ЯСАУИ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ МҮМКІНДІК МОЛ

Көпшіліктің көңілін күпті еткен тест тапсыру маусымы да аяқталып, бітіруші түлектердің университетке түсуге талап қылатын кез де келді. Бүкіл елдегідей, Ахмет Ясауи университетінде де құжат қабылдау науқаны басталды. Жалпы, қабылдаудың тәртібі қандай? Талапкерлер үшін биыл қандай ерекшеліктер бар? Біз Қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Еділ Төлегеновке жолығып осы мәселелер бойынша сауалдар қойғанбыз.

– Шығармашылық емтихан қашан басталады?

– Шығармашылық мамандықтар үшін 20 маусым – 7 шілде аралығында құжат қабылданады. Шығармашылық емтихандар 08-13 шілде аралығында өтеді.

– Талапкер шығармашылық емтиханнан қанша балл жинауы керек?

–Талапкерлер екі шығармашылық емтихан тапсырады.Талапкер әр шығармашылық емтиханнан 45 балдан жалпы 90 балл алады.

– Түркия тарапынан қанша грант бөлінеді және оған талапкерлер қалай қатысып, бақ сынай алады?

– Түркия тарапынан жылдағыдай 500 грант(квота) бөлінеді. Ол 500 грантты кімдер ала алады? Бұл гранттар Қазақстан Республикасы азаматтарына беріледі. Талапкер ҰБТ нәтижесі бойынша мемлекеттік білім гранты конкурсынан өте алмай қалса, ақысыз оқуға тағы бір мүмкіндік: осы біздің университеттің Түркия квотасы. Оған тамыз айында құжат тапсырып, қатысуға болады.

Түркия квотасына іріктеу жұмыстары тек мамыр-маусым айында тапсырған Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі бойынша берілген сертификат ұпайына қарай жүргізіледі. Ұпай саны тең болып, басым құқығы болмаған жағдайда, сондай-ақ аттестаттың, куәліктің немесе дипломның орташа ұпайы бірдей болғанда бірінші бейіндік пән бойынша алған ұпайы ескеріледі. «Алтын белгі» иегерлері конкурс кезінде ұпайлары бірдей болған кезде ғана ескеріледі. Түркия грантына қабылданған білімгерлер күндізгі бөлім оқу түріне 1 жыл «Дайындық курсы» оқу шартымен қабылданады. Республикалық «Ясауи» пәндік олимпиадасы жүлдегерлері, халықаралық, республикалық жалпы білім беретін пәндер бойынша олимпиада жүлдегерлері, сонымен қатар, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларына осы гранттан орындар қарастырылады.

– Ақылы негізде оқуға қабылдаудың шектік балл деңгейі қандай?

– Денсаулық сақтау(жалпы медицина) мамандығы бойынша кемінде 90 балл, стоматология – 80 балл, педагогикалық білім беру бағыты бойынша 75 балл, өнер мамандықтары – 80 балл, дінтану және теология – 60 балл, басқа мамандықтарға 50 және одан жоғары ұпай жинаған Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады.

Ахмет Ясауи университетін таңдаған талапкерге қандай мүмкіндіктер бар? Осы жөнінде тарқатып айтсаңыз.

– Университетте оқу төрт тілде жүргізіледі (қазақ, түрік, ағылшын, орыс), сондықтан,біріншіден, төрт тілді меңгеру мүмкіндігі бар. Екіншіден шетелге шығуға зор мүмкіндік бар. Түркияның 70-тен астам университетіне, Шығыс Еуропа елдері ЖОО-ларына 1 не 2 семестрге академиялық ұтқырлық бағдарламасымен білім алып келуіне болады. Біздің университетте «Орхон», «Ерасмус» «Мевлана» академиялық ұтқырлық бағдарламалары жұмыс істейді. Одан тыс мынадай мол мүмкіндіктер барын айту парыз:

  • Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті еліміздегі жалғыз халықаралық және ерекше мәртебеге ие.
  • Университетті Түркия мен Қазақстан үкіметтері қаржыландыратындықтан ең озық материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етілген үздік университеттердің бірі .
  • Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті түлектерінің дипломдары барлық түркі тілдес елдерде еш кедергісіз танылады(нострификацияланады).
  • Университет инфрақұрылымы: кітапхана, асхана, жатақхана, оқу лабораториялары заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген.
  • Студенттерді әлеуметтік қолдау жүйесі қалыптасқан. Үлгерімі жақсы болған жағдайда ақылы негізде білім алушылар үшін тегін оқуға түрік квотасына ауысу мүмкіндігі бар.
  • Студенттер өздерінің бизнес идеялары мен жобаларын жүзеге асыру үшін студенттік клубтар мен үйірмелер, стартап жобалар, спорттық клубтар жұмыс істейді.
  • Біздің студенттер академиялық ұтқырлық шеңберінде Гази, Стамбул университеті, Хаджетепе, Иылдыз Текник және т.б. Түркияның, Еуропаның ең үздік университеттерінде білім алу мүмкіндігіне ие.
  • Университетті бітірген соң жұмысқа орналасу мүмкіндігі жоғары.

– Жеңілдіктер бар ма, бар болса оны кімдер пайдалана алады?

– Әлеуметтік жағдайға байланысты оқу ақысын төлеу бойынша бізде түрлі жеңілдіктер бар. Олар:

  • Оқу үлгерім нәтижесімен босаған грант немесе Түркия квотасына ауысу мүмкіндігі;
  • Оқу үлгерім нәтижесімен 15 пайыздан, 25 пайызға дейін оқу ақысынан жеңілдік алу;
  • Олимпиада Азия ойындарының, Әлем, Азия чемпиондары , Қазақстан Республикасы біріншіліктерінде жеңімпаз болсаңыз оқу ақысынан 100 пайыз жеңілдік;
  • Әлеуметтік төмен отбасылардың балаларына, тұл жетім студенттерге жеңілдіктер қарастырылған.

Сонымен қатар, бізде оқитын студент еліміздегі ең төменгі бағамен студенттік жатақхана және асхананы пайдаланады. Жатахана 1 оқу жылына 25 000 мың теңге болса, студенттік асханада кешенді ас мәзірін – 250 теңгемен күніне 2 рет тамақтана алады. (Нарықтағы бағамен есептесек ол тамақ бұдан көп қымбат тұрады, бірақ студенттерді қолдау мақсатында осындай жеңілдікпен беріледі).

– ЖОО-дан кейінгі жоғары білім жөнінде айта кетсеңіз.

– Магистратура бойынша ҰТО жүйесі арқылы 01 маусым мен 15 шілде арқылы онлайн режимде Ұлттық тестілеу орталығы арқылы тіркеледі. Емтихандары 20 шілде – 10 тамыз аралығында өтеді. Магистратураға қабылдау 28 тамызға дейін жалғасады. Докторантура бойынша 3 шілде – 3 тамыз аралығында құжат қабылданады. Бұл екеуінің де емтихандары өңірлік тестілеу орталығында компьютерлік форматта өтеді. Шетелдік азаматтар бакалавриат, магистратура, докторантура бағдарламасына сұхбаттасу емтиханы арқылы өтеді.

– Маңызды ақпараттарыңыз үшін көп рахмет.

Әңгімелескен: Әтіргүл ТӘШІМ.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика