Алмас Әмзеев, Шымкент қаласы, Ішкі істер департаменті Еңбекші аудандық полиция басқармасының бастығы, полковник:
«Өскенде полиция боламын» дейтін жастарды тәрбиелеуіміз керек
Адам азды, қоғам тозды деп байбалам салу артық болар, дегенмен қоғамның қатігезденіп бара жатқанын мойындауымыз керек. Бұрын танымайтын адамдар сан соқтырса, қазір туысың тақырға отырғызып кетсе де таңғалмайтын болдық. Ағайындар жесір дауы, жетім дауында ғана жаға жыртысушы еді, қазір дүние-мүлік үшін бір-бірін мерт қылуға дайын. Біреу өз бауырын буындырса, енді біреу туған анасына қол көтеріп жатады. Бәрінен де құндақтағы сәбиін қоқысқа шімірікпей тастап кете салатындарды естігенде сай-сүйегіміз сырқырайды. Амал қанша?… Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз, бірақ күн сайын осындай оқиғаларды естігенде құтымыз қашады. Осының бәрін адамдар қолымен, жо-жоқ, жүрегімен істейді… Өйткені, кім болса да жүрегі шыдайтын іске ғана бара алады.
Полиция қызметкерлері күніне ондайлардың талайымен бетпе-бет келеді. Иә, қандай қиындыққа тап болсақ та тәртіп сақшысы келіп жеткенше тағат таппаймыз. Өзгенің амандығы үшін басын қатерге тігетін ол – полиция ғана! Олар да біз секілді ет пен сүйектен жаратылған адам, бірақ бізден ерекшелігі, олар Отан үшін, азаматтар үшін от кешеді, күйеді, тіпті керек болса, өмірлерін де қияды. Біздегі сақшылардың тағдыры, тіпті әр күні қыл үстінде тұрады десек, артық айтқандық емес. Қызмет барысында қаза тапқан полиция қызметкерлері көптеп саналады… Мұны адамдар да түсінеді, полицияның жұмысының қиындығын да бір кісідей сезінеді. Тек қоғамның пікірін екіге жарып тұрған «Осы еңбектің бәрі елі үшін бе, шені үшін бе?» деген сұрақ сияқты.
Мұның жауабы да біреу-ақ! Әрине, елі үшін!!! Өйткені полиция болу, бұл қызметке келудің өзі рухы мықтылардың ғана қолынан келеді. Қара күш пен қайсарлық қатар сыналатын сынақта сүрінбегендер ғана сақшы бола алады. Ал, біз табандылығымен талайлардың тағдырына араша болған тәртіп сақшыларына төрден орын беріп жүрміз бе? Жасыратыны жоқ, елмен етене еңбек етіп жүрген жандар жайлы жұрт көбіне жағымсыз пікірін жаудырып-ақ жатады. Бірақ, қандай да бір қиындыққа тап болғанда ең алдымен полицияны іздейтініміз тағы рас.
Елі үшін еңбек етіп, есімі ел мақтанышына айналып жүрген Алмас Әмзеевті көпшілік жақсы таниды. «Мен өскенде полиция боламын!» дейтін әрбір жасқа ісімен үлгі болатындай білікті басшы. Бұған дейін Шымкент қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары қызметін атқарып келген Алмас Әмзеев жуырда ҚР Ішкі істер министрінің бұйрығымен Шымкент қаласы, Еңбекші аудандық полиция басқармасының басшысы қызметіне тағайындалды. Қашан да Қазақстан полициясының беделін арттырып, мәртебесін биіктетемін деп игі істерге ұйытқы боп жүретін полиция полковнигі жаңа қызметке тың қарқынмен кірісіп те кетіпті.
–Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Ахметжанов Марат Мұратұлы әрбір қазақстандық полициядан ең алдымен тазалықты талап етеді. Тазалық – ол жүректің кіршіксіздігі, ниеттің адалдығы, қолдың тазалығы. Одан кейін полицияның біліктілігін бағалайды. Өз ісіне әбден машықтанған, кез келген қиындықта жол табатын, алған білім мен тәжрибесі ұштасқан тәртіп сақшысы кез келген саланы алға сүйрейтіні анық. Қазір поицияда таза әрі білікті мамандар қызмет етіп жатыр десем артық айтқандық емес. Ал, Шымкент қалалық ішкі істер департаментінің бастығы, генерал Дәлбеков Қайрат Сұлтанбайұлы «Алма, берме!» қағидасын қатаң ұстанады. Жеке құрамды да сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуге міндеттейді, сол үшін бар күшін салады. Ақылын да айтады, сыбайлас жемқорлық орын алуы мүмкін жағдайларды саралап, оның алдын алудың жолдарын көрсетіп отырады. Бұл өз кезегінде полицияның имиджін көтеруге ықпалын тигізері хақ. Шынында, аяқталмаған іс, атқарылмаған жұмыс үшін қосымша уақыт беріледі, оны түзетуге мүмкіндік бар. Тіпті, сол іс үшін бір адам жұмыстан босатылуы мүмкін. Ал, арға түскен дақ ол сол дақ күйінде қалады. Ол дақ бір адамның ғана емес, дана қазақ айтқандай, барлығымыздың «сүйегімізге таңба» болады -дейді Алмас Балтабайұлы.
Қызметтік қарбаластан қолы қалт еткенде кітапқа ден қоятын басшының кабинетінде кітап сөресі қазақ жазушыларынан бөлек, әлем классиктерінің туындыларына толы.
–Қызмет барысында жан аямас ержүректілік, батырлық, антқа адалдық, спортпен шұғылдану, үнемі физикалық формада жүру, қызметтік бо¬рыш¬қа беріктік, жылдамдық – осының бәрі полиция қызметкерлерінің бойынан табылуға тиіс қасиеттер. Ал, мұндай қасиетке ие болу үшін физикалық дайындықтан бөлек рухани дүниеге бай болуымыз керек. Таңның атысы күннің батысы біздің еститініміз де, көретініміз де қылмыстық оқиғалалар емес пе, кейбір қылмыстық істерге қарап кәдімгідей рухани әлсірейсің… Ойланасың… Қабылдай алмайсың… Мұндайда кітап бойыңдағы ауыртпалықты жеңілдетіп, ойлануға мүмкіндік береді, көкірек көзіңді ашады, санаңды сергітеді. Сондықтан үнемі уақыт тауып кітап оқуға тырысамын. Жуырда Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» романын оқып бастадым. Жазушының өз өмірінен сыр шертетін туынды терең ойға батырады. Балаларды мықтылыққа, қайсарлыққа тәрбиелеу үшін 6 -7 сынып оқушыларына қосымша әдеби кітап оқуды ұйымдастырса деймін. Өйткені рухани бай бала өмірде шалыс баспас еді… Бұл менің ойым, -дейді ол. –Біз полицияның имиджін көтеру үшін қоғамның, адамдардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, қылмыстық салдарымен емес себебімен күреске күш салуымыз керек. Сонда ғана полиция мен тұрғындардың арасы жақындайды. Дамыған мемлекеттерде полиция қызметі өте жоғары мамандық қатарына жатады. Мәселен, прагалық тұрғындардың түсінігінде ғана емес, полициялардың түсінігінде өздерін солай шынайы халқының қамқоршысымыз деп есептейді екен, сондықтан да олар қызметтік көліктеріне «Полиция – халықтың қорғаны және қамқоры» деп жазып қояды екен. Кез келген бүлдіршіні де «Мен өскенде полиция боламын!» деп тақылдап тұрады. Полициялық қызмет ең лауазымды қызмет деп есептеледі. Және сондай-ақ темірдей тәртіп орнатуды қолданған Грузияда да «Полиция – екінші патша» деген түсінік қалыптасқан. Бұл дегеніңіз – халықтың полицияға деген шексіз құрметінің жемісі.
Бізде де соңғы жылдары тұрғындар арасында полицияға деген сенім күшейіп, ашықтық пен жариялық орнай бастады. Сондықтан полицияға талап та күшейді. Полиция шалыс басса сол сәтте-ақ бейнежазбаға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктейтіндер де бар. Алмас Балтабайұлы бұл туралы ойын былай жеткізді:
– Ендігі жерде біз осыны қолға алуымыз керек. Бейнетаспаға түсірген адам әлеуметтік желіге жүктемес бұрын, ол жазбаның көшірмесін құзырлы органдарға тапсырса деген өтінішіміз бар. Біз ондағы айтылған мәселеге байланысты шешім қабылдаймыз, Егер тәртіптік жазаға тартылмаған жағдайда көпшілікке жария етсе еш ұтылмас еді. Бір қателік үшін күллі құрамның еңбегін жоққа шығаруға болмайды.
Иә, не десек те, полиция–біздің қорғанымыз. Оған кешегі Қаңтар оқиғасы кезінде көзіміз тағы бір жеткендей. Күштік құрылым қарапайым халықты қорғауда табандылық танытты.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, өткен жылдың есептік кезеңімен салыстырған жыл басынан бері Шымкент қаласы бойынша қылмыстық құқықбұзушылық саны 20 пайызға кеміген. Техниканың дамыған заманында қылмыстың бұрын болмаған түрлері де шыға бастағандай. Бүгінде интернет алаяқтығы қылмысы өршіп тұр. Бұл қылмыстың алдын -алу үшін мамыр айында Шымкент қаласының прокуратура, ішкі істер органдары қызметкерлері мен екінші деңгейлі банк өкілдері бас қосып, интернет алаяқтығы қылмысының түрлерін, механизмдерін зерттеп, аталған қылмыстың алдын алудың әдістемелік жиынтығын құрастырған болатын. Сол әдіспен интернет алаяқтарының ісін әшкере ете бастады. Бұл әдіс республика көлемінде озық тәжірибе саналып, басқа облыстарға тарала бастады. Тұрғындар алаяқтардың құрбанына айналмас үшін құзырлы орган өкілдері бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желі, тікелей эфирлер арқылы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл шымкенттік полицейлердің жұмысының бір көрінісі ғана.
Қоғамның қауіпсіздігі, тұрғындардың тыныштығы жолында аянбай еңбек етіп жүрген тәртіп сақшыларының жұмысына сәттілік тілейміз!
Дамира МОЛДАНАЗАРОВА.
Leave a Reply