауданға қарайтын осы мекендерде бейберекет қоқыстардың жиналуын болдырмау мақсатында тұрмыстық қалдықтарды шығарумен айналысатын мекемелермен келісім түзу қажеттігі жөнінде тұрғындарға түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Нәтижесінде, 2019 жылы тұрғындардың 98 пайызы қатты тұрмыстық қалдық шығарумен айналысатын мекемелермен келісім шарт түзсе, 2020 жылы толық қамтуды көздеп отырмыз. Бұл мақсатта аудан бойынша 6 мекеме: «Байсалидзе», «ЭкоСпецТранс», «ШымкентСпецКомплекс», «Жан-Мейір», «Чистый город» және «Қайнарбұлақ» секілді заңды тұлғалар қызмет көрсетеді.

ҚАРАТАУДА ЕСКІ ҚОҚЫС КОНТЕЙНЕРІ БОЛМАЙДЫ

Санитарлық тазалық дегенде қоқыс шығару мәселесі бірінші орынға шығады. Қоқыс контейнерлері жаңартылып жатыр екен. Осы тақырыпқа абаттандыру саласын да қоса айтып беріңізші. Нендей іс тындырдыңыздар?

– Ауданда 416 көпқабатты тұрғын үй орналасқан. Оның аумағында 65 қоқыс алаңшасы болса, ол алаңшаларда 200 қоқыс контейнері орнатылған. Бүгінгі таңда ол контейнерлердің түгелге жуық тозығы жеткен, оларды талапқа сәйкестендіру бойынша аудандық және қалалық прокуратура тарапынан бірнеше ұсыныс түскен болатын. Сол ұсынысты ескере отырып, биыл жергілікті бюджет есебінен 24,9 млн теңге қаржы қаралды. Қазір бұл қаржыға 226 контейнер сатып алдық, осы шілде айында аудандағы барлық ескі контейнерлер заманауи жаңасына ауыстырылатын болады. Осыған орай, қоқыс алаңшалары орналасқан жер телімдерін құжаттандыру, заңдастыру және сол арқылы оларды Қаратау ауданы әкімдігінің балансына қабылдау үшін 2,2 млн теңге қаралып, оны «ҚазПроект» ЖШС атқарып бітті, мемлекеттік актілері алынды.

Қаладағы «ГринЛайн» деген инвестормен бірлесе «Нұрсәт» шағынауданындағы қоқыс алаңшаларына қоршау орнаттық. Мұндай қоршаулар жыл соңына дейін аудандағы барлық 65 қоқыс алаңшасына қойылмақ.

Сондай-ақ, аудан аумағында сенбіліктер ұдайы ұйымдастырылып тұрады. Сенбіліктерге аудан әкімдігінің мамандарынан бастап, тазалыққа жауапты мердігер мекеме қызметкерлері, аудан тұрғындары да тұрақты қатынасады. Жыл басынан бері ұйымдастырылған сенбіліктер барысында көпқабатты тұрғынүйлер аулаларына 3 мыңнан астам ағаш көшеттері егіліп, арық-атыздар аршылған, аяқжолдар, жасыл аумақтар, көше бойлары күл-қоқыстан тазаланды.

Осымен қоса, абаттандыру жұмыстары да тұрақты жүргізілді. 2019 жылы жеке инвестор «Бай болашақ» ЖШС-мен мемлекеттік-жекешеменшік әріптестік аясында 57 аула, 139 көпқабатты үйлер ауласында заманауи ойын алаңшалары қойылып, абаттандыру жұмыстары толығымен аяқталды. Ал, 2020 жылы абаттандыру мақсатында 355 млн теңге қаржы қаралып, «Нұрсәт» шағынауданының 20 көпқабатты үйлеріне 8 аула орналастырылмақ. Бұл жұмыстарды «Аманта Групп» ЖШС бастап кетті, шілде айының соңына дейін аяқталады.

Сонымен қатар, 2020 жылы ашық спорт алаңшаларын салу жұмыстарына 213 млн теңге қарастырылса, оны «ӘлемСтрой» ЖШС атқарып жатыр, биылғы шілде айының соңына дейін 10 спорт алаңшасы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Спорт алаңшаларының құрылысы «Нұрсәтте» 4 дана, Қайнарбұлақ саяжайында, «Мирас», «Достық», Қайтпас, Таскен және Қайнарбұлақ тұрғын алаптарында басталып кетті. Осыған қоса, тозығы жеткен ашық спорт алаңшаларын ағымдағы жөндеу жұмыстарына 71 млн теңге қаралса, қазіргі уақытта 13 спорттық алаңшаға мердігер мекеме «Сиқым Олжас» ЖШС жөндеу жұмыстарын бастады, шілде айының соңына дейін аяқтайтын болады. Айта кететін бір нәрсе, «Самұрық-Қазына» ӘҚ-нің демеушілігімен алдыңғы жылы «Мирас» шағынауданына балалар алаңшасы орнатылса, биыл 57,5 млн теңге қаржыға Қайнарбұлақ тұрғын алабында заманауи алаңша даярланып, мамыр айында пайдалануға берілді.

«БИЫЛ «ТҰРАНДА» АУЫЗ СУ МӘСЕЛЕСІ ТОЛЫҚ ШЕШІЛЕДІ»

Тұрғындардың инфрақұрылым саласына қатысты айтар базынасы көп. Әсіресе, ауыз су мәселесі талайдың көңілін күпті етіп тұрған болар. Мәселе шешімін табатын күн жақын ба?

– Инфрақұрылым мәселесіне келетін болсақ, Қаратау ауданында табиғи газ, ауыз су, электр қуаты, жол құрылымы, кәріз жүйелері секілді салаларда да біршама шаруалар атқарылып жатыр.

Ауданда жалпы 47202 жеке тұрғын үй болса, оның ішінде тәулік бойы ауыз сумен қамтылғаны 37511 үй, немесе 80 пайызын құрайды. Ал, кесте бойынша қамтылғаны 5200 үй, немесе 11,2 пайыз, және тасымал, құдық, ұңғыма бойынша ауыз сумен қамтылғандар 4400 үйді құрайды, яғни 9,3 пайыз. Бұл соңғы аталған топтағы аудандар Асар-2, Достық, Тұран, Қайнарбұлақ. Аталған шағынаудандарда, мысалы Азат шағынауданында 2020 жылы ауыз су жүйесін тарту жұмыстары басталды, мердігер мекеме «Сарыағаш Аман» ЖШС. Жыл соңына дейін ол шағынауданда жұмыстар толық аяқталып, тұрғындардың игілігіне берілмек. 

Ал, Асар-2 шағынауданында жүйе құрылысы 2020 жылдың сәуір айында басталды, пайдалануға беру мерзімі 2021 жылға өтпелі. Достық шағынауданы мен Тассай тұрғыналабындағы ауыз су жүйесінің құрылысы 2019 жылы басталған, биыл іске қосылады. «Тұран» шағынауданындағы ауыз су жеткізу жұмыстары 2 кезекпен басталса, бірінші кезектегісі «Үшсай» мекемесі тарапынан 2019 жылы басталып, биыл ақталады. Ал екінші кезектегісі «Газовое хозяйство «Шымкентгаз» ЖШС тарапынан 2020 жылы басталып, жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. Осылайша, «Тұран» шағынауданы биыл ауыз сумен толық қамтамасыз етілетін болады.

«ҚЫРКҮЙЕККЕ ДЕЙІН ТАСКЕНДЕ 9 ТРАНСФОРМАТОР ҚОЙЫЛАДЫ»

Жарық мәселесі ше?..

– Электр жарығы бойынша, Қаратау ауданы тұрғындарының 80,1 пайызы сапалы электр қуатымен қамтылған болса, қалған сапасыз электр жарығымен қамтылған 19,9 пайызы, немесе 9 мыңға жуық тұрғын үй жеке меншік желіде отырғандар. Мемлекет тарапынан электр қуатымен қамтылмаған елді мекендер: Азат, Асар, Тассай, Достық, Қайтпас, Тұран шағынаудандары және Өтеміс, Таскен, Қайнарбұлақ тұрғын алаптарында. Яғни, аталған мекендерде толығымен жұмыстар басталған.

Мысалы, Азат шағынауданында биылғы мамыр айында электр желілерін тарту жұмыстары қолға алынып, «А. Мерей и К» ЖШС жүргізіп жатыр, алдағы тамыз айында аяқталады. Ал, Асар-2 шағынауданында жарық жеткізу жұмысы 2019 жылы басталған, биыл мердігер мекеме «РесСтрой Алматы» ЖШС толық қамтамасыз ететін болады. Тассай тұрғын алабында «Ынтымақ Бесарыс» ЖШС 2019 жылы жұмыстарын бастап, 2020 жылдың тамыз айында халық игілігіне толық тапсырмақ.

Сондай-ақ, «Тұран» шағынауданында электр жарығының 10кВт-ты құрайтын магистральді желісі қазіргі таңда «АБН Билдинг» ЖШС тарапынан жұмыстары басталды, жобаның жалпы құны 2 млрд 268,9 млн теңгені құрайды, биылға 256,3 млн теңге қарастырылған, жоба 2021 жылға өтпелі. Ал, Өтеміс пен Шапырашты тұрғын алаптарындағы электр қуатын жеткізу жұмыстары 2019 жылы басталған, биыл іске қосылады деп күтіп отырмыз.

Таскенде де «Оңтүстік Жарық-Транзит» ЖШС-ның инвестициялық бағдарлама бойынша жұмыстар атқарылып, 2019 жылы 3 трансформатор қойса, биылғы қыркүйек айына дейін 9 трансформатор қойылатын болады. Бұл шаруалар қазір басталып кетті, ол мақсатта жергілікті бюджеттен бір тиын да бөлінген жоқ, мекеменің жеке инвестициялық жобасы аясында шешімін тауып жатыр. Және, Қайнарбұлақтағы жеке сектордан электр қуатын пайдаланып келген үйлерді мемлекет есебінен қамту шаралары мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 2021 жылы басталатын болады.

«ЕЛДІ МЕКЕНДЕР ТОЛЫҒЫМЕН САПАЛЫ ГАЗҒА ҚОЛ ЖЕТКІЗЕДІ»

Осы инфрақұрылым саласының шешімін күткен мәселелерінің бірі табиғи газ бен кәріз жүйесі. Мәселе түйіні тарқатылар күн жақын ба?

– Қазіргі өзекті болып тұрған мәселелердің бірі – тұрғындарды табиғи газбен қамту мәселесі екені рас. Бүгінде бұл мәселе бойынша біршама шаруалар атқарылуда. «Азат» шағынауданында «Ынтымақ Бесарыс» ЖШС тарапынан 2020 жылдың мамыр айында жұмыстар басталды, жоба 2021 жылға өтпелі. Оның себебі, АГРС-3 қосалқы подстанциясының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сол подстанция іске қосылғаннан кейін табиғи газға қосылмаған елді мекендер толығымен сапалы газға қол жеткізетін болады. Асар-2 шағынауданында да газ жүйесінің ішкі тарату желілерінің құрылысы басталды, мердігер мекеме – «Отау Строй» ЖШС, пайдалануға беру мерзімі 2021 жыл. «Тұран» шағынауданында да «СтройГаз Компани» ЖШС жұмыстарын 2020 жылы бастаған, бұл жоба да 2021 жылға өтпелі. Сондай-ақ, Достық, Қайнарбұлақ шағынаудандарында да ішкі газ жүйелерінің құрылысы басталған, келесі жылы пайдалануға берілмек.

Кәріз жүйесі бойынша қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары Асар-2, Тассай, Достық шағынаудандарында жүріп жатыр. Мердігерлер «Монолит Дизайн» ЖШС, «Газовое хозяйство» ЖШС тарапынан жұмыстар басталған, жобалардың барлығы келесі жылға өтпелі.

Қала әкімі «биыл топырақ жол болмайды» деп еді. Расымен солай ма? Асфальттелетін, шағал төселетін көшелердің жайын айтыңызшы.

– Қаратау ауданында жалпы ұзындығы 1174,2 шақырымды құрайтын автожол болса, 1281 көше бар. Оның ішінде 375 көшесі асфальтталған (480,4 шақырым), 751 көшесіне шағал тас төселген (518,6 шақырым) және топырақ жолдардың саны 146 көше (115,5 шақырым). Осы жылы ауданда 39,3 шақырым топырақ жолдарға қаржы қаралған, ол көшелерге сатып алу процестері кезінде жеңімпаз деп танылған «Дархан Сервис» ЖШС тарапынан шағал төсеу жұмыстары атқарылып жатыр. Қазіргі таңда Қайнарбұлақ, Достық, Бозарық елді мекендеріндегі топырақ жолдарға шағал тас төселуде. Сондай-ақ, бұл жұмыстар Тұран, Сайрам, Мирас елді мекендеріне кезең-кезеңімен өтетін болады.

Қандай көшелерге орташа жөндеу жұмыстары жүріп жатыр?

– Қазіргі таңда Нұртас шағынаудандағы Майтөбе көшесіне, Бозарықтағы Бәйдібек би көшесіне, Асар-2 шағынауданындағы көшелерге, Қайнарбұлақтағы нөмірі 125 мектептің айналасында көшелерге орташа жөндеу жұмыстары аяқталды. Бұған қоса, шалғай жатқан елді мекендер Сайрам, Қызылсу, Шапырашты, Орманшы, Мәртөбе, Өтеміс, Таскен, Азат, Достық, Тұран шағынаудандарындағы көшелерде асфальттеу жұмыстары жалғасын табуда. Жекелей тоқталсақ, Таскендегі Ташмұхамбетов, Мақанұлы, Әл-Фараби көшелері, Азат шағынауданындағы көшелер асфальттеліп жатыр, шілде айының соңына дейін жалғасатын болады. Сонымен қатар, ауданның ішкі жолдары да орташа жөнделуде. Мысалы, Бозарықтағы №11, 46, 54 көшелерге, Нұртастағы №85 көше, Сайбұлақ көшесіне, Мирас шағынауданындағы көшелерге және «Тұран» шағынауданындағы 12 көшеге (№3, 7, 1, көшелер) асфальт төселіп бітсе, №4, 6 көшелерге асфальттеу жұмыстары жүргізілуде.

Құрметті аудан тұрғындары, желі пайдаланушылары, сұқбатымызды назар қойып тыңдап және жеке сауалдарыңызды белсене жолдағандарыңыз үшін алғыс білдіремін! Мұндай онлайн жүздесу алдағы уақытта да жалғасатын болады. Қойған сауалдарыңыз толық жазып алдым, келесі аптада тікелей эфирге қайта шығамын, сол кезде жауаптарыңызды толыққанды аласыздар деп сенемін. Көп рақмет!

Онлайн сұқбатты жазып алған С. Дүйсебайұлы

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика